Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасынан кейін жалған ақпарат таратты деп айыпталған блогер Әділетхан Молдаханға қатысты үкім шығарды.
Сот Әділетхан Молдаханды кінәлі деп танып, оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сонымен қатар оған блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды.
Сот жарыссөзінде прокурор айыпталушыға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Жәбірленушілер мемлекеттік айыптауды қолдап, соттан Әділетхан Молдаханға блогерлік қызметпен айналысуға қосымша тыйым салуды өтінді.
Бұған дейін ол өз кінәсін мойындаған болатын. Оның қорғаушылары бұлтартпау шарасын өзгертуді, істі жеңілдетілген тәртіппен қарауды және тараптардың татуласуына уақыт беруді сұрағанымен, сот бұл өтініштерді қанағаттандырмады. Үкім шыққанға дейін блогер қамауда болды. Әділетхан Молдаханға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.
Іс бойынша Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев жәбірленуші ретінде танылды.
Қылмыстық іс Әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан кейін жарияланған жазбаларға байланысты қозғалған. Жол-көлік оқиғасынан кейін блогер әлеуметтік желіде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің түнгі жарысты ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін деген мазмұндағы бейнероликтер жариялаған.
Апат 21 наурызға қараған түні болған. Александр Пак басқарған Zeekr автокөлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапты. Оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасарын, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшыларын қызметінен босатты. Сонымен бірге департамент басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейін қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесінің өкілі Мейірман Шекеев бұл оқиғаны көшедегі жарыс деп есептейтінін мәлімдеп, апат алдында Әл-Фараби даңғылымен жүрген полиция қызметкері Асет Жақсылықовтың айғақтарына сүйенген. Әділетхан Молдахан 31 наурызда жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталып, кейін екі айға қамауға алынған еді.
Ал осы жол-көлік оқиғасы бойынша Александр Пак кінәсін толық мойындап, 22 маусымда сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылған болатын.
Әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол апаты: Александр Пак 10 жылға сотталды
Алматыда блогер Әділетхан Молдаханға тағылған айып өзгерді