Тікелей эфир

Алтай қазақтары. Жайлаудағы бір күн

Сурет автордікі
Сурет автордікі
Осы заманнан ХІХ ғасырға топ ете түссеңіз қайтер едіңіз? Сол заманның жүрегі кең, ниеті дұрыс адамдары қаймағы мен май-құртын, етін алдыңыздан алып шығар еді.

ХІХ ғасырдағы бабалар өмірін көргіңіз келе ме? Олар қалай тіршілік етті? Немен көшіп-қонды, не ішіп-жеді, қандай киім киді?Адамдары қандай еді?

Онда сонау Алтай тауының жотасын мекен еткен алтайлық қазақтардың жайлауына барыңыз. Біз сол жерде болдық. Өз көзімізбен көрдік.

Алтайға барудың қызығы да шыжығы да көп

Мұнда барар жол қиын-қыстау. Екі жағы жалама таулы, ойлы-шұңқырлы, тасыған өзенмен жарысқан тар да тастақ сүрлеумен қазіргі жол талғамайтын көліктердің өзімен жүру қиын.

Тауға шығуға арнайы дайындалған көліктерден тыс ресейдің УАЗ, ЗИЛ машиналарын ғана мінеді екен.


Тау жолындағы киіз үй жанында тұрған Тойота ланд круизер 105 көлігі. Көліктің алдыңғы және артқы бамперлері өзгертілген. Доңғалаққа жастық қойып, асты биктетіліпті

Toyota Land Cruiser 105 көлігі. Алдыңғы және артқы бамперлері өзгертілген. Доңғалаққа жастық қойып, асты биіктетіліпті / Сурет автордікі


Баянөлгейден Алтай ауданына 120 шақырым

Алтай тауларында жауын жиі жауады. Сол кезде өзендер арнасынан тасып, жолды бұзады. Алайда жергілікті халық ондай өмірге үйреніп кеткен.

Біз УАЗ көлігімен Алтай ауданына (Алтай сумын) бет алдық.


Біз мінген ВАЗ авто көлігі.

Бұл жолдармен жергілікті халық фургон деп атайтын УАЗ көлікпен жүреді екен / Сурет автордікі


Алтай ауданы аймақ орталығы Баянөлгей қаласынан 120 шақырым жерде. Жолы кедір-бұдыр. Жауыннан кейін тасыған төрт өзеннен өтуге тура келді. 3-4 сағат жүрдік.

Аймақ орталығынан таңертең сағат 10-да шығып, түсте аудан орталығы Алтай кентіне жеттік.


Алтайға барар жолдағы тасыған өзеннен жол іздеп жүрген жүргізушілер.

Алтайға барар жолдағы тасыған өзеннен өткел іздеп жүрген жүргізушілер / Сурет автордікі


Алтай ауданы мен жайлау арасы 20-25 шақырым

Түскі шәйден кейін аудан әкімі Әсет Әулиятұлының көлігімен төр жайлауға тарттық.


Монғолия, Алтай. 2018 17 шілде. Малшы Есентай Кеңшілікұлының суды кешіп келе жатқан көлігі.

Моңғолия, Алтай. Малшы Есентай Кеңшілікұлына осылай суды кешіп жүру үйреншікті әдет / Сурет автордікі


Қасқатас деген жерде жауыннан кейін құлаған тас өзен мен жартас арасындағы жолды бітеп тастапты.


Жәйлауға шығар жолда. Қасқатастың жолына тас құлап, жолды жауып қалыпты. Аудан әкімі Үрстем бастаған топ жолдағы тасты алып тастап жатыр.

Жайлауға шығар жол. Қасқатас. Аудан әкімі Әсет Әулиятұлы өзі бастап жолдағы тастан тазартты / Сурет автордікі


Төмендегі Шегіртай көлі – мұздықтан қорек алған кішкентай көл. Мөлдірлігі сондай өзеннің табанына жабыса жүзген шабақтар мен балықтар да бірден көзге түседі.


Әйгілі Шегіртай көліне келіп суретке түстік. Арғы шетінде қазақтың киіз үйлері көрінеді.

Әйгілі Шегіртай көліне келіп, суретке түстік. Арғы шетінде қазақтың киіз үйлері көрінеді / Сурет автордікі


Алтай көлдерінде Ұшқыш (орысша Ускуч делінеді) деген балық бар. Бұл – қызыл кітапқа енген ғажайып балықтың түрі.

Алайда бұл жақта балық аулауға ешқандай шек қойылмаған. Сол себепті, орыс, ағылшын балықшыларын да көзіміз шалды.

Жергілікті жұрт "қашаған қызыл" деп атайтын осы ұшқыш балық өте дәмді деседі.

– Мұндай суық әрі таза тау суындағы қашаған қызылдың денесі үлкен болмағанымен екі кішкене балықты тауыса алмайсыз, – дейді балық аулауға жиі шығатын Асқар Шәймарданұлы.


Көл бойы мен өзеннің қилысындағы қазақ ауылдарына да жеттік.

Көл бойы мен өзеннің қилысындағы қазақ ауылдарына да жеттік / Сурет автордікі


Біз осы үйге келдік

Алдыңғысы үлкен үй. Қасындағы отаулары. Үлкен үй – әулеттің ең үлкен ақсақалы және қарашаңырақ иесі тұратын үй. Ал одан тарағандардыкі үлкен үйге отау есептеледі.


Біз іздеп барған Кеңшілік ақсақалдың үйі осы

Біз іздеп барған Кеңшілік ақсақалдың үйі осы / Сурет автордікі


Жайлау – масасыз әрі жанға жайлы салқын

Жайлау – таудың етегіндегі жер. Тау басында қар жатқанымен қатты салқын емес. Жанға жайлы. Масасы, шыбын-шіркей жоқ немесе аз. Осында екі айдай отырып, күн суытқанда тау етегіне қарай – күзеуге жылжып қонады.


Тау бетінде жайлып жатқан мал

Тау бетінде жайылып жатқан мал / Сурет автордікі


– Алтайдағы қазақ малшылары көбінесе жылқы, сарлық және қой-ешкіні малданады. Бұлар сол жердің қатал табиғатына қарай бейімделіп, жерсінген. Әсіресе сарлықтар осы жотаның иесі іспетті. Қандай қалың қарда, қақаған суықта үстерінен буы бұрқырап, еш тоңбастан күйсеп тұрғанын көресіз, – дейді жергілікті малшы Кеңшілік ақсақалдың үлкен ұлы Есентай.


Таңғы жусаудағы қой-ешкілер мен сарлық табыны

Таңғы жусаудағы қой-ешкілер мен сарлық табыны / Сурет автордікі


Мұнда байырғы қазақ тұрмысы сақталғанымен, өркениеттен де құралақан емес. Әр үйде күн энергиясы батереясы мен теледидар бар екенін көрдік. Тіпті, кей отбасылары үлкен антенналарды қойып алған.


Үй ішінде тұрған теледидар мен күн энергиясының батериясын көруге болады

Смағұлдың үйіндегі теледидар мен күннен қуат жинайтын аккумулятор / Сурет автордікі


Қазақ малшысының бір күні

Қазақ отбасында ерлер түз жұмысын, ал әйелдер мен балалар үй жұмысын істейді. Біз барған 95 жасқа келген Кеңшілік Сексенбайұлы әулетімен бір жерді жайлайды екен.

Ақсақалдың 7 баласы жеті үй боп, әр елге тарап кеткен. Бір баласы Астанада тұрады. Ал өзімен бірге отырған үш ұлы мен қызынан тарған отаулардың саны қазір сегізге жетіпті. Немерелерін қосса отызға жуықтайды.

Жазғы демалыс кезінде Ұланбатырда оқитын немерелері де келіп, өз қолғабыстарын тигізіп жүр.


Таңертең түндік ашып жатқан жеңгеміз

Әр күнгі тірілік таңертеңгісін түндік ашудан басталады / Сурет автордікі


Малшы ауылда жұмыс таңғы 4-5-те басталып кетеді. Ерте тұрған келін немесе отанасы алдымен түндік ашады. Сосын от жағып, дәрет алатын суды жылытады. Түнде су болмасын деп жауып қойған тезектің жабуын ашады.

Осы сайдың басы Қазанбай дарасы деп аталады екен. Бұл – мұнда аты аңызға айналған Қазанбай батырдың Қытайдың Алтайына өтетін асуы, Кеңшілік әулетінің тарихи мекені.


Таңғы жусау кезіндегі сарлықтар мен қой

Таңғы жусау кезіндегі сарлықтар мен қой / Сурет автордікі


Таң ата қыз-келіншектер мал саууға, ал ерлер ат әкелуге аттанады.

– Тағы мал болғандықтан сарлықты сауғанда тұсап қойған дұрыс, – дейді отағасы Есентай.


Сарлық сауып отырған ана

Сарлық сауып отырған Есентай ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Күлдән / Сурет автордікі


Демалыс кезінде үйге қолғабыс жасап жүрген студенттер мен оқушы балалар да көп.


Сарлық саууға анасына көмектесіп жүрген мына қыз Моңғолияның Медициналық университетінің студенті екенін біреу білсе біреу білмейді

Сарлық саууға анасына көмектесіп жүрген мына қыз Моңғолияның медициналық университетінің студенті / Сурет автордікі


Жайлаудың құнарлы да шүйгін шөбіне әбден тойған мал ащылайды. Ондайда малға кеміре жалап тұруы үшін тұз керек. Сондықтан кесек-кесек тұздарды әкеліп, қора шетіне қояды.


Ашылаған мал қора шетіне қойылған кесек тұзды кеміреді

Ащылаған мал қора шетіне қойылған кесек тұзды жалайды / Сурет автордікі


Түнгі жайылыстан кейін жылқылар да желі басына келіп ащы кеміреді.


Ащыға келген жылқы үйірі

Ащылап келген жылқы үйірі / Сурет автордікі


Біз барған үйде қой саууға сауыншы жетіспегендіктен қоралы қойды өріске айдады.


Мал өріске шығып барады

Мал өріске шығып барады / Сурет автордікі


Аққұлын – Алтай ауданындағы мектептің 9 сынып оқушысы. Таңертең ат әкеліп, малды өріске айдауға көмектесіп жүр.

Атқа ер немесе тоқым салмай мінуді – жайдақ міну деп атайды. Аққұлын атқа жайдақ мінеді. Дәрігерлердің айтуынша атқа жайдақ міну қуық түбінің қабынуы сияқты ер-әйелдердің ауруының алдын алады. Оның үстіне аттың тері мен иісі де түрлі микробтарды жойып, денеге қуат береді екен. Кешегі аталарымыздың 70-80 жасында да аттан түспей, балалы болу қабілетінен айырылмай жүруінің бір себебі осы болса керек.


Торы атқа жайдақ мінген Аққұлын атты мына бала сауып болған сарлықты өріске айдады

Торы атқа жайдақ мінген Аққұлын сарлық табынын өріске айдап барады / Сурет автордікі


"Таңғы ас Тәңірден" дейтін халықпыз

Түскиіздің жанында, төрге салынған сырмақтың үстінде, рахаттана таңғы шәйімізді ішуге отырдық. Тарихшы, этнограф Еділхан Қонысбайұлы ағамыздың әңгімесі қазақ өмірінің біз білмейтін сырларын тарқатудан басталды.

Киіз үйдің түндігі ашылған. Таза ауада құрт-ірімшікті күтірлете шайнап, қою сарлық қаймағына малдың майына пісірген бауырсақты бір батырып жегенге не жетсін! Артынан сары маймен жұмсартылған сүтті шәйді сораптап отырмыз. Мұндай ауада шәйді қанша ішсеңіз де білінбей сіңе береді.


Тарихшы Еділхан ағамен бірге таңғы асқа отырдық

Тарихшы Еділхан Қонысбайұлымен бірге таңғы асқа отырдық / Сурет автордікі


Сарлықтың қаймағын жеген де арманда, жемеген де арманда

– Сарлық сүті – ең қою, майлы сүт деп есептеледі. Әдетте бір сарлықтан 2 литр айналасында сүт шығады. Сүтті қайнатып алған соң оның бетіне азырақ ұн сеуіп қойса, қаймақтың қалыңдығы бір еліден асады, – дейді жеңгеміз Күлдән.

Осы қалың түскен қаймақты бұзбай, төңкеріп, азырақ шекер сеуіп, оған тағы бір қаймақты жабыстырып кептіріп алатындар да бар екен.

Бұл – нағыз керемет құнарлы тамақ. Ондай қаймақты бүктеп, киіз үйдің іргесін ашып, сонда салқын желге кептіреді. Қысқа сақталғанын жеген кісілер ауыздың суын құрта әңгімелеп отырды.


Қаймағы қалың сарлық сүті

Қаймағы қою сарлық сүті / Сурет автордікі


Нағыз құрттың атасын осында ғана көресіз

Ашыған сүт пен айранды жинап, сабаға құйып піседі. Одан сары май шығады. Майы алынғаннан кейін қалғаны іркіт деп аталады. Қазақтың "иттің үстіне іркіт төгіліпті" деген сөзі осыдан қалған.


Саба пісіп тұрған қыз

Саба пісіп тұрған қыз / Сурет автордікі


Іркітті бірнеше сағат қайнатады. Оны құрт қайнату деп атайды. Іркітті де, қайнап тұрған құртты да ішуге болады. Ол – өте құнарлы, дәрілік қасиеті бар құнды тамақ.


Құрт қайнатып жатқан жеңгеміз

Еділхан ағаның жары Саумалбайқызы Гүлқайым құрт қайнатып тұр / Фото informburo.kz


Келесі қадам – құрт сүзу. Құртты қайнатып, сары суы бөлінгеннен кейін селдір дәке қапқа құйып, сүзеді.


Қайнаған құртты сүзіп сары суынан айырады

Қайнаған құртты сүзіп сары суынан айырады / Сурет автордікі


Құртты сүзгенде шыққан сарысуды қайта қайнатып, сары тамақ жасауға болады. Сонымен бірге бұл сарысумен балшық илесе өте берік болады екен.

Бұрынғы заманда кесенелерді осы сарысуда иленген балшықпен сылаған. 2017 жылы Кейкі батырдың кесенесін де осындай сарысу қосып илеген балшықпен сылағаны тегіннен тегін емес.


Құрттың сарысуы да пайдаланылады

Құрттың сарысуын да пайдаланады / Сурет автордікі


Кебуде тұрған ірімшікті өресімен ұрлап қашатын...

Өре – құрт-ірімшік қатарлы сүт тағамдарын жайып кептіру үшін жасалатын сөре. Өре ағаштан жасалып үстіне "шыпта" деп аталатын тоқылған ши төселеді.


Киіз үйдің алдына өреге жайылған құрт-ірімшік пен тау сарымсағы

Киіз үйдің алдына өреге жайылған құрт-ірімшік пен тау сарымсағы / Сурет автордікі


Кейде сөренің қасына қарақшы тігіп, оған киім кигізеді. Кезқұйрықтар құрт-ірімшікті алып кетпесін деп қарақшыларды жалбыратып қояды.


Өреден құрт-ірімшік алып қашатын кезқұйры деген құс осы

Өреден құрт-ірімшік алып қашатын кезқұйрық деген құс осы / Сурет автордікі


Қонақ келген күні мал туса "құтты қонақ" болды деп ырымдайды. Қазан көтеріп, ет асып, атап өтеді.


Біз барған үйде бір сарлық бұзаулады

Біз барған үйде бір сарлық бұзаулады / Сурет автордікі


Түсте жауын жауды

Алтайдың жайлауы теңіз деңгейінен екі шақырымнан астам биікте орналасқан. Кез келген мезетте күн күркіреп, жауын жауады. Бұл күні де түске қарай өткінші жауын сарылдата құйды.


Жауын жауғанда мал қой үйге келді

Жауын жауғанда мал үйге келіп, ықтайды / Сурет автордікі


Жұрт жаңалап қонған үйдің іргесі морланбағандықтан су кіріп кетті. Біз сырттан кірген суды тоқтатуға жүгірдік.


Түндікті жапқанымызбен іргеден су кріп кетті

Түндікті жапқанымызбен іргеден су кіріп кетті / Сурет автордікі


Киіз үйдің іргесінен су кірмеу үшін арық қаздық. Ол – үйді морлау деп аталады екен. Сонымен бірге құйын, боран соққанда қозғалмауы үшін шаңырақтың екі жағынан тартып, салма салады.


Қатты келген суды бұруға шықтық

Қатты келген суды бұруға шықтық / Сурет автордікі


Мынау найзағай түскен тауда сарымсақ сияқты жабайы көктаттар, бүлдірген сынды жемістер мен дәрі шөптер көп өседі.


Қарсы бетке наизағай түсті

Қарсы бетке наизағай түсті / Сурет автордікі


Жауыннан кейін күн ашылды.


Жауын тоқтады

Жауын тоқтады / Сурет автордікі


Жауын кезінде үсті малмандай болған мына сәби әжесінің төсегінде отыр.


Жауыннан қорқып әжесінің төсегінде отырған бала

Жауыннан қорқып әжесінің төсегінде отырған бала / Сурет автордікі


Жауын басыла тезек пен отынның үстін ашып, күнге кептіреді. Шөмшек теріп, отын дайындайды.


Жауыннан кейін немесе таңертең тезектің бетін ашады

Жауыннан кейін немесе таңертең тезектің бетін ашады / Сурет автордікі


Жуылған киімдер мен су болған бұйымдар киіз үйдің белдеу арқанына және сөреге жайылады.


Су болған және жуылған киімдерді киіз үйдің белдеуі мен сөреге жаяды

Киіз үйдің есік ағашы оң қолмен тартып ашуға лайықтап жасалған / Сурет автордікі


Саңылақ малшының үйінде

"Моңғол елі халықтың еңбегін бағалайды" – дейді Моңғолия үкіметінің "саңылақ малшы" атағын алған Смағұл Кеңшілікұлы.

Ағамыздың айтуынша мал басы мыңнан асқанда "мыңдық" яғни аймақтық "саңылақ малшы", бес мыңнан асқанда "мемлекеттік саңылақ малшы" атағы беріледі екен. Қазірше Алтай ауданы (сумын) бойынша екі саңылақ малшы бар. Бірі – Смағұл ағамыз.


Саңылақ малшымен биебау басында кездестік

Саңылақ малшымен биебау басында кездестік / Сурет автордікі


Балалар мен қонақтар әр күні бірнеше рет жылы саумал немесе қымыз ішеді. Бұл – денсаулық үшін таптырмайтын ем.

Әдетте биені әр сағат сайын күніне 5-6 рет сауады. Түнде құлынмен бірге жайылысқа жібереді.


Саңылақ малшыға берілетін арнайы белгі сыйлық

Саңылақ малшыға берілетін арнайы белгі сыйлық / Сурет автордікі


Смағұл:

– Қазір менде мың жарым бастан артық мал бар. Оның ішінде түйе, жылқы, сиыр, қой-ешкісі бар, – дейді.


Бие сауу

Смағұлдың ұлы Сәбит пен қызы Бота бие саууда / Сурет автордікі


Алтайда ұры-қары атымен жоқ

– Тек анда-санда соғатын қасқырларды айтпағанда, – дейді ағамыз. Көрші Қытаймен шекара өңірі жыныс орман. Онда аю да, қасқыр-түлкі де жетерлік. Бұғы-марал, арқар-құлжа деген аңдар жыртылып айырылады. Алайда оған адам баласы тиіспейді.

Тіпті, ағамызда заңды қаруы да бар болып шықты. Ол әрине сақтық үшін немесе қасқырлардан қорғану үшін ғана керек.


Құла құлынға бала мінгізу

Құла құлынға бала мінгізу / Сурет автордікі


Құла құлынның әңгімесі

Құла жылқының тұқымы ағамыздың ұлы атасы Асубай батырдан келе жатқыр екен.

Әйгілі Сәмен және Жабағы төрелерден тарайтын Алтай төресінің жылқышысы болыпты. Ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал жігітті бірде төре жалғыз әпкесіне амандық жеткізіп, тіл алып келуге жұмсайды. Батыр: "Тақсыр, онда алыс жолға шыдамды, қуса жететін, қашса құтылатын Ақкөжек атты мініске беріңіз" деп өтініпті.

Жол бойы иен далада қонып, таң ата оянса, құла құлын ерткен құлан шатыс құла биені көріпті. Жылқы жанды батыр бие мен құлынға қатты қызығады да қуып береді. Ақыры Ақкөжектің жүйріктігімен биені ұстап жетелесе, артынан құлыны мен тайы да еріпті.

Аумалы-төкпелі заманда міндетті орындап, аман оралған Асубайға төре құла бие мен тайды береді. Мына құла жылқылар соның тұқымы.

Атамыздың аты – Сексенбай

Асубай атамыз 78 жасқа келгенде бәйбішесі қайтыс болыпты. Бес ұлы мен қыздары өзіміз бағамыз деп сөз салса да, ақсақал үйде жалғыз отырып алыпты.

Сонымен, ұлдары ақылдаса келе, әкелеріне оң жақта отырып қалған отыздан асқан қызды алып беріпті. Содан тағы да ұрпақ көрген екен. Сексен жасқа келгенде туған баласына Сексенбай деп ат қойыпты. Бүгінде 95 жасқа келіп отырған Кеңшілік атамыз – сол Сексенбайдың баласы.


95 жастағы Кеңшілік ақсақалдың батасын алу да бір ғанимет

95 жастағы Кеңшілік ақсақалдың батасын алу да бір ғанибет / Сурет автордікі


Әулетімізден шыққан ғалым да бар

Бізбен бірге қонақта болған Еділхан – Кеңшілік ақсақалдың ағасы Қонысбайдың ұлы. Еділхан – тарих ғылымдарының докторы. Аймақта ұзақ жыл басшылық қызметтерде болған әрі бірнеше кітап жазған танымал тұлға. Ақсақалдың бір немересі – аудандық құрылтайдың депутаты, бір немересі – аудандық салық инспекторы.

Бір немересі Ақтан Әленханұлы Ресейдің Иркутск және Горно-Алтай қалаларында білімін жетілдіріп, қазір Ұланбатырда оқып жүр. Демалысқа келген кезінде үйге көмектеседі.

Кеңшіліктің Ақтан атты немересі

Кеңшілік ақсақалдың Ақтан атты немересі / Сурет автордікі


Сонымен, кеш қарая мал да қораланып, сарлықтар сауылды. Бұзаулар желіге байланды.


Түн. Малдың жылтыраған көзі ғана көрінеді

Түн. Малдың жылтыраған көзі ғана көрінеді / Сурет автордікі


Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары