Тікелей эфир

Кімнің кредиті кешіріледі? Науқан қашан, қалай жүзеге асады?

Іnformburo.kz қарыз жүктемесін азайтуға қатысты кең тараған сұрақтарға жауап береді.

26 маусымда ҚР Президенті Үкімет пен Ұлттық банкке әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған халықтың кепілсіз тұтыну несиелері бойынша қарыздарын өтеп беруді тапсырды. Қалған қазақстандықтардың кредиторлық қарыздарының өсімпұлдары мен айыппұлдарын кешіруді жүктеді.

№1. Мемлекет кімнің кредитін өтеп береді?

Кепілсіз тұтыну кредит бойынша қарыздарды кешірілетін тұлғалар:

  • Көпбалалы отбасылар;
  • Асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар;
  • Мүгедек-балалары бар, 18 жастан жоғары жастағы мүгедектерді асырап отырған отбасылар;
  • Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар;
  • Жетім-балалар;
  • Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтар.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда несие алғандар банктің заңсыз ұстаған комиссиясын қайтарып алуға асықпай отыр. Неге?..

"2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қарыз бойынша жалпы берешек 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспауы тиіс" деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.
Ұлттық банктің дерегінше, жоғарыда аталған азаматтардың санатындағы 440 мың қазақстандықтың кредиті кешіріледі.

№2. Несие бойынша қарыздары өтелетіндердің қатарында бар-жоқтығымды қалай біледі?

Ешқайда жүгінудің қажеті жоқ. Қарызы барлардың тізімін олардың қатысуынсыз-ақ мемлекеттік органдар ақпараттық жүйе арқылы жасақтайды.

Халықтың несиесін Үкімет 2019 жылдың 18 қыркүйегіне дейін өтеп беруді жоспарлап отыр. Осы күннен кейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгініп, өтелген қарыздары жөнінде ақпаратты сұрастыруға болады. Сондай-ақ бұл мәліметті электронды үкіметтің веб-порталындағы жеке кабинеттен де алуға болады. Еңбек министрлігінің дерегінше, азаматтарға өзінің әлеуметтік статусын электронды үкіметтің сайтынан тексеруге болады. Сайтта қызмет көрсетіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Несие карталарын қалай таңдау керек: қазақстандық банктердің өнімдеріне шолу

№3. Мерзімі өткен бірнеше несием болса, 300 мың теңгені барлық несием бойынша өтей ме, әлде біреуіне ғана ма?

Қарыздардың санына қарамастан есептеледі (негізгі қарыз+сыйақы).

Егер сіздің бірнеше несиеңіз болса, онда 300 мың теңге қарызыңыз ең ірі несиеңізден өтеледі.

"Егер несиесі бар азамат 200 мың теңгені бір банктен, 150 мың теңгені тағы бір банктен алған болса, әуелі бірінші банктегі 200 мың теңге толықтай төленіп беріледі, содан соң барып екінші банктегі 100 мың теңге қарызы ішінәра өтеледі. Екінші банктегі қалған 50 мың теңге қарызын несие алған адам өз жабады" деп түсіндірді Ұлттық банктен.

Оқи отырыңыз: Несие тарихы несібесіз қалдырмай ма?

№4. Отбасы мүшелерінің бәрінің кредиті кешіріле ме, әлде тек біреуінікі ғана ма?

Егер отбасы мүшелерінің бас басында несиесі болса, онда келісім-шарт бойынша әрбірінің қарызы өтеледі.

"Егер бір отбасындағы екі адамда несие болса, әрбір келісім-шарт бойынша олардың 300 мың теңгеге дейін қарыздарын өтетіп алуына құқы бар. Мұндайда олардың өтелген қарыз сомасы 600 мың теңгеге дейін болады", деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.

№5. Егер несиемнің мерзімі өтпесе, мемлекет негізгі қарызды кешіре ме?

Иә. Негізгі қарыз өтеледі және несие бойынша есептелген сыйақы қарыздың мерзімі өткеніне не өтпегеніне қарамайды.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Кому и когда спишут долги по кредитам? Всё, что нужно знать

№6. Барлық азаматтардың айыппұлдары мен өсімпұлдары кешіріле ме, әлде тек әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандардыкі ғана ма?

Әлеуметтік статусына, қарыз сомасы мен есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдарына қарамастан, банктер мен микроқаржы орталықтарынан кепілсіз тұтыну қарыздар алған барлық азаматтардың айыппұлдар мен өсімпұлдары өтеледі.

Алдын ала бағалау бойынша, 5 млн қазақстандықтың 58,4 млрд теңгелік айыппұлдары мен өсімпұлдары кешіріледі. Бұл соманың 70%-ы банктер мен микроқаржылық ұйымдардың өз есебінен, қалған қарыздар Ұлттық банктің есебінен өтеледі.

Банктер мен микроқаржылық ұйымдар айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша қарыздарды 2019 жылдың 30 шілдесіне дейін кешіреді.

№7. Несие бойынша қарыздар қашан өтеледі?

2019 жылдың қыркүйек айына дейін барлық рәсімдерді аяқтау жоспарланып отыр.

"Мерзімі өтіп кетіп, несие тарихына кері әсер ететін жағдай және болашақта несие алуға кедергі болмас үшін осы мерзімге дейін қарыз алушы несие бойынша төлемдерін уақытылы жүргізу керек. Бұдан бөлек, мерзімі өткен жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелуі мүмкін. Егер айыппұлдар мен өсімпұлдар 1-ші шілдеден кейін қосылса, қарыз алушы оны өзі төлеуі керек болады" деп хабарлады Ұлттын банктен.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Қарыз иелерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылды

№8. Несиемді өзі төлеп тастаған жағдайда не істеу керек?

Қарыздар көлемі 1-ші маусымдағы жағдаймен есептеледі. Егер қарыз алушы 300 мың теңге шамасындағы қарызын 1-ші маусымнан кейін өтесе, несие ішінәра не толықтай төленгеніне қарамастан, бұл сома қайтарып беріледі.

"Мәселен, 1-ші маусымда қарыз 320 мың болды делік. Маусым-шілдеде несие алушы қарызын ай сайын 20 мыңнан төлеуді жалғастырған. Нәтижесінде 1-ші тамызда оның қарызы 280 мың теңгені құрайды. Банкке 300 мың теңге аударылады, оның 280 мыңы қарызды жабуға, қалған 20 мыңын несие алушыға қайтарады", – деп түсіндірді Ұлттық банктегілер.

Ақша несие алушының шотына түседі, не қолма қол беріледі. Қарыз алушы өтініш жазуы керек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда несиесін төлей алмай отырғандардың саны 1 миллион 102 мыңға жетті

№9. Несиесін кешіру үшін азаматтың тіркеуде тұруы керек пе?

Жоқ. Ережеде бұл қарастырылмаған.

№10. Бұл бір реттік науқан ба немесе мемлекет несие бойынша қарыздарымды тағы да өтеп бере ме?

Халықтың несие жүктемесін азайту бойынша жүзеге асырылатын шаралар – бір реттік науқан. Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз етті.

"Науқан бір рет жүзеге асырылады. Әрі қарай мұндай шараларды өткізе алмаймыз. Құқымыз да жоқ. Алайда, айтылған нәрсені орындауымыз керек" деді Қ.Тоқаев.

№11. Қарызы кешірілген адам болашақта несие ала алады ма?

Несие алуға тыйым салынбайды. Алайда оны беру талаптары күшейеді.

"Тұтыну несиелер бойынша туындаған мәселелердің алдын алу үшін Ұлттық банк Президенттің тапсырмасына сай қатаң реттеу шараларын қабылдайды, сондай-ақ өздеріне шектен тыс қауіптер төнбес үшін қаржылық ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуі тиіс" деп хабарлады Несие бюросынан.

Авторы Жадыра Жұлмұхаметова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары