Тікелей эфир

"Болашақ балаңның руын да, түрін де таңдауға болады". Қазақстанда ұрық саудасындағы сұраныс қандай?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Елімізде аналық және аталық тұқым жасушасын сақтауға лайықталған 8 криобанк бар. Қазір онда 4 мыңға жуық ұрық сақталған.

Соңғы жылдары республикада сәби сүйе алмай жүргендердің қатары көбейген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы бедеулік көрсеткіші 15-20 пайыз, дүниежүзілік статистикамен деңгейлес. Демек, әлем бойынша туу көрсеткіші төмендеген. Мамандар таяу болашақта ұрпақ саны тіпті азаяды деп қауіптеніп отыр. Өйткені, экологияның нашарлауымен бірге бедеуліктің белең алуына әлеуметтік тұрмыстық жағдайдың төмендеуі де басты себеп. Оның үстіне, ұрығы әлсіз еркектер мен аналық жасушасының белсенділігі төмендеген әйелдер саны артқан. Олар үшін балалы болудың ең тиімді жолы – ұрық доноры. Мұндай тәсілмен сәби сүйгісі келетіндер елімізде көп пе? Ұрығын саудаға салған донорлардың қызмет құны қанша? Іnformburo.kz ұрық саудасы мен бедеулікке қатысты өзекті сауалдарға жауап іздеді.

Қазақстанда ұрық донорына жүгінетіндер көп пе?

Табиғатынан ұрығы аз қыздар болады. Оларда аналық бездерінің жұмысы өте ерте, тіпті 35 жасқа жетпей-ақ тоқтауы мүмкін. Соның кесірінен табиғи жолмен сәби сүйе алмайды. Бірақ, ел қатарлы құрсақ көтеріп, әйел бақытын сезгісі келеді. Мұндай келіншектерге ооцит донорының жасушасын қолдануға кеңес беріледі.

Сол сияқты, ер адамда егер қандай да бір аурудан кейін немесе басқа себептермен аталық тұқым жасуша әлсіз болса, ерлі-зайыптыларға шәует донорлығы ұсынылады.

Донордың тұқым жасушасымен жатырішілік ұрықтандыру – бедеулікпен күресудің ең тиімді әдістерінің бірі саналады. Оның құны клиенттің денсаулығына қарай қанша жасушаны қажет ететініне байланысты есептеледі. Мәселен:

  • 1 ооцит 80 мың теңге;
  • донорлық шәует (сперма) 50 мың теңге.

Эмбриондарды көшіріп отырғызу, басқа да рәсімдердің бағасын есептей келе, мұндай жолмен сәби сүюдің орташа құны 700-800 мың теңгеге жуықтайды. Бұл қызметті көбінесе өздерінің аналық немесе аталық тұқым жасушасының сапасы төмен ерлі-зайыптылар, әрі жалғызбасты әйелдер қолданады. Яғни, шәует жатырға енгізіліп, ұрықтандыру табиғи жолмен жүреді. Репродуктивті медицина институтының репродуктолог дәрігері Аяулым Қосетованың айтуынша, ұрық донорының қызметіне жүгінетіндер жыл өткен сайын көбеюде.



"Ооцит донорлығына сұраныс артып жатыр. Себебі, бала тууды кейінге қалдырып, мансап қуып жүріп қалған немесе жалғызбасты қыз-келіншектеріміз көп. Көбісінің жасы 40-тан асқан. Бұл жастағы әйелдер донорлық ооцитке жүгінбегенде қайтсін? Өйткені, 35 жастан асқан соң әйелдердің аналық бездерінің жұмысы біртіндеп төмендеп, сола бастайды. Еркектерге ол проблема емес, олар кеш қартаяды. Ал әйелдерде аналық жасуша ерте істен шығады. 40 жасқа келген кезде антимюллер гормоны (АМГ) төмен болып, аналық жасушаның сапасы нашарлайды. Сондықтан өз бетімен құрсақ көтеру екіталай. Осындай әйелдерге біз ооцит донорлығын ұсынамыз", – деді Аяулым Қосетова.

ДСМ мәліметінше, ооцит донорлығы барлық экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламаларының шамамен 10 пайызын құрайды. Олай болса, донордың аналық тұқым жасушасын жылына 900-1000 адам қолданады деген сөз. Демек, ооцит донорларының саны 200-ден асады. Ал өзінің шәуетін өткізуші донор ер азаматтардың нақты саны белгісіз. Бірақ, министрлік шамамен 150-дей ер адам бар екенін хабарлады. Жалпы, донорлар туралы ақпарат құпия болады. Сондықтан жасалған келісім шарт бойынша ақпарат ашық жарияланбайды. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта цифрлық технологияға сүйеніп, ооцит және шәует донорларының бірыңғай регистрін жасауды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: "Аңсаған сәби" аясында ЭКО-ға жылына 7 мың квота беріледі. Оны қалай алуға болады?

Кім ұрық доноры бола алады?

Ерлер мен әйелдердің ұрық жасушаларын, сондай-ақ, эмбриондарды сақтау мақсатында тоңазытып қоюға, яғни, криоконсервацияға көп елде тыйым салынған. Мәселен, Германия, Италия, Оңтүстік Корея мен Өзбекстанда ооцит донорлығына мүлдем рұқсат жоқ. Ал Францияда ұрық донорларының қызметі құпия түрде жасалады. Қазақстанда донорлықты жүргізу және жыныстық жасушаларды сақтау ережесі Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығы негізінде заңды түрде бекітілген. Онда ооцит донорлары мен шәует донорларына қойылатын талаптардың барлығы көрсетілген.

Кез-келген адам ұрық доноры болуы мүмкін. Ол сәбилі болғысы келетіндердің туысы, досы, танысы немесе мүлдем бөтен адам да бола алады. Донор өзінің жыныс жасушаларын тегін немесе ақылы негізде бере алады. Басты талап денінің саулығы, тұқым қуалайтын және басқа да аурулардан ада болуы. Сондай-ақ, диспансерлік орталықтарда есепте тұрмауы шарт.

"Мысалы, бізге екінші рет тұрмысқа шыққан 47 жастағы әйел келді. Сәби сүйгісі келеді, бірақ, аналық бездері солып қалған. Біз оған өзіміздің криобанкте сақталған донорлардың ооцитін ұсындық. Алайда, келіншек өзінің бірінші күйеуінен туған 24 жастағы қызының аналық жасушасын қолдануды жөн көрді. Қызы тұрмысқа шыққан, бір баласы бар. Ол күйеуінің рұқсатымен биоматериалдарын анасына берді. Осылайша, қазіргі күйеуі мен қызының ұрығын алып, ұрықтандырып, жатырына салып бердік. Бірінші мүмкіндіктен кейін бірден бала көтерді. Қазір 30 апта болды", – деді репродуктолог дәрігер Аяулым Қосетова.

Оқи отырыңыз: Бақытты ақшаға сатып алуға болады немесе ЭКО-ның көмегімен сәби сүюдің құны қанша?

Қазақстанда қанша генетикалық банк бар?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, елімізде аналық және аталық тұқым жасушасын сақтауға лайықталған 8 криобанк бар. Қазіргі таңда онда 4 мыңға жуық ұрық сақталған. Дегенмен, кез-келген адам ұрық доноры бола алмайтынын ескерген жөн. Үміткерлер арасынан тек денсаулығы мінсіз, түр-сымбаты келіскен, әдемілері ғана іріктеледі. Донор әуелі сауалнама толтырып, өзі туралы толық ақпарат ұсынуы тиіс. Онда шыққан руы, жұлдызнамасы, меңгерген мамандығы мен мінезіндегі ерекшеліктері де көрсетіледі. Сондай-ақ, донор өзінің бала күніндегі, қазіргі кездегі және өзі туған баласының суретін ұсынуы міндетті. Бұл болашақ ата-аналардың өздерінің баласының қандай геннен шыққанын және түрі қандай болатынын білуі үшін қажет. Дәрігерлердің айтуынша, кей ата-аналар тұқым жасушалары сақталған криобанкке руы мен түріне қарап тапсырыс береді екен.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ДОНОРСТВО в Казахстане (@cryobank.kz)

Сауалнама толтырып, дәрігерлердің жан-жақты тексерісінен өткесін ғана донормен заңды келісімшарт жасалады. Донорлар өздерiнiң ұрық жасушаларын ұсынғасын, болашақ балаға қатысты ата-аналық мiндеттердi жауапкершiлiгiне алмайды. Әрі ұрық жасушаларының кімге берілгенін, яғни, одан кейінгі тағдыры туралы білуге құқығы жоқ. Ал бір тапсырған адамның ұрығын бірнеше рет қолдана беруге болатынын ескерсек, келешекте сол ұрық иесінен тараған ұрпақ бір-бірімен шаңырақ көтеріп, некесін қимасына ешкім кепілдік бере алмайды. Біздегі заң бойынша бiр донордан 20 баладан артық тумауы үшін бұл донордың қызметін пайдалануды тоқтатуға негiзi болып табылады.

Оқи отырыңыз: Ұрық саудасы. Қалқан құлақ, қоңқақ мұрындылар жарамайды

Ұрық донорларының қызмет құны қанша теңге?

Донор болған азаматтарға шәуеттi тапсыру алдында 3-5 күндей жыныстық қатынасқа түспеу ұсынылады. Шәуеттi алу мастурбация арқылы жүзеге асырылады. Ұрықты арнаулы стерильдi, алдын ала таңбаланған ыдысқа жинайды. Бір рет тапсырылған шәуеттің мөлшері шамамен 1 миллилитр болады. Әдетте ондағы 20 миллиондай аталық ұрықтың 25 пайызы ғана белсенді. Бірақ, оның бәрі аналық жасушаны ұрықтандырмайды. Ол тек 5-6 аналықты ұрықтандыруға жетеді. Мұндай бір реттік қызметі үшін донорға 50 мың теңгеге дейін ақы беріледі.

Ооцит доноры болатын азаматшаларға бір реттік қызметі үшін сыйақы алынған аналық ұрықтың санына байланысты төленеді. Яғни, 200 мың теңгеден бастап 300 000 теңге аралығында. Құны қымбаттау, себебі, әйелден ұрықты алу процесі денсаулыққа ауырлық туғызады.

"Әйелде фолекула әбден пісіп-жетіліп, 18 мм болған кезде аламыз. Осы көлемдегі фолекуланың ішінде жетілген аналық жасушасы болады. Ол шамамен етеккірдің 12-14 күндері жетіледі. Аналық жасуша пункция арқылы алынады, процесс наркозбен жасалады. Қанша фолекула өссе, соны пункция кезінде түгел сорып алу керек, Әйтпесе, ісікке айналып кетуі мүмкін немесе су жинала бастайды. Әрбір пункция жасаған сайын иненің орны ісіп, температура көтеріліп, асқынулар болуы мүмкін. Бірақ, мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Асқынған жағдайда әйелді емдейміз. Жалпы ооцит донорлығына келген әйелдердің барлығына қандай келеңсіздіктер туындауы мүмкін екендігі алдын ала ескертіледі. Олар өздерінің келісімін жазып, қолхатқа қол қояды. Келісімшарт заңгерлер арқылы жасалады", – деді Аяулым Қосетова.

Аналық жасушасын тапсырған донор әйел кемінде 2-3 ай демалып, денсаулығын қалыпқа келтіруі қажет. Өйткені, тынықпаған ағзадан сапалы ооцит бөлінбейді дейді мамандар. Ал, еркек донорлар шәуетін араға апта салып тапсыра беруіне болады екен. Мамандардың сөзінше, донорлықтың бұл түріне көпшілігі материалдық жағдайын жақсарту мақсатында баратын көрінеді.

Оқи отырыңыз: Ата-ананың рұқсатынсыз түсік жасатуды заңдастыру қажеттілік пе әлде қамқорлық па?

Қазір ұрық донорлары тапшы ма?

Репродуктолог дәрігерлердің айтуынша, соңғы жарты жылда ооцит және шәует донорлары азайып кеткен. Бұған, коронавирустық пандемияның ықпалы тиюі мүмкін. Сондықтан, мұндай қызмет түрін ұсынатын медициналық орталықтар қазір жан-жақты жарнама беріп, сәбилі болуға мүмкіндігі жоқ адамдарға көмектесу үшін донор болуға шақырып жатыр.


Сурет ғаламтордан алынды


Криобанкке кімдер көбірек жүгінеді?

Дәл қазіргі таңда Қазақстанда тұрмысқа шықпай тұрып өзінің аналық тұқым жасушасын сақтайтын қыздар аз екен. Министрлік мәліметінше, олардың саны жылына 15-тен аспайды. Ұрықты сақтау төлемақысын әр орталық өз бетінше белгілейді. Орта есеппен жылына 40 000 теңге шамасында, сақтау мерзімі шексіз.

"Біздің орталықта 4 аналық жасушаға дейін қатырып сақтап қою үшін, бастапқы төлем 60 000 теңге. Ал егер бестен жоғары клетка болса, бастапқы төлемге 100 000 теңге төлеуі тиіс. Ал жасушаның күтімі үшін айына 3000 теңгеден беріп отырады. Себебі оны қатыруға орын керек, оған салатын арнайы табақшалары болады. Қыз-келіншектерге ең бастысы, бала туатын уақытты өткізіп алмау қажет. Қанша жаста тұрмыс құрғысы келетінін әрине әркім өзі біледі. Бірақ, аналық без жас болып сізді күтіп тұрмайды. Ол сізбен бірге қартаяды, сапасы нашарлайды. Сондықтан, біз тұрмысқа шығуды, бала көтеруді кейінге жоспарлап жүрген әйелдерге "ооцитіңізді жас кезіңізде қатырып қойыңыз" деп кеңес береміз. Мысалы, қатерлі ісікке шалдыққан келіншектерге де химия алмас бұрын, ота жасатпас бұрын ұрықтарын қатырып қоюға болады. Қазір онкология жасарып кетті. Бізге 30 жастағы қыз-келіншектер келеді. Рактан жазылып, диспансерлік есептен шыққан кезде өзінің репродуктивтілік функциясын жалғастыруы үшін, таза, уланбаған және химия алынбаған аналық жасушасын алып, ұрықтандырып өзі көтеруіне болады", – деді репродуктолог Аяулым Қосетова.

Статистикалық мәліметке сәйкес елімізде 20-26 жастағы қыздарда етеккірдің ерте тоқтауы, яғни, аналық бездердің мерзімінен бұрын сарқылу жиілігі өте төмен болса да, шамамен 1%-дай бар. Оның себебі, біріншіден, тұқым қуалайтын аурулар, екіншіден оған экология әсер етуі де мүмкін. Осындай жағдайға тап болған қыздардың кейбіріне тек жасуша донорлығы ғана көмектесе алады. Мамандар, әрбір қыз балаға репродуктолог дәрігерге көрініп, ұрпақты болу мүмкіндіктерін білуге шақырып отыр. Егер ұрпақты болу мүмкіндігі төмен болса, онда балалы болуды кейінге қалдыруға болмайды. Сондықтан ата-ана ерте жастан қыздары мен ұлдарын профилактикалық тексеруден өткізуі керек.

Оқи отырыңыз: "Баланы урологқа бес жастан бастап қарату қажет". Ерлердің жыныстық қуаты неге төмендеп кетті?

Бедеулер саны қанша?

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының ақпараттық жүйесінің деректері бойынша, елімізде 9467 әйел бедеулікпен есепте тұр. Ал ер адам бедеулігі бойынша нақты мәлімет жоқ. Бұл тек мемлекеттік медициналық ұйымдарға тіркелген келіншектер бойынша дерек. Көптеген науқастардың жекеменшік орталықтарда бақыланатынын ескерсек, бедеулік есепте тұрғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Сәби сүйе алмай жүрген ерлер мен әйелдердің орташа жасы қандай?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда бала көтере алмай жүрген:

  • әйелдердің орташа жасы – 34;
  • ерлердің орташа жасы – 37 жасты құрайды.

Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі

Бедеулікке қандай аурулар мен факторлар әкеледі?

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бедеуліктің екі түрі бар:

  • Туа біткен бедеулік – өте сирек кездеседі. Бұл жағдайда жыныс мүшелері мен жатырдың жетілмей тууы басты себеп болады;
  • Жүре пайда болған бедеулік – басым көпшілігінде осы түрі кездеседі. Көбінесе бедеулік салауатты өмір салтын сақтамауға тікелей байланысты. Соның себебінен қабыну процесстері, әртүрлі инфекциялар, жатыр түтікшелерінің бітелуі немесе жұмысының нашарлауына, әйелдердің де, еркектердің де ұрығының сапасы төмендеуіне алып келеді.

Айта кетерлігі, елімізде бедеу әйелдердің 70-80 пайызы кезінде түсік жасатқандар. Осындай факторлардан туындайтын жалпы жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі сырқаттары, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, етеккірдің бұзылуы, гормондық бұзылыстары бедеулікке әкеліп соғады.

Ал ер азаматтардың бедеулігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі, яғни, аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді.

Бүгінгі күнде экологиялық фактордың да ұрпақсыздыққа әкелу әсері үлкен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы бойынша , егер әйел мен еркек үйленіп, бір жыл бойы жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Оған тек әйелдер ғана емес, еркек те себепкер болуы мүмкін. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлемде де, оның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Сондықтан балалы болу үшін ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткізу шарт.

Оқи отырыңыз: Экстракорпоральды немесе жасанды жолмен ұрықтандыруға (ЭКО) қалай квота алуға болады? Нұсқаулық

ЭКҰ-ға бөлінетін квота саны 7 есе артады. "Бэби-бум" күтуге бола ма?

Мамандар 7 мың квотадан орта есеппен 28-30 пайыздан аса бала туылады деген болжам жасап отыр. Өйткені еш нәрсе жүз пайыз кепілдікпен бітпейді. Тіпті табиғи ұрықтанудың өзінде де әрбір жұбайлық қатынастан бойға бала біте салмайды. Сондықтан, ЭКҰ технологиясы да толық кепілдік бермейді.

Жалпы, дүниежүзінде take-home baby rate атты статистикалық көрсеткіші бар. Мамандар осы көрсеткішті негізге алады. Онда Европалық регистр бойынша ЭКҰ-ға жүгінген әйелдердің шамамен 28 пайызы аман-есен босанып, баласын перзентханадан үйіне алып келеді екен. Осыған байланысты отандық мамандарда 7 мың квотадан орта есеппен көрсеткіш 28% шамасында деп жоспарлайды.

Серіктестер жаңалықтары