Тікелей эфир

Қазақтың ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының 80 пайызын қырғыздар жасайды

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Қолөнерге бейім жастар әшекей бұйымдар жасауды кәсіпке айналдырғысы келеді. Алайда қажетті отандық шикізаттың жоқтығы қинайды. Олар шетелден әкелінеді.

Айжамал Еркебаева – студент. Әшекей бұйымдар жасауды 16 жасында ғаламтордан көріп үйренген. Арнайы қолөнер үйірмелеріне бармаған. Таза айлық табысы 100 мың теңге шамасында. Студентке жеткілікті қаражат.

– Бұл кәсіппен айналысқаныма екі жыл болды.Табысы жаман емес. Көп қыз-келіншектер ерекше үлгідегі әшекей бұйымдарды таққысы келеді.Сондықтан, көбіне тапсырыспен жасаймын. Негізі сатып алушыларым – 15 пен 45 жас арасындағы қыз-келіншектер.

Өнерге ептілік керек

Қолөнер иесі болу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Оған қолдың асқан ептілігі мен ерекше төзім керек. Құрбылары да үйренуге талпынған. Бірақ ештеме шығара алмады.


Айжамал қыз-келіншектерге арналған білезік жасап отыр

Айжамал қыз-келіншектерге арналған білезік жасап отыр / Фото informburo.kz


– Бір көргеннен үйреніп алдым десем болады. Құрбыларым әшекей жасауға көп уақыт кетеді дейді. Маған уақыттан бұрын, қаражат керек болды. Алғашқы әшекейлерімді жасау үшін 30 мың теңгені әзер тапқанмын. Жасаған алқа, білезіктеріме анам қызыға қарап, ақыл-кеңесін берді.

Сериалдардың пайдасы

Қолөнермен айналысатын жастарға үнді, түрік, корей сериалдарының да пайдасы тиген екен. Айжамал сол сериал кейіпкерлерлерінің таққан әшекейлеріне қарап, түрлі үлгідегі сырға, алқа, білезік жасауға тырысады. Қазір ұлттық нақыштағы әшекейлерге де сұраныс артып отыр. Енді соны жасауды қолға алмақ.

– Менің қолөнерге деген қызығушылығым телеарналардағы сериал кейіпкерлері таққан әшекей бұйымдарды көргеннен басталды десем болады. Өйткені ондағы қымбат тастармен көмкерілген әр түрлі әшекейлер көздің жауын алатын. Сосын ғаламтордан қалай жасау жолын көріп, қолымнан келетінін түсіндім. Қазір сериал көріп отырып, әр түрлі үлгідегі әшекейлердің сызбасын жасаймын.

Түстердің үйлесімді болуына мән беремін. Бір қызығы, тапсырыс берушілер арасында сериал кейіпкерлерінің таққан әшекейлеріне ұқсатып жасап бер деп өтініш айтатындар жетерлік. Бүгінде жас қыз-келіншектердің ұлттық нақыштағы әшекейлерге қызығушылығы артқанын байқауға болады. Сондықтан ұлттық бренд ретінде танылатын әшекейлер жасау ойымда бар.

Әшекей бұйымдарды жасау үнемі ізденісті талап етеді. Өйткені қолөнер бұйымдары қайталанбас үлгісімен ерекшеленеді. Ал табиғи тастарды түсіне қарай үйлестіріп құрау үшін үлкен талғам қажет.

– Тәжірибе жинау үшін, үйрену үшін қалада өтетін жәрмеңкелерге жиі қатысамын. Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне қатысып, бағымды сынап көремін.

Тиімді бағаға ұсынылған әшекейлерге сұраныс көп

Айжамал табиғи тастардан әшекейлерден басқа шаш үлгілерін әсемдеуге қолданатын әртүрлі қыстырғыштарды жасайды. Өйткені бұл бұйымдар қыздар арасында үлкен сұранысқа ие.

Айжамал ұсынып отырған әшекей түрлерінің сұранысқа ие болатын себебі, қолжетімді бағамен сатады. Шаш қыстырғыштар 200 – 1000 теңге көлемінде болса, басқа әшекейлер 1500 теңгеден жоғары бағаланады.

Ұлттық нақыштағы әшекейді де қырғыздар жасайды

Жалпы Қазақстандағы қолөнер туындысын дамыту дұрыс жолға қойылмаған. Қала базарларын аралап, әйелдердің әшекей бұйымдарынан өзге, қандай қолөнер туындылары сұранысқа ие екенін біліп қайтқан едік. Сатушылар бір ауыздан ұлттық нақышта жасалған бұйымдардың 80 пайызы қырғыз елінен келетінін айтты. Ал Қазақстанда жасалған бұйымдар көрші елден әкелінген тауарларға қарағанда сапалы әрі қымбат.


Қолөнер туындылары.

Қолөнер туындылары / Фото informburo.kz


Ерекше үлгідегі әшекейлер

Аружан Сүйеубай әшекей бұйымдарды 8 сыныптан бастап жасай бастапты. Ол бала кезінен қолөнерге ерекше қызығушылық танытқан.


Аружан бос уақытында әшекей бұйымдарын жасаумен айналысады.

Аружан бос уақытында әшекей бұйымдарын жасаумен айналысады / Фото informburo.kz


– Мен басқа қыздардан ерекшеленіп тұрғым келетін. Алғашында еңбек сабағында қуыршақтарыма көйлек тігуді үйрендім. Кейін сабақтан тыс уақытта әшекей бұйымдарды жасай бастадым. Осылайша бос уақытымды тиімді пайдаланамын.

Аружан дизайнер болуды армандайды

Аружанның ерекше үлгідегі әшекей бұйымдары қыз-келіншектердің көзіне бірден түседі. Содан кейін тапсырыс берушілер қатары көбейе бастаған.

– Соңғы жылдары әшекей тағу сәнге айналды. Оның үстіне әшекей көйлегіңнің түсіне сай болуы керек. Еңбегімді аса қымбатқа бағаламаймын.

Әшекей жасауды мектеп жасынан табыс көзіне айналдырған Аружан кәсібін ары қарай дамытуды көздеп отыр. Ол дизайнер болуды армандайды. Сондықтан арманына жету үшін аянбай еңбек етпек.

– Бұл – менің сүйікті ісім. Жәрмеңкелерге қатыспасам да тапсырыс берушілерім бар. Өзімнің талғамыма сай, сүйікті түстерді пайдалана отырып, қажетті әшекейді жасап алуға болады.

Аружан қыз-келіншектердің талғамы мен сәнге айналған түсті ескере отырып, заманауи үлгіде жасауға тырысады. Жасалған әшекейдің бағасы оны көмкерген асыл тастың құнымен бағаланады.

Қазба байлыққа бай ел болсақ та, табиғи тастарды шетелден тасиды

Әшекей бұйымдарға қажетті тастардың жасанды және табиғи түрлері де Қытай, Үндістан, Ресей, Корея елдерінен келеді. Қолөнермен айналысатын адамдар кейбір тастарды ғана Қазақстаннан сатып алуға болады дейді.

Халықаралық адам институтының президенті, экономист Жанұзақ Әкім Қазақстанда кез-келген әшекей бұйымдар жасауға қолданылатын тастардың 80-90 пайызы шетелден әкелінетінін айтты.


Экономист Жанұзақ Әкім.

Экономист Жанұзақ Әкім / Фото Abai.kz сайтынан алынды.


– Жеріміз қазба байлыққа бай. Тек иесі біз емеспіз, шетелдік компаниялар. Ол тастарды өндіретін де, өңдейтін де зауыттар жоқ. Сосын қолөнермен айналысатын адамдар әшекейге пайдаланатын табиғи тастарды шетелден тасуға мәжбүр.

Бұл кәсіпті толыққанды дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, арнайы бағдарлама қабылдануы керек. Біз туристерді әдемі етіп салынған ғимаратпен таңқалдыра алмаймыз. Бізге келген туристер қолөнер бұйымдарын көргісі келеді.

Қолөнер – кәсіптің бір түрі. Оны дамыту тіпті қиын жұмыс. Құжаттарын реттеу үшін бір ай жүгіресің. Тіркеліп болған соң жеке кәсібіңді тексеретін 56 мемлекеттік тексеруші орган бар. Ал жеке кәсіпкерлік дамымаған соң, экономиканың кез-келген саласы тұралап тұр.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары