Тікелей эфир

Денеге этникалық стильде таңба салуды қазақтар сәнге айналдыра бастады

Тату салушы Руслан Батырбаевтың жеке мұрағатынан алынды
Тату салушы Руслан Батырбаевтың жеке мұрағатынан алынды
Қоғамдағы әлеуметтік мәртебені әйгілейтін таңбалау тәсілі бүгінде мың құбылған. Ақшасын берсеңіз, кез-келген салон дәрежеңізге қарамай-ақ, салып береді.

Қадым заманда пайда болған денені әшекейлеудің (tattoo – авт.) мәні қазіргі түсініктен мүлдем алшақ болған. Уақыт өте келе әркім өз көзқарасына лайықтап, кез келген суретті тәніне салдырып алатын болды.

Осылайша әдемілікке деген құштарлық табиғилықтан ажыратты. Әу бастағы танымымыз қандай еді?

Оқи отырыңыз: 2000 оюдың авторы: қазақтың ою-өрнегі мен ісмерлік, зергерлік өнері туралы

Қаракөктің тұқымдары ғана денесіне таңба түсірген

– "Taңба – tattoo салдыру" көне мәдениетте бар. Сақ, ғұндардың кезінде қаракөктің тұқымдары, асылдың сынықтары, бақсылар ғана тәніне таңба-өрнек бастыратын. Арғы атасынан халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Тәңір текті ұрпаққа ғана тән жора еді. Ерекше тұлға өзінің бекзат болмысын, қара халықтан ерекшелігін, әлеуметтік айрықша мәртебесін көрсету үшін осы символ-рәмізді жасайтын болған, – дейді этнограф Ақеділ Тойшан.


Әрбір ру таңбалары арқылы тегін, мүлкін әйгілеп отырған

Әрбір ру таңбалары арқылы тегін, мүлкін әйгілеп отырған / qamshy.kz сайтынан алынды


– 1993 жылы Ресейдің Сібір ғалымдары Укока ханшайымның денесін Қазақстан, Моңғолстан, Қытай, Ресей шекарасы түйіскен Алтай тауы жотасынан тапқан. Бұл жерде ханшайымның жерленгеніне 2500 жыл болыпты. Яғни, б.з.б V–III ғасырдан сыр шертеді. Оның денесі әр түрлі бояумен өрнектеліп, бедерленген. Алтайлықтар оны "Қыдым ханшайым" деп атап жүр, – дейді.

Оқи отырыңыз: Қазақ коллекционерлері не жинайды? Нумизмат болғыңыз келсе...

25 жастағы Укока ханшайыммен бірге қорғаннан алты жылқының сүйегі табылды. Пазырық мәдениетінде бітімі бөлек тұлғаларды осылай жерлейтін болған. Кеңес дәуірінің археолог, антропологы Руденко "бұл ескі мәдениеттің бүгінгі жалғастырушылары осы күнгі қазақ, қырғыз халықтары" деген болатын.

Бір топ ғалымдар шығу тегі бойынша, Пазырық мәдениеті байырғы түркілердің мәдениетіне жатады деген пікірді ұстанады. Сонымен қатар, зерттеушілердің негізгі бөлігі мұны көне үндіеуропалықтар (иран тілдес тайпалар) мәдениетінің ауқымында ұстап келеді.

Қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемал Ақышев Пазырық мәдениетін сақ мәдениеттерінің бірі деп санайды. Ал, Укока ханшайымның қабірін зерттеушілердің басым бөлігі үндіеуропалық мәдениетке жатқызады.

Оқи отырыңыз: "Қара жорға" – қазақ биі. Оны аттың үстінде де билейді

"Түркілік көк белгі" – тәңірдің мөрі

Қасымхан Бегмановтың "Этнографпен әңгіме" кітабында Жадға Бабалықұлы сұрағымыздың жауабын дөп айтқан секілді.

– Антрополог ғалымдар Майя өркениетінің негізін Алтай халықтары түзетінін генетикалық зерттеулермен дәлелдеп отыр. Сол дәуірлерде бабаларымыз Америкаға су арқылы емес, құрлықаралық бұғаз арқылы қатынаған. Осыған қарап америкалық үндістерді Алтайдан көшкендер деп те айтуға болады. Генетик ғалымдар екі тайпаға ортақ, ең үлкен ұқсастық ретінде "түркілік көк белгіні" алға тартады.

"Түркілік көк белгі" – жаңа туған бөбектердің құйымшағында болатын көкшіл таңба америкалық үндістерде де бар екен. Алтай текті халықтардың ортақ белгісі – дүниеге келген нәрестелерінің құйымшағындағы көкшіл таңба. Ол таңба 1,5-2 жасқа келгенше сақталады да, соңынан жоғалып кетеді. Осы белгіні Алтай текті халықтардың биологиялық таңбасы деп атайды.

Оқи отырыңыз: Q-POP, яғни QAZAQ поп музыкасы қазаққа не береді?

"Ол неге пайда болды? Ол неден пайда болды? Басқа халықтар ұрпағында неге жоқ?" Осы сауалдар төңірегінде ешкім ештеңе айтпайды. Биолог ғалымдарымыз, денсаулық сақтау қызметкерлері де ауыз ашпайды. Осы таңба туралы қазақ та білмейді-ау шамасы. Біле білсеңдер, биологиялық бұл таңба арнайы зерттелуге тиісті үлкен мәселе. Ғылымға арнайы енгізілуге тиіс тақырып, – деп еді этнограф.

Укока ханшайымның сол қолында "татуировка" бар

Онда бұғы, тауешкі, грифон (денесі арыстан, басы сұңқар) бейнесінің жиынтығы бедерленген. Көне заманда денеге таңба әсемдік үшін ғана салынбағанын айтып өттік. Әдетте Пазырық мәдениетінде сұңқар, ой, балға сияқты бейнелер мен ру ұрандары иыққа басылған. Осы тектес таңбалар екі жүзге тарта петроглифтерде кездеседі. Алтай өңірі тарихты қойнауына бүгіп жатқанының нышаны.

Оқи отырыңыз: Қазақтың ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының 80 пайызын қырғыздар жасайды

Алтай бақсылары Укоканың ханшайым емес, екі дүниенің сабақтастығы саналған бақсы болғандығын айтады. Мұны оның отбасы мүшелерімен бірге емес, жапан түзде жалғыз жерленгеніне қарап топшылаған.

Зерттеушілер Укока ханшайыммен бірге тұла бойы таңбаланған, хипстер сияқты ер адамның мүрдесі де бар екенін жариялаған болатын. Бірақ, қызығы, көпшіліктің назары тек әйел мүрдесіне ауған.

Қабір ішінде мұзды тоң қабатына байланысты мүрде жақсы сақталып, бүгінге жетіп отыр. Бальзамдалған мүрделер – аса құнды ғылыми дерек саналады. Саркофаг-табыт Алтай Республикасында, Горно-Алтайск қаласындағы Анохин атындағы мұражайда сақтаулы. Көргісі келетіндер мына сілтемеге өтіп, күні мен уақытын біле алады.


Укөг ханшайымның бейнесі жоба бойынша құрастырылып, таңбаларын анықтап көрсетті

Укока ханшайымның бейнесі жоба бойынша құрастырылып, таңбаларын анықтап көрсетті / Фото moiarussia.ru сайтынан алынды


"Жастарымыз еліктегіш болып жатыр"

– Адам ашуланғанда, намыстанғанда, қандағы код тылсым жағдайда көрініс тауып шығатыны болады. Әсіресе, жасөспірім шақта. Баланың ойынында, бейсана жағдайда өткен бабалардың өмір кезеңі қайталанады.

Мысалы, өтпелі кезеңде, адам бір әлеуметтік сатыдан басқа әлеуметтік сатыға өткен кезде ата-бабаның бір кезде бастан кешкен тұрмыстық-салттық нышандары қайталануы мүмкін. Жастарымыз қалыптасу кезеңінде, әсіресе, өмір өткелдерінен өткенде бейсана жағдайда еліктеп, денелеріне ою-өрнек салуы ықтимал жайт.

