Тікелей эфир

3 ит пен 100 мысыққа пана. Елордадағы жануарлар үйінен фоторепортаж

Еріктілер қазіргі уақытта жануарлар үйін ұстау оңай емес екенін айтады.

2022 жылдың 2 наурызында "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң күшіне енді. Ол бойынша азаматтар асырап отырған жануарларының өмірі, денсаулығы және күтіміне жауапты. Дегенмен, еріктілердің айтуынша, қаңғыбас жануарлар азаймай отыр. Олардың арасында асыл тұқымдылары да бар. Жануарлар қандай жағдайда иесіз қалады? Ит-мысықтар көшеден қандай жағдайда ауланады? Оларға жаңа үй тауып беру мүмкін бе? 

Informburo.kz тілшілері Нұр-Cұлтан қаласындағы "Спаси друга" жануарлар үйіне барып, мұндағы жануарлардың өмірімен танысты.

Фото: informburo.kz

"Спаси друга" жануарлар үйі 2019 жылы ашылған. Мұнда 100 шақты мысық пен 3 ит мекендейді. Жануарларға Людмила мен Мәдина есімді екі азаматша кезектесіп қарайды. Людмила күнде сағат 10:00 – 14:00 арасында жануарларға күтім жасаса, Мәдинаның кезегі 14:00 – 18:00 аралығына сәйкес келеді.

Людмила. Фото: informburo.kz

Людмила екі жылдан бері жануарларды бағып-қағушы болып жұмыс істейді. Айтуынша, бұл жұмысқа кездейсоқ тап болған. 

"Ол уақыт карантин кезі еді. Үйде отырғанмын. Кенет "Спаси друга" жануарлар үйі жануарларға қарайтын адам іздейді" деген хабарландыруды көзім шалды. Қызық болып көрінді де, хабарластым. Ажар бәрін түсіндірді. Ертеңінде бірден жұмысқа кірісіп кеттім. Жұмысым өзіме ұнайды", – дейді ол.

Фото: informburo.kz

Людмиланың айтуынша, мұндағы жануарлардың бәрі далада қалған жерінен жинап алынған. 

"Мұндағы ит-мысықтардың көбі адамдардан жапа шеккен. Көбі өте ауыр жағдайда келеді: түрлі ауруға шалдыққан, үсті-басы жара-жара болады. Оларды бірден ветеринарға апарамыз. Сосын қажетті ем-дом жасаймыз. Олар да адам сияқты: ауырады, еркелейді, назар аударғанды қалайды", – дейді Людмила.

Фото: informburo.kz

Людмиланың айтуынша, оларға көшеден иесіз жануар тауып алғанын айтып хабарласатын еріктілер көп. 

"Орын болса, қабылдауға тырысамыз. Алғашқы уақытта жануарлардың әрқайсын кварцталған торларға жеке-жеке орналастырамыз. Барлық екпесі салынып, кастрация мен ем-домы жасалғанша оңаша тұрады. Аптасына бір рет ветеринар келіп, қарап кетеді. Қайсына ем керек, қайсына күтім керек, айтады. Соған сай әрекет етеміз", – дейді ол.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар 2023 жылдың қыркүйегінен бастап үй жануарларын тіркеуге міндеттеледі


Фото: informburo.kz

Орталықта британ, шотланд, бенгал, бирман тұқымды мысықтар көп. Арасында марғаулар да бар. 

Фото: informburo.kz

"Бұл марғаулардың туғанына 1,5 апта ғана болды. Оларды анасымен бірге Луи Пастер көшесінде орналасқан бір жатақханадан алып келдік. Ол жердегі тұрғындар жануарларға мүлде қарамайды екен. Олар туралы шағымданып хабарласқандар көп. Мысықтардың жағдайы өте нашар", – деді Людмила.

Фото: informburo.kz

Мәдина да оның сөзін растады.

"Иесі мысықтарды дәлізге шығарып тастап, өзі үш күнге кетіп қалған. Көршілерінің айтуынша, марғаулар бұдан да көп болған. Кейбіреуі өліп қалыпты. Қазір оларды анасынан бөлек ұстап отырмыз. Себебі, мәулен ауырып қалды, карантинде отыр", – дейді Мәдина.

Мәдина. Фото: informburo.kz

Мәдина алғаш рет бұл жерге марғау асырап алу үшін келген. Бірақ, мейірімге зәру қанша жануарды көргенде бұл жұмысқа өзі сұраныпты.

Фото: informburo.kz

Қызметкерлердің айтуынша, қараусыз қалған жануарларды орналастырғысы келіп хабарласатындар қатары қыстыгүні арта түседі. Алайда, жануарлар үйінде орын шектеулі болғандықтан бәрін бірдей қабылдай алмайды екен. Десе де, жануарлар үйінен мысық, ит асырап алушылар да көп. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай жануарларды үйде ұстауға болмайды?


Фото: informburo.kz

"Ақырындап жануарларды жаңа үйлерге оналастырып жатырмыз. Басшымыз мысық, ит асырап алғысы келетіндерді өте мұқият іріктейді. Ұзақ уақыт бақылауда ұстайды. Фото-бейне есеп сұрап отырады. Қандай тамақ беру керек, қандай дәрігерге апару керек екеніне дейін айтады. Себебі әртүрлі адамдар бар. Мысалы, бір британ мысығын иесі табыс көзі ретінде пайдаланған. Марғауларын сатып отырған. Бес рет күшіктегеннен кейін мысық стресске түскен, иесін тістеп, тырнап алатын болған. Сол кезде оны керексіз деп тауып, көшеге қуып жіберген. Біз оны ұзақ уақыт емдедік. Басында бізді де маңайына жолатқысы келмейтін. Қазір үйреніп қалды. Жақында оны да жаңа иесі алып кетеді", – дейді Людмила.

Фото: informburo.kz

Орталықта бес ит болған. Оның екеуі жуырда үйлерге орналастырылған. Енді үшеуі қалыпты.

"Умка деген итіміз болды. Асыл тұқымды ақ түсті ит еді. Оны күшік кезінде Лесозаводтан тауып алдық. Адамдар әбден қинаған: арқасының бәрі күйіп қалған, темекі шоғының іздері болды. Керекті ем-домын жасадық. Соны алдында бір кісілер асырап алды. Жағдайы жақсы. Суретін жіберіп тұрады", – дейді Людмила.

Фото: informburo.kz

"Үй жануарын асырап алғысы келетіндер бізді инстаграм арқылы табады. Кейде өздері келіп, көріп алып кетеді. Кейде біз айтқан жерлеріне апарып береміз", – дейді ол.


Оқи отырыңыз: Брижит Олуа, Бардо қорының жетекшісі: Иесіз жануарларды панажайда ұстау нәтиже бермейді


Фото: informburo.kz

"Жануарлар да бала сияқты. Оларға да жылу, мейірім керек. Балалар өзіне не керек екенін айта алса, бұлар айта алмайды. Бұлардың ешкімге зияны жоқ. Кейде адамдар жануарларды асырап алып, стерилизация жасатпайды. Сосын оларды бей-берекет көбейтіп, ие бола алмай қалады. Былтыр тегін стерилизация болды. Көп адам ол туралы тіпті білмеді де. Біраз адамға біз айтып, жасаттырдық", – дейді Людмила.

Фото: informburo.kz

"Жануарлар үйін ұстаудағы ең үлкен мәселе – қаржы жетіспеушілігі. Себебі, қаладағы барлық жануарлар үйі жекеменшік. Демеуші жетіспейді. Мемлекет тарапынан ешқандай қаржыландыру жоқ. Ал біздің мекенді жалға алу, тамақ, стерилизация, екпе сияқты шығындарымыз бар. Мысалы, біз мекенді ай сайын 170 мың теңгеге жалдаймыз. Тамаққа ай сайын 500-600 мың теңге кетеді. Сонымен қатар медициналық препараттар, ветклиника қызметі, стерилизация, екпе – бәрі қымбат тұрады. Оған ай сайын кем дегенде 150 мың теңге жұмсаймыз. Сондықтан, жануарлар үйін ұстау оңай емес. Қазір қолы ашық, әрдайым көмекке дайын тұратын адамдардың арқасында ғана жұмысымызды жүргізіп отырмыз. Әрқашан жабылып қалу қаупі бар. Ал біз жабылып қалсақ, қарауымыздағы жануарлар көшеде өліп қалады", – дейді жануарлар үйінің негізін қалаушы Ажар Назарбекова.

Ажар халықаралық компанияда жұмыс істейді. Сонымен қатар ерікті ретінде жануарларды қорғау мәселесімен айналысады. 

"Спаси друга" жануарлар үйі. Фото: informburo.kz

Ажар Назарбекованың айтуынша, қаладағы зооқорғау қызметіндегі негізгі мәселе – жануарларды қорғау туралы заңның орындалмауы. 

"Заң қабылданды, бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттік билік өкілдері оны орындамайды. Мәселен, қалалық жануарлар үйі салынған болатын. Оны INUCOBO жануарларды қорғау ассоциациясына береміз деп уәде еткен. Бірақ әлі бермеді, қолданылмай тұр. Неге екені түсініксіз. Ветқызметте жануарлар үйі бар, бірақ ондағы жағдай өте нашар. Жануарларды тамақтандырмайды, санация жасалмайды. Яғни, қалада жүрген жануарды алып, ветқызметке апару өлімге апарумен тең. Шын мәнінде қаладағы жануарлары қорғау саласында жағдай өте нашар. Жалпы ел бойынша да жақсы дей алмас едім", – дейді Ажар Назарбекова.

Фото: informburo.kz

Оқи отырыңыз: "Қазақстан халқынан ит пен мысықты өлтірмеуді өтінемін". Брижит Бардомен эксклюзив сұхбат


 

Серіктестер жаңалықтары