Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.
Карантин кезінде отшашу шашу қаншалықты орынды?
Этнограф, журналист Болат Бопай карантин кезінде көңіл көтеріп, мереке, той тойлау орынсыз деп санайды.
"Бағзы замандарда ауылдарда оба індеті тараған кезде тұрғындар төбеге қара ту іліп, қазан төңкеріп, маңдайшаларға күйе жағып қоятын. Қара киім киіп, қара атпен ауыл ішін аралап, басқаларға хабар беретін. Соны көрген соң, басқа жұрт ақсарбасын сойып, атан өгізін шалып, үйлерінде отыратын. Сол кездің өзінде сондай сақтану әдістері бар еді, халық той тойламайтын. Өлім-жітім болса, аз ғана адам тұмшаланып, қалың киініп барып жерлейтін. Билік 6-шілде күні отшашулар атып, ақша шашып қана қоймай, атам заманнан келе жатқан дәстүрді де бұзды", – дейді этнограф.
Ал, ақын Бақыт Беделхан биліктің аспанға отшашу шашып отырып, халыққа "той тойлама" деуі – парадокс екенін айтады:
"Кешегі отшашу қарапайым халықтың да, зиялы қауым өкілдерінің де жүйкесіне тиді. Әлеуметтік желіде ашу, қыжыл, өкпе, ренішке толы жазбалар қаптап кетті. Біз тәуелсіздік алғаннан бастап 30 жыл бойы "экономиканы көтерейік" деп ұрандатып келдік. Әдебиет пен мәдениетке, руханиятқа енді-енді ғана көңіл бөліне бастады. Бізге той мен өлім-жітімге дарақылықпен емес, сабырмен қарайтын жаңа, заманауи көзқарас керек. Баяғы заманда бір үйде адам қайтыс болса, сол үйдің адамдары аза тұтып, әйелдер бір жылға дейін жоқтау айтатын болған. Қазір заман өзгерді. Барынша үнемшіл болуымыз керек. Той-томалақ пен топырақты өлімде дарақылық көрсетіп, шашылуды тоқтатуымыз керек. Жаһандану жолына түскен екенбіз, сол жолды лайықты жүріп өтейік".
Экономист Мақсат Халықтың ойынша, 6-шілде күнгі отшашу шенеуніктерді қарапайым халықтың өмірінде не болып жатқаны қызықтырмайтынын көрсетті. Ол шынымен дәрігерлердің көңілін көтергіміз келсе, Оңтүстік Кореядан үлгі алып, қарапайым дрондарды аспанға ұшырып, дәрігердің бейнесін бейнелеуге болатын еді деген пікірде:
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтқан "қазір той тойлайтын заман емес" деген сөзі қызу талқыға түсе бастаған кезде елордадағы отшашу оны бір сәтте жоққа шығарды. Сонда ол отшашу кімге керек болды, не үшін жасалды? Атқамінер азаматтар ел ішіндегі жағдайдан бейхабар. Себебі, күн сайын қаншама адам көз жұмып жатқан кезеңде отшашу ату ақылға сыйымсыз әрекет болды. Бұл жерде билікке жағымпазданғысы келетін лобби-топ бар сияқты".
Оқи отырыңыз: Той жасауға мораторий. Халықты қарыздан құтқара ма, әлде ұлт дәстүрлерін ұмыттыра ма?
Сондай-ақ, экономист қазіргі уақытта шенеуніктер таратып отырған статистикада қарама-қайшылық көп екенін айтады. Оның ойынша, ресми статистикада халықтың нақты әлеуметтік жағдайы, өмір сүру сапасы айқын берілмеген:
Алматы қаласында 700 мың жұмыссыз тіркелген деген мәлімет бар. Ал, осыдан 1-2 апта бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпарат бойынша, ел ішіндегі жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға тең екен. Біздің елімізде шамамен 10 миллион еңбекке жарамды азамат бар десек, оның 6,1 пайызы – 610 мың адам. Сонда бір ғана Алматының өзінде қалайша 700 мың жұмыссыз тіркеліп отыр? Коронадағдарыс басталғанша ел ішіндегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болған. Сонда коронадағдарыстан кейін тек 190 мың адам жұмыссыз қалды ма деген сұрақ туындайды. Шындап келгенде олай емес. Статистикадағы сандардың өтірік екенін төтенше жағдай кезінде 4,5 миллион адамға 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем төленгенінен аңғаруға болады. Демек, еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалды. Шенеуніктер осындай өтірік сандармен жұмыс істеп отырса, демек, қабылданатын шешімдер де қате болады, тиісті тетіктер де қолданылмайды.
"Карантин кезінде тек той емес, басқа салаларда да қатаң тәртіп орнатылсын"
Төтенше жағдай режимі аяқталған соң, 50 адам жиналған тойларға барып өнер көрсеткенін айтқан Жігер Ауыпбаев тойды 2 жылға дейін тоқтату туралы пікірмен келіспейтінін айтады:
Соңғы кездері "тойды 2 жылға дейін тоқтата тұру керек" деген әңгіме жиі айтылып жүр. Тойда қазақтың қаншама салт-дәстүрі көрініс табады. Егер, оны тоқтатар болсақ, біздің қазақылығымыздың тамырына балта шабылмай ма? Бұл жерде тойға тек әншілердің табыс көзі деп емес, қазақы салт-дәстүрдің түп-тамыры деп қарау керек секілді. Карантин біткен соң, біртіндеп тойға қайта кірісе бастасақ, жақсы болар еді.
Сондай-ақ, әнші карантин жарияланған кезде тек тойға ғана емес, басқа салаларға да тыйым салынуы қажет деп санайды:
"Кеше Райымбек даңғылымен кетіп бара жатып, "Алтын Орда" базарында, супермаркеттерде құжынап жүрген адамды көрдім. Сонда "мынаның қай жері карантин?" деп ойладым. Карантин талаптарын күшейтпесе, жасырын түрде жасалып жатқан тойларға шағым айтудың қажеті жоқ. Вирус кең тарамас үшін тек қана тойларға тыйым салмай, сауда орталықтарын жауып, қоғамдық көліктерді де тоқтату керек. Карантин қатаң түрде енгізілер болса, мемлекет табыс көзінен айрылған жандарға қаржылай көмек берсін. Көмек берілмесе, халық аш қалады".
Оқи отырыңыз: Қазақ баласы тойға қанша қаржы жұмсайды немесе ынсапсыз асабалар туралы
Тойдағы дарақылық түбімізге жетпей ме?
Бақыт Беделханның пікірінше, халық дарақылықтың себебімен емес, салдарымен күресуі керек. Балаларға саналы, сапалы білім берілсе, олар дарақылыққа бармайды. Ақынның айтуынша, дарақылықпен күрестің жалғыз жолы - тек білім.
"Қазір дарақы той жасап, отбасын құрап жатқан балалар – 1990 жыл мен 2000 жыл арасында дүниеге келгендер. Олар дүниеге келген кезде ата-анасы базарда ала дорба арқалап жүріп байыды. Ол жерде руханият деген әңгіме жоқ. Базардың айналасындағы мәдениет бәрібір басқаша болады. Оларда заттық мәдениет дамығанымен, рухани мәдениеті кенжелеп қалды. Ал, заттық мәдениетпен өскен бала дарақылыққа жақын болуы мүмкін. "Ақшамен ғана қызметке келіп, ақшамен ғана баимын" деп ойлайтын жастар осындай жүйені қалыптастырды. Ал, 2000 жылдан кейін дүниеге келген балалардың таным-түсінігі басқаша. Олар біліммен байып, мансапқа жетуге болатынын, елге қызмет ете алатынын жақсы түсінеді", – дейді Бақыт Беделхан.
Оқи отырыңыз: Ысыраппен той жасауды қойсақ, әнші де тәубеге келеді
Ал, экономист Мақсат Халық дарақылыққа жол бермеудің жолы тойды заңдастыру және оған салықтық саясат енгізу дейді. Оның есебінше, 200-ден көп қонақ шақырғалы жатқан азамат мемлекетке көбірек салық төлеуі тиіс. Шетелден әнші шақыртам десе, соған төлеген қаламақының 20 не 50 пайызын салық ретінде төлеуге міндеттелуі қажет. Осындай тетіктерді енгізген жағдайда ғана той жасаушы азаматтар басы артық шығыннан бас тартуы мүмкін.
"Бір кездері "әншілер тойдан миллиондап табыс тапса да, неге салық төлемейді?" деген мәселе көтерілді. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жеңілдетілген 3 пайыздық салықты төлейді де, "менің арым таза" дейді. Алайда, оның тауып жатқан табысы одан да көп қой. Ендеше, олар табыс көлеміне қарай көбірек салық төлесін. Ал мүлдем ақша таппай жүрген өнер адамдары сәйкесінше ештеңе төлемейді", – дейді экономист.
Тойға мораторий енгізу керек пе?
Мақсат Халықтың пікірінше, тойларды тоқтату туралы мәселеде таяқтың екінші ұшы бар:
"Той десе, халық бірден тек әншілерді ойлайды. Ал, шын мәнісінде тойдың айналасында нәпақасын айырып жүрген азаматтар көп. Асаба, әншілер, бишілер, сиқыршылар, фотограф, тойхананы әрлейтіндер, қалыңдықты бояндыратындар және т.б. Яғни, біз қазір тойларды тыямыз десек, тек әншілер емес, осы азаматтардың бәрі жұмыссыз қалғалы тұр".
Ал, Бақыт Беделхан билік мораторий жариялаған күннің өзінде қазақтар той тойлауын тоқтатпайды дейді:
"Халық вирустың өзіне 3 ай бойы сенбей, қаншама адам ауыра бастаған кезде ғана ойлана бастады. Басына қиындық түспейінше, халық түсінбейді, тойды тығылып жасай береді. Қазір коронавирус инфекциясы өте қауіпті болып отыр, әзір тоқтайтын түрі жоқ. Халық біраздан соң, осы індеттің зардабын көре отырып, тойдан қорқып, саналы түрде бас тарта бастауы мүмкін. Бірақ, оған уақыт керек".
Ақын тойға мораторий жариялаудың қажеті жоқ деп санайды. Оның айтуынша, той деген -тәрбиенің ошағы:
"Елмен араласпай, өзімен-өзі бұйығы жүретін балалар, әке-шешесін тыңдамайтын балалар ғаламторда түрлі ағымдарға ілесіп кетпес үшін, оларды тойға апару керек. Той деген – тәрбие. Қалалық жерде тойға барсаң, сен тәрбиелей алмаған балаңды той тәрбиелеуі мүмкін. Балалардың ел-жұртпен араласып, бата естіп өскені жақсы".