Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 22 сәуір хронологиясы. 26 адам жазылып, 140 науқас қосылды

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
Іnformburo.kz қырық бірінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 40 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

22.50. Коронавирус жұқтырғандар саны – 2 135

  • Алматы – 732;
  • Нұр-Сұлтан – 404;
  • Қызылорда облысы – 157;
  • Шымкент – 131;
  • Қарағанды облысы – 102;
  • Атырау облысы – 87;
  • Ақмола облысы – 83;
  • Батыс Қазақстан облысы – 76;
  • Жамбыл облысы – 72;
  • Түркістан облысы – 69;
  • Алматы облысы – 62;
  • Павлодар облысы – 35;
  • Қостанай облысы – 35;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 30;
  • Ақтөбе облысы – 27;
  • Маңғыстау облысы – 18;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 12.

Жазылғандардың жалпы саны – 515.

Көз жұмғандар – 19.

23.50 – Қауіпті кеселге шалдыққандар туралы белгілі болды:

Шығыс Қазақстан облысында Covid-19 вирусын жұқтырған адам туралы: Қауіпті инфекция Өскемен қаласының 49 жастағы тұрғынынан анықталды. Ер азамат облыстан тыс жерлерге, басқа елдерге шықпаған. 21 сәуірде Covid-19 анықталған адаммен жақын байланыста болғандықтан, тексеруден өткен. Бүгін анализ қорытындысы оның да коронавирусты жұқтырғанын көрсетті. Науқастың жағдайы орташа дәрежедегі ауырлықта.

Қостанай облысында сырқаттанған адам туралы: Науқас Жітіқара қаласының 1974 жылғы тұрғыны. Кеселге шалдыққан әйел, өзіне дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болған.

Павлодар облысында вирус жұқтырған адам туралы: Ол Екібастұз қаласының 50 жастағы тұрғыны. Ер азамат дене қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінгендіктен медициналық көмекке жүгінген. Бастапқыда оған пневмония диагнозы қойылып, ауруханаға жатқызылған екен. Ал кеше науқастың Covid-19 вирусын жұқтырғаны белгілі болды. Онымен байланысқан адамдар анықталып жатыр.

Шымкентте коронавирус инфекциясына шалдыққан 28 адам туралы: Науқастардың барлығы Covid-19 жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болғаны үшін карантиндік стационарға жатқызылған. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен олардың індетке шалдыққаны расталды. Қазір барлығының жағдайлары қанағаттанарлық. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып жатыр.

Маңғыстау облысында індетке шалдыққан 2 адам туралы: Олар 73 және 21 жастағы Ақтау қаласының тұрғындары. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. Зерттеу нәтижелері оң шыққан науқастар облыстық жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі

22.55 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 65 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 1 адам;
  • Алматы – 18 адам;
  • Шымкент – 28 адам;
  • Жамбыл облысы – 1 адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1 адам;
  • Түркістан облысы – 2 адам;
  • Маңғыстау облысы – 2 адам;
  • Батыс Қазақстан облысы – 4 адам;
  • Қостанай облысы – 1 адам;
  • Қызылорда облысы – 6 адам;
  • Павлодар облысы – 1 адам.

Осылайша кеселге шалдыққандардың саны 2 135-ке жетті.



22.00 – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанға келген қытайлық дәрігер-инфекционистерге алғыс білдірді. Министр отандық медиктердің ҚХР-дан келген әріптестерінен үздік тәжірибе жинақтауға тамаша мүмкіндігі болғанын атап өтті. Қытайдан келген дәрігерлер екі апта ішінде 9 000 қазақстандық дәрігердің сұрақтарына жауап берді.

20.30 – Мамыр айының соңына дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 4 мыңға жетуі мүмкін. Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова осылай деп хабарлады.

"Біз шарықтау шыңы сатысынан өтіп жатырмыз – өсім қарқыны 8%-ды құрады. Болжамға сәйкес, ауру жұқтырудың негізгі қарқыны наурыз айынан мамыр айына дейінгі аралықта болады. Сәуір айының соңына дейін 2700, мамыр айының соңына дейін 4000-ға дейін КВИ жұқтыру тіркелуі мүмкін деп болжануда", – деді Бас санитар.

19.52 – Covid-19 вирусын жұқтырған 2 науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Оның біреуі Нұр-Сұлтанда, екіншісі Шымкентте. Елімізде барлығы 37 емделуші реанимациядан бейінді бөлімге ауыстырылды.

Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап

19.30 – Қазақстанда тағы 10 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты:

  • Нұр-Сұлтан – 1 адам;
  • Жамбыл облысы – 7 адам;
  • Түркістан облысы – 2 адам.

Елімізде барлығы 515 адам ауруынан айықты.

19.20 – Алматыда 20 сәуірден бастап жұмысын қалпына келтіруге рұқсат алған кәсіпорындардың көпшілігі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болмай шықты. Сондықтан олар жұмысын бастай алмады. Мұндай ақпаратты Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Оның сөзінше, 21 сәуірде комиссия 41 құрылыс нысанын тексеріп, олардың тек 11-інің тазалық талаптарына сай екенін анықтаған.

"Кейбір нысандарда жеке гигиена үшін жағдайлар жасалмаған. Қол жуатын орын, санитарлық тазалағыш құралдары жоқ. Жұмысшылар маскамен қамтамасыз етілмеген, олардың бөлек тамақтану мәселелері қарастырылмаған. Сондай-ақ, дезинфекция жасайтын мекемелермен келісімшарттар жасамаған", – деді қаланың бас санитар дәрігері.

Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі

19.00 – Елімізде коронавирус инфекциясын 652 медицина қызметкері жұқтырған. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова хабарлады. Сырқаттанғандардың дені Алматыда. Мұнда 375 маман ауруға шалдыққан. Нұр-Сұлтанда – 131, Атырау облысында – 25 медицина қызметкері Covid-19 жұқтырған.

18.58 – Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы лауазымына Тимур Сұлтанғазиев тағайындалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

18.42 – Елімізде індет жұқтырғандардың 60%-ында ауру жеңіл және симптомсыз түрде өтіп жатыр. Ал 13 пайызында орташа ауырлық дәрежесі белгіленген.

"21 науқастың жағдайы ауыр, 6 адамның жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Covid-19 вирусынан қайтыс болған 19 адамның созылмалы аурулары болды. Инфекция ошақтарында 39 585 байланыста болған адам анықталды, олардың 98%-ы табылып, оқшауланды. Жалпы, Қазақстан бойынша вирусты жұқтыру өсімі апта ішінде 10% шамасында құбылып тұрды. Өткен тәулікте өсім 8%-ды құрады", – деп хабарлады Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.

Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын тестті тегін тапсыруға болады. Ол үшін не қажет?

18:35 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 23 адам тіркелді:

  • Алматы – 21 адам;
  • Қарағанды облысы – 1 адам;
  • Түркістан облысы – 1 адам.

Елімізде індетке шалдыққан 2 070 адам анықталды.

18.30 – ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Covid-19 жұқтырған бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен байланыспағанын хабарлады. Оның айтуынша, сырқаттанған шенеунік жұмысын қашықтықтан істеп, көп адаммен байланыспаған. Камалжан Надыров Нұр-Сұлтан инфекциялық стационарына жатқызылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық.

18.15 – Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері коронавируспен күресіп жатқан қазақстандық дәрігерлерге ән арнады. Полиция майорлары Қуаныш Есенбеков, Әсем Жиенғалиева, Қарлығаш Ташимова және полиция капитандары Асан Әубәкіров пен Тамерлан Қадралиев бастаған вокалды топ Михаил Михайловтың "Ақ халатты періштелер" әнін орындады.



18.15 – Нұр-Сұлтанда №1, №2 қалалық балалар ауруханалары мен Орталық жол ауруханасының аумағына дезинфекциялық тоннельдер орнатылды. Бұған дейін мұндай қондырғы №3 қалалық көп салалы балалар ауруханасының аумағында пайда болған. Тоннельдер медицина қызметкерлері мен мекемеге келушілердің киімдерін қауіпті патогендерден қорғауға мүмкіндік береді. Мұндай қондырғыларды басқа да медициналық мекемелерде және адам көп жиналатын жерлерге орнату жоспарланып отыр.


Нұр-Сұлтан әкімдігі баспасөз қызметінің суреті


18.00 – Алматыға алдағы күндері 200 мың жедел-тест жеткізіледі. Тұрғындар емханалар мен амбулаторияларда тегін талдау жасата алады, деп хабарлады Алматының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

17.20 – Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлерінің жаппай ауру жұқтыруына байланысты тағайындалған эпидемиологиялық зерттеудің қорытындысы әзірге дайын емес. Бірақ тексеріс жақын күндері аяқталады, деді Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

"Тексерістің аралық нәтижелері бар. Тіпті аурудың көзі туралы күдігіміз де бар. Біз МРТ, КТ жасайтын диагностикалық процедуралар бөлімін қарастырдық. Аурудың алғашқы жағдайлары осы бөлімде тіркелді. Сондай-ақ, бұл бөлімге науқастарды ертіп кіргізген медбике де болуы мүмкін", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай кәсіпорындар жұмысын жалғастырады?

17.00 – Алматының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға қатысты деректерді мәлімдеді.

Вирусты жұқтырғандардың жас шамасы:

  • 14 жасқа дейін – 21 адам;
  • 15-19 жас – 43 адам;
  • 20-29 жас ‒ 212 адам;
  • 30-39 жас ‒ 129 адам;
  • 40-49 жас ‒ 116 адам;
  • 50-59 жас ‒ 115 адам;
  • 60 жас және одан жоғары – 42 адам.

Адам құрамы бойынша:

  • Студент – 40;
  • Мектеп оқушысы ‒ 15;
  • Басқа елден келгендер ‒ 38;
  • ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының курсанттары ‒ 67;
  • Авиация қызметкерлері ‒ 2;
  • Зейнеткерлер ‒ 40;
  • Жұмыс істемейтін адамдар ‒ 55;
  • Жұмыс істейтін адамдар ‒ 42;
  • Медицина қызметкерлері – 383.

Алматыда Covid-19 жұқтырғандармен 12 420 адам байланыста болған. Олардың 2 247-сі жақын қарым-қатынаста болса, 10 мыңнан астамы қатынаста болуы ықтимал адам.

14 күнге стационарлық каранинге 1 388 байланыста болған адам оқшауланды, үй карантині режимін сақтап жатқандар – 7 500-ге жуықтайды.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлердің күйзеліске түсуіне не себеп? Психоаналитик түсіндірмесі

16.45 – Алматының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустық инфекция анықталған бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Нәдіров жақында Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарына, сондай-ақ Алматыға барғанын хабарлады. Онымен байланысқан адамдардың барлығынан індеттің бар-жоғын тексеретін талдау алынды. Нәтижелері әзірге белгісіз.

16.30 – Ақтауда Covid-19 жұқтырған әйел дүниеге сау бала әкелді. Нәрестеге коронавирусты айқындау үшін жасалған тест, теріс нәтиже көрсетті. Бұл туралы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Қазір босанған әйел жұқпалы аурулар стационарында, ал қызы провизорлық бөлімде жатыр. Бұл Қазақстандағы коронавирус инфекциясы бар анадан індетті жұқтырмай туған үшінші сәби. Осыған дейін Алматы мен Қызылордада сау бала дүниеге келген еді.

15.50 – Қорғаныс министрлігінде "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің жеке құрамына әскери қызметшілер атқаратын дезинфекциялық жұмыстар аяқталғаннан кейін санитарлық өңдеу қалай жүргізілетінін көрсетті.



15.30 – Егіс алқаптарына және қалаға бару еліміздегі мыңдаған фермер үшін үлкен проблемаға айналды, деді Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров. Министрлік шаруалар үшін екі құжат бойынша жүруге рұқсат беру алгоритмін әзірлеп, облыс әкімдіктеріне жіберген. Яғни, жеке куәлік және жұмыс орнынан анықтама. Сонымен қатар, аймақтарда "Атамекен" ҰКП-нан, облыс әкімдіктерінен өтініштер қабылдау үшін электрондық қызметтер пайда болды. Qoldau порталы AgroRuqsat платформасын жасады.

"Алайда, интернетке барлық ауылдар қосылмаған. Көбісінің электронды өтініш беруге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі кешенді тәсіл қажет деп санайды. Шаруаларға екі нұсқада – электронды және қағаз түрінде өтініш беруге мүмкіндік жасау керек. Біз кей аймақтарда фермерлерден QR код талап етіп, егіс алқаптарына жібермей жатқанын байқадық", – деді Айдарбек Сапаров.

Бірінші вице-министр бұл мәселені жеке бақылауына алып, фермерлерге рұқсат беруден бас тартқан нақты жағдайлар туралы Facebook-тегі жеке парақшасына жазуды сұрады.

Оқи отырыңыз: Президент коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық үндеу жариялайды

14.12 – Елжан Біртанов коронавирусты анықтайтын тест жасатады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп хабарлады. Оның айтуынша, бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың "коронавирустық инфекция" диагнозы расталғаннан кейін эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Коронавирусқа тесттерді ведомство басшысы Елжан Біртанов, сондай-ақ Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев жасатады.

"Байланысқан адамдарға келетін болсақ, біздің эпидемиологтар алгоритмге сәйкес тексеріс жүргізуде. Камалжан Надыров қызмет бабымен Алматыда болған. Соңғы аптада ол дәрігерлермен, ауру ошағы анықталған Орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлерімен кездесті. Ол сондай-ақ, Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевпен кездесті. Олардың үстілерінде қорғаныс киімдері болды. Бірақ, соған қарамастан Әбілдаев та талдау жасатады. Нәтижесін күтетін боламыз", – деді Диас Ахметшәріп.

14.00 – 16 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Қазақстанда жалпы саны 505 адам аурудан айықты.



13.13 – Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанның медициналық ЖОО-да эпидемиологтарды даярлауды қайта жалғастыру қажеттігін және осы мамандық бойынша жаңа оқу жылында, оның ішінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша қосымша гранттар бөлу керектігін мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 15 жыл бойы эпидемиолог мамандар оқытылмайды. Оқу орындарында "Эпидемиология" мамандығы мүлдем жоғалып, оған қойылатын біліктілік талаптары жойылған. Азат Перуашев індеттің алдын алу және онымен күресу үшін вирусология, иммунология, биохимия саласында білім қажет екенін алға тартты. Сондықтан, ол қазіргі жағдайда эпидемиологтарды дайындау қажет екенін атап өтті.

12.50 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 22 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 2 адам;
  • Алматы – 13 адам;
  • Алматы облысы – 7 адам.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 2 047 адам анықталды.

Оқи отырыңыз: Е-Polisia KZ қосымшасы Алматы ішінде кімге жүруге рұқсат екенін анықтауға көмектеседі. Нұсқаулық

11.20 – Алматының криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин мен патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Ержан Қуанышбаев қызметінен босатылды. Олар карантин кезінде блок-бекеттерден қымбат көліктердің емін-еркін өтіп кеткені үшін жазаланды. Бір де-бір полицей тоқтатпаған кортеждің видеосы әлеуметтік желіде тараған еді.

Кейіннен сол көлікте көңіл көтергендердің қатарында Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы бар екені анықталды. Желіккен жастармен бір дастарханда отырған Жанболат Зиадин шулы видеодан кейін қызметінен шеттетілді. Барлық көліктер айып тұрағына қойылып, ішіндегі бес адам 10-нан 15 күнге дейін қамауға алынды. Ал кортежбен жүрген тағы екі адам іздестірілуде. Бұл бассыздыққа жол беріп, еш шара қолданбаған полиция қызметкерлері тәртіптік жаза алды.

Оқи отырыңыз: Елжан Біртанов: Барлық медицина мекемелері жұқпалы аурулар ауруханасының форматында жұмыс істейтін болады

10.04 – Алматының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына кеше ғана басшылыққа тағайындалған Камалжан Надыров коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

"Кеше кешкісін Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты. Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдіремін. Осы жағдайға байланысты Алматы әкімінің келісімімен Тілеухан Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды", – деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, Алматыда коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Әбілдаев отставкаға кету туралы өзі өтініш білдірген. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына Камалжан Надыровты тағайындау жоспарланған еді.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезіндегі төлемдер. Декреттегі аналардың жағдайы қалай өзгереді?

09.36 – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мұқтаж жандарға көмек көрсеткені үшін кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына алғыс айтты. Қалада 100 ерікті жұмыс істейді. Олар азық-түлік жиынтықтарын, дәрі-дәрмектерді, бірінші қажеттілік тауарларын өлшеп-орауға және жеткізуге көмектеседі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Бакытжан Сагинтаев (@sagintayev.b)

09.32 – АҚШ Қазақстандағы коронавирустың таралуын жеңілдету үшін тағы да 800 мың доллар бөлді. Өткен айда елге АҚШ-тан жеке қорғаныс құралдарын қамтыған гуманитарлық жүк келген еді.

09.30 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 30 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 8;
  • Қостанай облысы – 7;
  • Алматы – 2;
  • Маңғыстау облысы – 2;
  • Павлодар облысы – 3;
  • Жамбыл облысы – 6;
  • Батыс Қазақстан облысы – 2.


Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
ДСМ жедел желі номері: 1406

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары