Тікелей эфир

ДДСҰ коронавирустың өршуін төтенше жағдай деп таныды. Бұл нені білдіреді?

Фотосурет shutterstock.com сайтынан алынды
Фотосурет shutterstock.com сайтынан алынды
Бұған дейін коронавирустың қалыпты, кейін жоғары қаупін мойындаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық маңызға ие төтенше жағдай жариялады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Төтенше жағдайлар комитеті вирустың таралуын әлем елдері ауру белгілерін ерте анықтау, науқастарды оқшаулау бойынша нақты шешімдер қабылдаған жағдайда ғана тоқтатуға болатынын хабарлады.

ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус денсаулық сақтау жүйесі әлсіз дамыған елдерде вирустың таралу мүмкіндігі алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты.

"Бұл Қытайға сенімсіздік вотумы емес. керісінше, ДДСҰ Қытайдың вирустың өршуін бұрынғыша бақылауда ұстай алатынына сенеді", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Қытайдағы студенттердің каникулын ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр

Комитет қорытындылары мен кеңестері

ДДСҰ Төтенше жағдайлар комитеті жағдай ушыға түссе, инфекцияның таралуын тежеу мен алдын алу шаралары, стратегиялық мақсаттар өзгеретінін айтты. Коронавирустың жаңа түрін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық деңгейдегі төтенше жағдайлар критерийлеріне сай келетінін айтып, өз ұсыныстарын берді:

  • ДДСҰ-ның Қытайдағы пәнаралық техникалық миссиясы жануарлардан аурудың шығу көзін, аурудың клиникалық спектрін және оның ауырлық дәрежесін, адамнан адамға жұғу дәрежесін, сондай-ақ, аурумен күресу шараларын қарастыру және қолдау;
  • Вирустың шығу көзін зерттеу, жасырын таралуын болдырмау, тәуекелдерді басқару шаралары туралы есеп беру;
  • Хубэйден тыс аймақтарда эпидемиялық бақылауды күшейту;
  • Әлсіз мемлекеттер мен аймақтарға вирусқа қарсы тұру үшін қолдау көрсету;
  • Төмен және орта табысты елдерді қуатты вакциналармен, диагностика құралдарымен, вирусқа қарсы препаратармен және басқа да дәрілік заттармен қамтамасыз ету;
  • Дәлелді мәліметтерге негізделген ұсыныстарды жаңартып отыру;
  • Вирусқа байланысты тауарлар мен адамдардың қозғалысына қандай да бір шектеу енгізбеу.

ДДСҰ Қытай мен өзге елдерге не ұсынды?

ДДСҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус Қытай тарапынан аурудың таралуына жол бермеу үшін қабылданған шараларды жоғары бағалап, "төтенше жағдайлар кезінде әрекет етудің жаңа стандарттары" деп атады. Гебрейесустың сөзінше, Қытай билігінде жаңа коронавируспен күресетін қажетті нәрсенің барлығы бар.

"Алайда денсаулық сақтау жүйесі әлсіз елдерге коронавирус таралған жағдайда қандай залал әкелетінін білмейміз. Осындай жағдайға дайын болу үшін оларға көмектесуіміз қажет", – деді ол.

Оның сөзінше, ДДСҰ Қытаймен жолаушылар мен жүк тасымалына қатысты шектеулер енгізуді ұсынбайды. Ұйым Қытайға, өзге де елдер мен әлемдік қоғамдастыққа келесі ұсыныстарын берді:

  • Азаматтарды вирустың таралуы және онымен күресу үшін қабылданған жаңа шаралар туралы тұрақты ақпараттандыру;
  • Ел аумағында аурудың жаңа деректерін анықтау шараларын жетілдіру;
  • Медицина қызметкерлерін коронавирустан қорғау шараларын қабылдау,
  • ДДСҰ-мен бірге аурудың таралу себебіне зерттеу жүргізу;
  • Барлық ауру деректері туралы толық ақпаратпен бөлісу;
  • Халықаралық әуежайлар пен порттарда мониторинг жүргізуді жалғастыру ұсынылды.

Оқи отырыңыз: Коронавирустен көз жұмғандар саны 81-ге жетті. Қауіпті індет туралы қазақстандықтар нені білуі қажет?

ДДСҰ бас директоры вирус әлемнің кез келген еліне таралуы мүмкін екенін, сол себепті барлық мемлекетке аурудың алдын алуға, науқастарды анықтауға және емдеуге дайын болу қажет екенін айтты. Әр мемлекет заң жүзінде ДДСҰ-ға елдегі жағдайға қатысты деректерді беріп отыруы қажет.

Ұйым коронавирусты диагностикалау мен емдеу құралдарын, вакциналарын әзірлеуді жеделтетуді, сондай-ақ, инфекция жөніндегі қауесеттер мен жалған ақпаратпен күресу қажет екенін жеткізді. Коронавирус жануарлардан берілгені анықталса, диагностикалық тестілер мен эпидемиологиялық ақпарат Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын сақтау ұйымына беріледі.

Оқи отырыңыз: Қытайда тараған қауіпті вирустан 4 адам көз жұмды. Қазақстанға қауіп бар ма?

ДДСҰ төтенше жағдай кезінде қандай шаралар атқарады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар кезінде келесі қызметтерді көрсетеді:

  • Елдердің төтенше жағдайларға дайындығын бағалауға және ұлттық жоспарларын әзірлеуге көмектесу;
  • Ерекше алаңдаушылық тудыратын инфекциялық қауіптердің алдын алу және бақылау үшін стратегиялар әзірлеуге және әлеуетін дамыту;
  • Бағалау, ақпарат беру мақсатында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жаңа және жалғасып жатқан іс-шараларға мониторинг жасау және адамдардың денсаулығына төнетін қауіпті жою бойынша іс-шаралар туралы ұсыныстар беру.

ДДСҰ ұйымға мүше елдермен және серіктестерімен бірге әлеуметтік осал топтағы адамдар көп елдерде денсаулыққа төнетін қауіпті төмендетуге дайындықты қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін медициналық-санитарлық қызметтер көрсету бойынша жұмыс істейді.

Соңғы бес жылдықта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Батыс Африкада Эболаның (2014-2016 жылдар) және сары лихорадканың (2016 жыл) өршуіне орай төтенше жағдай жариялаған болатын.

Айта кетейік, материал жарияланған уақыттағы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны – 11 374. Олардың ішінде 259 адам көз жұмып, 252 адам аурудан айықты.

Серіктестер жаңалықтары