Тікелей эфир

Оқушылар 16 наурыздан бастап каникулға шығады. Қазақстан тағы қандай сақтық шараларын қабылдады?

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады. Соған байланысты Қазақстан үкіметі арнайы превентивтік шараларды жүзеге асыруға кірісті.

Превентивтік шаралар қолға алынды

Қазақстанда күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим қабылданып, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов келесі превентивтік шаралардың қолға алынғанын хабарлады:

  • 13 наурыздан бастап спорттық, мәдени-бұқаралық шаралардың өткізілуіне тыйым салынып, концерт, көрме, конференциялар кейінге қалдырылады. Спорт жарыстары өткізіледі, алайда залда көрермендер болмайды;
  • Мектеп оқушыларына 16 наурыздан 5 cәуірге дейін демалыс жарияланады;
  • 16 наурыздан бастап студенттер сабақты онлайн түрде оқуға көшеді;
  • Демалыс кезінде мектеп оқушыларын экскурсияға апаруға тыйым салынады;
  • Адамдар көп жиналатын жерлер мен қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру міндеттеледі;
  • Санитарлық, алдын-алу шаралары күшейтіледі (Қарттар үйі де осы тізімге кіреді);
  • Халықаралық мәдени және туристік іс-шара аясында 1А, 1Б, 2 и 3 категориясына жататын елдерге баруға тыйым салынады;
  • Сауда орталықтары мен базарлар жұмыс істей береді, ал кинотеатрларға баруға тыйым салынады.

Ералы Тоғжанов, сондай-ақ, Қазақстан өзін әлеуметтік маңызды азық-түліктің 19 түрімен жарты жыл бойы қамтамасыз ете алатынын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы

Премьер-министр жақын уақыт ішінде үйлену және өзге де тойлар өткізуден бас тартуға кеңес берді.

"Үйлену тойлары, туған күндер, мерекелер өте маңызды шаралар болғанымен, денсаулық одан да маңыздырақ. Мұндай шара өткізуді жоспарлап отырғандар жақсылап ойлануы тиіс. Бізде аса көп адамның қатысуымен той өткізуге құмар жандар көп. Қонақ санын барынша азайту қажет деп ойлаймын. Бірақ, біз мұндай шараларды мүлде кейінгі уақытқа шегеруге кеңес береміз", – деді Ералы Тоғжанов.

Жарияланған шаралар бүгіннен – 12 наурыздан бастап күшіне енеді және оларды жою туралы шешім қабылданғанға дейін қолданыста болады.

Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад және Наурыз мерекесі шаралары өтпейді

Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Коронавирус пандемиясына қарсы күрес мәселесі жөнінде бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен шұғыл кеңес өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесіне арналған шараларды және әскери парадты өткізбеу жөнінде тапсырма берді.

«Сонымен қатар бұған дейін жоспарланған халықаралық форумдарды кейінге шегеруді тапсырды. Дегенмен шағын және орта бизнес жұмысын жалғастыра беруі тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы шектеу шаралары олардың жұмысына кедергі келтірмеуі керек екенін атап айтты. Ірі кәсіпорындар да үздіксіз жұмыс істей береді», – деп жазды Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.

Ақылы ҰБТ кейінге қалдырылды

Санитарлық-дезинфекциялық шараларға байланысты наурыз айында болуы тиіс ақылы ҰБТ да кейінге қалдырылды. Бұл туралы хабарлаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларының көктемгі каникулға мерзімінен бұрын шығуына орай, олардың білімін тоқсандық қорытындылауды 16 наурызға дейін жедел аяқтауды тапсырды.

"Оқушылардың жазғы уақытта оқуы мәселесіне келсек, қазіргі таңда бұған ешқандай алғышарт жоқ. Каникулға шығу уақытын 21-інен 16-сына ауыстырғаннан аса ештеңе өзгере қоймайды. Егер эпидемиологиялық жағдай бұдан кейін де тұрақтанбайтын болса, біз қашықтықтан оқуға көшу туралы шешім қабылдаймыз", – деді Білім және ғылым министрі.

Оқи отырыңыз: Климат дағдарысы, дәріге қолжетімділік, эпидемияға қарсы тұру. Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық 10 өзекті мәселе

Еуропаға рейстер саны қысқарады

Коронавирус пандемиясына орай, Қазақстан 16 наурыздан бастап халықаралық авиация тасымалдарына қосымша шектеу шараларын енгізеді.

Атап айтқанда, келесі бағыттардағы рейстер саны қысқарады:

  • Атырау – Франкфурт, Орал – Франкфурт – аптасына бір рейске;
  • Атырау – Амстердам – аптасына төрттен бір рейске;
  • Нұр-Сұлтан – Лондон – аптасына төрттен екі рейске;
  • Прагаға рейстер – аптасына екіден бір рейске;
  • Нұр-Сұлтан – Ыстанбұл – аптасына он үштен алты рейске;
  • Алматы – Ыстанбұл – аптасына он жетіден жеті рейске;
  • Ыстанбұлдан өзге өңірлерге – аптасына бір рейске;
  • Нұр-Сұлтан – Дубай – аптасына оннан бес рейске;
  • Алматы – Дубай – аптасына он төрттен алты рейске;
  • Нұр-Сұлтан – Абу Даби – аптасына екіден бір рейске.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Еуропадағы жіне өзге елдердегі қазақстандық азаматтардың осы рейстермен елге оралуына мүмкіндік барын хабарлады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парағында: "ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс" деп жазды.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі

Денсаулық сақтау министрлігі профилкатикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары