Тікелей эфир

Алакөлге енді "Тальгомен" баруға болады

"Қазақстан темір жолы" АҚ басшылығы мен Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев осындай меморандумға қой қойды.

Алдағы туристік маусымда Алакөл бағытына "Тальго" жүрдек пойызы жүреді. Сонымен бірге көл жағалауына жолаушы тасымалдайтын барлық пойыздардың жайлы болуына, сапалық деңгейін арттыруға назар аударылады. Мәселен, "Жолаушы тасымалы" АҚ-ның барлық вагоны желдетудің заманауи жаңа жүйесімен қамтамасыз етілмек, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

"Індет жағдайына қарамастан 2019-2021 жылдары аралығында курорттық аймақтарға барған жолаушылар легі 264% артқан. Өткен жылғы 11 жазғы маршрутты сақтай отырып, 240 мыңдай жолаушы тасымалдау жоспарланған. Бұл ретте ұсынылған орындардың жалпы саны 340 мыңнан асады. Сондай-ақ, бұл бағытқа "Тальго" жүрдек пойызын шығарып, күнара жүргізу жоспарланып отыр. Жолаушыларға жайлы, билет бағасы қолжетімді вагондар жүргізу үшін облыс әкімдігі тарапынан субсидиялау мәселесін шешу қажет", – делінген хабарламада. 


Оқи отырыңыз:


Вагондарда кондиционер мен ыстық су жоқ, басқа да жағдайлар жасалмаған деген жолаушылардың шағымдарына байланысты облыс әкімі Қанат Бозымбаев "Қазақстан темір жолы" АҚ өкілдерімен бірлесіп жеке тасымалдаушы компаниялардың вагондарын аттестациялауды ұсынды. Енді әрбір тасымалдаушы пойыздарының жайлы болуына назар аударуы тиіс. Бұл ретте сұранысқа сәйкес купе типті вагондар саны ұлғайтылады. 

"Жиында "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның Достық стансысындағы корпоративтік тұрғын үйлерін жекеменшікке беру және инфрақұрылымын жергілікті атқарушы органның балансына өткізу туралы мәселе де қозғалды. Бұл ретте жергілікті әкімдік тиісті көмек көрсетеді. Көтерілген мәселелер кездесу соңында Алматы облысы әкімдігі мен "ҚТЖ" ҰК" АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандуммен бекітілді", – деді баспасөз қызметіндегілер. 

Еске салсақ, Қазақстанның биыл Kia Sportage, Lada Granta және Chevrolet көліктерін өзі толық құрастыратыны туралы хабарлаған едік. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап Қостанайда КамАЗдың қозғалтқышының құйма бөлшектері өндіріле бастайды.

Серіктестер жаңалықтары