№1. Жасанды жолмен ұрықтандыру (ЖЖҰ) дегеніміз не?
Бұл – бедеу әйелге жүгінуге болатын қосымша репродуктивті технология. Оның айырмашылығы денеден тыс ұрықтандырылатындығында. Ерлі-зайыптылардан қажетті генетикалық материалдар алынып, аналық жасуша зертханада ұрықтандырылады, бұдан соң ол арнайы инкубаторға салынады. Ұрық дұрыс дамыған жағдайда оның бірнешеуі анасының жатырына енгізіледі.
№2. ЖЖҰ бізде қанша тұрады?
Шындығында, арзан емес. Тек қана аналық жасушаны ұрықтандырып, жатырға енгізудің құны 350 000 теңгеден басталады. Бұл сомаға мамандардың қабылдауы, түрлі анализдерді тапсыру, сондай-ақ дәрі-дәрмек ақысы кіреді. Алайда, оның нәтижесіне ешқандай кепілдік берілмейді.
№3. Процедураны тегін алуға бола ма?
Иә. Қазақстанда 2010 жылдан бастап жасанды жолмен ұрықтандыру бағдарламаларына квоталар бөліне бастады. Бүгінге дейін 5000-ға жуық процедура тегін жасалды. 2018 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде 900 квота бөлу жоспарланып отыр. 2010 жылдан бері елімізде бюджеттік бағдарламаның арқасында 1500 астам бала дүниеге келді.
№4. Квота алу үшін не қажет?
Ең алдымен тұрғылықты мекен-жайы бойынша бейінді мамандарға диспансерлік есепке тұру керек. Денсаулық сақтау басқармасы квота беру үшін тізім жасайды. Емделмейтін бедеулік немесе басқа әдістерге қарағанда жасанды жолмен ұрықтану мүмкіндігі жоғары деген көрсеткіштері барлар тізімге ене алады. ТМККК шеңберінде жасанды жолмен ұрықтандыруға репродуктивті жастағы соматикалық, эндокринді жағдайы жақсы, соның ішінде аналық жасушалар қоры нормаға сай пациенттер жіберіледі.
№5. Квотаға қанша әйел кезекте тұр?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, елімізде 5000 шақты пациент кезекте тұр.
№6. Жалғызбасты әйелдің квота алу мүмкіндігі бар ма?
Иә, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда. Квотаға ерлі-зайыптылар ғана емес, некеге тұрмаған әйелдер де үміткер бола алады.
№7. Квота кімдерге берілмейді?
Бала көтеруге мүмкіндігі жоқ, ауыр дерті барларға квота берілмейді. Бұған аналық жасушасында, жатырда ісік болса, қатерлі ісікке шалдыққандар, сонымен қатар жүктілікке және ұрықтандыруға жол бермейтін жатыр қуысының проблемалары, жүктілік және бала тууға қарсы көрсетілімі бар кез келген органдарының ауыр ісінуі, сондай-ақ соматикалық және психикалық аурулары бар, аналық жасушалар қоры аз әйелдер жатады.
№8. Процедураны жылына неше рет тегін алуға болады?
ТМККК шеңберінде жылына бір рет. Егер нәтиже шықпаса тағы да кезек күтуге тура келеді.
№9. 2018 жылы квота қандай клиникаларға берілді?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде квота бойынша 5 медициналық ұйым жұмыс істейді:
- UMC "Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы";
- ШЖҚ РМК "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы";
- "Астана ЭКОЛайф" ЖШС;
- "Неке мен отбасы" медициналық орталығы Тараз қ.;
- " ЭКО орталық" ЖШС, Алматы қ.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.