Тікелей эфир

Қазақстандықтардың басым бөлігінің жалақысы азық-түлік алуға жетпейді

shutterstock.com фотосы
shutterstock.com фотосы
Сарапшылар 2020 жылы қымбатшылық орын алып, кедейлік өсетінін болжады.

Қазақстанда әлеуметтің әлеуеті төмендеп, қоғамды кедейлік жайлап барады. Ел халқының жартысынан астамы "жалақыдан жалақыға дейін" өмір сүреді. Айлық еңбекақының аздығынан көптеген отбасы жарытып тамақ та іше алмайды. Дәрі-дәрмек алуға ақша табудың өзі қиындаған. Мұндай қорқынышты деректерді "қазақстандықтардың тұтыну қабілетіне" зерттеу жасаған "Кипр" талдау тобының сарапшылары жария етті. Күнкөріс деңгейінің күрт төмендеуіне не себеп және тығырықтан шығудың жолы бар ма? Бұл сауалдарға informburo.kz тілшісі жауап іздеді.

Қазақстандықтардың тең жартысы жалақымен ғана күн көреді

Мамандар өз зерттеулерін Статистика комитетінің ресми деректеріне сүйене отырып жасаған. Сауалнамаға еліміздің барлық облыстарында, сондай-ақ, Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұратын 12 мың адам қатысқан. Оның қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың 58 пайызы "жалақыдан жалақыға дейін" өмір сүреді екен. Отандастарымыздың басым бөлігінің айлық табысы бүгінде – 50 мың мен 200 мың теңге аралығында. Ал жалақының медианалық мөлшері 43 мың теңгені құрап отыр. Демек, халықтың тең жартысы бұл көрсеткіштен де аз табыс табады деген сөз. Әсіресе, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облысы тұрғындарының күнкөрісі тым төмен деңгейде. Аталмыш өңірлердегі отбасылардың дені көпбалалы болғандықтан, жан басына шаққандағы кіріс көлемі тіпті төмен.

"Отбасындағы балалар санының өсуі кезінде табыс құрылымы қатты өзгереді. Төрт және одан да көп баласы бар отбасылардың шамамен 90 пайызы кедейлік деңгейінен төмен жағдайда өмір сүріп жатыр. Қазіргі әл-ауқат деңгейі тұрғысынан қарасақ, көпбалалы болу – кедейлік факторы", – деді "Эксперт Қазақстан" іскерлік журналының бас редакторы, сарапшы Сергей Домнин.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бастық жұмысшыдан 8,7 есе артық жалақы алады. Бұл экономикаға қалай әсер етеді

Халықтың тойып тамақ ішуге жағдайы жоқ

Сарапшылар жүргізген сауалнама нәтижесінде, респонденттердің 11 пайызы азық-түлікке табысының төрттен бірін жұмсайтынын айтқан. Ал 43 пайызы жалақысының жартысынан көбін, тіпті тапқан ақшасын түгел тамаққа шығындайтынын жеткізген. Мамандардың айтуынша, бұл халықтың азық-түлік өнімдерін көп мөлшерде тұтынуынан емес, керісінше, қымбатшылықтың кесірінен болып отыр.


Камила Ковязина

Камила Ковязина / сурет сарапшының Facebook парақшасынан алынды


"Бұл теріс көрсеткіш. Дамыған елдерде азық-түлікке әдетте табыстың 15 пайызы ғана шығындалады. Егер азық-түлікке табыстың жартысы кететін болса, адамда киім алуға, медициналық қызметтерді пайдалануға, ойын-сауыққа және өзге де қажеттіліктер үшін ақша қалмайды", – деді ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Камила Ковязина.

Азық-түлікке ақша үнемдегендер ауру тапқан

Қазір елімізде әрбір үшінші отбасы азық-түлікке ақша үнемдейді. Мамандардың пайымдауынша, бұл тамақтану рационын құлдыратып, денсаулыққа кесірін тигізеді. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің ашқұрсақ болып, дәруменге бай тағамдарды тұтынбауы олардың дұрыс қалыптаспауына әсер етеді. Тамақтану сапасы тек физикалық дамуға ғана емес, сонымен қатар, ой-өрісінің өсуін де тежейді екен.

"Азық-түлікке жұмсалатын шығындардың өсуі сапалы, толыққанды тамақтануды қамтамасыз етпейді. Бұған жүкті әйелдер мен балалар арасында анемияның дендеп кетуі дәлел. Анемия негізінен дұрыс тамақтанбаудың, ақуыздар мен темірдің жеткіліксіздігінен пайда болады. Қазақстанда 2016-2018 жылдары жүкті болған әйелдердің 58 пайызына анемия диагнозы қойылды. Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарында және Шымкент қаласында әрбір оныншы бала анемиямен ауырады. Яғни, азық-түлік шығындарына қаржының көп жұмсалуы қазақстандықтардың тамақтану рационының бай екенін білдірмейді, керісінше тамақ өнімдері бағасының тым қымбат екенін дәлелдейді", – деді Экономикалық зерттеулер институтының әлеуметтік-демографиялық дамуды зерттеу орталығының директоры Батжан Ақмолдина.

Отандастарымыз "қатаң үнемдеу" арқылы әзер күн көріп жатыр

Жалақының аздығы мен қымбатшылықтың кесірінен отандастарымыз тек азық-түлікке ғана емес, дәрі-дәрмекке және басқа да қажеттіліктерге ақша үнемдеуге мәжбүр. 2017 жылдан бастап елімізде "қатаң үнемдеу режимінде" өмір сүретін адамдардың үлесі 9 пайызға өсіпті. Көпшілігінің жылына кем дегенде бір рет үйден тыс жерде демалып, достарымен мейрамханада немесе дәмханада кездесуіне мүмкіндігі жоқ. Жұмыс пен үй арасында жүретін олар бос уақытын тек теледидар көруге ғана арнайды. Осылайша, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі төмендеп барады. Мамандар мұндай жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылардың өздерін тұрмыстық қажеттіліктерден шектеуі олардың балаларының дамуына теріс әсер етіп жатқанын айтады.


informburo.kz инфографикасы


"Қатаң үнемдеу режиміндегі» қазақстандықтардың:

  • 39,3 пайызы үйден тыс жердегі жыл сайынғы демалысқа бара алмай отыр;
  • 29,7 пайызының кинотеатрға барып, концерт көруіне мүмкіндігі жоқ;
  • 26,2 пайызы дәрігердің қабылдауына ақы төлей алмайды;
  • 19 пайызының дәрі сатып алуға ақшасы жоқ.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда кедейліктің деңгейі түспей тұр. Есесіне пәтер құны шетелдегі баспанадан да қымбат

Қазақстандықтар қарызға белшесінен батып, несие алған

Камила Ковязинаның айтуынша, қазір қазақстандықтардың сатып алу қабілеті төмендеген. Сонымен қатар, табыс деңгейінің төмен болуына және жоғары шығыстарға байланысты (бірінші кезекте, тамақ өнімдеріне) отандастарымыз қор жинау мүмкіндігінен айрылған. Сарапшының зерттеуінше, егер 2017 жылы әрбір бесінші сұралған адам қандай да бір қаражатты кейінге қалдыру мүмкіндігі барын айтқан болса, 2019 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін төмендепті. Есесіне, қарызға батқандардың қатары 13 пайызға көбейген. Сондай-ақ, несие алушылардың саны да артыпты. Биылғы сәуір айындағы жағдай бойынша жеке тұлғалармен жасалған несиелік келісімшарттар саны 12 миллионнан асқан. Олардың әрқайсысының басында 914 мыңнан астам несие қарызы бар екен. Бұл қазақстандықтардың күйзеліске және елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауына дайын еместігін көрсетеді.

"Табысы аз болғандықтан, адамдар қарыз алады. Бірақ оны төлей алмайды. Несие есебінен өзінің ағымдағы проблемаларын шешуге ұмтылу қаржылық мүмкіндіктерінің нашарлауына алып келеді. Сол арқылы қазақстандықтар өздерін тығырыққа тірейді. Несиеге тіпті көмір, азық-түлік өнімдерін алатындар да бар", – деді Камила Ковязина.

2020 жылы қымбатшылық орын алып, кедейлік өседі

Сарапшы Сергей Домнинның болжамынша, 2020 жылы Қазақстанда табыстың номиналды өсуі сақталады. Әрі бірқатар сала мамандарының жалақысы көтеріледі. Сәйкесінше, азық-түлік, коммуналдық қызмет және отын түрлерінің бағасы шарықтайды. Спикер табыстың өсуі халықтың әл-ауқатының артуына алып келмейді, қайта кедейліктің бұдан әрі өсуіне және теңсіздіктің күшеюіне соқтырады деп есептейді. Сондықтан мамандар қорқынышты жағдайды реттеу үшін мемлекет нақты шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты. Әуелі монополияға қарсы саясатты мықтап ұстану керек. Саудагерлер мен тауар өндірушілердің сөз байласуымен күресіп, монополияға қарсы органдар бағаны тұрақтандыруды мықтап қолға алуы қажет. Әйтпесе халықтың жағдайының оңалатын түрі жоқ.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары