Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы "Орталық Азия – Корея Республикасы" саммитінде екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, қонақжайлық танытып, бірінші "Орталық Азия – Корея Республикасы" саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар қазақстандықтар корей халқына, оның бірегей тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне зор құрметпен қарап, ерекше ықылас танытатынын айтты.
"Корея Республикасы қазіргі замандағы ұлттық өрлеудің таңдай қақтырарлық тамаша үлгісін танытты. Білімге, инновацияға және адам капиталына басымдық берудің арқасында сіздер қысқа мерзім ішінде жетекші технологиялық державалардың қатарына қосылдыңыздар. Бұл – дамылсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және табандылықтың заңды нәтижесі. Қазақ халқы жетістіктеріңізге шын мәнінде тәнті болып, сүйініп отырады", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты пікірін жеткізді. Президент басты бағыт ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық мәселесін атады. Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі.
"Сеул еліміздің үздік он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ірі инвесторлардың арасында тоғызыншы орын алады. Кореядан елімізге 12 миллиард доллардан астам инвестиция келді. Қазақстанда корей капиталының үлесі бар мыңнан аса бірлескен кәсіпорын тіркелген. Kia, Hyundai, Doosan, Posco, Samsung, Lotte, Hanwha секілді жетекші компаниялар Қазақстан нарығында ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Осы сапар аясында жалпы құны шамамен 19 миллиард долларға бағаланған коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – экономикалық ықпалдастығымыздың қарқыны жоғары екеніне айқын дәлел", – деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы уақытта да кореялық компанияларға қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. Инвесторлардың Қазақстанда ұзақ уақыт жүріп-тұруын жеңілдетін "Altyn Visa" бағдарламасы осы мақсатқа қызмет етеді. Мәселен, былтыр іске қосылған KIA Qazaqstan зауыты жылына 70 мың автокөлік шығарады.
"Кореяның технологиялық қуатын еліміздің өндірістік әлеуетімен ұштастыратын дәл осындай серіктестік үлгісін басқа да салаларда қолдануға болады деп ойлаймын. Бұл ретте Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы өнеркәсіп министрлерінің бірінші кездесуін өткізу идеясын құптаймын. Осы бастаманы одан әрі ілгерілету үшін "Орталық Азия – Корея" өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынамын. Аталған тетік аясында үкіметтеріміз өндіріс локализациясына, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қоя отырып, бірлескен маңдайалды жобалардың тізімін жасақтай алар еді. Бүгінгі "Орталық Азия – Корея Республикасы" бизнес-форумы осы үдеріске елеулі үлес қосатынына сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көлік-логистика әлеуетін нығайтуды тағы бір басымдық деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, жаһандық жеткізу тізбегіндегі өзгерістерге байланысты Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі артып келеді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейтінін айтты. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни орта дәлізді дамытуға айрықша мән берілетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, соңғы алты жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе өскен. Алдағы жылдары оның өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен біріктіруге болатынын айтты. Сонымен қатар осы бағыттардың әлеуетін біріктіру арқылы Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына да назар аударып, Қазақстан көмірсутегі өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың санатына кіретінін, жыл сайын елімізде 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін айтты.
"Осы саладағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге, соның ішінде Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға әзірміз. Сонымен қатар геологиялық барлау және жер қойнауындағы жаңа кеніштерді игеру бағытында ықпалдастық аясын кеңейтуге болады. Оң тәжірибе бар. Мысалы, Кореяның KNOC ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай кен орнын табысты игеріп жатыр. Hyundai Engineering компаниясы консорциум құрамында ірі газ өңдеу зауытының құрылысына қатысуда. Шикізатты терең өңдеу саласының да келешегі зор. Қазақстан мұнай-газ химиясын, соның ішінде полипропилен, полиэтилен өндірісін дамытуды белсенді түрде қолға алды. Кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырамыз. Жаһандық энергетикадағы өзгеріс атом өнеркәсібін ілгерілету мәселесі өзекті екенін көрсетті. Біз KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технология саласында анағұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Кореяның сутегі энергетикасын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта бірнеше бірлескен жоба пысықталып жатыр. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы "Жасыл энергетика кешені".
Қасым-Жомарт Тоқаев таза сутегін өндіру және қолдану бойынша пилоттық жобаларды іске асыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар көмірдің Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіндегі маңызы сақталатынын айтты. Оның дерегінше, елімізде шамамен 33 миллиард тонна көмір қоры бар, ал көмірден алынатын қуат электр энергиясы өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты президент "таза көмір" технологиясын енгізуге басымдық берілетінін жеткізді. Сондай-ақ Кореяның Doosan, KEPCO E&C және Midland Power компанияларын көмір генерациясын жаңғырту және ауаға тарайтын зиянды заттарды реттеу технологияларын енгізу жобаларына қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді.
"Астанада Аlem.ai халықаралық орталығы ашылды, суперкомпьютерлер іске қосылды, арнаулы жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастады. Кореямен бірқатар бірлескен бастама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Түркістанда Woosong университеті ашылды, Қызылордада SeoulTech университетімен бірге Жасанды интеллект институты құрылды. Алатау қаласында орналасатын KAIST, яғни Корея озық технологиялар институты филиалы өзара серіктестігіміздің серпінді жобасы болуға лайық. Бұл – әлемдегі технология тілін үйрететін жетекші оқу орындарының бірі. Биыл Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесе негізі қаланған AI SilkNet предективті аналитика және форсайт орталығы іске қосылады. Менің ойымша, екі елдің ғылыми мекемелері, университеттері мен технологиялық компаниялары осы орталықтың айналысында бір мақсатқа топтасқаны жөн. Қазақстан бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының әлеуетін жұмылдыруға дайын. Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне жасанды интеллект саласы мамандарын даярлау үшін Кореямен серіктестік негізінде AI Talent өңірлік бағдарламасын іске қосқан жөн деп санаймын. Бұл өз кезегінде экономикалық өсім мен ғылыми прогреске ықпал ететін жаңа технологиялық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді мемлекет басшысы.
Президент аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстанда Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минералдың барлығы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін біріктіру арқылы шикізатты өндіруден бастап, терең өңдеуге дейінгі толық өндіріс циклын қалыптастыруға болатынын айтты. Осы мақсатта бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынды.
Сонымен қатар Алматыда Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін жеткізді.
Президент су қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды. Қазақстан 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салып, 14,5 мың шақырым суару арнасын жаңартуды жоспарлап отыр. Осы ретте мемлекет басшысы Кореяның су үнемдеу, суды цифрлық есепке алу және заманауи су инфрақұрылымын дамыту тәжірибесін пайдалануға бағытталған ортақ бағдарлама іске қосуды ұсынды.
Сөзін түйіндей келе, Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке қатысушы елдердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда айтарлықтай табысқа жеткеніне назар аударды.
"Елдеріміздің арасында тарихтан тамыр тартатын бауырластық байланыстар қалыптасқан. Бұл ретте өңірдегі мемлекеттер халқымен біте қайнасып кеткен корё-сарам қауымы айрықша рөл атқарады. Корей диаспорасы Орталық Азия мен Корея арасындағы достыққа дәнекер болып отыр. Қазақстан елімізде пана тауып, өсіп-өнген корей халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауына ерекше қамқорлық көрсетті. Келесі жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толады. Осыған орай тарихи уақиғаға арналған іс-шара ұйымдастыруды ұсынамын. Жастардың өзара байланысын, білім және мәдениет саласындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдау қажет деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар саммите Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.