Бұның танымнан гөрі еліктеу сипаты басым, әрине. Әлдеқандай пайда көздейтін салондардың қармағына іліккен олар денесіне ақшаға сурет салдырады. Кейде көне, сақ, түркілік нышандар, мүйізді тұлпарлар, басы күн сәулелі адамдардың бейнесі, ұлтық ою-өрнектер, символдарды жасатып жүргені байқалады.

Әрине, қазір ежелгі сақ заманында өмір сүріп отырған жоқпыз, бұл енді еліктеушілік. Жастардың батыстан келген стильді таңсық көруі, болмашыға бола асыл тәнін шимайлауы – адасушылық, – дейді Ақеділ Тойшанұлы.


Тұмар патшайымның бейнесі денелерге салына бастады

Тұмар патшайымның бейнесін денесіне салғандар бар / Руслан Батырбаевтың жеке мұрағатынан алынды


Таңба сөзінің тарихы тереңнен таған тартады

Филология ғылымының кандидаты Манасбай Қожанұлы қазақ ру таңбаларының шығу тарихын тарата келіп: "Сонымен, тіліміздегі таңба (термин) сөзінің тарихи атауы туралы деректерге хроникалық талдау жасағанымызда, төмендегідей кезеңдерді байқауға болады, – дейді.

1. Белгү – атау ретінде б.з. VІІ-VІІІ ғасырлардан бастап қолданыста болған;

2. Туғрағ – туғра – атау ретінде б.з. VІІ-ҮІІІ ғасырлардан;

3. Тамға – таңба атау ретінде б.з. Ү-ҮІІ ғасырлардан бері;

4. Мүһүр – мөөр – мөр атауы ХІV ғасырдан бері тарихи деректерге белгіленіп, бізге жетіп отыр" – деген ол, таңбалық белгілердің қазақтың елдік болмысындағы қызметін бүгінгі егемендік рәміздерімен байланыстыра қарайды.


Еліміздегі шатқалдарда бедерленген таңбалар көне дәуір тілінде сөйлеп тұр

Еліміздегі шатқалдарда бедерленген таңбалар көне дәуір тілінде сөйлеп тұр / Фото baq.kz алынды


"Сүйекке таңба болдың-ау" деген сөзді кімдерге айтқан?

Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырдан бастап ене бастады. Содан бастап денеге таңба салуға тыйым салынды.

– Қазақта "сүйекке таңба болып басылды", "жүзі қара" деген қарғыс сөздер бар. Ұры, сұмпайы, қарабеттерді елден қуғанда құйрығына мөр басып, бетіне күйе жағатын болған. Сол сияқты құлдың ғана құлағын кескен. "Құлағын кесіп құнтитып, мұрнын тесіп шұнтитып" деген сөзден-ақ, масқаралау, қорлау үшін жасалған әдіс екенін аңғарамыз, – дейді этнограф.

Бабаларымыз малға рудың белгісін басқан

Ықылым заманнан бері жылқыны тайында (жабағысында) таңбалаған. Қызған темірді санына шыжғырып басқанда, белгі анық көрініп тұратын болған. Сондықтан, "тайға таңба басқандай" деген сөз қорымызға етене еніп кетті. Мал басы мемлекеттің қарамағына өткелі бері, біршама жеңілдетіліп, ен салынуда.

– Кейінгі жылдары шаруашылықтарда жылқыға таңба басудың ыстық және суық әдісі қолданылып келеді. Малдың сол жақ иығына оның жеке нөмірін белгілейді, ал шаруашылықтың белгі-таңбасы мен малдың туылған жылы оң жақ жамбасына басылады. Әдетте жас төлді енесінен айыру кезінде жүргізіледі. Себебі, таңбасы бойынша тебіндегі жас құлындарды бір-бірінен оңай ажыратуға болады, – дейді академик Қайрат Жәлелұлы "Жылқы шаруашылығы" атты оқу құралында.

Қылмыстық әлемде әр айыпталушы қылмысына тән кескін салады

Академик Сейіт Қасқабасов денеге таңба салуды Австралия, Африка елінің байырғы халқынан келгенін айтады.

– Бұл алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдарға тән. Малға ғана таңба салынып келгенін білуші едік. Бала кезімізде түрмедегілер ғана"татуировканы" кескіндеп алатын, – деп сөзін қысқа қайырды 77 жастағы академик.

Әдетте түрмедегілер денесіне, бетіне, қолына салынған әшекей сурет арқылы дәрежесін анықтаған. Бұл тәсіл ең алғаш рет Сібір тұтқындарына жасала бастады.

Кеудеге салынған қанатты періштелер, бүркіт, бұқа, қасқыр суреті – қылмыскердің кәнігі, кәсіби екендігін көрсетеді. Осындай бейнені иеленгендер заң алдында қорықпайтындығын, бағынбайтынын білдіреді-мыс.

Денеге салынған күмбездер саны ол адамның қанша рет сотталғандығын айғақтайды. Ал, жұмыртқа қабығының ішінде тұрған еркек пен жалаңаш әйел бұзақының әйелге қатысты сотталғандығын білдіреді екен.

Ұрыларға тән таңбалар: балта ұстаған аю, мысық т.б. Қанжарға оралған жыланның (жоғары дәрежелі ұрылар) басы жоғарыға қарап тұрса, ұрлықты енді бастағандығын білдіреді. Төменге қараса, енді ұрлық жасамауға бекінгендігін ұғындырылады.

Жарқанат бейнесі – түнде ұрлыққа шығатындарға арналған. Өрмекшілердің өзі ғана бедерленсе, қалта ұры екенін айқындайды.

Нашақорларға тән белгілер: мойнында оралған жылан, тордағы өрмекші т.б.

Жалынға жанып жатқан әйел суреті қылмыскердің әйел затын өлтіріп, түрмеде отырғанын білдіреді екен. Сол суреттің астыңғы жағындағы отын саны мен саусағындағы жүзіктер қылмыскердің қанша жыл түрмеде отырғанын айғақтап береді. Тізбелей берсек, тізімі көп.


Қасқыр текті қазақ ұғымы түрмедегі сыйлы қылмыскерлердің таңбасына айналып кетті

"Қасқыр текті қазақ" ұғымы түрмедегі сыйлы қылмыскерлердің таңбасына айналып кетіпті / Руслан Батырбаевтың жеке мұрағатынан алынды


Таңба салушылар татудан арылу мүмкін еместігін айтады

Тату салатын салондар қазір көп. Екі аттасаң есігін айқара ашып, құшақ жая қарсы алады. Тек қаржысын төлеп, эскизіңізді ұсынсаңыз болды. Қалаған суретіңізді денеңізге бейнелеп береді.

– Салонға кірген бойда аяқ киіміңіз бен күртешеңізді шешіп кіресіз. Тату теріге инемен шанышқылау арқылы жасалатындықтан, ең бірінші тазалыққа мән береміз. Өйткені, теріні инемен тесу кезінде түрлі инфекциялар таралуы мүмкін. Осыған жол бермес үшін алдын аламыз, – дейді "Tattoo skull" салонының бас маманы Руслан Батырбаев.

– Құны суреттің көлеміне байланысты емес. Уақыт ұзақтығына қарай төленеді, – дейді ол. Әлеуметтік желідегі парақшасында портреттерді 50 мың теңгеден бастап салатыны жазылған.

Ғаламторды тінтіп көріп едік, денеге сурет салдыру құны бес мың теңгеден басталып, жүз мыңға дейін жақындайды екен. Әрмен қарай қиындығына қарай бағасы өсе береді.


Салондар ғаламторға тек бастапқы бағаны ғана жазады

Салондар ғаламторға тек бастапқы бағаны ғана жазады / olx.kz сайтынан алынды


Бұрын бояуыштар ретінде минералды қоспалар қолданылып келген. Орта ғасырларда жоса, күйе, тасты көмір мен киноварь (қызыл түсті минералдан дайындалған бояу) арқылы жасалған көрінеді. Ал, бүгінде тату химиялық, синтетикалық жолдармен алынған түрлі-түсті бояумен салынады.

Тату бояуының құрамы әр кезде әртүрлі. Аз болғандай елімізде тату бояуын шығаратын арнайы зертхана да ашылған. Бейне, бедер жапсырғыштармен ғана емес, суретпен де оны денеге түсіреді.

Теріге таңбаны салдырғаннан кейін өкініп қалатындар бар. Өшіру үшін хирургиялық ота мен лазерлік сәулелерді қолдану керек.

– Біз татуды жасатар алдында мүлдем өшірілмейтінін айтып, келісімін аламыз. Тек қана үстінен басқаша үлгіде көркемдетуіне болады, – дейді Руслан Батырбаев.



Сән үлгісін елге есімі белгілі "жұлдыздар" танытады

Екі жыл бұрын көзінің қарашығына дейін татуировка салған бойжеткеннің суреті әлеуметтік желідегілерді қорқытып еді. Бұл енді есіріп кеткендердің әрекеті. Татуды өнерге балайтын әлем жұлдыздарының басым көпшілігі тәндеріне сурет салдыруға құмар.

Мысалға алар болсақ, жылдам сөйлейтін қасиетімен дараланған Тина Канделаки сол қолын күйдіріп алғаннан кейін, жарық пен космос энергиясының тылсым белгісін сыздырған.

Актриса Анжелина Джолидің бойында оннан астам "тату-сурет" бар. Оң білегінде арабша жазумен жазылған"алға ұмтылу", қытайлық симметриялы иероглифі, сол қолында "батылдық", анасының құрметіне "М" әрпі, арқасында бенгал жолбарысы бейнеленген. Денедегі суреттің де сыры бар екен. Дегенмен, осы ақпаратпен құлақтанып өсіп келе жатқан жасөспірімдер бой түзеймін деп еріксіз қайталау үстінде.


Танымалдар да татудың магиялық қасиетіне сенеді

Танымалдар да татудың магиялық қасиетіне сенеді / Фото yvision.kz сайтынан алынды


Ұлттық болмыстағы көріністі денесіне түсіргісі келетіндердің қатары күн санап артып келеді. Руслан Батырбаевқа, мысалы, біздің актерлер көп келеді екен. Тіпті "Барыс" хоккей командасының ойыншысы да бар арасында. Сұраныстың басым бөлігі қазақы этникалық стильдерге арналған.

"Адамның ішкі жан дүниесіне сай, өз қалауы бойынша денесіне таңба түсіреді"

– “Татуировка” ерте заманнан бүгінгі күнге жетіп отыр. Тәніне белгі түсіру арқылы өзінің көзқарасын, жан дүниесін қоғамға танытады. Жасөспірімдік кезде еліктеушіліктен, өзін іздеп жүрген жастар жасатса, ересектер ішкі эмоциясын көрсетеді. Көбінесе адам өміріндегі өтпелі кезеңдерінде жасатады. Сол сәт өтіп кеткеннен кейін, денеге салынған таңбаның қажеті болмай қалуы да мүмкін. Осы тұсты ескерген жөн.

Арнайы магиялық символдардың, суреттердің өмірін өзгертуге септігі тиеді деп ойлайды. Кейде әсер етуі де мүмкін. Комплекстен арылудың жолы деп қарастырып, өзінің тәнін жаралау түрімен жаны жаралы екенін көпшілікке ұғындыратындар да бар. Енді бірі өзін қорғанышта жүргендей сезінеді.

Денесінде бір жарақат болса, жара, немесе оталық тігісті білдіртпей, соны жасыру үшін татуға жүгінгендерді де көріп жүрміз. Оның бәрі тікелей адамның психологиясына байланысты. Көпшілігі әлеуметтік статусын білдіру үшін жасатса, енді бірі қоғамнан дараланғысы келгеннен осындай әрекеттерге барады, – дейді психолог Марал Сарбасқызы.

Мұндай әрекеттерге Ислам діні қарсы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Насихат және қоғаммен байланыс" бөлімінің маманы Әділбеков Хамзат Мұхаммед (с.а.у) пайғамбардың бірнеше хадисін мысалға келтіріп, денеге сурет салуға қатаң тыйым салатынын келтіреді. Соның бірі Сахих Муслимнен жеткен хадисте: "Алла тағала денеге сурет салғандарды да, салғызғандарды да лағнеттеді...", – делінген.

Тағы бір хадисінде: "Жасанды шаш кигендер мен кигізгендер және қастарын жұлғандар мен жұлғызғандар, сондай-ақ денеге сурет салғандар мен салғызғандар Алланың лағынетіне душар болады", – дейді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары