Тікелей эфир

Қазақ қызы Эвересті бағындырмақ. Альпинист Анар Бурашевамен сұхбат

Анар Бурашева / Фото: Informburo.kz
Анар Бурашева / Фото: Informburo.kz
Мақсұт Жұмаев бастаған Kazakh Everest Team экспедициясы 6 сәуірде Непалға жол тартады.

Эверестке шығу – әр альпинистің арманы. Қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев бұл шыңға екі рет жеткен болатын. Ол енді қазақ қызын Эверестке шығуға дайындап жатыр. Әрі қауіпті, әрі маңызды іске Анар Бурашева бел буып отыр.

Мақсұт Жұмаев альпинизмде әйел не еркек деген түсінік жоқ дейді. Шыңға шығатын әр адамды экспедиция қатысушысы деп атайды. Ол қауіпке бас тіккен Анар Бурашеваның жетістігі қазақ қыздарына үлгі болса дейді. Расымен, Эверестке шыққан, ғарышқа ұшқан қазақ қызы жоқ. Анар әлемнің ең биік нүктесіне табан тіресе, осы жетістікке жеткен тұңғыш қазақ қызы болмақ. 

Эверестке шығу оңай шаруа емес. Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, дайындық пен арнайы киімді есептемегенде бір адамға 40 мыңнан 100 мың АҚШ долларына дейін ақша қажет.  Бұл экспедиция толықтай демеушілердің қаржысына ұйымдастырылып жатыр. Мемлекет ақшасы жұмсалмайды.

Kazakh Everest Team тобының құрамында барлығы жеті адам бар. Экспедиция басшысы болып Мақсұт Жұмаев тағайындалды. Ал Анар Бурашева экспедция қатысушысы ретінде бекер таңдалмаған. Ол – Nike Running Club Almaty пейсері, Space Trail Running жаттықтырушысы, Sky Run Group скайраннері. Анар 42 шақырымда – Irbis race, Thian Shan trail race, Алматы марафоны, 35 шақырымда Tengri ultra марафоны, 30 км қашықтықта Red planet Race жарысында бірінші келген. Португалияда өткен Madeira Island Ultra Trail жарысында 60 км қашықтықта 3-орын иеленген. 

Осы орайда Informburo тілшісі экспедиция басталар алдында Анар Бурашевамен әңгімелесті.

Анар Бурашева / Фото: Informburo.kz

– Альпинизммен шұғылданып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Он жылдан бері тауда жүгіремін. Бес жылдан бері альпинистік санаттағы биік шыңдарға шығып жүрмін. Килиманджарода, Монбланда болдым. Өзіміздің тауларға да шықтым. Менің бар өмірім таумен тығыз байланысты. Тауда жүгіріп жүргенде бұл аздық ететінін түсіндім. Техникалық тұрғыдан дайындалып, биік әрі күрделі шыңдарға шыққым келді. Солай альпинизмге келдім.

– Эверестке шығу кімнің идеясы? Шешім қабылдау қиын болмады ма?

– Мақсұт Жұмаевпен бұрыннан таныспыз. Биік шыңға шығатын адамдар бір-бірін жақсы таниды. Альпинистер мен желаяқтардың ортасы бар. Жақын танысқан кезде Мақсұтқа "қазақ қызы Эверестке шықса" деген идея келіпті. Өз аузынан естігенде таң қалдым. Эверестке шығу менің де арманым еді. Ойлар заттанады деген рас екен.

Идеяны қолдайтын демеушілер табылғаннан кейін Мақсұт экспедицияға шақырды. Мұндай қауіпті экспедицияға көп ақша беруге әзір жандар санаулы. Бірақ патриот жандар табылды. Олар ең бастысы амандығымызды тілейді. Қазақстанда мұндай спорт түрін қолдайтын адамдар бар екеніне таң қалдым. Өмірге қауіп төндіретін іс-шара болған соң ұзақ ойландым. Арманыма жету үшін келістім бердім.

Экспедицияның мақсаты – ер мен әйелдің тең екенін көрсету және көк туымызды ең биік шыңға тігу және тұңғыш қазақ қызы атану. Қазақ қыздары өте мықты екенін дәлелдегім келеді. Мақсұтқа толық сенемін, ол да маған сенеді деп ойлаймын.

Thian Shan trail race жарысы. Фото Анар Бурашеваның жеке архивінен алынды

Оқи отырыңыз: Тау: табыну мен табындыру


– Анар, дайындығыңыз қалай?

– Осы экспедицияға алты айдан бері дайындалып жатырмыз. Ең бастысы – физикалық және менталды дайындық. Шыңға шығуға дайынмын және Эверестке жетеміз деп толықтай сенемін. Қауіпті спорт болған соң қорқыныш жоқ емес. Менталды тұрғыдан дайынмын деп ойлаймын. Басында уайым болды, бірақ қазір жүрегім орнына түсті. 

Денсаулығымызды бастан-аяқ тексердік. Ағзамызға қажет дәрумендер кешенін ішеміз. Бұл экспедиция да ұзақ қашықтыққа жүгіруге дайындық сияқты. Ультрамарафонда бір күнде ағзадағы қорды сақтау қажет болса, экспедицияда қор екі айға жетуі керек. Салмаққа келер болсақ, денемізді қалыпта ұстауға тырысамыз. Дегенмен денедегі май шыңға шығуға кедергі болмайды. Себебі шыңға шыққанда адам бірнеше келі салмақ тастайды. 

Бәрінен бұрын менталды тұрғыда қиын болатын шығар, өйткені командамен жүресің, үрейге бой алдырмау керек. Альпинизм мектебінде бізге тіпті дауыс тембрін де басқара алуың керек деп үйретті. Биікте дауысыңды сәл көтерсең, соның өзі айқай сияқты естіледі. Сондықтан дүрлікпей, сабыр сақтап, командадағы басқа адамдарды құрметтеу керек. 

– Неге дәл осы уақыт таңдалды?

– Өте ауыр шың болғандықтан, сәуір мен мамыр айларында ауа райы қолайлы болады.

– Шыңдарға шығып жүрсіз ғой. Бәрінен қай шың қиын болды?

– Қиын шыңның бірі өзіміздің Іле Алатауындағы Талғар шыңы болды, өйткені бір аптадай шықтық. Бір апта бойы альпинистердің құрал-сайманы, тамағы, киім-кешегі бар 25 келіні арқалап жүрдік. Соның бәрін шыңға көтеріп шықтық. 

Ал Эверестке шығу экпедициясы екі айға созылады. Лагерьлер арасында 15 келідей сөмкені арқалап жүреміз. Ал шыңның өзіне шығарда салмағы бес келідей болады. Эверестке біз оттегімен шығамыз. 

Шынымды айтсам, шыңға шығарда қауіп-қатердің бәрін азайтуға тырысамын, сол себепті инструктормен шығамын. Жалғыз көп жүрмеймін. Талғар шыңына шығарда басқа топтың балалары жоғалып кеткен еді. Сонда шыңға шықпай екі баланы іздейміз деп ойладық. Бірақ, бәрі жақсы болды. Сол кезде біраз қорықтық, бірақ мұны қазір күліп еске аламын.

Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаев / Фото: Informburo.kz

– Тағы қандай шыңдарға шыққыңыз келеді?

– Қазір бірнәрсені жоспарлаудың өзі қиын, себебі Эверестен оралғаннан кейін қалыпқа келуге көп уақыт керек. Десе де мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Шыққым келетін шыңдар көп. Қазақстандағы барлық шыңға аяғым тисе деймін. Жоспар көп. Эверестен кейін белгілі болады.

– Эвересте не нәрсе қиынға соғуы мүмкін?

– Экспедиция екі айдай болады. Ең қиын кезең – 7 мың метрден жоғары биіктікке шығу. Денсаулыққа оңай соқпайды. Ол жақта ештеңе өспейді, ештеңе жоқ. Альпинистер "өлім аймағы" деп атайды. Ең қиын кезең сол.

Талғарға шыққанда душтың жоқтығы қиын болды. Бір аптадай жуынбадық. Ал Эверест экспедициясында екі айдай жуынбаймыз. Шашым қандай болатынын елестете алмаймын, сол себепті моральды тұрғыда қиын. Физикалық тұрғыда қиын болмайды деп айтай алмаймын. Ультрамарафон жүгіріп жүргендіктен физикалық тұрғыда дайынмын. Енді моральды тұрғыда дайын болуымыз керек. 

– Қауіпті экспедиция ғой, үрей бар ма? 

– Әрине, қорқынышты. Өте қауіпті экспедиция болған соң өлімнен қорқу сезімі бар. "Үрейсіз альпинист – өлі альпинист" дейді. Бастысы үрейге бой бермей, көп уақыт бойы дайындалған дүниені жасау.

Скайраннер Анара Бурашева. Фото спортшының жеке архивінен алынды

– Ата-анаңыз бұған қалай қарайды? 

– Ата-анамның аты – Марат пен Зүлфия. Олар ең қымбат, әрдайым үлгі болған адамдарым. Анам өміріме алаңдайды, бірақ арманым екенін жақсы түсінеді, қолдайды. Өкінішке қарай, былтыр әкем 58 жасында дүниеден өтті. Әкемнің аты аталса деген оймен де осы шыңға шығуға келістім. Эверестке шығу әкеме деген құрмет деп білемін.

– Осы экспедицияға ерекше бір зат алып шығасыз ба?

– Шынымды айтсам, оны әлі шешпедім. Бастысы жақындарымның фотосын аламын. Ал қалғаны – жүрегімде.

– Альпинизмді енді бастап жатқандарға қандай кеңес бересіз?

– Ең бастысы – сізге шабыт беретін жақсы бапкер мен команданы табу. Олар болса сіз кез келген биікке жетесіз. 

– Эверестке жеткен тұңғыш қазақ қызы болуға талпыну сіз үшін қандай сезім?

– Шынымен осы жетістікке жеткім келеді. Ауыл-аймақтағы арманына жетуге мүмкіндігі жоқ кішкентай қыздарға талаптанып, мақсатына жетуге болатынын көрсеткім келеді. Бәріне жетуге болатынына, қолдан келмейтін дүние жоқ екеніне дәлел болсам деймін.

Серіктестер жаңалықтары