Тікелей эфир

Эвересті бағындырған қазақ қызы: Өте қорқынышты сәт болды. Бірақ "Күшіміз барда, жүре беруіміз керек" деп ойладым

Анар Борашева 12 мамырда Непал уақыты бойынша таңғы сағат 07.25-те Эвереске көтерілген болатын.

Kazakh Everest Team экспедициясының командасы журналистерге әлемдегі ең биік шыңға көтерілу кезінде қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді. Аталған команда құрамында болған Анар Борашева Эверестті бағындырған тұңғыш қазақ қызы атанды.

Айта кетейік, Анар Борашева 12 мамырда Непал уақыты бойынша таңғы сағат 07.25-те Эверестке көтерілген болатын. Ал экспедицияның ұйымдастырушысы әрі жаттықтырушысы – тәжірибелі қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев бұл шыңды осымен үшінші рет бағындырып отыр.

"Біз бұл экспедицияны Қазақстанның көрнекті батырлары – ҚР бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнадық. Шыңда біз екі туды көтердік – еліміздің туы және Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туы", – деді Жұмаев.

Биыл күзде отандық деректі фильм түсіруші Ғибрат Бақаевтың аталған экспедицияға арналған фильмі жарыққа шығуы керек.

Анар Борашева 32 жаста. Ол он жыл бойы скайраннингпен айналысып, осы спорт түрінен ең күрделі қазақстандық старттарда жеңіске жеткен. Irbis Race – 42 шақырымдық тау жарысында жеңімпаз атанған. Бұл қашықтықтағы биіктік 3700 метрді құрайды. Борашева аптасына жеті рет жаттығуды, демалыс күндері 50 шақырымға дейін таулармен жүгіруді әдетке айналдырған. Сондай-ақ ол бұл салада жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

"Біз 8400 метрге жеткен сәт есімде. Қатты жел басталып, ештеңе көрінбеді. Шамамен жеті адам артқа қайтуға шешім қабылдады. Біз де қайтамыз деп қорықтым. Өте қорқынышты сәт болды, бірақ: "Күшіміз барда, жүре беруіміз керек" деп ойладым. Денсаулығымыз нашарлап, жөтел басталды. Сол сәтте ауа райының тұрақтануын қатты тіледім, ақыры жеттік. Біраз демалған соң, ауа райы шынымен де ғажайып түрде жақсарып кетті", – дейді Анар.

Биіктікті бағындыру кезінде экспедицияның ең тәжірибелі қатысушысы Мақсұт Жұмаевтың да денсаулығы сыр бере бастаған.

"7000 метрден жоғары көтерілгенде жөтел басталды, тамақ құрғап, температура көтерілді. Бірақ біз аурудың белгілерін жеңе алдық. Ең қиыны аяғымды, қолымды қозғалтпау, альпинизм техникасымен жұмыс істеу болды. Биіктікте демалудың өзі қиындық тудырды, мұрным, тамағым құрғап кетті, әрбір тыныс алған сайын жұтқыншағым қатты ауырды", – дейді атақты альпинист.

Оның айтуынша, жоғары биіктікте жөтел басталғаннан кейін 20 сағаттың ішінде өкпе ісінуі мүмкін. Дегенмен, барлық қатысушылар тәуекелге барып, шыңға көтерілуді жалғастырды.


Оқи отырыңыз: "Соңғы жылдары этникалық киімдер трендке айналды". Отандық брендтің негізін қалаушымен сұхбат


Мақсұт сондай-ақ шыңға жетер алдында да үлкен қауіп бар екенін атап өтті. Ол жерде жүзге жуық адамнан тұратын кезек пайда болады. Кейде ұзақ күткендіктен альпинистердің баллондарында оттегі таусылып қалады. Өткен жылы осы себептен 18 адам қаза тапқан.

Ауыр экспедицияға қарамастан, Анар Борашева мен Мақсұт Жұмаев жаңа саяхатты жоспарлап отыр. 

"Әрине, мен мұнымен тоқтағым келмейді. Мен экспедициядан оралғанда жетекшілеріме де осыны айттым. Жалғастыру керек! Мен "7 шың" бағдарламасына қатысып, барлық континенттердің ең биік тауларына көтерілгім келеді. Себебі, Африкалық Килиманджаро және Еуразия мен бүкіл планетаның ең биік шыңы – Эверестті бағындырдым!" – деп жоспарымен бөлісті Анар Борашева.

Өз кезегінде Мақсұт Жұмаев оған бұл жоспарын іске асыруға көмектесуге дайын.

"Мен тағы бір арманымды жариялағым келеді – біз армансыз өмір сүре алмаймыз. Осы жылдың күзінде мен планетаның ең биік нүктелерінің бірі – Манаслу шыңына экспедиция ұйымдастыруға тырысамын. Мен әскери альпинистерден, тауға дайындық нұсқаушыларынан команда жинағым келеді. Біз қосымша оттегіден бас тартамыз, шерптерді (альпинистердің жүктерін көтеретін көмекшілер – ред.) тартпаймыз. Экспедиция спорттық стильде өтеді", – деді Жұмаев.

Фотоларды Kazakh Everest Team командасы ұсынды

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары