Тікелей эфир

Несие тарихы несібесіз қалдырмай ма?

Алдағы уақытта кез келген жұмыс беруші үміткерді несие тарихына қарап қызметке қабылдауы мүмкін. Бірінші несие бюросы осындай бастама көтерді.

Осы мәселеге байланысты бюро басшысы Әсем Нұрғалиева:

"Бұл бастама негізінде жұмыс беруші несиесі уақытылы төленбегенді немесе банкке қарыз адамды несие тарихына қарап, жұмысқа қабылдаудан бас тарта алады. Қазіргі кезде бұл тәжірибені еліміздегі ең ірі гипермаркеттері қолға алды. Несие тарихыңызды жұмыс беруші тек сіздің келісіміңізбен ғана тексереді. Несие тарихындағы негізгі екі мәселе назарға алынады, олар – уақтылы төленбеген несие мен несие жүктемесі", – деді тілшілерге берген жауабында.


Бірінші несие бюросының басшысы Ә.Нұрғалиева

Бірінші несие бюросының басшысы Ә.Нұрғалиева / Фото kursiv.kz сайтынан алынды


Несие тарихына таңба түспеген қазақстандық бар ма?

Несие тарихы деген түсінік біздің қоғамда соңғы он жылда ғана қалыптасқаны жасырын емес. Бұған дейін де банктен қаншама несиелер рәсімделді. Десек те, азаматтар бертінге дейін несие тарихы дегенге аса бас ауырта қоймады. Несие тарихы деген құжаттың қаншалықты маңызы бары соңғы уақытта айқындала түсті.

Сонау 2004-2008 жылдары кепілсіз несиелер тегін шұлықтай таратылып, қазақстандықтар бір емес, бірнеше банктен сондай несие алды. Қарызға да белшесінен батты. Өйткені ол кезде несиенің пайызына көбі мән бермеді. Қарызды қайтарудың тым қиын болатынын да болжамады.

Ол шақта халықтың қаржылық сауаты да бүгінгідей деңгейде болмағанын ескерсек, қазақ тойы мен құдалығын да несие ақшаға өткізді. Өкінішке қарай, 2007 жылы басталған қаржылық дағдарыс халықтың әлеуметтік жағдайын тұралатып тастады да, азаматтар алған несиесін қайтара алмады. Осылайша еліміздің миллиондаған адамының несие тарихы "былғанды".

Одан кейінгі жылдарда ипотекалық несие мен автонесие алғандар қарызын қайтара алмай, банктің "қара тізіміне" ілінді. Ал соңғы 2-3 жылдың көлемінде халқымыздың басым бөлігі микроқаржы ұйымдарының "жедел ақшасын" алып, үстеме пайызын төлей алмай, несие тарихына таңба түсірді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда несие алғандар банктің заңсыз ұстаған комиссиясын қайтарып алуға асықпай отыр. Неге?..

АҚШ-та несие тарихыңыз болмаса, өмір сүру өте қиын

Жалпы несие тарихы дегеніміз әрбір адамның қаржымен жұмыс жүргізуінің көрсеткіші іспеттес. АҚШ секілді алпауыт елдерде азаматтардың несие тарихы – ең басты құжаттың бірі саналады.

Интернет иірімдерінен АҚШ-қа қоныс аударған бірнеше блогердің жазбасынан түйгеніміз, америкалықтар мейлінше мінсіз несие тарихын жасау үшін жанталасады екен. Өйткені тәуір жұмысқа орналасу үшін де, кез келген қаржылық операцияларды жүзеге асыру үшін де ең алдымен несие тарихына сұрау салынады. Тіпті, АҚШ-та пәтер жалдау үшін де, пәтердің қожайыны несие тарихыңызға мән береді.

Несие тарихы деген құжатта сіздің тек банктен алған ақшаларыңыз бен оның қайтарымы ғана көрсетілмейді. Несие тарихында азаматтардың коммуналдық қызмет ақысын, салық, банк несиесін төлеуі сынды барлық қаржылық ақпарат болады.

АҚШ-та несие тарихын жасау үлкен қажырлылықты талап етеді. Алушыға алғашқыда банк 18-28 пайызбен, онда да аз ғана сомадағы несие береді. Бұл төлем уақтылы жасалған соң, кейінгі кез келген несие 6-дан 2 пайызға дейінгі аралықта беріледі екен. Мұндай несиелік пайыздар көрсеткіші сырттан келгендерге арналған. АҚШ азаматтарына несиенің кез келген түрі өте төмен пайызбен беріледі. Десек те, бұл жерде ең алдымен несие тарихына жіті назар аударылады екен.

Біздегі несие тарихы туралы мәліметтер Бірінші несие бюросында сақталған

Қазақстанда әзірге банк тұтынушыларының мәліметтері жалғыз Бірінші несие бюросының базасында сақталған. Бұл бюро 2004 жылы құрылды. Атқаратын қызметі – еліміздегі екінші деңгейлі банктеріне тұтынушы туралы жалпы мәлімет беру, яғни, қарапайым тілмен айтқанда, мәселен, сіз туралы сұрау салған Каспий банкіне бюро сіздің былтыр Хоум банктен алған несиеңізді төлемегеніңіз жөнінде ақпарат береді.

Сонымен қатар қай күні, қай сағатта, қай банктен қанша ақша алып, қай уақытта ол ақшаны қалай қайтарғаныңыз туралы мәліметтер де осы бюроның базасында сақталған. Әзірге бюро тек банк тұтынушыларының мәліметтерін берумен ғана шектелген. Алдағы уақытта АҚШ-тағы секілді адамдардың кез келген қаржылық операциялары туралы ақпараттарды өз базасына ендіруді жоспарлап отыр.

Демек, келешекте несие тарихыңызда су, жарық, интернет, газдың т.б. ақысын уақытылы төлемегеніңіз туралы да деректер көрсетілуі бек мүмкін. Мінсіз несие тарихына қол жеткізіп, жалақысы жоғары тұрақты жұмысқа тұрғыңыз келсе, әрбір төлемге қазірден бастап ұқыпты болуыңыз керек. Ал егер, несие тарихыңызға таңба түссе, онда жұмыс беруші сізді жұмысқа алудан бас тартады.

Елімізде еңбекке жарамды адамның 14,1 пайызы банкке қарыз

Бірінші несие бюросының жаңа бастамасына байланысты азаматтардың пікірі әралуан. Десек те, көбі несие тарихының қазақстандықтарға әлеуметтік тұрғыдан үлкен кедергі болатынын алға тартады. Осы мәселеген қатысты informburo.kz сұрағына қаржы маманы Жанна Тілләкәрім:

– Жұмысқа қабылдау кезіндегі несие тарихын тексеру – ең алдымен еліміздегі жұмыссыздардың санын еселеп арттыруы мүмкін. Себебі, қазірдің өзінде банкке қарыз және уақытында төленбеген несиелер көлемі 14,1 пайызды құрайды, яғни, еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың осынша пайызы банктерге қарыз.

Бірінші несие бюросының мәліметінше, қазақстандықтардың алған жалпы несие сомасы 6 трлн теңгеге жеткен. Бизнес несие сомасы – 17,2 трлн теңге болса, 2018 жылы 1,9 трлн теңгеге шамамен 6,6 млн тұтынушылық несиесі рәсімделген. Сондай-ақ, былтыр 600 млрд теңгеге 75 мың ипотекалық несие берілген. Автонесиенің жылдық көлемі 2017 жылмен салыстырғанда, 106,6 млрд теңгеден 175,8 млрд теңгеге артыпты.

Мәселен, қазақстандықтар 2017 жылы 32,4 мың автонесие рәсімдесе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 53,9 мыңға көбейген. Бұл нені білдіреді? Бұл қазақстандықтардың банк қарызына белшесінен батқанын көрсетеді. Неге ел азаматтары қарызға осыншама батты? Себебі, біздегі банктердің пайызы өте жоғары, – деп жауап берді.

Бұл бастамаға заңдық күш берілсе, елімізде жұмыссыздар саны еселеп артуы мүмкін

Ел аузында "құл базар" аталып кеткен Алматыдағы Сейфуллин даңғылында жұмыс іздеген бір топ азаматпен тілдесіп, несие тарихы мәселесіне қатысты олардың да пікірін сұрап көрдік.

– Қазіргі кезде үй, көлік сияқты қымбат мүліктерді ғана емес, ең ақыры киім-кешекті, күнделікті тұтыну тауарларын да несие картасымен алатын жағдайға жеткеніміз рас. Алайда бүгін бар жұмысыңыздан ертең айырылып қалуыңыз әбден мүмкін екенін ескерсек, кез келген адамның әп-сәтте банк алдында борышкерге айналмасына кепілдік жоқ. Өйткені біздің елде тұрақтылық деген атымен жоқ. Олай болса, жұмысқа несие тарихына қарай қабылдау мәселесі алдағы уақытта онсыз да күнкөріс қамы титықтаған қазақстандықтарды тығырыққа мейлінше тірері сөзсіз. Жұмысқа тұру үшін әлгіндей несие тарихы сұралса, онда көп адам жұмыссыз қалмай ма? Сонда жұмыссыз адам қарызынан қайтіп құтылады? – дейді Дәурен Қабаев.

Оның досы Қайрат Дөнентай:

– Осында тұрған жігіттердің бәрі банкке қарыз десем, өтірік болмас. Уақытында жалақы төлейтін жерге жұмысқа тұрайын десең, банк айлығыңның жартысын төленбеген несиеге ұстайды. Содан амал жоқ, осындай жолмен қолма-қол төленетін жұмыс істеуге тура келеді. Банктен несие аларда қарызымды уақытында төлеп тұрамын деген сенім болды. Төлеп те тұрдым. Күтпеген жерден жұмыста қысқартуға ілініп, жұмыссыз қалдым. Жағдайымды айтып банкке барғаннан пайда болмады. Тұрақты жұмыс тапқанша, арада айлар өтті. Ал банктегі несие қарызым күн санап өскені сонша, оны енді төлей алмайтынымды түсіндім. Енді міне, күнделікті ас-суға жетерлік жұмысқа жегіліп, сарсаңға түскен жайымыз бар, – деп ағынан жарылды.

Егер жұмыс беруші несие тарихыңызды сұраса...

Осы мәселеге қатысты сауалымызға депутат Ирина Смирнова:

– Біздегі банктердің несие пайызы өте жоғары. Соның салдарынан адамдарға несиесін уақытында төлеу қиын. Қарыз адамға қарызын өтеуге жағдай жасалуы керек. Ал бізде қалай? Қарыз адам тұрақты жалақысы бар жұмысқа тұрайын десе, банк несиенің өтеуі ретінде жалақы карточкасын бұғаттап тастайды.


И.Смирнова

Сосын борышкер амалсыз қара жұмысқа жегіледі. Шекара асып нәпақасын табуға да жол жоқ. Өйткені борышкердің шетелге шығуына сот орындаушы тарапынан тыйым салынады. Ал енді жұмысқа тұруы үшін несие тарихын тексеру басталса, жағдайды елестетудің өзі сұмдық. Бұл бастаманы ойлап тапқандар азаматтардың құқығын бұзып отырғанын түсіне ме? Бұл бастаманы қандай негізге сүйеніп көтеріп отыр?

Банктің борышкері жан-жақты, сонымен қатар мемлекет тарапынан да қорғауға алынуы керек. Өйткені банк тарапынан жасырын комиссиялар, рейдерлік, өсімқорлық сынды түрлі тәртіп бұзушылықтар анықталып жатыр. Осындай мәселелерді анықтап, тұтынушылардың құқығын қорғауды қолға алудың орнына, мынандай бастама көтеру қисынға келмейді.

Еліміздегі 9 млн еңбекке жарамды адамның 6 миллионында несие барын ескерсек, мынадай бастама көтеруді қиянат деуге болады. Халықты жұмыспен қамтамасыз етудің орнына, бар жұмысынан айыруға бағытталған бастама бұл, – деп жауап берді.

Жұмыс берушінің несие тарихын сұрауы заңға қайшы

"Қолжетімді құқық" Ассоциациясының жетекшісі, заңгер Рүстем Қаби осылай дейді. "Кез келген азамат ҚР Конституциясының 24-бап, 1 және 2 тармақтарына және ҚР "Бұқаралық ақпарат құралдары" туралы заңының 14 бап, 3-2 және 3 тармақтарына сүйеніп, несие тарихын сұраған жұмыс берушіні заң алдында жауапқа тартуына болады. Өйткені азаматтардың өзіне қолайлы жұмыс таңдауына заң бойынша еркіндік берілген.

ҚР Еңбек кодексінде де жұмыс берушіге жұмысшының шығу тегіне, әлеуметтік жағдайына, ұлты, нәсіліне, тілі мен дініне, жасына, физиологиялық кемшіліктеріне, қоғамдық ұйымдарға мүшелігіне қатысты араздық тудыратын әрекеттерге жол беруіне тыйым салынатыны көрсетілген. Сондықтан да, егер жұмыс беруші несие тарихын сұратса, сотқа жүгініп, өз құқығыңызды қорғауды талап етуге болады", – дейді заңгер.

Серіктестер жаңалықтары