Тікелей эфир

"Қара жорға" – қазақ биі. Оны аттың үстінде де билейді

Фото youtube.com
Фото youtube.com
Қазақ тұрмыс-тіршілігін би қимылдары арқылы бейнелеген. Алайда халық арасында өзбек биі сәнге айналған.

Би тарихын зерттеген мамандар одан қазақтың өмір салтын, істеген кәсібін, ұшқыр қиялын, денсаулыққа пайдалы қимыл-қозғалысты байқауға болады дейді. Арнайы би мектебінен емес, өмір мектебінен сусындаған бишілер әр әуенге мәнерлі қимылмен билегенін алға тартады. Жеті жасынан бастап қара жорға билеген Арыстан Тосын сексеннің сеңгірінен асса да өнерден қол үзбепті.

– Біз отбасымызда 12 ағайынды едік. Әкемнен он жасымда айырылдым. Бірақ, ол өзі өмірден өткенше "жігітке жеті өнер де аз" деп маған биді үйретіп кетті. Өйткені, балалардың ішінде бұзықтауы, әрі шапшаң қимылдайтыны мен болсам керек. Ал, өмірден өтерде "бұл өнерді тастама" деп аманаттады. Басқа бауырларыма бақсылық пен молдалықты үйретті. Басыма қандай қиындық туғанда да өнерімді тастап кеткем жоқ. Әсіресе, буын биін үнемі билеп тұрмаса болмайды. Тіпті, ағайын-туыспен Гималай тауын асып, Үндістан, Пәкістан, Түркияда жүргенде және 38 жыл Германияда жұмыс істеп жүргенде де билеп жүрдім. Ол жерде қара жорғаның әніне ұқсас музыка құлағыма келсе болды, билей жөнелетінмін. Таңданбайтын адам қалмайтын. Әкем үйреткен кезде бала болғандықтан қорыққанымнан айтқанын істедім. Алайда, есейе келе көпшілікке таңсық бидің адам денсаулығына пайдасын түсіндім, – дейді қара жорға биін насихаттап жүрген Арыстан қажы.

Қара жорғаның тарихы тереңде

– Биді ұмытпауыма ауыл ақсақалдары да себепші болды. Олар домбыра тартуды білмесе де тыңқылдатып отыратын. Біз оны шиқылдақ деп атайтынбыз. Әйтеуір домбыраны тыңқылдата бастаса, қара жорғаны билей жөнелемін.

Қазақтың қара жорғасын моңғол биімен шатастырып жүргендер бар. Олар домбырамен билей алмайды. Тек, қобыз үніне билейді. Иен даланы, тау-тасты мекендеген көшпелі халықтың би қимылдарында ұқсастық болуы мүмкін. Қытайда 56 ұлттың өкілі бар. Бірақ, мың жылдан бұрын билей бастағанын бес мың жылдық тарихы бар қытай елі мойындап отыр.

Мен қара жорға биінен өзге аю биін билейтінмін. Алайда, балалар намыстанып, қарсы болды. Өйткені, аю биін билегенде оның әрекетін көрсету үшін киімін кию керек. Қазір ұлыма аманат еттім. Ол балаларға үйретеді, – дейді қарт биші.

Бидің құдіреті бар

Арыстан Тосын қазақ би өнерiне ат салысуды мақсат тұтып, насихаттап жүр.

– Қазақта би болмаған дегенді қайдан шығарып алған. Мен әлі күнге дейін дауласып келемін. Өзiмiздегi бар нәрсенi қалай жоққа шығарамыз. Қайта жоғалтқанымызды тауып, жарыққа шығаруымыз керек. Би – қазақтың өзiмен бiрге өнiп-өскен өнер. Ол аспаннан салбырап түсе салған жоқ, қазақтың тұрмыс-тiршiлiгiнен туған өнер. Ән де солай. Өмiрден алған әсерден, қуаныштан, қайғы-күйiнiштен туындайды. Композиторлар көңiл күйін әуенмен, сазбен, ал ақын-жазушылар сөзбен жеткізедi. Би де сол сияқты. Бiрақ, мұндағы iшкi сезiм қимыл-қозғалыс арқылы бейнеленеді. Әрине, ойды тiлмен емес, қимылмен жеткiзу қиын.

Жел-құз тиіп ауыру деген ертеден бар. Билеп-билеп бақсылардың өздері жел тиіп ауырады екен. "Қара жорға" биінде құдірет болмаса, Қытайда, Атырауда, Астанада қанша мың адам билемес еді.

"Қара жорғаны" мен "Буын би", "Бақсы би" деп те атадым. Бала кезімде "Қара жорға" күйі шертілмесе, бақсылар билей алмай, жылан құсап ирелеңдеп жатып қалатынын көргенім бар. Бұл – шаманизмнен қалған нәрсе. Сондықтан "Қара жорғаның" тарихы тереңде, – деді Арыстан қажы.


Қытайда тұрып жатқан Оразбай Бодауханұлы "Қара жорғаны" шебер билейді


Қазақ көрген-білгенін биге айналдырған

Этнограф Байахмет Жұмабайұлы бидегі оқиғаның желісі, мәнерлі қимылдары, қолды сермеу тәсілдері арқылы халық өмірін, тіршілігін суреттеп отырған дейді.

– Жалпы, қазақ биінің тарихы ғүн мен сақ дәуірінен басталған. Қара түске аса мән берген халық құрбандық шалғанда да қара қой шалған. Ал, ислам дінін қабылдаған соң, ақ түске басымдық беріп, ырым-тыйымдарды ақ түспен байланыстырған. Ақ бата, ақ тілек, ақ ниет деген ұғым қалыптасты. Осылайша қара жорға биі қақпайланып, ескерусіз қалған. Негізі Қытай мен Монғолияда тұрып жатқан салт–дәстүрге берік қазақтар оны сақтап қалған. Ал, Кеңес одағының құрамында болған Қазақстан халқының көпшілік жерде қандай биді билеп жүргені белгісіз. Ұлттық нақышы, өзіндік ерекшелігі бар биі жоқ. Тойды ең көп жасайтын ел болсақ та, сол тойларда өзбектің биін билеп жүр. Ал, той – қазақтың қазынасы болғандықтан, оған кәрі-жастың бәрі барады. Демек, нағыз қазақ биін насихаттауға арналған жер ол – той. Бір кездері Тұрсынбек Кәкішев қара жорға биін билеймін деп қызыл асығын шығарып алыпты. Осыдан "Буын" биі деп босқа аталмағанын білуге болады.

Тойда жастар елітіп, өзбектің емес, көзге оғаш көрінетін батыстың билерін билей бастады. Осының барлығы жаhанданудың кері әсері. Біз рухани жаңғыруды енді қолға алып, етек-жеңімізді жинап, салт-дәстүрімізді дәріптей бастадық. Ал, көрші отырған өзбек елі баяғыда рухани жаңғырып алған. Жақында Өзбекстанға жолым түсіп, барып қайттым. Ұлтқа қатысты дәстүрдің барлығын көздерінің қарашығындай қарап, сақтап отыр. Біз болсақ, қанша ғасырлық тарихы бар мәдениетімізді өзгеге беруге құштармыз. Бір ғана бидің қимылына қарап отырып, қазақтың тарихынан сусындауға болады. Мысалы, "Аю" биін алсақ, адамның аюдың апанына қалай кіргенін, еңбектеп шыққанын, оны қалай ұстағанын көруге болады. "Таяқ" биі "Сабау" биінен шыққан. Жүнді түтіп, сабау – қазақтың тұрмыс-тіршілігін айқындап тұр.


Құлжа қаласының тұрғыны Қанас Қамқадылұлы "Аю" биін жастарға үйретіп жүр.


Тойда билейтін билер де бар

Халық билерін зерттеген Өзбекәлі Жәнібеков "Дәстүр және уақыт" кітабында XVIII-XIX ғ. Қазақстан жерінде болған орыс саяхатшылары жинаған материалдар туралы жазған. Онда Т.Паулидің 1846 жылы шыққан "Россия халықтарының этнографиялық сипаттамасы" кітабында "Дәулеткерейдің үйіндегі думан" деген сурет берілген. Мұнда халық музыка аспаптарының сүйемелдеуімен билеп тұрған жігіт бейнеленген" деп жазды.

Қазақтың үйлену салтын зерттеген Д.Исаев 1859 жылы "Русский дневникте" "Тойға дайындық үстіндегі қалыңдықтың замандастары мен құрдастары қолғабыс жасап жүрді. Көптеген әндер айтылды. Күйлер орындалды. Тіптен сауық кештері домбыра мен қобыз сүйемелдеген көпшілік билерімен тамамдалып отырған кездер де болады"деп жазған.

Мәселен, Семей өңірінде әнші, композитор Берікбол Көпенов (1932 жылы қайтыс болған) сахнасы жоқ аулаға жиналатын жұрттың талабына сай аяғына бақан байлап билегені үшін "ағаш аяқ" атанған.

Белгілі ақын Шашубай Қошқарбаев, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайловтың өзі де, әкесі, атасы да белгілі бишілер болған.

Өзбекәлі Жәнібеков былай деп еске алады: "1966 жыл. Бір тойға барған едім. Жұрт твистке басқан кезде бір қарт кісі буынын, бұлшық еттерін қозғап, белгісіз бір биді билей бастады. Жұрт қошемет көрсетіп, ығыса бастады. Би біткен соң, жөн сұрасам, Павлодар облысынан келген халық ақыны Жүнісбек Жолдинов екен. Сол кеште қарт бишінің ел қыдырған есер шақта "Ай қосақ", "Жез тырнақ", "Бала бүркіт", "Қазақтың қалмақ биі", "Құсбегі" билерін оқиға желісімен, сермеу тәсілдерімен таныстырды.

Кейіннен олардың бірқатары "Алқа қотан" биімен бірге Әубәкір Ысмайлов хореограф Ольга Всеволодовна Голушкевичтің қатысуымен қайтадан қойылып, "Шертер", "Сазген" ансамбльдерінің репертуарына енгізілген.

Бұрын Орта Азия мен Шығыс Түркістанда "Қоянбүркіт", "Келіншек" сияқты көпшілік біле бермейтін жұптық билер де болған.

Бидің өздеріне тән тәсілдері болған. Аяқ алмастыру, айналмалы, ауыспалы, бұраң бел, өкшелеу, сақ жүрісі, дүлей, секеңдеу, сүйретпе, зырылдауық – бұлардың барлығы – бірін-бірі қайталамайтын би қимылдары. Алайда, қазақ билерін тек өнер шеберлері мен кәсіби бишілер ғана билеп жүр. Тойларда "Ұтыс би", "Алқа қотан", "Айқосақ" билерін билеуге болады. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібеков бірқатар би атауларын мысалы, Дәулеткерейдің "Қос алқа", Тәттімбеттің "Былқылдақ" күйлерінің атымен "Былқылдақ, Қос алқа" деп атауды ұсынған.

Қара жорғаның үш түрі бар

Қасымхан Бегманов "Халқы мықтының – салты мықты" кітабында қара жорға биінің үш түрі бар деп жазған.

"Қара жорға, бақсы биі, буын биі. Қара жорға әуенімен билеген. Онда баяу билейді. Ал, "Салкүреңмен" жылдам, қарқынды билейді.

Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағының Шіңгіл ауданында "Қара жорғаны" он мыңнан астам адам билеп, Гиннес рекордтар кітабына енген. Сонда бірқалыпты баяу әуенге биледі.

Би өнерінде қазақ халқының наным сенімі, психикасы, философиялық ой-толғамдары, тұрмыс-тіршілігі, көзқарасы, мақсат-мұраты айқын бейнеленіп, үздіксіз дамып отырған. Жұрт топтасқан жерде, сарайда, көк шалғында, тіпті ат үстінде отырып билеген. Би адамдардың өмірге құлшынысын арттырып, әсемдіке, баулиды. Жігер-күшін тасытады. Уайым қайғыдан арылтады. Дене мүшенің сымбаттылығын арттырып, шынықтырады.

Қытайдың Шапшал ауданында тұратын Шәдет Майқанұлы "Ат үстіндегі қара жорғаны" осы күнге дейін билейді.



Би түрлері

"Қыз" биі – сұлулыққа, биязылыққа, талпынған қыздың жағымды қылықтары, әсем жүрісі, назды күлкісі бейнеленген.

"Аққу" биінде аққуға еліктеу басым. Көл бетінде еркін қалқуын, таранып сылануын, өзара мойындарын айқастыра іңкәрлігін білдіруін, қанат қағып, көкте самғауын, қалықтауын, сұлу мүсінін, сыңғырлаған үнін, жағымды қылықтарын суреттеп, адамдардың табиғатпен байланысын, аққу құсына құштарлығын, аялауын әсем қимылмен бейнеленген.

"Қара жорғаны" жерде билеп жүріп, қыза келе ат үстінде билеген. Қарғып мініп, сыңар аяғымен, төбесімен, бір қолымен тік тұрып, аттың бауырынан өтіп, көрермендерді таң қалдырған. Ат болмаса, бір жігітті алып шығып, мойнынан сипалап жүгендеп, ерттеп мініп, тағалап жатқандай қимыл жасап, аттың шабысын салып, күлкіге қарық қылған.

"Бөкенжарғақ" – ым-ишарат, айла тәсілді сан құбылтып, әртүрлі қимыл жасап билейтін би. Бұның өзгешелігі – бірде бөкеннің терісін жамылып, аң болады; бірде қолына мылтық алып, аңшы сияқты бұғып, бүгежектеп, сырғып, аңдып, нысанаға алып, неше түрлі қимылдарды жасап, көрсетеді.

"Қотан" биде қол ұстасып, дөңгелене айналып, әнмен орындайды. Ән ырғағына сай аяқ пен басты оң мен солға бұлғап, әдемі қимыл шығарып ойнайды. Бұндағы мақсат – адамдарды биге машықтандыру, билей алмағандарды ортаға шығарып, өлең айтқызып, күй тартқызып, айыбын өтеткен.

"Айжарық" биінде айлы түнде от жағып, қорлана тізіліп, белгілі ырғақпен билейді. Бір жігіт бір қызға қарама-қарсы тұрып,екі рет шапалақтайды да, қыздың оң алақанына бір ұрып, одан тағы екі рет шапалақтап, сол аяғын алға қарай сәл соза, өкшелерін жерге тигізеді. Сол алақанмен қарсы жақтағы қыздың оң алақанына ұрып, одан соң екеуі алақандарын бір біріне тигізеді.


Қытайдың Күнес ауданында тұратын Оразбай Бодауханұлы "Еңбек" биін жасы егде тартса да билеп жүр


Шара – қазақ биін қолға алған алғашқы биші

Шара Жиенқұлова туралы естеліктердің бірінде оның би туралы айтқан бiр әңгiмесi келтіріледі: "Әлi есiмде, – деп бастап едi сөзiн. – Театрда "Айман-Шолпан" пьесасын қоюға дайындық жүрiп жатқан шақ болатын. Бiрiншi күнi музыкасын тыңдап, әзiрленiп жатқанбыз. Мұхаң, Мұхтар Әуезов менi оңаша шақырып алды да:

– Шара, – дедi, – мынау қазақ халқы – дарынды халық, өнерпаз халық, әннен, күйден мұра қалған. Ал бұл қазақ халқында биден қалған мұра жоқтың қасы. Сен осы бидi қолыңа ал. Менiң байқауымша, сенен бiр нәрсе шығатын түрi бар. Ал қай өнердi алсақ та, опера болсын, мына музыка театры болсын, оның бәрi бисiз болмайды. Осы "Айман-Шолпаннан" баста. Қандай би бар?..

– Мұха-ау, қандай би? Менiң билеп жүрген билерiм әр түрлi. Бұған қандай би лайықты екенiн өзiңiз айтыңыз.

– Сен мынадан баста. Қазақтың мидай даласы... Көкпарды көрдiң бе? Бәйгенi көрдiң бе? Қаражорғаны көрдiң бе?

– Е... көрдiм...

– Мына аттың жорғасы, жәй жүрiсi, сылбыр жүрiсi, шабыс жүрiсi, осының бәрi би емес пе, би. Күйдi тыңдап көрдiң бе? Күй, қол өнерi, ағаш үйдiң өзi, ою, кiлем тоқу, өрмек тоқу, ши орау – осының бәрi – қимыл, осының бәрiн ойлап, музыкасын тауып, күйiн тауып сәйкестiрсең, би болып шығады. Ендi "Айман-Шолпанды" сен мына "Қоян биiнен" баста, – деп өтiнiш айтты. Сонымен екi қызбен қоян болып билеп, кейiнiрек "Қаражорғаны" билеп, би өнерiн бастадым", – деп еске алды көзі тірісінде бір кездескенімде".

"Ұлттық би өнерiмiзге қамқоршы болған заңғар жазушының сол бiр көреген қасиетiнiң өмiршеңдiгiне бүгiнде көзiмiз жеткендей. Мұхаң айтқандардың бәрi қазақ биiнiң табиғатында бар десек, ешкiм бiзбен дауласа қоймас. Ұлы тұлғалар негiзiн қалап кеткен ұлттық дәстүрлi би мектебiмiз де бар, тек оны өз халқымыздың дүние танымына сәйкес туындылармен, ұлттық бояумен өрнектей бiлсек болғаны. Сонда ғана "осы қазақта би болмаған", "би деп жүргендерi түсiнiксiз бiрдеңе" деген ұлттың намысына тиетiн қаңқу сөз тиылады", – деген екен Өзбекәлі Жәнібеков..


Қанас Қамқадылұлы Қытайда "Көкбар" биін билеп жүр


Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары