Тікелей эфир

2000 оюдың авторы: қазақтың ою-өрнегі мен ісмерлік, зергерлік өнері туралы

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Қазақ желімді, шегені, тарамысты қалай жасады? Қылышты қайрау, сызушылық, шеберлік дәстүрі ғажайыптарға толы.

Торғай өңірі – өнері толысқан, әр үйден шебер шығатын киелі мекен. Әулиелері, сайыпқыран батырлары, сөз ұстаған шешендері елге тұтқа болған. Шөптібай Байділдин – солардың ізін басқан ағаларымыздың бірі. Жетпістің желкеніндегі ағамыз оюшы, іcмер ғана емес, тарихты жете зерттеген, саналы саңылақ.

Жақында бұл кісінің ою-өрнек көрмесі Астанада ашылды. Қазақтың шеберлік техникалары туралы аңызбен байланыстыра айтқан әңгімесін өзіне тән сөз саптауымен жазып алдық.

Қазақ желімді қалай жасаған?

Қазақтың көне дәстүрінде желім жасаудың түрлі әдістері көп болған. Солардың ішінде теріден жасау әдісі ең көп қолданылады.

Ол үшін көтерем болып өлген ірі қара малдың терісі сыпырып алып, етінен толық арылтып, турап, қазанға су құйып қайнатады. Алдымен терінің жүні жидіп түседі. Оны тазалап алып тастап, қайнатуды жалғастырады.

Ұзақ қайнап, суы әбден тартылғанс оң, қазан түбінде қалған қоймалжыңды желім ретінде пайдаланған. ОЛ жағылған жер өте қатты жабысып қалады, қайтып ажырату мүмкін емес.

Құрамды ер және сіңір тор жасау әдісі

Ағаштан құрастырылып жасалса – құрамды ер, бүтін ағаштан шабылса – шаппа ер дейді.

Міне осы құрамды ерді жасағанда тарамыс тор деген керек болады.

Ол үшін ірі қара малдың ұзын сіңірін – тарамысын ұзын етіп кесіп алып, етінен арылтқаннан кейін тұзды суға оншақты күн салып қояды. Сосын көлеңкеге іліп қойып, сорғытады. Оны ағаш балғамен ұрғанда, сіңірдің тарамы жазылып, тарқатылып шығады. Соны тарамыс тор деп атайды. Құрайтын жерін бір-біріне жымдастырып, жаңағы тарамыспен орап, байлап тастағанда, ешқашан ажырамайды екен.

Құрама ерді жасағанда үстіне желім жағып, сыртын тарамыс тормен бірнеше қабат етіп орап,кептіреді. Сосын түйенің мойын терісін илеп, жүнін жұлып, сыртынан орайды, тарамыспен және байлап тастайды.

Кейде, сыртын өгіздің не түйенің терісімен қаптап, қайың шегемен қағып бекітеді, не тағы бір тарамыспен көктеп байлайды. Кепкен кезде құраған затты одан әрмен қысып, қозғалмайтындай етіп қатып қалады.

Міне осы тәсілдерді пайдаланып, құрамды ер сияқты тұрмыстық заттарды жасайды.

Қылышты, бәкіні қалай суарады?

Темірдің тілін игеру – өте күрделі білім. Әр темірді қамырша илеп, одан бұйым жасау – ғажайып өнер. Мысалы, қанжар, қылыш, пышақты темірлерді суару деп аталатын тәсілді қолданып соғады.

Әдетте наркескен қылыштарды қатты болаттан екі жүзді етіп, соғып шыққаннан кейін маймен суарады, яғни соғылып дайын болған қылышты не пышақты қыздырып алып, майға не суға салады. Бұдан ол өте қатты әрі мықты болып бекиді. Сонымен бірге аталған заттың қайда, неге қолданылатына қарай суару тәсілі де, суару үшін қолданылатын сұйықтың құрамы әртүрлі болады.

Әр ұстаның өзінің ешкімге айтпас, жеке құпия технологиясы болады.

Дұрыс суарылмаса темірі сынғыш не жүзі тез майырылатын жасық болады. Қазақта көп айтылатын жасық деген сөз осыдан шыққан.

Кейде наркескенді алмаспен де суарған. Алмас қылыштың жүзі тиген жерін жаралап ғана қоймайды, уын да жаяды.

Пышақ пен қылыштың және қайшыларды қайрау тәсілдері де ұқсамайды

Екі адамның бірі пышақ қайрай бермейді. Білмейді. Алдымен қылыш не пышақтың жүзін ауыр балғамен төске салып таптап, шыңдап шығарады. Сосын тас қайрақпен азырақ егеп жіберіп, соңынан жұмсағымен қайрайды. Тіке қарағанда жүзі көрінбесе, пышақтың өткір болғаны.

Ең соңында керген қайыспен жанып, жүзін бекітеді. Егер оны тек тас қайрақпен қайраса кетіліп, жүзі ауады, жетесі қысқарады.

Жете дегеніміз пышақ не қылыштың сабынан басталып ұшына дейінгі темір бөлегі. Ұзақ пайдаланып, жетесі жіңішкеріп кетсе, лақтырып тастайды. Жетесіз деген сөз осыдан шыққан. Жарамсыз дегені.

Ал қайшыны ине не тебенге қайрайды. Себебі, ине мен тебен әдетте өте мықты әрі асыл болаттан істеледі. Қайшының екі жүзінің ортасына инені ұстап, сағасына салып қайшылайды. Сонда жүзі тез шығады.

Кейде бәкі не пышақты шарық қайрақпен яғни құм қайрақпен жаниды. Бұл да жүзін тез шығарады, бірақ ол тез қайтады. Сондықтан жұмсақ қайрақпен қайрау абзал.

Қазақ қылыштың өткірлігін қалай сынаған

Ертеде өткірлігін сынау үшін өзенге арқанды керіп, қылыштың жүзін суға қаратып, арқанға байлап қояды екен. Сосын өзеннің басынан өгіздің 5-6 жыл кеуіп қатқан тулағын ағызатын көрінеді. Баяу сумен ағып келген көн тулақ қылыштың жүзіне кідірмей өте шықса, оның өткір болғаны.

Мұндай қылышты тіке қойып қарағанда, өткір болса, жүзі көрінбей тұрады. Егер онымен жатқан нар түйені шапса, қиып түсіргенде, ол сол жатқан күйі қозғағанша бөлінбей тұрады. Сондықтан, мұндай қылышты наркескен деп атайды екен.

Ағаш шеге жасау және оның ерекшелігі

Ағаш шеге су жағалай өсетін ешкі талдан жасалады. Оның басқа ағаштардан ерекшелігі – дұрыстап бабына келітіріп кептірсе, ешқашан жарылмайды. Оны көрік жасауға пайдаланады.

Шеге жасайтын ешкі талды бірнеше жыл кептіреді. Су тиген сайын қатаятын бұл шегені қаққаннан кейін, ішінен түрпілеп, жапырады. Көбінесе етіктің табанын шегелейді.

Қошқар мүйіз – барлық ою-өрнектің атасы

Ою-өрнектің негізін қошқар мүйіз құрайды. Бәрі содан бастау алады.

Қошқар мүйіздің алдында, әу басында арқар мүйіз болған екен. Қазақ арқарды киелі санаған. Арқардың ұранға (төре руының ұраны) айналу себебі де содан.


Автор қошқар мүйіз оюды түсіндіруде

Автор қошқар мүйіз оюдың мәнін түсіндіріп тұр / Сурет informburo.kz


Тағы бір айрықша атап айтатыны, ұлтымызда әліпби болмаған заманда ою мен таңба болды. Әр рудың өзіне тән ен-таңбасы болған. Кешегі бабалардың тарихы, мұрасы тасқа қашап қалдырып кеткен таңбалар арқылы бізге жетті. Сол себепті, ою табиғатпен, ұлттық болмысымызбен етене жақын дүние.

Батаға сойылған қошқардың басы әлі сақтаулы тұр

Бердікей ишан мешіті – Ұлт азаттық көтерілісінің басшылары Аманкелді Үдербайұлы Иманов пен Кейкі Көкенбайұлының бата алған киелі орындардың бірі болып саналады.

Мұнда Арыстанбайұлы Құлмұхаммед ишан кесенесіндегі батырларға батаға арнап сойылған қошқардың үлкен басы осы уақытқа дейін сақтаулы тұр. Бұл туралы Бердікей әулетінен шыққан кемеңгер қарт Қалиев Қожа айтқан еді. Мен сол жерге 2003 жылы бардым.


Шөптібай Байділдин қайшымен ойған оюға қолтаңба қоюда

Ойылған раушан гүлі әдемі / Сурет informburo.kz


Кесене ішіндегі Құлмұхаммед ишанның беті жабылған топырағы үстінде солдан оңға қарай 2 қошқардың, 2 киіктің басы мүйіздерімен сақталған. Күні кеше қойғандай еш жерінің мүжілмей, шірімей, қараймай, аппақ күйінде тұрғанына биыл 113 жыл болды.

Сол қошқар мүйізінің суреттері балбалтастар мен тарихи қорғандардан да шығып отыр.

Қазақтың өмірі түгелдей оюмен өрнектелген

Қазақ өмірінде тал бесік пен жер бесіктің арасы түгелдей оюмен өрнектеледі десем қателеспеген болар едім. Қазақ жаңа туған нәрестеге киім кигізіп, оюы бар тұмар тағып қояды. Оюсыз бесік болмайды қазақ ұғымында.

Үкісіне де ою-өрнек салып, сәбиді керемет қылып киіндіреді. Ер-азаматтардың киген киімінде де алуан түрлі оюдың түрлері кездеседі. Ат әбзелдері де түгелдей дерлік оюмен көмкеріледі.

Ал киіз үйді ою атаулының кешенді ордасы деп айтуға болады. Ағаштан ойылып жасалған сықырлауық есіктен бастап, шаңырақ, басқұр, бөдеге, желбаулар, жүкжапқыш, тұскиіз, кебеже мен сандыққа дейін ұлттық ою-өрнектің мың сан түрі көрініс табады. Олардың әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы, тағылымдық тәрбиесі бар.


Оюлы киім киген қазақтың қыздары мен жігіттері

Ағамыздың қолтаңбасы бар оюлы киімді киген қазақтың қыздары мен жігіттері / Сурет Шөптібай Байділдиннің жеке мұрағатынан алынды


Қазақтың балбалтастарындағы таңбалар мен оюларында тоғыз белгі көп пайдаланылады

Оң қолындағы кесе – "қонақ болып келсең, асым дайын", сол қолындағы қылыш – "жау болып келсең, қылышым дайын" деген ұғымды береді.

Ою-өрнектің қолданылуын қадағалау аясын кеңейту керек

Ою мен өрнек – екеуі екі түрлі дүние. Оюдың кез келгені қошқар мүйіздің элементтерінен құралады әрі симметриялы болып келеді. Ал өрнек еркін және шексіз сызылады. Шапанның жиегіне салатын жіңішке әрі ұзын оқа да оюға жатады.

Қошқар мүйізді оюлар киім-кешектің жоғарғы жағына салынады. Мысалы, бас киімге, шапанның жағасына, өңіріне салынады. Ал етек жағына көбінесе алабажақ оюлардың салынғаны дұрыс.


Шөптібай Байділдин сызған түрлі оюлар

Шөптібай Байділдин сызған ою түрлері / Сурет informburo.kz


Ою – ұлтымыздың ұлттық құндылығы. Бабаларымыздың рухын жаңғырту, халқымыздың санасын қайтару үшін де оюдың рөлі жоғары. Сондықтан республикадағы барлық салада, атап айтқанда спортшылардың киімдеріне дейін ою енгізу керек. Тым болмаса бір элементі болғаны дұрыс. Жалпыластыруға әр азамат болып ат салысқанымыз жөн.

35 үйдегі әулеттен үш адам ғана тірі қалды

Біз орта жүздің ханы Қайып-ханнан тараймыз. Аталарымыз Жыланшық өзені мен Ақкөл арасында аға сұлтан, би болды.

Кеңес одағындағы би-төрелерді қуғындау кезінде аталарымыз екі бөлініп, оңтүстікке ауды. Жезқазған арқылы Созаққа, Ташкент, Бұхара жаққа өтті. Бір бөлімі Ақтөбе Ырғызға кетіпті. Содан кейін 1932-1933 жылдардағы аштық, 1927-1938 жылдардағы сүргін тағы бар. Сонымен 35 үйдегі неше жүздеген адамнан үш адам ғана тірі қалды. Оның ішінде тек бір баладан ұрпақ тарады.

Ол – менің әкем Әбділдә.

Сатыпалды Әкім ағамыз Есенберлин мен Мұхановқа әңгіме айтып берген

Шалдар алдына жастық қойып отырады, бірі әңгімені ақырын бастайды. Таңнан-таңға, айлап айтады.

Жезқазған жақта Сатыпалды Әкім деген ағамыз өтті. Сатыпалды ағамыз таңды-таңға ұрып айтқанда, әңгімесін қасындағы адамдар үндемей, аузын ашып тыңдайтын болған. Бұзауына емізбей, сиырды өріске жіберей отырып қалатын болған ғой. "Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді" деген осы.

Бір жолы 25 жыл түрмеге кеткен бір шахтер бір жылдан кейін ақталып, шыққан соң құдайы ас беріпті. Сонда, Сатыпалды ағамыз келген қонақтарға әңгіме айтыпты. "Таң атып қалды ғой" деп қасындағы кісі түрткенше, ел тырп етпеген дейді. Шалдардың әңгімесін тура бір кино көріп отырғандай тыңдаған.

Бірде ағамыздың ауылына Ілияс Есенберлин келіп, үш ай жатады. Сол кезде естігендері желісімен "Көшпенділер" романын жазды. Сәбит Мұқанов та "Аққан жұлдыз" романын осы кісінің үйіндегі әңгімеден бастапты.

Мен де таңнан таңға әңгіме айтам. Сосын тыңдағанды жақсы көремін. Соның арқасында "Кейкі батыр" атты екі кітап жаздым. Осының бәрі сол Кейкі бабамызды көзбен көріп, бірге жүрген адамдардың – ауыл ақсақалдарымыздың аузынан шыққан әңгімелері. Бір рет жазғанымды еш өзгертпей баспаға бере саламын.

Сурет сызуды Төлен Әбдік ағамыздан үйрендім

Торғайдың Айса Нұрманов атты ауылында туып өстім. Бұл ауылдан шеберлер өте көп шыққан. Тарихшы ғалым Қойшығара Салғара, жазушы Төлен Әбдіктермен бір ауылданбыз.

Әкемнің 54 жасында дүниеге келдім. Алдында екі рет үйленген. 1920 жылдардағы қуғын-сүргін мен 1932-1933 жылдардағы ашаршылықта екі әжеміз де, алты ұлы да қайтқан екен. Сондықтан мені үйден шығармады. Тіптен, "оқуға барам" дегенімде онда "теріс батамды берем" деп жібермеді.

Мектепте оқып жүргенде Төлен Әбдіковтің қолынан сурет сызуды үйрендім. Алайда әкем діндар адам болғандықтан сурет сызуыма рұқсат етпеді. Сонымен ою-өрнекке бейімделіп кеттім.


Аң-құсқа, табиғатқа ұқсатылған оюлар

Аң-құсқа, табиғатқа ұқсатылған оюлар / Сурет informburo.kz


Әкемнің інісі Сейтқасым ағам үнемі аттың басын сыздыра беретін. Қолы жаттықсын дейді екен ғой. Тасқа жазу жазам. Құлыптастарға көп жаздым. Бірақ ол жұмыстарыма ақы алып көрмедім. Кейін Алматыда құрылыс мамандығы бойынша білім алдым.

Балаларым Шоқан өрме өреді. Сақина, жүзік соғады. Аңшылықпен көп айналыстым. Содан соң балық аулау, құс аулау түрлері туралы кітап жазған адаммын.

Шеберлігінің арқасында Әбіш нағашым мылтық көтермей, соғыстан алтын тіс салдырып қайтқан адам

Алтынтіс Әбіш Қыпшақ деген нағашым болды. Ісмер тігінші, зерігер еді. 1940 жылдары соғысқа кетті. Өлген немістің әскерінің киімдерін өзгертіп, кеңес әскерінің үлгісіне келтіріп офицерлерге тіккен екен. Бала-шағасын да киіндіріпті. Алтын-күмістен сақина, жүзіктер соғып берген көрінеді. Соның арқасында төрт рет демалыс алыпты. Сөйтіп бір оқ атпай, салдырған алтын тістері жарқырап елге оралды.

Екі әйелі болды. Сері әнші адам еді. Екі әйелін екі жағына отырғызып, ән айттырады екен.

Құлақшынды қатырып тігеді. Сосын оны басына кигізгеннің үйіне қонақ болып қайтады. Құлақшынның құнын – бір қой, бір жәшік арақты артынан әкеліп беретін болыпты.

Шай қайнатым уақытта бір сандық жасаған

Самұрат деген немере ағамыздың көшедегі кез келген темір затты, тағаның қалдықтарын жинап алып, тазалап, илеп, үтіктеп алып, шай қайнатым уақытта сандық жасап бергенін көзім көрді.

Газеттен оюдың суретін сандықтың бетіндегі темірге сулап жапсырады да, қағаз кеуіп болғанша шұқымақ оюды ойып бітіретін.


Шөптібай Байділдин сызған күрделі ою-өрнектер

Шөптібай Байділдиннің сызған күрделі ою-өрнектері / Сурет informburo.kz


Әкемнің інісі Сейітқасымның тері торсығынан су ақпайтын. Торғай өңіріндегілерге үй салу, кесек күйдіру өнерін үйретті. Бақша өнімдерін баптауды көрсетті. Киіз үй жасап, шана-арба істеді. Етік тікті. Ешкі талдан шеге жасауды сол үйден көрдім.

2017 жылы Кейкі батырдың кесенесінің цементін сарысумен илетіп, сылаттық

Кез келген үйдің сылағына іркіттің сары суын қосса, құламайды. Мысалы, Кейкі батырдың жаңа кесенесін (2017 жылы) сылағанда, цементке сары су жинап, илеген.

Ауыл-ауылдан сары су тасыды. Күніне 250-500 литр сарысу қабылдап тұрды. Тіптен, сатып алды.

Кесене біткеннен кейін біраз уақыттан соң сарысудың иісі кетіп калды. Міне, бұл – атамзаманнан келе жатқан халықтың тәжірибесі. Анау Түркістандағы кесенелердің көбін сарысумен илеген балшықпен сылаған. Сонымен кірпіш өртеген.

Бұрынғы заманда өнерді қатты бағалаған

Мысалы, ХІХ ғасырдың соңында, Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген атақты бай Қаражігіт Талпақов қызының сәукелесі үшін 100 бие беріпті. Ал енді сол сәукелені елестетіп көріңіз.


Мешітте, там қабырғаларында қолданылатын оюлар

Мешітте, там қабырғаларына салынатын оюлар / Сурет informburo.kz


Қазақтар жылқының терісін қараға бояп, бетін күмістеп, өрнек салып түскиіз де жасаған.

Бабамнан қалған табақ, Оспан қожаның жағасынан жасалған тақия бар

Үйімде еменнің шорынан ойылған ағаш табақ бар. Еменнің шоры жарылмайды ғой. 150 жылдан асты.

Табақты бабамыз Байғара баласы Омарға, одан әкем Байділдәға 1914 жылы еншіге берген. Әкем: "Алғашқы әйелімнен 3 балам өлді, екіншісіден де 3 балам өлді. Аудық, бостық. Сонда ешқайда тастамағанмын. Табақты сақта" деп аманаттады.

Оспанқожа Өтейұлы бабамыздың қажыға барғанда киген бешпетінің жағасынан маған тақия тігіп берген. Қазір үйде тұр.

Өтейұлы Оспанқожа 1862 жылы Торғай уезінің Қызбел ауылында туып, 1928 жылы қайтыс болар алдында елді жинап, алда болатын зұлматтар туралы айтыпты. Азына бабамыздың ұрпағы еді.

50 ғарышкерге 50 сандық жасап бергем

1991 жылы Кеңес үкіметі тарағанда жұмыссыз қалдым. Кейін Сейіт Кенжеахмет ағамыздың қарамағында облыстық "Қазақ тілі қоғамында" төрт жыл істедім. Сол кезде оюмен де, ағашшылықпен де айналыстым.

1993 жылы Тоқтар Әубәкіровтің атын Арқалықтағы мектепке бергенде, қонаққа келген 50 космонавқа оюлап отырып, шағын әрі ыңғайлы 50 қобдиша сандық жасап бердім.

Менің жасаған оюларым АҚШ-тың Атланта қаласында өткен олимпиадада, 1992 жылы Түркияда өткен дүние жүзі жастарының фестивалінде көрмеге қойылды.

Жолдасым Нұржанова Әзиза да өнерден құр емес. Оншақты тоқыған кілемі үйде жатыр. Ол кезде бүкіл ауыл тоқитын еді.

Арқалықтағы үйімде екі мыңнан астам ою түрлері, шеберлердің құрал-жабдықтары, аңшылық құралдар бар.



Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары