Тікелей эфир

Студенттер 16 наурызға дейін жатақхананы босатуы тиіс пе? Білім және ғылым министрлігінің жауабы

Фото shutterstock.com сайтынан алынды
Фото shutterstock.com сайтынан алынды
Студенттер 16 наурыздан бастап оқу орнына бармай, онлайн түрде сабақ оқиды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы короновирусқа байланысты пандемия жариялаған соң, Қазақстан аурудың таралуына жол бермеу шараларын күшейтті. Соның бірі – 16 наурыздан бастап студенттер сабақты онлайн түрде оқуға көшуі.

Вице-премьер Ералы Тоғжановтың мәлімдемесінен соң бірқатар оқу орындары студенттерді үйлеріне қайтарып, 16 наурызға дейін жатақханадан шығуын талап етіп жатыр. Алайда Білім және ғылым министрлігі тарапынан мұндай тапсырма болмаған.

Нұр-Сұлтандағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінде оқитын Айгүл 16 наурызға дейін жатын орнын босатуы тиіс. Студенттерге арналған хостел әкімшілігі 16 сәуірге дейін орындарына басқа біреулер тұратынын, сол себепті заттарын алып кетуін сұраған. 6 сәуірге дейінгі ақшаларын қайтаратынын, сабақ басталған соң, қайта тұратындарын айтқан. Университет жатақханасында тұратындар да үйлеріне қайтып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам тіркелді

Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс студенті Маржан Қазақ-Британ техникалық университетінің жеке жатақханасында тұрады. Бұл университет студенттерінен де үйлеріне қайтуын талап етіп жатыр.

"Жатақхана директоры 12 наурыз күні бізге хабарлама жіберді. Оның сөзінше, 16 наурызға дейін шығатындар шығып, одан кейін кірмейді. Ал қалатындар карантин біткенше мүлдем сыртқа шықпайды. Оралға барайын десем, пойыз билеті таусылған, ал ұшақ билеті қымбат. Университет тарапынан мәселеге қатысты әзірге ештеңе айтылмады", – дейді ол.

Ал университет жатақханасында тұратын 1-курс студентіне эдвайзерлері топтың ортақ поштасына "билет алып кете беріңдер, басқаларға да айтыңдар" деген хабарлама жіберген.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Нұрай басшылықтың "интернетке мүмкіндік болмаса, жатақханада қала беріңдер" деген мәлімдемесіне қарамастан, Семейге кетуге асық. Өйткені, қалса, жатақханадан шығармай қоя ма деп қорқады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус себебімен қысқарған әуе рейстерінің билетін қайтару ұсынылды. Қайда хабарласу керек?

Білім және ғылым министрлігі жатақханадан студенттерді шығару туралы ақпаратты жоққа шығарды.

"Егер студенттер қаламыз деп шешсе, жатақханадан ешкімді шығармайды. "Қалада қаламыз, үйімізге қайтпаймыз" десе, өз еркі. Бұл туралы жатақханаларға хат жіберілді", – деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Сұхбат берушілердің есімі олардың рұқсатымен өзгертілді.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары