Прямой эфир Новости спорта

Ысыраппен той жасауды қойсақ, әнші де тәубеге келеді

Журналист Кәмшат Тасболат төтенше жағдай талаптарын орындамай жүрген той әншілерін сынға алды.

Төтенше жағдай мен карантин енгізілгелі елде кейбір фигаро-әншілер мен чип-чип-әншілердің режимді сақтамай, бірінің қоғамға қауіпті үндеулер тастауы, екіншісінің сыртта концерт беріп қайтуы қоғамның да, журналистердің де наразылығын туғызып отыр.

Тіпті, әлемдік мега жұлдыз, біртума тұлға, нағыз әнші Димаш Құдайбергеннің өзі әлемдік гастролін тыйып, Еуропадағы концерттерін шегеріп, инстаграмдағы парақшасында "Үйде отырыңыз, аурудан сақтаныңыз" деп жазғанда біздегі той әншілерінің "шетелде ешкім маска тағып жүрген жоқ, бәрі сыртта еркін қыдырып жүр" деуі үлкен қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін емес пе?

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай, билікке сенім және доктор Фаучи

Жалпы, соңғы кездері кейбір әншілер қолда барына шүкір демей, "лохотрон" лоторея, ұтыс ойындарын өткізіп жүр. Соларға не жетпейді дейсің. Адамның көзі жылтыр дүниеге тоймайды ғой. Ынсап болмаса, қиын. Менің айтайын дегенім, қоғамның әділетсіздігі!

Иә, біз әділетсіз қоғамбыз: олай болмағанда неге той әншісінің гонорары – 3 миллион теңге, ал инфекциялық аурухана дәрігерінің жалақысы – 160 мың теңгенің шамасында?!

Неге біз кейбір әншісымақтардың "подписчиктер" қатарына бес жүз мыңыншы, миллионыншы боп жазыламыз да, ал отандық дәрігерлердің парақшалары небары ондаған, жүздеген адам жинайды? Ресейлік дәрігер Комаровскийден басқа қай дәрігерді танисыз?

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы

Бәріне өзіміз кінәліміз. Той жасасақ, байы да, кедейі де пәленше әншіні 2-3 млн гонорар сұраса да шақырады. Байы садақа сияқты лақтыра салады, кедейі кредитке батады. Сосын әншілер жүреді сұхбат беріп, "айналайын, қазағымның тойы бітпесін, ешқандай карантин жоқ, маска керегі жоқ, той жалғасуы керек" деп.

Бұл ауру тектен-текке келген жоқ. Ысыраппен той жасауды қояйық. Шын мамандардың, медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалайық.

Елге келген індеттен "коронавирус кет, кет, кет" дегендей әндер сізді құтқармайды. Бірінші Алла, екінші дәрігерлерге сенесіз.

Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Ысыраппен той жасауды қойсақ, әнші де тәубеге келеді: гонорарын миллиондап қоймайды. Шынтуайтында, ән айтудан оңай кәсіп жоқ! Не оңай? Тойға барып, дастархан төрінде отырып, қызыл балық пен қызыл шарапты ішіп, бір-екі әнді миллионға айтып кету ме, әлде 36 сағатқа жұмысқа шығып, күн демей, түн демей, науқастарды қабылдап, кез келген уақытта жедел ота жасап, әр науқастың жағдайын ойлап, туыстарына басу айтып, айдың соңында 150-200 мың теңге жалақы алып, оны бала-шағаға жеткізу ме?

Біздегі кейбір әншілер ақшаның буымен қаттыға кетіп барады. Алдымен журналистер мен тележүргізушілердің нанын тартып, телевизияға бас салды. Жастарды "топастандыруға" бағытталған жеңіл-желпі дүниелер көбейді.

Одан кейін кәсіби режиссерлер мен продюсерлердің жұмысына жармасып, "Өзі режиссер, өзі актер, өзі саундтрек орындаушысы" болған жеңіл-желпі кино түсіре бастады. Ермек Тұрсыновтар шыр-пыр болып, "мұны кино деуге де болмайды" десе де, кинотеатрлар әнші-режиссерлердің тыңдарман-көрермендеріне толды.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?

Енді, міне, елде төтенше жағдай жарияланды, Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин! Медицина қызметкерлері "үйде отырыңыз" деп үндеп жатқанда, кей әншілер карантин талаптарын бұзғысы келеді. Әркім өз ісімен айналысуы керек қой. Қаншама "подписчик" бұл әншілердің үндеуінен кейін далаға шықты? Бүгінде елімізде бұл індет анықталған адамдар саны жүзден асты.

Беті аулақ, бірақ Еуропадағыдай науқастар саны күрт көбейсе, дәрігерлер төтенше жағдайда жұмыс істеу тәртібіне көшеді. Яғни, сізге тыныс алуды жеңілдететін аппарат та, дәрігер де жетпей қалуы мүмкін. Себебі, қатты ауырған науқастар мен орташа ауырған науқастарды бөлу барысында дәрігерлер де көбірек адам өмірін сақтау үшін қиын шешімдер қабылдайды.

Үйде отырыңыз! Бұл сіздің және сіз танымайтын басқа да адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Эпидемиялық төтенше жағдай кезіндегі білім беру жүйесі туралы

Дәрігерлерді қолдайық! Әншінің емес, дәрігердің жалақысы миллиондар болуы керек! Бұл жүйені өзгерту – өз қолымызда. Әншіні емес, дәрігерді сыйлайық! Дәрігері мен мұғалімі бағаланатын қоғамның денсаулығы мықты, білімі жоғары болады. Әншісі бағаланатын қоғамның тағдыры "шырылдауық шегірткедей" жаман аяқталады.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров