Тікелей эфир

Көпбалалы отбасыларға куәлік беріле бастады. Жаңалықтарға шолу

Фото іnformburo.kz
Фото іnformburo.kz
Жамағатты мешіттен тегін тасымалдайтын автобустар шықты. 7-9 мамырда күн жылы болады.

Колледждерді жеке кәсіпорын басқаруына беру ұсынылды

Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинованың айтуынша, еліміздегі 174 мемлекеттік колледж тиімсіз, әрі пайдасыз. Оларда оқитын студенттердің саны аз. Министр олардың бәрін жеке кәсіпорын басқаруына беру керек деп есептейді. Ол үшін "Атамекен" ҰКП жанынан жобалық кеңсе ашып, әлеуетті компаниялардың тізімін анықтауды ұсынды.

Бұдан бөлек дуалды оқыту жүйесін дамыту мақсатында БҒМ студенттерді кәсіптік тәжірибеден өтуін ұйымдастырғаны үшін кәсіпорындардың шығындарын өтеуді жоспарлап отыр.

Көпбалалы отбасы мәртебесін растайтын куәлік беріле бастады

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев хабарлады. Айтуынша, куәлікті "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы беріп жатыр. Құжатты алу үшін көпбалалылар өз өңірлеріндегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінулері керек.

Жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасына тағы 8 млрд теңге бөлінді

Бұл қаражат Қазақстанның даму банкі арқылы коммерциялық банктерге берілді. Бұдан бөлек тағы 2 млрд теңге "ҚДБ-Лизинг" компаниясына коммерциялық техниканы лизингтік қаржыландыруға берілді. Жалпы 10 млрд теңгенің бәрі республикалық бюджеттен бөлінді.

2015 жылдан бері бағдарлама аясында қазақстандықтар 13 мыңнан астам отандық автокөлікті сатып алған.

Тоқаев Рамазан айының басталуымен құттықтады

Мемлекет басшысы Рамазан айында ораза ұстау мейірімділікке, кешірімді болуға, татулыққа және қайырымдылыққа үндейтінін атап өтіп, қасиетті айда ел тұрғындарына бақ-береке тіледі.

Елордада жамағатты мешіттен тегін тасымалдайтын автобустар шықты

Олар қаладағы бес бірдей мешіттен бірнеше бағытта халықты тауарих намазынан кейін тасымалдайды. Автобустардың бағыттары жайлы ақпараттар мешіттер мен Astana LRT сайттарында жазылған.

Қазақстандағы АҚШ елшілігі қыздарға арналған техникалық жазғы лагерь ашады

"Makercamp for Girls аталатын Қазақстандағы бірінші лагерь Елордада 27 мамыр мен 7 маусым аралығында ұйымдастырылады" деп хабарлады елшіліктен. Онда 13-16 жас аралығындағы қыздарға инженер, бағдарламашы бағыттары бойынша тәжірибелік жұмыстармен айналысып, технология саласында өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі. Қатысушылар Pre-Intermediate деңгейінен жоғары дәрежеде ағылшын тілін білуі тиіс.

Рахымбеков, Ахметбеков пен Қосанов ҚР Президенттігіне үміткердің куәліктерін алды

ҚР Орталық сайлау комиссиясы олардың үшеуін де Президенттікке үміткер ретінде тіркеді. Сенімді өкілдері "Ауыл" партиясынан ұсынылған Т.Рахымбековке 122 309 (120 754-і жарамды деп танылды), Қазақстанның комунистік-халықтың партиясынан ұсынылған Ж.Ахметбековке 138 294 (оның 135 506-ы жарамды), "Ұлт тағдыры" қозғалысынан ұсынылған Ә.Қосановқа 131 189 (оның 129 582 жарамды) қол жинады.

Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 168,5 мың теңге екен

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіш осындай. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалақы 8,7 пайызға (2018 жылы орташа айлық жалақы 152,4 мың теңге болған) артқан.

Өңірлер арасында ең жоғарғы жалақы Атырау облысында (322,7 мың теңге) тіркелген. Екінші орында Маңғыстау облысы. Мұнда бір қызметкердің орташа айлық ақысы 287,9 мың теңге. Үшінші орында Елорда (233,5 мың теңге). Ең төменгі жалақы Түркістан облысында (109 мың теңге).

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда 7-9 мамырда күн жылы болады. Антициклонның әсерінен мереке күндері ауа райы жылы әрі бұлтсыз болады деп күтіледі. Солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік облыстарда күндіз ауа температурасы + 22...28°С дейін жылиды, кей жерлерде +30...33°С. Оңтүстік шығыстағы жауын-шашын тоқтап, күн жылынады. Батыс өңірлерде өткінші жауын жауады деп күтіледі, бірақ мұнда да күн суық болмайды. Күндіз ауа температурасы + 20...25, кей жерлерде + 26...31°С.

Baq.kz: 500 млрд теңгеге 58 мың отбасы үймен қамтылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бұл бағытта жергілікті басқару органдары жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Министрдің айтуынша, 2019 жылдың соңына дейін 83 млрд теңге көлемінде кем дегенде 821 мың қазақстандыққа әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

24.kz: KASE: $1 = 380,66 теңге. Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессияларының қорытындысы бойынша, 1 АҚШ долларының орташа бағамы – 380 теңге 66 тиын.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары