Тікелей эфир

Өгей шешесінен жәбір көрген қыздар бейімдеу орталығына орналастырылды. Жаңалықтарға шолу

СҚО-да өрттен 4 адам мерт болды. Доллар бағамы 2,5 теңгеге төмендеді.

Елордадағы жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) құрылысы уақытша тоқтатылды

ҚР Қаржы министрі Ә.Смайыловтың айтуынша, құрылысты жалғастыру үшін қазіргі уақытта жобаны қайта қаржыландыру мәселесі қаралып жатыр. Министр қаржы көзін елдің ішінен іздестіретіндерін айтты. Қазір Қытайдың Мемлекеттік даму банкісімен келіссөздер жүргізіп жатқаны мәлім болды.

Тоқаев Ақ ордада Оңтүстік Корея Президентін қарсы алды

Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға ресми сапармен келді. Кездесу барысында мемлекет басшылары екі ел арасындағы тауар-экономикалық ынтымақтастық туралы әңгімелесті. Қ.Тоқаев Корея Республикасымен арадағы тауар айналымы рекордтық деңгейге көтерілгенін (2018 жылы 4 млрд доллар) атап өтті. Өз кезегінде Корея Президенті тараптар арасында келісімге келген "Самал жел" бағдарламасының өзектілігіне тоқталды.

Алматыдағы марафон кезінде плакат ілген белсенділер 15 тәулікке қамауға алынды

Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 21 сәуірде өткен марафонда сайлау тақырыбына қатысы ("От правды не убежишь", "#У меня есть выбор", "#ADILSAILAYUSHIN" жазуы бар) плакаттарымен көзге түскен Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевқа қатысты осындай шешім шығарды. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев белсенділер митинг, жиын өткізу тәртібін бұзған деп мәлімдеді.

Алматы қаласының полиция департаменті "плакатты суретке, бейнекамераға түсіруге ұмтылғандар жүгірушілерге кедергі келтірді" деп хабарлады. "Кептеліс пайда болып, арты оқыс оқиғалармен өрбуі мүмкін еді. Құқықбұзушылардың әрекеті марафонға қатысушыларды сыйламауының көрінісі" делінген полиция департаментінің хабарламасында. Белсенділердің ұсталып, қамалуы әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды.

Өгей шешесінен жәбір көрген қыздар бейімдеу орталығына орналастырылды

Түркістан облыстық кәмелетке жасы толмағандардың құқын қорғау жөніндегі комиссия апалы-сіңлілі үш жасөспірімді Шымкент қаласындағы "Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына" орналастыру туралы шешім шығарды. Бұған дейін олар ауруханада ем қабылдаған. Оларға қазір психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Сонымен қатар күдікті келіншектің бір жарым жасар сәбиі де Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының "Мамандандырылған бөбектер үйі" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жіберілді.

Қордай маңындағы автобус апатынан зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов осылай деп хабарлады. Айтуынша, 31 адамға медициналық көмек көрсетілген. Қазір ауруханада 9 адам жатыр. Олардың үшеуі жансақтау бөлімінде. Біреуі – Өзбекстан азаматы. Тағы алты адам аурухананың әр түрлі бөлімшелерінде ем қабылдап жүр.

Жан түршігерлік жол апаты 20 сәуір күні Алматы – Ташкент тас жолының Қордай ауданы маңында болды. Тoyota Camry маркалы көлік жол шетінде тұрған жүк көлігімен түйіскен. Осы сәтте жолмен келе жатқан жолаушылар автобусы осы көліктермен соқтығысудан қашамын деп, жол шетіне шығып кетіп, аударылып қалған. Жол апатынан 11 адам қайтыс болды: 8-і– Қазақстанның, 3-і – Өзбекстанның азаматы.

СҚО-да өрттен 4 адам қайтыс болды

Қайғылы оқиға кеше Мамлютка қаласы және Айыртау ауданында болған. Мамлютка қаласында Скачков көшесіндегі тұрғын үйден өрт шыққан. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде баспана отқа оранып үлгеріпті. Өрт сөндіру кезінде үйден үш адамның: 42 жастағы үй иесінің, 49 жастағы ер азамат пен 36 жастағы әйелдің мүрдесі табылған.

Дәл сол күні таңертең Айыртау ауданының Лавровка селосында "Лавровка" ЖШС-нің аумағында орналасқан күзетшінің үйі өртеніп кетті. Оқиға орнынан 56 жастағы ер адамның денесі табылған. Пештің шоғы еденге түсіп, өрттің шығуына себеп болған.

11,2 млн сайлаушы сайлаудың екінші турына қатыспады

Украинаның орталық сайлау комиссиясы осылай деп мәлімдеді. РБК - Украина таратқан мәліметке сүйенсек, 21 сәуірде өткен сайлау тізіміне енгізілген 29,6 млн сайлаушының 18,4 млн-ы дауыс берген. 31 наурызда өткен 1-ші турда 10,7 млн адам дауыс беруге келмеген.

АҚШ президенті Д.Трамп пен Франция президенті Эммануэль Макрон Украинадағы Президент сайлауында жеңіске жеткен В.Зеленскийді телефон арқылы құттықтады. Зеленскийді сондай-ақ, Еуропа парламентінің төрағасы Д.Туск, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джереми Хант пен ҚР Президенті Қ.Тоқаев та Тwitter арқылы құттықтап, қолдау білдірді.

21 сәуірде Украинада өткен Президент сайлауының екінші турында сайлаушылардың 73,2% дауысымен Владимир Зеленский жеңіске жетті.

Ақтөбеде 20 оқушы мен мұғалім мектептің асханасынан уланып қалды

№9 мектеп-гимназиясының асханасынан тамақ ішкен олардың бәрінен ішек инфекциясы анықталған. 19 адамға бастапқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген. Ал, екеуі әлі ауруханада жатыр. Облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің хабарлауынша, қазір балалардың жағдайы орташа, дәрігерлердің бақылауында.

Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны алмастан 3 сәуір күні жұмысын бастап кеткен. Департамент заңбұзушылыққа жол берген мектеп директорын әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы әкімдік пен білім бөліміне хат жолдамақшы. Кәсіпкер Наурызбаевты да әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Қазір асхана уақытша жабылыпты. Санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағамы 2,5 теңгеге төмендеді. Қазақстан қор биржасында (KASE) дүйсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы – 376,99 теңге.

Тengrinews.kz: Әлемде алғаш рет балаларға қарағанда қарт адамдар саны артты.Біріккен ұлттар ұйымы осындай мәліметтерді жариялады. Ұйым мәліметінше, 2019 жылдың басында әлемде 65-тен асқан адамдардың саны –705 миллион болған, ал бес жасқа толмаған балалар саны – 680 миллион.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары