Тікелей эфир

Белсіз қалсаң, дертті болсаң саумал іш. Ол – адам ағзасын емдейтін бірегей дәрумен

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Адам ағзасына тез сіңіп, түрлі асқазан, ісік ауруларына ем. Қан құрамын реттейді. Тіпті белсіздікті жояды дейді мамандар.

Соңғы жылдары "Саумалмен емдеу" орындары, нақтырақ айтқанда, биебаудың басынан саумал ішетіндер көбейді. Бұл бір жағынан қуанарлық, екінші жағынан қызығарлық, құптарлық жағдай.

Ендеше саумал деген не нәрсе?

Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Дәмі тәтті, көпіршіп тұратын, жұмсақ әрі тез сіңетін қасиеті бар биологиялық табиғи өнім. Ол физикалық және химиялық құрамы жағынан ана сүтіне өте жақын болып есептеледі. Бұл тұрғыдан алғанда ешкі сүтінен де жақын.

Саумалдың құрамында белок, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар, С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Жалпы саумалдың құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспалар бар екендігі анықталып отыр.

Оқи отырыңыз: Бақытты ақшаға сатып алуға болады немесе ЭКО-ның көмегімен сәби сүюдің құны қанша?

Сауылғанан кейін 2 сағаттан асқанға дейін саумалдың ешқандай қасиеті жоғалмайды. Саумалдың құрамындағы көп сұйық оттегі әр жасушаға жетеді. Адам организіміне тез сіңіп қана қоймай, түрлі асқазан жараларына, ісік ауруларына ем. Өкпе, бауырды қуаттандырады, қан құрамын реттеп, қантты теңгереді. Сонымен бірге белсіздікті жойып, генді қалпына келтіру ролі бар деп есептейді мамандар.


Жаңадан сауылып көбіршіп тұрған саумал

Жаңадан сауылып, көпіршіп тұрған саумал / Фото informburo.kz


Биелер әр күні 5-7 рет сауылады

Қазақта «биебау», «бие сауым уақыт» деген ұғымдар бар. Биелер таңертеңнен бастап әр екі сағатта бір сауылады. Сауылып болғаннан кейін құлындарымен бірге жайылысқа жіберіледі. Мөлшермен бір жарым сағаттан кейін құлындарын желіге байлайды немесе оларды бөлек қораға қамайды да, биені 15-20 минут тынықтырып алғаннан кейін тағы сауады. Әдетте бір биеден әр жолы 400 миллиграмнан екі литрге дейін саумал алынады.

Оқи отырыңыз: Шипагерлік - қазақ даласында ертеден бері бар ғылым. Оның басты ерекшелігі қандай?

Мысалы, таңертең 08.00, 10.00, 12.00 және 17.00, 19.00-де сауылады. Кештен бастап таңға дейін, және түсте үш-бес сағатқа дейін жайылысқа жіберіледі.


Бұрын желіге байланатын құлындар қазір қашаға қамалады

Бұрын желіге байланатын құлындар қазір қашаға қамалады / Фото informburo.kz



Бие сауу апараты арқылы сауып отырған сауыншы

Бие бүгінде арнайы сауын аппаратымен сауылады / Фото informburo.kz


Оқи отырыңыз: Соғым науқаны басталды, ал ет арзандамай тұр. Ет таңдай білесіз бе?


Қолмен бие сауу

Қолмен де сауылады / Фото informburo.kz


Қымыз – ашытып, дәмделген бие сүті

Қымыздың құндылығы да саумалдан кем емес. Әдетте жаңадан дайындалып, көп пісілген және көп сапырылған, қышқылдығы төмен қымызды – бал қымыз деп атайды.

Бабаларымыз тіптен қымызды қатты ашыту үшін ішіне дәрілік күш беретін күшәланы салып та (бір сағатқа ғана) қымыз ашытқан. Оны ашыту технологиясы мен уақытына қарай бал қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз деп атапты. Ал қуаттылығына қарай "патша қымыз" деген қымыз түрлері де бар.


Саумал ішуге келген бала

Саумал ішуге келгендер көп / Фото informburo.kz


Өркениет адам ағзасына да өзгеріс әкелді

Астана қаласы медицина университеті, профилактикалық медицина және тағамтану кафедрасы, "АС-АРҚАУ, М" инновациялық жобасы жетекшісі Сансызбай Өнерхан: "Өркениеттің үздіксіз дамитыны, алға баса беретіні даусыз. Алайда КСРО мен басқа да батыс елдеріндегі жаңаша ғылыми таным, адамдардың жаппай қалаға көшіп, урбанизацияға ұшырауы және табиғаттан алшақтап, өмір сүру дағдысының өзгеруі адам ағзасына да үлкен өзгерістер әкелді" дейді.

Өнерхан ағамыздың айтуынша, тұрмыстағы өзгерістер – адамдардың санасына да қатты әсер етті. Мысалы, жас ана сәбиін жеткілікті түрде емізбейді, ал ол бала ержеткеннен кейін сол үрдіс тағы қайталанады. Оның үстіне түрлі экологиялық залалдар, генетикалық өзгеріске түскен тағамдарды тұтыну, химиялық дәрі-дәрмектерді көптеп пайдалану – адам организмін жаңа өзгеріске бейімделуге мәжбүрлейді.

Оқи отырыңыз: Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?

Осылайша, табиғат пен адамның екіге бөлінуі – орташа өмір сүру ұзақтығы 120 жас болуға тиісті адамзаттың ерте қартаюына, жастардың 30 пайызға дейіні белсіздікке ұшырауына әкеліп соқтырды.

Демографиялық дағдарыс пен семіздік, адам ағзасында пайда болған ғаламдық дағдарыс әлем ғалымдарын тарихи тәжірибелерге қайтадан көз жіберуге мәжбүрлеп отыр. Енді "Жасыл азық", "Генетикалық өзгеріске түспеген азық", "Химиялық дәрі-дәрмектерді" пайдалануды шектеуге, мүмкіндігінше адам ағзасындағы дағдарыстан құтылуға тырысып жатыр.


Астана медициналық университетіндегі тағам тану кафедрасының зертқанасындағы сүт өнімдерінің құрамын өлшеу аспабымен жұмыс жасап жатқан Өнерхан Сансызбайұлы.

Астана медициналық университетіндегі тағам тану кафедрасының зертханасындағы сүт өнімдерінің құрамын өлшеу. Өнерхан Сансызбайұлы / Фото informburo.kz


"Балалардан бастап, қарттарға дейін саумалмен емделулеріне болады"

Саумал – адам ағзасындағы дағдарысты емдеп, ағзаның өзіндік гендік кодын табуға көмектесетін таза, табиғи өнім. Әсіресе, намысшыл да таза, сергек те жүйрік жылқы түлігінің сүтінде өз гендік коды бар. Ол адам ағзасын да сондай гендік кодты табуға жетелері анық.

Міне, бұл "жылқы мінезді" қазақтарға өте ұнайды.

Біз биебаудағы саумал ішуге арналған орынға барғанымызда кезекке тұрып, саумал ішіп жатқан халықтың қарасы көп болды.

Мұнда кішкентай сәбилерден бастап, еңкейген кәріге дейін келеді. Әсіресе түрлі ісік-жара аурулары барлар, қант диабетін теңгергісі келетіндермен қатар өзін қуаттандыру үшін келетін жастар өте көп екен.

Жастар арасындағы белсіздіктің көбеюінің алдын алуда саумалдың пайдасы көп деп отыр ғалымдар. Бұл түрлі биологиялық не химиялық дәрілерді пайдалануға қарағанда ешқандай қауіпсіз әрі табиғи түрде ұрпақтың денсаулығына да оң ықпал етеді деген көзқараста.

Оқи отырыңыз: Моңғолияға сапар: мұндағы қазақтар қазір мал төлдетіп, уыз жеп, көктеуде отыр

Саумал Астанада қымбат, Алматыда арзан

Алматының әр бұрышында саумалмен емделу орталықтары самаладай қаптап кетіпті. Жергілікті жұрттың айтуынша, "2017 жыл бейресми түрде саумал жылы болған сыңайлы". Оның үстіне Алматы маңында бәсекенің өсуі бағаның да қол жетімді болуына әсер еткен секілді. Мысал, Алматыда саумалдың литрінің орташа бағасы 600-800 теңге аралығында болса, ондай бәсекелестер табыла бермейтін Астанда 1000-1500 теңгеге дейін.

Астанада саумал жеткізіп беретін жекелер де бар

Біз Астанадағы бірнеше саумал, қымыз орталықтарын араладық. Араларында әр күні 2 сағатқа жетпей жеткізіп беретіндер де табылды. Ол үшін сәл үстеме бағада сұрайды екен. Егер қаладан бір жолда көп сұраныс түссе, тегін жеткізіп беруге де дайын.


Саумал ішетіндердің көптігін осы талондардан да байқауға болады

Бір литр саумал 1500 теңге тұрады. Саумал ішетіндердің көптігін осы талондардан да байқауға болады / Фото informburo.kz


Оқи отырыңыз: Алтай қазақтары. Жайлаудағы бір күн

Саумал бизнесі нені түсіндіреді?

Өнерхан Сансызбай: "Адамға қуат беретін және ұлттық санасын, адамгершілік асыл қасиеттерін қалыптастыратын күш оның тілінде, өнер-мәдениетінде, салт-дәстүрінде және ұлттық тағамдарында жасырылған. Осы төрт өлшемді өркениет қағидасының қоғамдық өмірдегі алған орнымен сол ұлттың ұлттық мұраты айқындалады. Себебі, ұлттық болмысты айқындайтын бұл төрт өлшем – ұлттық генетикалық кодтың кілті, пассионарлық қуаты. Бұл – тарих тағылымында адамзат қоғамына ұғынықты болған табиғат заңы. Жастық шақты сақтаудың, ауырып ем іздеу емес, ауырмайтын салауатты өмір сүрудің ең ұтқыр жолы – технологиялық процестері дұрыс сақталып дайындалған экологиялық таза, табиғи маңызды тағам өнімдерін тұтыну. Мұндай маңызды тағам өнімдерімен ас-сулар – қазіргі ғасыр дерті атанып отырған адам ағзасындағы энергиялық тапшылықтар мен бел қуаты әлсіздігі, анемия мен иммунитет әлсіздігі сияқты азған ағзаны қалпына келтірудің табиғи жолы; бұлшық ет, буын қозғалысын сақтауға пайдасы мол емдік қасиетті тағамдар" – дейді.

Саумалдың құны неге қымыздан қымбат?

С.Сейфулин атындағы қазақ аграрлық университетінің профессоры, биология ғылымының докторы Абжанов Валерий Касенұлы: "Саумалды сауады да құйып береді. Оның литрі 1500 теңгеден. Ал пісіп, баптап, ұйытатын қымыздың литрі небәрі 700 теңгеден. Бұл парадокс қой?" – деп сұрады.

Түрлі ауру-сырқаулары көбейген соң осында келген ғалым, өз денсаулығына өте жоғары пайда әкелгенін қуана айтты. Өкініштісі, 45 мың теңге зейнетақысы саумал ішіп, емделу түгілі бір айға өмір сүруге жетпейді.

Оқи отырыңыз: Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар


.Сейфулин атындағы қазақ аграрлық университетінің профессоры, биология ғылымының докторы Абжанов Валерий Касенұлы да әр күні келіп саумал ішуді әдетке айналдырыпты

С.Сейфулин атындағы қазақ аграрлық университетінің профессоры, биология ғылымының докторы Абжанов Валерий Касенұлы да әр күні келіп саумал ішуді әдетке айналдырыпты / Фото informburo.kz


Қарағандыда өңделіп жатқан құрғақ сүттер Еуропаға кетіп жатыр

Елімізде де үлкен саумал және қымыз орталықтары мен қожалықтары бой көтерді. Қарағанды облысындағы "Еуразия инвест" компанисының немістермен біріккен жобасы арқылы шыққан отандық өнім шетел асып жатыр. Оған себеп оны сатып алуға жергілікті халықтың қалтасы көтермейді. Мысалы құрғақ саумалдың әр литрі мөлшермен 19-35 мың теңгеге дейін сатылады. Бұны әсіресе еуропалықтар талап әкетіп жатқан сыңайлы. Деседе, Астанада арнайы дүкені де бар.

Қысқасын айтқанда, ғылымнан да жоғары түйсіктері болған, одан да жоғары таным мен иені, киені түсінген дана бабаларымыздың неше мың жылдық тәжірибесі – біз ғана емес күллі адамзат ағзасында, генінде қалыптасқан дағдарысты жоятын, азайтатын жол.

Олай болса қазақты экологиялық таза, тәбиғи өнімді тұтыну арқылы салауатты да салиқалы өмір салтын қалыптастыруға шақыру керек.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары