Тікелей эфир

Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті?

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
Covid-19 инфекциясынан биыл құтылу мүмкін емес, қауіпті вируспен келесі жылы да өмір сүруге тура келеді.

"Ғылым қоры" АҚ "Қазақстанда коронавируспен аурудың негізгі шарықтау шегі өтті ме?" деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Оған қатысқан респонденттердің 31%-ы біз ауруды жаз кезінде өткердік деп жауап берсе, 26%-ы халық індеттің шарықтау шыңы әлі алда деп қауіптеніп отыр. Ал 43% адам нақты жауап айту қиын екенін жеткізген. Сонымен індеттің екінші толқыны қашан болады? Covid-19 инфекциясына қарсы вакцинаның қай түрін алған дұрыс? Қазақстандық ғылыми қоғамдастық пен дәрігерлер алдағы пандемиямен күресу үшін не ұсынады? Іnformburo.kz мамандардың пікірін ұсынады.

Тұмаумен қатар келген коронавирусты анықтау өте қиын

Эпидемиология, вирусология және медицина саласындағы отандық ғалымдар мен мамандар Қазақстанда індеттің негізгі толқыны жазда өтті деп есептейді. Олардың пайымдауынша, маусым-шілде айында халықтың 20-25 пайызы коронавирус инфекциясымен сырқаттанған. Ендігі мәселе қауіпті кеселді жұқтырмаған қалған 75% адамды барынша сақтау. Өйткені, алда індеттің екінші толқыны келе жатыр. Мамандар күзден бастап тұмау сынды маусымдық жұқпалы аурулардың өршитінін ескеріп, қауіптің еселенетінін ескертіп отыр. Айтуларынша, дәрігерлерге бұл кезеңде Covid-19 бен респираторлық вирустық инфекциялардың ара-жігін ажырату қиын соғады.

"Екінші толқын қашан басталады деп күтіп отырудың қажеті жоқ. Қыркүйектен бастап респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау, ауруханадан тыс пневмония өршиді. Клиникалық тұрғыда бұл аурулардың белгілері тура коронавирус инфекциясына ұқсайды. Дене қызуы көтеріледі, әлсіздік болады және мұрыннан су ағады. Сондықтан ауруды анықтау өте қиынға соғады. Егер екі түрлі сырқат қатар келсе, адамның денсаулығына айтарлықтай қауіпті. Сол себептен, осы бастан бастап ауруды асқындырып алмау үшін ақпараттық жұмыс жүргізіп, халыққа түсіндіру қажет. Адамдар міндетті түрде дәрігерге көрінуі қажет, оның қандай инфекция жұқтырғанын тек медицина маманы ғана анықтай алады", – деді "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова.

Мамандардың пікірінше, жаздағыдай дүрбелең тудырмау үшін, науқастардың сырқатын анықтау және оны емдеуді дұрыс жолға қою қажет. Ауруханаға тек ауыр халдегі науқастарды жатқызып, оларды аяққа тұрғызу үшін барынша күш салу керек. Ал сырқаты жеңілдер үйде емделсе де жеткілікті.

"Науқастарды дұрыс сұрыптау қажет. Барлық науқасты аурухана төсегіне таңып қою дұрыс емес, оған қажеттілік жоқ. Әр науқасты емдеуде жекелей қарау керек. Әсіресе, созылмалы сырқаттары бар адамдардың жағдайын жіті бақылауда ұстаған жөн. Ал инфекция белгілері жеңіл және орташа түрде өтіп жатқан адамдар дәрігердің нұсқауы бойынша үйлерінде жатып емделсе де болады. Стационарлар тек ауыр жағдайлардағы науқастар үшін бос тұру керек", – деді "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күзгі толқынына дайындық. Дәрі тапшылығы тағы қайталана ма?

Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталады

Сарапшылардың сөзінше, коронавирус індетін биыл ауыздықтау мүмкін емес. Сондықтан, Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемнің бұл дертпен келесі жылы да қатар өмір сүруіне тура келеді. Себебі, биылға дайындалып жатқан вакциналардың ауруды түбегейлі жеңетініне еш кепіл жоқ. Ал екінші толқынның қаупі елімізге қандай болатынын дөп басып айту мүмкін емес. Өйткені, мамандардың қолдарында халықтың денсаулығы бойынша жалпы мәлімет жоқ. Ол үшін отандастарымызды жаппай скринингтен өткізіп қана болжам жасауға болады. Эпидемиолог Бауыржан Жүсіпов, тек екпеге сеніп қол қусырып отыруға болмайтын айтады. Ол аурудың таралу қарқынын нақтылап, оның жолын кесуге күш салу керек дейді.

"Екінші толқын міндетті түрде келеді. Оған Денсаулық сақтау министрлігі де, жалпы қоғам да дайын болады. Менің пікірімше, екінші толқын көптеген адамдар болжап жүргендей қараша айында емес, желтоқсанда басталады. Қыркүйек пен қазан қалыпты өтеді, қарашада эпидемияға қатысты сауалдар туындауы мүмкін. Осы тұста, кімнің ауру тасымалдаушы екенін және инфекция адамдарға қалай тез тарайтынын түсіну керек. Бізде №12 қалалық клиникалық аурухананың 40% қызметкері ауру жұқтырған, "Рахат" фабрикасының көп жұмысшысы ауырған жағдайлар болды. Мұнда инфекцияның ауа арқылы тарау жолы болуы мүмкін. Сондықтан дұрыс диагностикалау және емдеуді қолға алуымыз керек. Егер жазда біз барлық пневмонияны коронавирустық пневмонияға жатқызған болсақ, күзде індетті анықтау қиын болады. Біз науқастарды мықтап емдеген күннің өзінде өлім деңгейін 30-40 пайызға түсіре аламыз. Бірақ бұл жеткіліксіз", – деді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының орынбасары Бауыржан Жүсіпов.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынында науқастарды емдеу үшін, ауруханалардан 52 мың орын дайындап отыр. Мамандар сол орындар 35 мыңға толғанда ұлттық карантин жариялау керектігін айтады. Қатаң шараны дер кезінде қолданса, қауіпті сейілтуге мүмкіндік бар.

Оқи отырыңыз: Үйде емделушілерге дәрі-дәрмек тегін беріледі. Ол үшін коронавируске күдік болса, емханаға тіркелу қажет

Вакцина коронавирусты жеңе ала ма?

Мамандардың пікірінше, коронавирусқа қарсы вакцина міндетті түрде салыну керек. Бірақ, бірінші кезекте оның зиянсыздығы мен тиімділігіне мән берген жөн. Қазақстандық ғалымдар да өзге мемлекеттегі әріптестерінен қалыс қалмай, арнайы екпе дайындап жатқаны белгілі. Бірақ оның қашан жаппай қолданысқа енгізілетіні әзірге беймәлім. Бір анығы, мамандар 1-фазалық клиникалық сынақтарды жүргізу мақсатында тиісті құжаттарын Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық ұйымдарына тапсырған. Рұқсат алынған соң, екпені қыркүйек айында еріктілерге жасау көзделіп отыр.

"Бізге байланысты емес мәселелер көп. ДСМ талабы бойынша, клиникалық сынақтар GMP талаптарына серитификатталған зертханаларда немесе орталықтарда жүргізіледі. Сондай орталықтармен қазір біз келісіп жатырмыз. Бұл сынақтарда Ресей, Америка немесе Қытайдың вакцинасы сияқты екпе екі рет егілуге ұсынылып отыр. Біздің вакцинамыздың зиянсыздығын дәлелдеу үшін 26-шілде күні институттың бас директорынан бастап, 7 негізгі әзірлеуші өздерімізге салғыздық. Содан бері 21 күн өтіп екпе өзінің зиянсыз екенін дәлелдеді. Екпемізді тышқаннан бастап, атжалман, егеуқұйрық, күзең, теңіз шошқасы және макак-резус маймылдарына тексердік. Алынған нәтижелер бойынша біз өзіміздің белсенділігі жойылған екпені толығымен зиянсыз және тиімді деп айта аламыз", – деді "Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты" бас директорының орынбасары Ерғали Әбдірайымов.

Ғалымдар клиникалық сынақтардың барлығын жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Егер адам денсаулығына кері әсері байқалмаса, қазақстандық екпе тек келер жылы дайын болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Президент жаңа Денсаулық кодексіне қол қойды. Дау тудырған жаппай вакцинациялау мәселесі енді қалай шешіледі?

Тиімділігі тексерілмеген екпені асығыс сатып алу халықтың вакцинаға деген сенімін жоғалтады

Күні кеше Қазақстанның Ресей өндірген коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының 2 миллионнан аса дозасын алатыны белгілі болды. Тіпті болашақта оның көлемін 5 миллион дозаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Ал сарапшылар, бұл қадамның дұрыс еместігін алға тартты. Халықаралық Вакцинология орталығының директоры Қайсар Табыновтың мәліметінше, казір әлемде 31 екпе кандидат ретінде клиникалық зерттеуде тұр. Оның алтауы ғана 3-фазалық, яғни соңғы клиникалық зерттеу рәсіміне жеткен. Десе де, халыққа тек ондаған жылдар бойы сыналып, технологиясы жағынан өзінің тиімділігін көрсеткендерді ғана жаппай егу керек. Әйтпесе, оның зардабы тиіп, халықтың жалпы вакцинаға деген сенімін мүлдем жояды.

"Қазіргі 3-фазада жүрген вакциналар осы уақытқа дейін іс жүзінде жаппай қолданылмағандар. Олардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты сауал көп. Нарыққа ондаған жылдар бойы сыналған және тиімді екпе ғана барады. Сол себептен қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға қарау қажет. Біздің америкалық әріптестеріміз екпе шығаруды тектен-текке созып келе жатқан жоқ. Олар үшінші фазасын зерттеуден өткізіп жатыр. Себебі, дұрыс дайындалмаған екпенің зардабы қандай боларын түсінеді. Ресейдің "Спутник V" вакцинасы туралы айтар болсақ, оны бірінші зерттеу фазасынан кейін 80 еріктіге салды. Бұл саяси шешім. Яғни, олар корнавирусқа қарсы екпені әлемде бірінші болып шығаруды көздеп отыр. Қазір көрші мемлекеттің вакцинасына тіркеуден кейінгі сынақ жүріп жатыр. 40 мың ерікті әлі күнге дейін клиникалық зерттеу жасатып жатыр. Біз түсінуіміз керек, бұл вакцина әлі күнге тиімділігін көрсетпеген. Мен вакцинолог ретінде, осындай асығыс шешімнің кесірінен, тұтас халықтың вакцинаға сенімін жоғалтатынымызды айтқым келеді. Қазір онсыз да екпе жасатуға қарсылар көп. Біз қысқа мерзімде жаппай тексерілмеген екпе жасатсақ, кенеттен кері әсері анықталса және ол ұзақ жылдарға ұласса – бұл бүкіл вакцинацияға күмән келтіреді. 2002-2003 жылдары SarsCov-1 вирусына қарсы вакцина шыққан кезде екпені алған адамдар, екпені жасатпаған адамдардан көп ауырған жағдайлар тіркелді", – деді Қайсар Табынов.

Отандық мамандар осы себептен де вакцина шығаруда асықпай, тыңғылықты зерттеу жүргізбек. Әрі тиісті зерттеудің барлығын өткеннен кейін ғана жалпы халыққа шығармақ. Сондай-ақ, екпе шығару ісінің созбаққа салынуына реактивтерді алу қиын болып тұр екен. Қайсар Табыновтың сөзінше, ғалымдар бір тал реактивты алу үшін кемінде үш ай күтуге мәжбүр. Себебі, кедендік рәсімдер мен тасымаалдаушылар тарапынан мәселе бар. Ал Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының орынбасары Бауыржан Жүсіпов вакцинаны оңды-солды ысырап қылмай, бірінші кезекте кімдерге салу қажеттігін анықтаған жөн.

"Біз бірінші кезекте вакцинаны созылмалы аурулары бар адамдарға немесе егде жастағы адамдарға жасаймыз ба, әлде инфекцияны жұқтыруы ықтимал қауіп тобындағы адамдарға жасаймыз ба соны анықтау керек? ДСМ қауіп тобына жататын адамдарға бірінші кезекте екпе жасаған дұрыс деп есептейді. Мүмкін, бақа адамдармен қарым-қатынасы тығыз медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, сатушылар мен кеден қызметкерлеріне, шекарашыларға жасаған дұрыс болар", – деді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының бірінші орынбасары Бауыржан Жүсіпов.

Оқи отырыңыз: Кавасаки синдромы. Белгілері қандай және ол бала денсаулығына қаншалықты қауіпті?

Коронавирустың екінші толқыны балаларға қауіпті ме?

Сарапшылардың сөзінше, коронавирустың күзде күтілетін толқыны балаларға аса қауіпті емес. Керісінше бұл кезеңде егде жастағы адамдар мен қарттарды барынша оқшаулауды жалғастыру қажет. Ал балалар сырқаттың жеңіл түріне шалдығады, 95%-ында дерт белгісіз өтеді. Сондықтан, кішкентайлар керісінше ересектерге ауру тасымалдаушы болуы мүмкін.

"Кавасаки синдромы туралы көп сөз болуда. Бұл өз алдына бөлек ауру. Ол коронавирус инфекциясынан кейін немесе басқа да вирустардың, бактериялардың әсерінен пайда болуы мүмкін. Covid-19 сырқатынан кейін ересектер тәрізді балалардың да тамырлары зақымданып, жүйелі қабыну синдромы дамиды. Біздің ойымызша, балаларға бұдан аса қауіп жоқ. Оны осы уақытқа дейінгі өлім көрсеткішіне қарап та айта аламыз. Тек бір жасқа дейінгі балаларға коронавирус жұқса қиын болады. Олар жиі және ауыр түрімен сырқаттанады. Қазақстанда балаларды емдеуге қатысты жеке хаттама дайын. Құжатты кардиолог, педиатор, инфекционист сынды мамандар және бір топ ғалымдар әзірледі", – деді "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова.

"СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтың мәліметінше, тамыз айының соңында тұмауға қарсы екпенің 2 миллионнан астам дозасы әкелінеді. Оны тегін алуға жататын топтағы адамдар тұтынады. Мамандар коронавирусты ушықтырмау үшін тұмауға қарсы екпе мен емді дер кезінде қабылдаған жөн дейді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары