Той жасауға мораторий. Халықты қарыздан құтқара ма, әлде ұлт дәстүрлерін ұмыттыра ма?

Сурет youtube желісінен алынды

Қазақстандық филолог тойды бес жылға шектеу туралы Президенттің атына ұсыныс хат жолдамақ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазақстандықтардың несие қарызы 4,4 триллион теңгеге жеткен. Сарапшылар мұны халықтың негізінен той-томалақ жасау үшін несие алып, ысырапшылыққа салынуымен байланыстырады. Олар бұл мәселені шешу үшін елімізде той жасаудың жаңа форматын заңды негізде енгізу қажеттігін айтады. Қоғам белсенділері тарапынан тойға мораторий жариялап, шектеулер енгізу туралы ұсыныстар жиі айтылып жүр. Дегенмен, бұл халықты қарыз қамытынан құтқара ма? Ал тойханалар жабылса, шағын және орта бизнеске кері әсер етпей ме? Informburo.kz сарапшылар пікірін ұсынады.

Оқи отырыңыз: Ысыраппен той жасауды қойсақ, әнші де тәубеге келеді

Тойды ысырапсыз өткізу үшін Өзбекстан тәжірибесінен үлгі алу керек

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, соның аясында той-томалақ өткізуге тыйым салынғалы хан сарайындай тойханалардың жұмысы тұралап қалды. Өткен жылмен салыстырғанда отбасын құрған жастар қатары да азайған. Былтыр мамыр айына дейін Қазақстанда 40 мыңға жуық жұп неке қидырса, биыл осы мерзімде 32 мың ғана неке тіркелген.

Ақтөбелік филолог Оралбек Өтеғұлов коронавирус эпидемиясына байланысты шектеулер қоғам санасына сілкініс әкеліп, той жасаудың жаңа форматына көшуге себеп болуы керек деген пікірде. Ол осы орайда той өткізуге бес жылға дейінгі мерзімде шектеу қоюға қатысты шұғыл түрде заң қабылдау қажеттігін айтып, Президенттің атына не Парламентке ашық хат жолдамақ.

"Қазақ тойында орынсыз бәсеке бар. "Мен пәленшеден асырып той жасауым керек" деген ой көптің көкейінде бірінші орында тұрады. Сол ойын іске асырмақ болып, несие алады. Мұндайда "көрпеңе қарай көсіл" деген нақыл сөзді ескеретіндер аз. Ақырында той қас-қағымда дүркіреп өте шығады және әлбетте шығынын ақтамайды. Одан бөлек, жас отбасында айқай-шу, ұрыс-керіске себеп болады. Өйткені, той бір күндік, ал шығынды өтеу үшін бірнеше жыл қажет. Шынын айту керек, бұл кез-келген қазақ отбасындағы классикалық сценарий. Кредитке той жасап, апта не ай өтпестен ажырасып жатқандар қаншама? Тойжарыстың ақыры, міне, осы. Сол себепті, қазір карантин режимін пайдаланып, тойды реттейтін арнайы заң қабылдап алуымыз керек. Әйтпесе, бұл түбі деградацияға алып келеді", – деді Оралбек Өтеғұлов.

Оқи отырыңыз: Тұзаққа түсірген той

Қоғам белсендісінің пікірінше, іргелес Өзбекстан мемлекетінен үлгі алып, тойдағы ысырапшылыққа тыйым салған жөн. Яғни, тойға шақырылатын адам санын 50-ге дейін шектеп, тойханаларда тек үйлену мен ұзату тойын ғана өткізуге рұқсат беру керек. Ал сүндет той, бесік той және өзге де тойларды ет жақындарымен үйде де өткізуге болады. Оған қоса тойдағы музыканың дыбыс деңгейін, даяшылардың еңбекақысын реттейтін баптар да осы заңда болуы керек. Асабалар мен тойда өнер көрсететін әртістердің табысының белгілі бір пайызы салық ретінде мемлекет қазынасын толтыруы қажет.

"Адамдар саналы түрде ысырапшылықты тоқтатпайды. Халық соған ұзақ жылдар бойы психологиялық тәуелді болып қалған. Мысалы, қазір кей жастар "тойға қарсымын" дегенімен, жеме-жемге келгенде бәрібір өзінің ерік-жігерін жеңе алмайды. Әке-шеше, туған-туыстың "ұят" дегенінен шыға алмай, бәрібір қарыздың қамытына жегіліп жатады. Сол үшін мұны заңмен шектеу керек. Бұл ұсынысымыз қоғам ішінде қолдау тауып жатса, онлайн петиция жариялап, Президенттің атына немесе Парламентке ашық хат дайындау жоспарым бар", – дейді Оралбек Өтеғұлов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Қарыз иелерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылды

Несиені инвестициялық табыс әкелетін іске алған дұрыс

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, идеологиялық тұрғыдан тойдың болғаны дұрыс. Думанды шарада ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталып, көнеден келе жатқан жоралғылар жасалады. Бірақ ол ысырапшылыққа әкеліп, халықты қарызға батырмауы керек. Сарапшы той жасау үшін несие алуды қою қажет деген пікірде.

"Егер осы тойлардың барлығы халықтың өз қалтасындағы қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан болса, құба-құп. Демек экономикамызға оңтайлы әсерін тигізіп жатыр, сұраныс пен ұсыныстың арасында белгілі бір теңдік бар деп айтушы едім. Бірақ, өкінішке қарай, тойлардың көбі несиеге жасалады. Бұл дұрыс емес. Несиені пайдалы іске салуға, кәсіпті дөңгелетуге және өзіңізге ертең инвестициялық қайтарымы болатын шаруа жасау үшін алуға болады. Ал басқа жағдайда несие тек қарыздың шырмауына әкеледі. Біздің халықтың несиеге шырмалуының негізгі себебі – той жасау. Қатардан қалмау үшін тойға шашылу дәстүр емес, дертке айналған. Тойдан түсетін табыс несиені жабуға жетпейді. Ол қарыз жылдар бойы төленеді", – дейді Мақсат Халық.

Экономист қазақтың той жасауының жаңа форматын енгізу қажеттігіне қосылады. Шығынға батпайтындай шағын, ысырапсыз той жасап, үлкен думанға кететін шығынды екі жастың баспана ипотекасының алғашқы төлеміне құйса, бақытты отбасылар саны көбейер еді. Тапқан-таянғанын екі-үш сағаттық тойға шашып, соңынан жас жұбайлардың пәтер жалдап, жайсыз күй кешуі некенің бұзылуына әкеледі деп қауіптенді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Ауыл жастарының ажырасу көрсеткіші 17 пайызға артты

Даңғаза той екі жастың бақытты болуына кепіл емес

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда ажырасушылар қатары артқан. Былтыр елде 59,8 мың жұптың шаңырағы шайқалып, некесі бұзылған.


Статистика комитетінің инфографикасы


Биыл жыл басынан бері 11 мыңға жуық ерлі-зайыптының дәм-тұзы жараспаған. Сарапшылардың сөзінше, табыстың төмендігі, тұрғын үйдің болмауы, жұмыссыздық, төленбеген несие тағы басқа да материалдық жағдайлар шаңырақтардың шайқалуына себеп. Мамандар ұрыс-керістің шықпауы үшін отау тіккен жастардың өмірін несиемен бастауына жол бермеу қажет екенін алға тартуда.

Оқи отырыңыз: Қоғамдағы жасандылық пен демонстративтілік туралы

Карантин кезінде несие алушылар азайды

Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның мәлімдеуінше, кредитті беру мақсаттары бойынша әдетте статистика жүргізілмейді. Сондықтан, қанша қазақстандықтың арнайы той үшін несие алғанын дөп басып айту мүмкін емес. Бюроның ақпаратына сай, биыл бірінші мамырға дейін жеке тұлғаларға банктер 2,2 трлн теңге қарыз берген. Оның 200 млрд тенгесі ипотекалық несие болса, 2 трлн теңге өзге мақсаттарға алынған. 2020 жылғы сәуірде кредит беру 5 есеге (қаңтармен салыстырғанда) қысқарған. Сала мамандары мұны елдегі карантин және төтенше жағдай режимімен байланыстырады.

Оқи отырыңыз: Қазақ баласы тойға қанша қаржы жұмсайды немесе ынсапсыз асабалар туралы

Тойханалардың мақсатын өзгерту қажет

Той форматы өзгеріп, қоғам ысырапшылықты тоқтатса қаптаған тойханалар кәдеге жарай ма? Бұл бизнестің басы-қасында жүрген кәсіпкерлер қайтпек керек? Осы тұрғыда экономист Мақсат Халық үлкен той жасайтын ғимараттардың қызмет көрсету мақсатын өзгертіп, басқа бизнеске айналдыруға кеңес береді.

"Тойхана, мейрамхана иелерін әрине түсінеміз. Олар осы кәсібі арқылы табыс тауып отыр. Олар қазір карантин салдарынан қатты шығынға ұшырап отыр. Егер эпидемиологиялық жағдай осы күйінде жалғаса беретін болса, онда көп тойхана иелері тойханаларын жабады немесе мақсаттарын өзгертеді. Ол жерде қызмет көрсету орындарын ашуы мүмкін", – деді Мақсат Халық.

Мамандар әсіресе оңтүстік өңірдегі зәулім тойханаларды қоғамдық тамақтану орнына, кеңсеге, жаттығу залына, оқу орталығына, тіпті балабақшаға айналдыруға болады дейді. Осылайша елде бөбекжай тапшылығы мәслесін де шешуге мүмкіндік бар. Ал кәсіпкерлер тойға шектеу бойынша асығыс шешім қабылдамай, жан-жақты талдаған жөн деп отыр.

"Қанша мұнай шығарсақ та, оны экспорттасақ та, қара алтынның бағасы толқып тұрған заманда экономиканың 70 пайызын осы тойхана мен мейрамханалардан түскен табыс құрап отыр. Табыстың көбеюуі, салықтың артуына септік етеді. Өзім тойханамды жалға беріп, одан айына 3 миллион теңгедей табыс тауып отырмын. Әр өткізген тойдың табысынан 30-35% салыққа төлеймін. Сондықтан, тойханаларды жаппай жабу қажет, тойға мораторий жариялау керек деген дұрыс емес. Жан-жақты есептеп, қабылдайтын шешімді мұқият қарастыру керек. Тойханаға инвестиция салып, басқа кәсіпке айналдыру қиын шаруа емес. Бірақ, қазақтың осы өмірдегі армандап, дүрілдетіп өткізетіні той ғой. Әр ата-ананың арманы ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Тойды шектесек, қазақтың салт-дәстүрін де шектейміз", – деп пікір білдірді кәсіпкер Серік Бекқайыров.