Тікелей эфир

Алматыда 500-ге жуық жедел жәрдем қызметкері үстемеақы алмаған. Олардың мәселесі қалай шешіледі?

Informburo.kz суреті
Informburo.kz суреті
Коронавируспен белсенді күрескені үшін алғыс хат иеленген фельдшер неге үстемеақы алатындар санатына жатпайтынын түсінбей дал.

Алматының жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін 415 маман коронавируспен күреске қатысқандарға тағайындалған үстемеақыға қол жеткізе алмай жүр. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз орталығында өткен жиында мәлім болды.


Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз орталығы

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз орталығы / Іnformburo.kz фотосы


Жиынды ұйымдастарып, арыздарын арқалап келгендер қалалық №2 подстанцияның үш қызметкері. Олар індетпен күрес басталғалы бері жоғары қауіптілік жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр екенін, бірақ, соған қарамастан, осы уақытқа шейін бір тиын да үстемеақы алмағанына қынжылды. Айтуларынша, басшылық 500-ге жуық қызметкерді қауіп тобына кірмейтіндіктен, үстемеақы алатындар қатарына қоспаған.

"Коронавируспен күресіп жатқан 7 айдың ішінде әділеттілікке қол жеткізбедік. Наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы шығып, бізді үстемеақы алатындар тізімінен алып тастады. Осыған наразылық білдіріп, барлық инстанцияға жүгіндік. Өз құқығымыз үшін күрестік. Бірақ, ешкім бізді тыңдап жатқан жоқ. Себебі, біздің шақыртуға шықпайтынымызды және еш қауіп тобына кірмейтінімізді сылтау етеді. Дегенмен, біздің №2 подстанцияда 28 адам КВИ жұқтырды. Олардың қатарында шақыртуға шықпайтындар да бар. 144 әріптесіміз ауру жұқтырғандармен байланыста болды. Біз өз арамызда, кәсіби деңгейде індетке шалдықтық", – деді фельдшер Эльвира Бадалбаева.

Оқи отырыңыз: Медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы. Маңызды 10 сұраққа жауап

Оның сөзін мекемеде 15 жылдан бері еңбектеніп жүрген өзге әріптесі Марина Лушашенко да қолдады. Диспетчерлік қызметте қоңырауларды қабылдап алып, шақыртуларды бөлумен айналысатын маман мекемеден шықпай-ақ, коронавирус жұқтырғанын айтты.

"Шілде айында антиденеге анализ тапсырдым. Сол кезде ағзамда Covid-19 антиденесі бар болғаны анықталды. Яғни, жұмыс орнымда симптомсыз ауырған болып шықтым. Ол кезде карантин, барлық жер жабық болды. Сондықтан, ауруды жұмыста жұқтырғаным анық. Бір ғимаратта, бір дәлізде жүреміз. Өз жұмысым бригадалармен тікелей байланысты", – деді медбике Марина Лукашенко.

Жедел жәрдем қызметкерлері ауру жұқтыру қаупі бар мекемеде жұмыс істейтінін, тиісінше оларға да өзге әріптестерінен кем емес үстемеақу төлену қажеттігін айтып тиісті мекемелердің барлығына арызданыпты. Алайда, өтінішімізге ешкім құлақ аспады дейді олар. Әсіресе, коронавирус жұқтырған науқастарға шақыртуға барған көліктер мен медициналық құралдарды дезинфекциялаумен айналысатын қызметкерлер басымызды қатерге тігіп отырмыз деп назаланды.

"Наурыз айынан бастап шақыртуға шыққан көліктерді, медициналық құралдар мен киімдерді түрлі химиялық қоспалармен тазартып, өңдейміз. Хлормен тыныстап демалу өте қауіпті. Соған қарамастан, тынбай еңбек еттік. Салдарынан аллергия шықты. Дәрілер ішіп, өз-өзімді емдеп жұмыста жүрдім. Бірақ үстемеақы төленбей отырғанына қынжыламыз. Бастапқыда бізге үстемеақы ретінде 50 мыңнан төленеді деді, бірақ ол ақшаны алмадық. Шілде айында 18 мың теңге ғана алдық", – деді санитар Тоғжан Жамурова.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі

Баспасөз жиынында фельдшер Эльвира Бадалбаева дәрігерлер күні қарсаңында оған басшылық "Коронавируспен күреске белсенді қатысқаны үшін" алғысхат бергенін айтты. Медицина қызметкері "Мен індетпен күреске қатысқан болсам, менің үстемеақым қайда?" деген орынды сұрақ қояды.


ааа

Эльвира Бадалбаева алғысхатын көрсетіп отыр / Суретті Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз орталығы ұсынды


Жедел жәрдем қызметкерлері айтқан мәселенің барлығынан басшылық хабардар екен. Алматы қалалық жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері Біржан Оспанов осы уақытқа дейін үстемеақы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрыққа дейін төленіп келгенін айтады. Ол құжатқа сәйкес, жедел жәрдемнің ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлім қызметкерлері үстемеақы алатындардың қатарына кірмейді. Дегенмен, басшылық бұл мәселені жергілікті биліктің көмегімен шешкен екен. Енді бір-екі күнде үсетемеақы тағайындалғандар тізіміне енбеген жедел жәрдемнің 415 қызметкеріне 212 мың теңге көлемінде үстемеақы төленбек. Қаражат осы уақыт аралығына дейінгі кезеңдердің барлығына есептеліп берілетін болған.

"Бұйрық бойынша, науқаспен тікелей байланыстары жоқ, ғимаратта отыратын қызметкерлерге үстемеақы қарастырылмаған. Ол тізімге тіпті біздің санитарлық қызметкерлер де кірмеді. Бұл әділетсіз. Өйткені, олар расымен дезинфекция жасап, індет жұқтырған адам жатқан көлікті жуып-шаяды. Шақыртуға бармаса да, денсаулығына қауіп бар. Мен олар үстемеақы алу қажет деп ойлаймын. Осы мәселені айтып қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына, кәсіподаққа, әкімдік пен "Нұр-Отан" партиясына да айттық. Жергілікті биліктің қолдауымен осы бір-екі күнде үстемеақы төлейміз. Тізімге енбеген 415 адам түгел алады. Үшінші категорияға бекітілген мөлшер – 212 мың теңге көлемінде төленеді", – деді Біржан Оспанов.

Біржан Оспановтың айтуынша, коронавируспен күрес кезеңінде фельдшерлер мен жүргізушілерге төленетін төлемдердің жалпы сомасы 4,3 млрд теңгені құрады. Алматының жедел жәрдем қызметінде жалпы саны 194 адам коронавирус жұқтырған болса, қауіпті індеттен 4 жүргізуші қайтыс болған.

Серіктестер жаңалықтары