Тікелей эфир

"Бақытты отбасы"-мен баспана алу үшін үйдегі бір адамның табысы 42 500 теңгеден аспауы керек. Жаңалықтарға шолу

Келер жылдан бастап халықаралық стандарттағы жаңа экологиялық кодекс қолданысқа енгізіледі. Қазақстанда көлік салығын төлеу мерзімі өзгереді.

Жарытып жұмыс істемейтіндер миллион теңге жалақыны несіне алады?

"Ақ жол" фракциясы Ұлттық экономика министріне Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы делдалдық компанияларды жою туралы депутаттық сауал жолдады. Партия депутаты М.Қазбекова елорда әкімшілігіне тиесілі "Астанаэнергосервис" АҚ-ын мысалға келтірді. 1999 жылдан бері жұмыс істейтін компания Астанадағы бірқатар энергетикалық компанияларды ("Астана-энергия" , "Астана-Теплотранзит", "Астана-РЭК" АҚ, "Астанинская энергосбытовая компания" ЖШС) басқарумен айналысады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың басым бөлігінің жалақысы азық-түлік алуға жетпейді

Енді қызықты қараңыз, депутаттың айтуынша, делдалдық мемлекеттік компания басшысының айлық ақысы бонустар мен сыйақыларды есептемегенде – 1,5 млн теңге. Ал, 4 бірдей орынбасары 1,3 млн теңгеден жалақы алады. "Ештеңе өндірмейтін мекеменің жалақы қоры — 600 млн теңге. Оған кабинеттер, қызметтік көліктер, жиһаз, кеңсе техникасын қосыңыз. Мұның бәрі жай ғана халықтан жиналған миллиардтаған қаражаттардың есебінен алынады" дейді М.Қазбекова. Депутаттар тұтынушылардың монополист компанияны ғана емес, халыққа түк қызмет көрсетпейтін олардың басшыларын "асырап" отырғанына алаңдап отыр. "Ақ жолдықтар" осындай фактілерді анықтау үшін барлық қалалар мен аймақтарда да тексеру жүргізу қажеттігін айтты.

Жаңа экологиялық кодекстің жобасы 80%-ға дайын

Бұл туралы Энергетика министрі Қ.Бозымбаев мәлім етті. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы стандарттарына негізделген жаңа кодекс 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Оқи отырыңыз: "Талаптардың орындалуын бақылау әлсіз". Алматылықтардың эко құқығы қалай қорғалған?

Министр кодекстің қалған бөлігін дайындау жаңадан құрылған Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігінің мамандарына жүктелгенін хабарлады.

"Эйр Астана"– Орталық Азия мен Индиядағы ең үздік әуе компаниясы

Үздік қызмет көрсеткені үшін Skytrax британдық компаниясының 4 жұлдызды рейтингісін "Эйр Астана" осымен 8-ші рет иеленіп отыр. Skytrax компаниясының әлемдік беделді жүлдесі жыл сайын жолаушылардың әуе компания қызметімен қанағаттануын зерттеп анықталады.

Марапаттау рәсімі 18 маусымда Париждегі "Ле-Бурже" авиасалонында өтті. "Эйр Астананың" Президенті Питер Фостер компанияның қызметін жоғары бағалаған жолаушыларға, сондай-ақ кәсібилігі үшін әріптестеріне алғыс айтты.

Оқи отырыңыз: Әуе билетінің бағасы неге жиі құбылады? Ұшақ жолаушылары тағы нені білуі тиіс?

Астана әкімі проблемалы тұрғын үй кешендерін апта сайын аралауға уәде берді

А.Көлгінов қаладағы проблемалы нысандардың құрылыс барысымен танысып, үлескерлермен кездесті. "Твиттердегі" жазбасында Бас қаланың әкімі үлескерлердің қаражаты құйылған тұрғын үйлердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен аяқталатынын хабарлады.

Әкім бүгін Ы.Дүкенұлы, А. Панфилов, Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы құрылысы жүріп жатқан "Гарант" КТК нысанын аралап шықты. Жалпы ауданы 17,602,80 шаршы метрлік 330 пәтерге есептелген проблемалы нысанның құрылысын "Азбука жилья" компаниясының тобы 2011 жылы бастаған. Құрылысты аяқтау үшін 2016 жылы нысанды "Орда Инжиниринг" ЖШС-не өткізген. Тұрғын үйді сатып алуға 168 адам ақша құйған. Енді нысанды 2020 жылдың сәуір айында беру жоспарланып отыр. "Әр апта сайын бір-екі проблемалы көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап тұрамын. Жоспарлы кесте түзілді. Құрылыстың аяқталу процесін және созылып кеткен үлескерлер мәселесінің түбегейлі шешуді бақылауда ұстаймын" дедi А.Көлгінов.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Қазақ ұлттық университеті әлемдік рейтингте 200-ші орынға жақындады

Әлемдегі жоғары оқу орындарының рейтингтерін анықтайтын "QS World University Rankings 2020"-ға Қазақстанның 10 университеті құжатын тапсырған. Олардың үшеуі ғана үздік 500 университеттің қатарынан көрініпті. Қазақ Ұлттық университеті биыл рейтингтен 207-ші орын алыпты. Былтыр ғана осы рейтингте 220 орында тұрған Ұлттық университет биыл 13 орынға алға жылжыған. 2012 жылы тіпті 390 орында болған.

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті тізімде 418-ші (былтыр 394-ші болған) орынға жайғасыпты. Ал, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті әлемнің үздік 500 университеті рейтингінде ілініп-салынып жүріп,491 орынға (былтырғыдан 11 орынға төмендеген) табан тіреген.

Әлемнің ең үздік университеті рейтингінде бірінші орында – Массачусетс технологиялық институты, екінші орында – Стэнфорд университеті, үшінші орында –Гарвард университеті.

Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстандағы ЖОО саны 15 пайызға қысқарады

"Бақытты отбасы"-мен үй алатын отбасындағы бір адамның табысы 42 500 теңгеден аспауы керек

1 мамырда басталған "Әскери баспана" бағдарламасымен 1,5 айдың ішінде елімізде 4 мыңға жуық әскери баспаналы болған. 2019 жылға осы мақсатта бөлінген 58,6 млрд теңге толықтай игерілген. Әскерилер орташа есеппен 15 млн теңгенің пәтерін алыпты.

"Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ төрағасы Л.Ибрагимованың айтуынша, енді әскери қызметкерлер бағдарламамен баспана алуға келесі жылы ғана өтінім бере алады. Несиені рәсімдеу шарттары өзгеруі де ғажап емес. Бағдарлама аясында алдағы 10 жылда жеңілдетілген ипотекамен әскерилерге 70 мың баспана беру жоспары бар.

Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен жарылқайтын "Бақытты отбасы" бағдарламасына республикалық бюджеттен жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді. 2% мөлшерлемемен баспана алуға жыл сайын 6 мың жеңілдетілген несие беру жоспарланыпты. – 8 жылдың ішінде бағдарламаны жүзеге асыруға 400 млрд теңге керек. Оның 150 млрды бекітілді (2019, 2020, 2021 жылдарға 50 млрдтан), – дейді Л.Ибрагимова.

Жеңілдікпен несие алуға ниет ететіндердің қарасы көп болатыны белгілі. Осыған байланысты біраз шектеулер қойылыпты. Банк төрағасының айтуынша, бағдарламамен баспана алушының әуелі кіріс көзі тексеріледі. Қағидаға сәйкес "Бақытты отбасы" бағдарламағасымен үй алатын отбасындағы бір адамның табысы 42 500 теңгеден аспауы керек, яғни, отбасында 5 адам болса, жалпы табысы 212 500 теңгеден көп болмауы керек.

Оқи отырыңыз: Алматылық көпбалалы отбасыларға "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша пәтер кілті табысталды

– Бізден бұл деңгейді 1,5 ең төменгі жалақыға дейін көтеруді сұрап отыр. Алайда әуелі жалақысы аздарды баспанамен қамтып алайық деп отырмыз, – дейді Л.Ибрагимова.

Жеңілдетілген несиені алу үшін салымшының шотында тұрғын үй бағасының 10 пайызы болуы тиіс. Бағдарламаға қатысушылар жергілікті әкімдіктерден 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификатын ала алады. Несие 20 жылға беріледі. Айтпақшы, Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтауда бағдарламамен алынатын баспана құны 15 миллионнан, қалған өңірлерде 10 миллионнан аспауы керек.

Доллар арзандады

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 382,38 теңгеге сатылды. Бір тәулікте доллар 1,31 теңгеге арзандады. Еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде долларды 383-384 теңгеге сатып жатыр.

Оқи отырыңыз: Доллар сатып алуға жанталаспаңыз. Теңгені қазір АҚШ валютасына алмастыру – ақымақтық

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда көлік салығын төлеу мерзімі өзгереді. Қазір салықты жыл соңына дейін төлеу қажет. 2020 жылдан бастап салықты келесі жылғы 1 сәуірге дейін төлеу жоспарланып отыр. Бұл автомобиль иелері үшін қолайлы. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты - адал салық төлеушінің мүддесін қорғау болып отыр.

Baq.kz: Алдағы үш күн ыстық болады. Синоптиктердің болжамы бойынша, жоғарғы атмосфералық қысымның аясында Қазақстанның солтүстік аймағы арқылы жылжитын фронт кей жердетек найзағаймен өткінші жаңбыр алып келеді.Республикамыздың оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауады, найзағай ойнап және екпінді жел соғады. 20-22 маусымда батыс және оңтүстік аймақтарындаыстық және жауын-шашынсыз ауа райы болжанады, күндіз ауа температурасы 30...35, кей жерлерде 36…40°С-қа дейін көтеріледі.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары