Тікелей эфир

Қазақ коллекционерлері не жинайды? Нумизмат болғыңыз келсе...

Фото bnews.kz сайтынан алынды
Фото bnews.kz сайтынан алынды
Бүгінде шетелдегідей құнды жәдігер не тарихи өнер туындылары жинау үрдіске айналды. Коллекционердің жеке қорында сақталған әрбір жәдігер тарихтан сыр шертеді.

Өткенді білмей, келешек өркендемейді. Коллекция жинауды бай-бағланның айналысатын ермегі деп қабылдайтындар бар. Енді бірі ақшаға деген құмарлық тиын-тебен жинауға итермелейді деген пікірді алға тартады.

Коллекционер – көне дәуірдің сарқыншағын, өткеннен қалған белгіні жинап, тарихқа өз үлестерін қосып жүргендер. Олар тірнектеп жинағанын өзімен арқалап кете алмайды.

Ресейдің атақты коллекционерлері Павел Третьяков, Пушкин мұражайын құрған Марина Цветаеваның әкесінің жинаған дүниелері қазір Ресейге қалды.


2014 жылы 57 жасар Мартин Тови барлық елдің сирек кездесетін 353 кітабын жинап, Гиннес рекордтар кітабына енген

57 жасар Мартин Тови барлық елдің сирек кездесетін 353 кітабын жинап, Гиннес рекордтар кітабына 2014 жылы енген / Фото mirror.co.uk сайтынан алынды



Мына қызықты қараңыз! Италияда Хавьер деген кісі Мигель де Сервантестің "Дон Кихоттың" 500-ден астам баспадан шыққан 99 тілдегі аудармасын жинапты.

Иллюстратор Аңсаған Мұстафаның әкесі Мұстафин Құрманғазы Қараманұлы сол кітапты қазақшаға аударған екен. Осыны естіген Хавьер жазушылар одағы арқылы авторды тауып алғанын естігенімізде, қуанып қалдық.

Елімізде нумизматика, бонистика, фалеристика, филателия салалары дамып келеді.

Ұлттық банктің маңын торуылдайтындар мен тиындарды тірнектеп жинайтындарды нумизматиктер дейді. Олардан кез-келген тиын туралы сұрасаңыз, мүдірмей жауап береді.

15 қараша ұлттық валюта күнінде еңбектерінің еленгенін қалағанымен, көлеңкеде қалғанды құп көреді. Себебі, бәзбіреулер қыр соңына түсіп ала ма деп қорқады.

Бонистер қағаз жүзіндегі ақшаның түр-түрін жете меңгерсе, фалеристтер медаль мен түрлі таңбаларды жинақтайды. Филателдер поштаға қатысы бар таңбалардың бәрін біледі. Қызық, ә!

Нумизматиктер қатарында есімі әлемге әйгілі саясаткерлер жетерлік.

Әлем элиталарының жинаған коллекциялары

Түптеп келгенде тарих тиындар тілінде де сөйлей алады. Әрбір коллекционердің жеке қоры – жинақталған мұражай. Саясат серкелерінің көпшілігі нумизматика мен филателияға қызығады.

Мысалы, Францияның күн королі атанған Людовик XIV Бурбоновтар әулетінің дәстүрін жалғастырып, сирек кездесетін тиындарды жинаған екен. Патша сарайындағы топтаманы күнде көрген сайын өзіне жаңалық табатын көрінеді.

Әлі күнге дейін Франция – антиквариаттың ордасы саналады. Екінші дүниежүзілік соғыста ешқандай сарай қиратылмаған. Эйфель мұнарасының жанында орналасқан швейцариялық ауылда барлық елдің қару-жарағы сақталған екен.

Рим императоры Гай Юлий Цезарь Август та тиын жинапты. Көне Греция ғана емес, көне Римде де жоғары шенділер бір-біріне бағзыдан таған тартатын тиындарды сыйлағаны жөнінде көне Рим тарихшысы Овидий дерек келтірген. Августтің топтамасында күміспен қатар алтыннан жасалған көшірме тиындар да болған.

Светоний тарихшының айтуынша, Сатурналий мерекесі кезінде шетелден әкелінген, патшалардың бейнесі бедерленген көне тиындары, Омнис тиыны сыйлық ретінде ұсынылған.

Бұл дәстүрді Тит, Домициан, Троян патшалары жалғастырған. Ал, АҚШ президенттері Томас Джефферсон, Рональд Уилсон Рейган, Франклин Делано Рузвельт көне тиындарды жинауға әуес болған.

Тиындарды жинағанның қандай қызығы бар десеңіз, нумизматиканы зерттеп көріңіз. Бәлкім, өзіңіз де коллекционер болып кетерсіз.

Көптеген тиындарда оны соқтырған патшаның есімі, соғылған қаласы, тіпті жылына дейін жазылады. Мұның бəрі жылнамалар мен кітаптар жетпеген тарихтың көлеңкелі тұстарына шам алып кіргенмен бірдей.

Əр жерден табылған тиындар арқылы ежелгі мемлекеттердің сауда жүйесін, елдердің арасындағы дипломатиялық қатынастарға дейін зерттеп шығуға болады.

Біздің елдегі нумизматтарға кейінірек тоқталатын боламыз. Әуелі көненің көзін қарашығындай сақтап жүргендер жөнінде айта кетсек.

Иманғали Тасмағамбетов Францияда жеке көрмесін өткізген

Бүгінде жәдігертанушыны "коллекционер" дегенде ғана түсінетін болдық. Қазақтың болмысын танытатын туындылардан өрісіміз кеңейіп, танымымыз толығып қалады. Жадымыздан өшкен Алаш елінің жәдігерлерін түгендеп, көне заманның жөн-жосығын жете танып жүргендерге кенде емес. Әрқайсысы бір-бір төбе болғандықтан, кітап жазуға тұрарлық.

– Біздің республикада коллекционер ретінде ресми түрде Әділет министрлігінен тіркеуден өткен бір-ақ адам бар. Ол – Иманғали Тасмағамбетов. Осыдан бірнеше жыл бұрын ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майордың шақыртуымен Францияға барып, өзі жеке жинаған құнды заттардан көрме ұйымдастырды. Оның басым көпшілігі – адай түрікмендердің мүлкі. Менің қолымдағы Құнанбайдың шақшасын сол көрмеге қоюға сұратып алды да, кейіннен өзіме әкеліп берді...", – деген еді қарымды қаламгер Ақселеу Сейдімбек бір сөзінде.

Осы сөзден-ақ Ақселеу Сейдімбектің шақша жинағанын білуге болады. Иманғали Тасмағамбетов біраз коллекциясын достарына сыйға тартқан екен.

Кино саңлағы Досқан Жолжақсынов бір сұқбатында: "Өнерге келгенде өте талғамы жоғары. Ол біздің жәдігерлерімізді, атадан балаға мирас болып келе жатқан жауһардай мұраларымызды, зергерлік бұйымдарды жинайтын жақсы қасиеті бар.

Алғаш досымыз Талғат Теменовпен бірге "Біржан салды" түсіре бастағанда Имекеңнен біраз сырға, білезіктерін алдық. Бір эпизодта арттан қуғын шыққанда, аттың үстінде шауып келе жатқан Біржанның қызды мінгестіріп алатын жері бар. Қызымыз жартылай мініп, мен қолыммен ұстап келе жатқанмын. Астымдағы атым соншалықты асау еді, тоқтамай қызымызды өлтіріп ала жаздаған жағдайымыз да болған.

Сөйтіп арпалысып жүрген кезде қызымыздың құлағындағы бір сырғасын түсіріп алыппыз. Бәрімізде ес жоқ. Бәрін жиып қойып, іздеп кеттік. Шөптің арасына түскен зат оңайлықпен таптыра ма? Бір жарым сағат дегенде әзер тауып, Имекеңе қайтарғанымыз бар.

Ол кісідегінің бәрі көнекөз заттар, кәдімгідей сөйлейді. Үлкен әжелеріміздің, апаларымыздың құлағында, білегінде болған сырғалар, жүзіктер. Барлығы да өткен ғасырлардан, өткен замандардан жеткен қасиетті дүниелер. Өнерімізді осылай сақтасақ, қадірлесек кәнекей", – деген екен.


Күмістің иммундық жүйені жақсартатынын ғалымдар дәлелдеді

Күмістің иммундық жүйені жақсартатынын ғалымдар дәлелдеді / Сурет Ұлттық мұражайдың мұрағатынан алынды


Ұлттық мұражайда 1381 жәдігері сақтаулы

Иманғали Тасмағамбетовтың жеке коллекция қорындағы 1381 жәдігердің 1187 данасы зергерлік әшекей бұйымдары екен. 47-і ат әбзелдері болса, 14 данасы археологиядан хабар береді. 130 данасы әр түрлі сала бойынша жинақталыпты.

Ұлттық мұражайға барсаңыз, біз айтқан топтамалардың 342 түрін ғана көре аласыз. Басқалары қорда сақтаулы. Коллекция қазақ зергерлік әшекейлері ғана емес, Орталық Азияның басқа да аймақтарынан табылған бұйымдармен толықтырған. Олардың қазақ әшекейлеріне ұқсас жақтары көп болғандықтан, қазақ арулары өз тұрмысында жиі пайдаланып, тіпті қазақ зергерлерінің өнерін байытуға да игі әсерін тигізіпті. Сондай- ақ қазақ шеберлерінің көршілес қырғыз, түркімен, өзбек, қарақалпақ зергерлеріне еткен ықпалы да аз емес екен.

Ұлттық мұражайдың мәліметтеріне сүйенер болсақ, коллекционердің өнер бұйымдарына деген алғашқы құштарлығы балалық әсерден туындаса керек. Өз сөзінде: "Алашаның бетіне түрлендіре өрнек салып жатқан әжемнің айшықты білезік пен жүзіктерге толы қолдары, епті қимылдары әлі күнге көз алдымда. Оның ою-өрнектердің мән-мағынасынан, асыл тастардың тылсым құпияларынан сыр шертетін әңгімелері әсемдікке деген өшпес құштарлығымды оятып, сол сезім ақыры мені қиын да қызғылықты коллекционерлік жолға салды.

Сондықтан менің коллекциямда Батыс Қазақстан дәстүріндегі білезіктер мен жүзіктердің мол болуы кездейсоқтық емес. Мен оларды ерекше қастерлеймін. Олардың айқын да, салмақты пішіндерінде әжемнің жанарынан талай рет байқағанымдай аса зор мағына, ғасырлар даналығы жатқан сияқты көрінеді.

Коллекция біртіндеп молая түсті. Бір зат өзімен қоса тағы бірін тартты, соның нәтижесінде оның мазмұны, әлдеқандай жаңа сапаға ие болып, менің пайымдауымша, ғылыми деңгейге көтерілді.

Осылайша, зергерлік бұйымдарды жинауға деген құмарлық Қазақстанның, одан әрі Орталық Азияның көркем металл өнерімен тереңірек танысуға жол ашты. Сақ және сармат шеберлері мен зергерлерінің туындыларын қазақ әшекейлерімен салыстыра отырып, біз көне дәстүрлердің адам таңқаларлықтай өміршеңдігіне тәнті боламыз.

Олар көптеген бұйымдардың композициялық құрылысындағы, ою-өрнек ырғақтарындағы ұқсастық заттарды дайындаудағы көне технологиялық тәсілде көрініс беріп отырады. Ғұндар заманының полихром мәнеріндегі бұйымдары мен Батыс Қазақстан, Түрікменстан зергерлік әшекейлері арасындағы ұқсастықтары тіптен таң қалдырады" депті.


Білезік көбінесе жұмыр, төрт қырлы және ширатпалы болып келеді

Білезік көбінесе жұмыр, төрт қырлы және ширатпалы болып келеді / Фото Ұлттық мұражайдың жеке мұрағатынан алынды


Азат Әкімбектің қолындағы құнды жәдігердің саны 15 мыңнан асады

Азат Әкімбек – көне ұйғыр князьдық тегінің өкілі, Орта Азиядағы антиквариаттардың үздік жеке коллекцияларының бірінің иесі. Жәдігертанушыны жете тану үшін атақ-абыройын тізбелеуді жөн көрдік.

Ол – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Libert & Castor аукцион үйінің, Париж Гильдиясы антикварларының құрметті мүшесі, "Мінсіз іскерлік беделі" үшін халықаралық алтын медальға, Италияның "Рыцарлық крест" орденінің, ІІ-дәрежелі Барыс орденінің, Ресей-Швед бизнес-клубының алтын медалінің және т.б. жетістіктердің иегері, суретші.


Азат Әкімбектің қолындағы құнды жәдігерлердің саны 15 мыңнан асып-жығылады екен

Азат Әкімбектің қолындағы құнды жәдігерлердің саны 15 мыңнан асып-жығылады екен / Сурет жеке мұрағаттан алынды


Осыдан-ақ, биік дәрежеге көтерілгенін ұғына беріңіз. Оның 1970 жылдардан бастап жинаған антикварлық коллекциясының бір бөлігі қазақ халқының төл мәдени тарихын баяндайды. Арасында мұражайларға табыстаған, елге сыйлы азаматтарға тарту қылғаны қаншама.

1940-1970 жылдардағы еліміздің кәсіби кескіндеме өнерінің қалыптасып дамуына өнер саңлақтары – Николай Хлудов, Әбілхан Қастеев, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Жанатай Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Саркис Саносян өз үлестерін қосты.

Коллекция жинауды қалай бастаған екен деген сұрақ сізді де мазалап отырған болар. Есейгенінде әжесі сандықтың түбінде сақтаған күміс пен жезден жасалған құманды сыйлаған екен. "Ұйғыр шеберлері мұншалықты сұлу құманды жасаса, басқа ыдыстары бұдан да асып түсетін шығар" деген ой маза бермеген.

Көрдіңіз бе? Баланың өнерге деген құштарлығын ашуына ет жақындары түрткі болады. Ұйғыр сәндік-қолданбалы өнерінің ең қомақты коллекциясы өзінің туған нағашы атасы, атақты Жаркент мешітінің негізін салған Валибай Юлдашевтікі екенін ол кезде білген жоқ.

Төрт бабасы ұйғыр әміршілері мен князьдары болған. Ескі заттарды іздестіріп, бөтен үйге кірген кезде асылдың сынығы екенін үй иелерінің естеріне салған екен. Үлкен кісілер оларды жете танып, құрметтейтіндіктен есіктерін айқара ашқан.

Біртіндеп кәсіби жинақтаушы ретінде қарап, оған ұсталардың ескілікті жұмыстарын өздері әкеліп беретін болған екен. 47 жыл ішінде жинақталған антикварлық коллекция Түркия, Жапония, Франция, Ресей, Венгрияда, Қазақстанның түрлі қалаларында өткен 65-тен аса көрмеге қойылып, халыққа ұсынылыпты. Бүгінде жеке антиквариаттық салоны мен мұражайы бар.


Азат Әкімбек саясаттанушы Ерлан Қаринға біршама жебе оғын сыйлаған

Азат Әкімбек саясаттанушы Ерлан Қаринға біршама жебе оғын сыйлаған / Фото Ерлан Қариннің жеке мұрағатынан


Қару-жарақ – "инфанталист" жігіттерді рухтандырады

Жәдігершінің қорында 18-19 ғасырларға жататын ат әбзелдері, батырлардың сауыт-саймандары, сондай-ақ, ерлер мен әйелдердің тұрмыста қолданған дүниелері жетерлік. Халық мәдениетінің жанашыры Азат Әкімбек 1997 – 2015 жыл аралығында отандық мұражайларға 50-55 миллион теңге көлемінде түрлі жәдігерлер табыстапты.

Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы тағы 33 жәдігерге толыққан екен. Сонымен қатар, коллекционер өзінің коллекциясынан қазақтың қасиетті 7 санын ырымдап, шағатай тіліндегі жеті бірегей қолжазба кітабын Ұлттық кітапхана қорына тапсырған.

Астананың 15 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде Азат Әкімбек: "Жәдігерлердің жалпы саны 300-дей, оның 200-ге жуығы қолжазба. Осы көрмеге қосқаным XVIII-XIX ғ. Орталық Азия халықтарының көне әшекей бұйымдары, ортағасырлық керамика, көркемдеп өрнектелген темір, ағашқа ойылған оюлар. Сондай-ақ, көрменің сәнін ашу үшін, қазіргі заманғы екі суретші – Әлижан Амантаевтың "Алтын Адамның тууы" және "Сақтар. Томирисі" және Диас Өстеміровтің "Аңырақай шайқасы" туындылары қойылған екен.

Ерекшелігін байқасаңыздар, көп Құрандарда таңбалар бар. Мұндай кітаптарды карапайым адам ұстамаған. Олар өте құнды және қымбат болған. Көбіне бай-бақуатты адамдар бір-біріне сыйға тартқан. Коллекциямда ұлы Пайғамбарымыздың өмірбаяны, хадистері толығымен зерттеліп жазылған дүниелер бар", – дейді.

Танымал жәдігерші Азат Әкімбек Қазақ хандығының 550 жылдығына орай да біршама құнды заттар жинаған. Соның ішіндегі ең қымбат дүниесі – XII ғасырдан бері сақталып келе жатқан шырақ. Оның айтуынша, жәдігерді атақты ақындар мен ғұламалар пайдаланған болуы мүмкін. Талай тар жол, тайғақ кешулерден сирек бұйымдардың әсемдігіне сызат түсірмей келе жатқан тарихи жәдігер құны биіктейтіні анық.


апапап

Азат Әкімбек жәдігерлерінің ішіндегі ең қымбат дүниесі – XII ғасырдан бері сақталып келе жатқан шырақ / Сурет жеке мұрағаттан алынды



Азат Әкімбек қарудың биліктің нышаны екенін, оның бойында энергетика, күш бүгіп жатқанын алға тартады. Халықтың қаруын көріп, қандай дәрежеде дамығанын анықтауға болады екен. Сондықтан, қару коллекцияның ең бағалы бөлігі болып саналады. Қылышты көрген кез-келген жан рухтанып кетеді. Сыйға тартқан кезде қынаптан суырмай, ашық алақанмен тарту етеді. Коллекционердің жеке қорында қару-жарақтың түр-тірін кездестіруге болады.

Саясаттанушы Ерлан Қарин жебе оқтары коллекциясын екі мұражайға тапсырған

"Қазақстан" телеарнасының директоры Ерлан Қарин де – коллекционер екен. Ең басты қызығушылығы – жебе оқтары. Әскери-патриоттық мұражайдың ашылғанын естіген бойда жебе оқтарын тапсырыпты. Қалған 100 дана жебені Ұлттық мұражайға аманаттаған.

Ерлан Қарин тарихи жәдігер жинап, коллекционер боламын деген ой болмағанын айтады. Көне заманның жұқанасы балбал тастарды зерттеу үшін қазақ даласында, Моңғолия, Қытайда арнайы экспедициялар ұйымдастырған. 2009 жылы Моңғолияға арнайы сапармен барып, Баянөлгейдегі бірқатар жерлерді аралапты. Сол сапар кезінде тарихшы, өлкетанушы, жазушы Сұраған Рахметұлы өзінің жинаған жебелерінің коллекциясын көрсеткен сәттен бастап қызығушылығы оянған.


Жебе оғына деген құштарлық дәл осы сәттен басталған

Жебе оғына деген құштарлық дәл осы сәттен басталған / Сурет жеке мұрағаттан алынды


Әр жебенің өзінің мақсаты, атқаратын қызметі болатынын айтқан соң, жебелер туралы мәліметті іздестірген.

– Кейін Сұраған Рахметұлы, Зейнолла Самашев ағаларымыз қолдарында бар жебе ұштарын сыйға тартты. Дәл осындай жебе ұштарын жинаумен айналысатын Азат Әкімбек ағамыз да өз коллекциясындағыдан біразын беріпті. Коллекция жинап жатқанымды естіген жұрт өздерінде бар жебелерін, жебе ұштарын сыйлай бастады.

Осыдан бес жыл шамасында "Қазақ әдебиеті" газетіне жебелердің қазақ ауыз әдебиетіндегі атаулары жөнінде зерттеу мақала жазу барысында, бір ғана жебе оғының 100-ден аса түрі және атауы болатынына көз жеткіздім. Әр жебенің әр түрлі бағытта қолданылғандығынан, қазақтың жауынгерлік өнерінің жоғарғы деңгейде дамығанын айғақтайды, – дейді Ерлан Қарин.

Жеке қорында жапон қылышындағы "цубасының" 20-ға жуық түрі бар

Ерлан Қариннің балбал тастардың көшірмесін жинап жүргендігін естіп, таң қалған едік. Сөйтсек, жоғарыда айтып кеткеніміздей, балбал тастардың ертедегі орындарын іздеп, арнайы суретке түсірген.

Осындай қызығушылығын білетін тарихшы Берік Әбдіғалиұлы балбал тасының көшірмесін жасатып, туған күніне сыйлаған екен. Тағы бір қызығушылығы – жапон қылышының сабындағы "цубасы".

Неге тек осы бөлігін ғана жинайтыны жөнінде былай дейді:

– Цуба темірден жасалады. Қылыштың осы бөлігін жапондықтар әсемдейді. Суреттерін, ұрандарын, руының, тегінің кім екендігін цубадан білуге болады. Қылышты басқа, цубаны мүлдем өзге ұсталар жасаған. 20-ға жуық түрін Мәскеу қаласынан, шет елдерден алдырғанмын. Әскери өнер мен қабілеттің ұштасқанынан, поэзияға, әсемдікке деген ұмтылысын аңғаруға болады.

Жап-жасыл бақ, гүлдеп жатқан өрік ағашы, құстардың ән салған сәтін бедерлегеннен-ақ, қоршаған ортаның тылсым сырларын ұғыну үшін арпалысқан ұмтылысты байқаймыз.

Күллі жапон тарихын жүзіне жиған алдаспанға қарап-ақ мәдениеттің жоғары деңгейге көтерілгеніне көз жеткізесіз.

Зергер Берік Әлібай өз үйінің жанынан мұражай ашқан

Халықаралық Карл Фабержье "Құрмет" орденінің иегері, мұсылман әлемінің үздік зергері атағы берілген Берік Әлібайдың жеке мұражайын көргіңіз келсе, тұрып жатқан үйіне барасыз. Бір бөлігінен шеберхана ашып, келесі жағын мұражай етіп жасақтаған. Ол жерден жылдар бойы өзі, шәкірттерінің көз майын тауысып жасаған туындылары мен тірнектеп жинаған коллекциясын көргенде, бабаларымыздың танымына қанығып қайтасыз.

Көптен бергі арман былтыр ғана орындалыпты. "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі кезінде туристер келіп, таңдай қағыпты. Бес жасынан зергер болған Берік ағаның Әлібай атасының інісі Әлімбай шебер болған екен. Бүгінде ұрпақ сабақтастығын жалғап келе жатқанының дәлелі – жәдігерлердің ордасы.

Берік Әлібайдың ұлы Зият Cәтімбектің айтуынша, шетелдіктердің кілемге қызыққанын байқаған соң, жинай бастаған. 30-40 жыл бұрын қазіргідей мұражай ашарын кім біліпті? Бала күнінен қалай басатынын, тоқитынын көріп өскен соң, тереңіне бойлай алған.

Берік Әлібайдың зергер екенін естіген жұрт аталарынан қалған дүниелерді алып, қаржы жағынан қиналып тұрғандығын айтып, базынасын айтып келеді. Көлік алуға дайындап қойған ақшасына жәдігерлерді сатып алған кездері болыпты.

Бірақ, арнайы антиквариат дүниелерді іздеген емес. Әшекейлерге бағалы тастарды қолданатын болғандықтан, еліміздің түкпір-түкпірінен тас іздеп жүреді екен. Шетелде мүлдем жоқ тастардың қыр-сырын Берік Әлібай бес саусағындай біледі.

Суретші Жеңіс Кәкенұлы:

– Кейде өнер тармағына бүр шығып, гүлдемей қоятыны бар. Кейде гүл шығып, мәуе бермей қоятыны бар. Құдайға шүкір, таланттың тұмасын тумысынан қанып ішкен Берік Әлібайдың билік пен бұқараның көз шоласына тез түсті. Өнер биігіне сән-салтанатымен шықты. Әне, тыным таппап еді, тыныштық іздемеген еді, бай-бағлан қатарында жүр, – дейді.

500 жылдық тарихы бар шырағданның құрамында алтын бар

Берік Әлібайдың мұражайына келер болсақ, бізді ең әуелі қызықтырғаны – қаз-қатар тізілген жез самаурындар. Бір қарағанда құман дерсіз. Шыңғысхан дәуірінде осы тектес самаурындар қолданыста болған екен. Бәлкім, сол кезеңнен қалған сарқыншақ болуы да мүмкін. Біз білетін түрлері Ресейден жеткенін білесіздер. Ғалымдардың топшылауынша, самаурынды ең алғаш түркілер ойлап тапқан болуы керек.

Шырағданға мән бермеген едік. Сөйтсек, бұл құнды жәдігер 500 жыл бұрынғы тарихтың куәсі екен. Моңғол кезінен жеткен шырағданның астыңғы бөлігінде алтынмен гүл салыныпты.

Теріден жасалған көнек, күміс, алтын тиындар, әшекейлер, ертоқымдарды көргенде мақтаныш сезімі оянып, сарқылмас кеннен қуат алып қайтасың.


Түйенің терісінен жасалған көнек – бүгінгі шәйнек

Түйенің терісінен жасалған көнек – бүгінгі шәйнек / Фото voxpopuli.kz сайтынан алынды


Мерейтойға арналған тиындарды жинауға тырысыңыз

Сегізінші қараша күні суретші Айша Ғалымбаеваның 100 жылдық мерейтойына арналған 100 теңгелік тиын шықты. 10 мың данамен ғана шыққан тиын екі күнде 312 теңгеден сатылды. Ұлттық банктің кассасы 9:00-15:00 аралығында ғана жұмыс істейтін болғандықтан, коллекционерлер таңғы 5.30-дан бастап кезекке тұрады.

Әрбір адамның бір күн ішінде бес тиыннан ғана алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан дәл тиын шыққан күні дос-жаран, туған-туысыңызды ерте келіп, көп мөлшерде сатып алуға тырысыңыз. Өйткені, 10-қарашадан бастап бұл тиынды тек нумизматтардан ғана ала аласыз. Ал олар тиынды 3000-5000 теңгеге сатып жүр.

Ескеретін тұсы: тиын арнайы қорапшаға салынып, қағазының бір шеті де майыспау керек. Романовтар әулетінің тиындарының барлығы құнды саналады екен.

КСРО кезіндегі мерейтойлық рубльдерді арнайы қорапшасында жинасаңыз, тарихтың бір бөлшегі қолыңызда дей беріңіз. EXPO кезінде нумизматтар келген барлық елдің ақшасы мен тиынын жинаған.

Мектеп кезінен тиын жинаған Болат Жұмаділдаұлы досының коллекциясын көргеннен осы салаға әуесі ауған. Біраз жыл ішкі істер қызметкері болған соң, тиынның біраз бөлігін жинай алмай қалыпты.

– Тынық мұхиты маңындағы аралдардың тиындарын іздеп жүрмін. Сатып алуға болғанымен, бағалары тым қымбат. Сонымен қатар флора мен фаунаның суреттері бар тиындар да бағалы саналады. Спорт бағытындағы тиындарды жинай бастадым. Екі жасар немерем футболға қызыққан соң, осыған қатысты тиындарды назардан тыс қалдырмаймын, – дейді.

Жалпы тиындарды мына жерлерден сатып алуға болады

9.00-15.00 аралығында Ұлттық банктің кассасынан;

9.30-12.30 аралығында, әр жексенбі күні Астана концерт залының алдындағы коллекционерлерден;

Антиквариат дүкендерінен;

Agara.kz немесе olx.kz сайтынан бағаларын салыстыруға болады.

Арнайы топтамада тиыныңыздың сапасына қарай үш түрлі баға көрсетілген. Осыны көріп қана сатып алыңыз.


Мына аверс зауыт ақауы – 2500-3000 теңгеге бағаланады

Мына аверс зауыт ақауы – 2500-3000 теңгеге бағаланады / Фото Болат Жұмаділдәұлының жеке мұрағатынан алынды


Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары