Тікелей эфир

Медициналық ішкі туризм науқастарға қашан көмекке келеді?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Трансплантология – қазір медициналық туризмде үлкен сұраныс бар сала. Алайда, Қазақстанда үйлестірудің кемдігінен мұқтаж жандар уақтылы көмек ала алмайды.

Гемодиализге байланған ғұмыр

Ағиза жеті жылдан бері гемодиализдің көмегімен ілдәлап келеді. Бүйрек жетімсіздігі дертіне 30 жасқа жетпей шалдыққан жас келіншектің онсыз тірі жүруі екіталай. Оған өз қызметін дұрыс атқармайтын бүйрегін ауыстыру, яғни трансплантация отасын жасау қажет. Ауыстыратын ағзаны осындай науқастар жылдап күтеді.

Біраз уақыт бұрын оған сәйкес келетін донор бүйрегі табылған еді. Алайда Алматыдан 100-ден астам шақырымда жатқан ауылдан мегаполис маңындағы облыстық ауруханаға дер кезінде жете алмай қалды. Соның салдарынан мүмкіндіктен айрылды. Енді жуыр маңда донор бүйрегі табылмаса, келіншектің жағдайы нашарлай бермек.

Бір қыздың анасы. Жұбайымен бірге гемодализ жасайтын ауруханаға жақын болу үшін ауылдағы үйін тастап, Алматы маңында пәтер жалдап тұрып жатыр. Алатыны – 1 топтағы мүгедектік жәрдемақысы. Денсаулығындағы кінәраттың кесірінен шалғайда қайтыс болған әкесін ақтық сапарға шығарып сала алмады. Алыс-жақын туыстарының қуаныш тойларына да бара алмайды.

– Шетелдерге барып донор бүйрек ауыстыру отасын жасатуға қаржымыз жоқ. Үкімет мен секілді адамдарды есіне алып, тезірек көмек қолын созса деймін. Қазақстан аумағынан донор табылса, тіпті жақсы болар еді. Ондай күн туса, ішкі медициналық туризмнің механизмдерін пайдалану арқылы проблеманы неге шешуге болмайды? – дейді ол.

Санавиация шетелдерден ғана туристерді тасиды

Қазақстанда санитарлық авиацияның мүмкіндігін көбінесе тек шетелдерде бәлеге ұшырап не ауыр науқасқа шалдыққан туристерді тасымалдау мақсатында пайдаланады. Немесе ел ішінде апат не төтенше жағдай болғанда арагідік қана көмекке келеді. Ал еліміздегі сансыз туристік ұйымдардың өз күшімен адамдарды тасымалдауға мүмкіндіктері шектеулі. Олар медициналық туризмнің қыр-сырын жаңа зерттей бастады.

Транспланталогияға мұқтаж Қазақстан науқастары шетелдердегі донорлардың базасымен қамтылмаған. Ондай жүйе болған күнде де, жете қою қиын. Бірлі-жарым ғана адамдар халықтан ақша жинау арқылы шетелдерге барып ота жасатып жүр.

Денсаулық сақтау министрлігі де медициналық туризмді дамытудың жол картасын биыл ғана бекітті. "Қазақтуризм" АҚ-мен бірлесіп іс-шаралар жоспарын әзірлеп, медициналық туризм нарығында енді ғана санақ жүргізе бастауға бюджет қарастырып отыр.

Туризмді дамытудың 5 жылдық бюджеті

– Туризмді дамытудың 5 жылдық бюджеті бекітілді. Осы жұмыстардың бір маңызды бөлігі – медициналық туризмді дамыту. Қазір мемлекеттік және бизнестік құрылымдардың медициналық нысандарының түрлі стандарттарға сәйкестігін нақты анықтап алмақшымыз, – дейді "Қазақтуризм" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев Алматыда өткен "KITF" көрмесінде медициналық туризмді дамыту тақырыбына арналған семинарда.

Оның айтуынша, 2017 жылы Қазақстанның клиникаларына 40-тан астам елден адамдар келіп емделді. Медициналық туристердің саны 25 мың адамға жетті. Тапқан табыс 950 млн теңге шамасында. Медициналық туристер келетін потенциалдық елдер – Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь пен Украина. Сұраныс бар басты қызмет бағыттары – кардиохирургия, ортопедия, нейрохирургия, трансплантология, ЭКО, стоматология және шипажайлар мен дауажайлардағы сауықтыру емдері.

– Қазақстанда әсіресе сауықтыру-оңалту, яғни, реабилитация бойынша медициналық туризмге баса көңіл бөлінбекші. Өйткені, бұл бірқатар бағыттарды дамытуға негіздемелік жағдай туғызып, саланы дамытуға белді үлес қоса алады. Қазақстанда оған барлық жағдай бар, – дейді ол.


Дереккөз: "Қазақтуризм" Ұлттық компаниясы


Алайда, Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, шипажай-дауажайлардың арасында 90 пайыз емдеу және 10 пайыз басқа қызметтер деген стандарт талаптарына сәйкес келетіндері аз. Кеңестік дәуірден қалған мұндай мекемелердің материалдық-техникалық базасы нашар, адами капиталының біліктілік деңгейі төмен. Оларға маусымдық фактор да кері әсерін тигізіп отыр.

Шипажайлар мен дауажайларда баға неге қымбат?

Шипажайлар өздерінің туристік өнімдерінің маркетингін жолға қоймаған, сервисі төмен. Олар туралы ақпарат жоқтың қасы және рейтинг тағайындалмайды. EuropeSpa халықаралық аккредиттеуден өткен бір де шипажай немесе дауажай елімізде жоқ.

Өкінішке қарай, бүгінде біздің елімізде қалпына келтіру (восстановительная терапия) емінің қажеттілігі аса жоғары болса да, емдеу бағдарламаларының міндетті бөлігі болмай отыр. Ал жыл сайын 400 мыңнан астам адам отадан кейінгі оңалтуға мұқтаж. Мұндай деректі Президент іс басқармасының медициналық орталығы келтіреді.

Шипажайлар мен дауажайларда емделу құнының қолжетімді болмауынан халықтың мүгедектік деңгейі өсе түсіп, аурулардың асқыну қатері артып отыр.

Ал медициналық туризм жоғарғы деңгейде дамыған Оңтүстік Кореяда келген науқастарға көптеген арнаулы жеңілдіктер қарастырылады. Алматыдағы іс-шарада осы елдің өкілі әуекомпаниялар тарапынан жасалатын жеңілдіктер, науқастар үшін ұйымдастырылатын концерт және басқа да іс-шаралар, арнаулы туристік бағдарлармен бөлісті.

Түркияның Медициналық туризм қауымдастығының өкілі Халида Садыкованың айтуынша, ел үкіметі саланы дамытуға барынша қолұшын береді. Қауымдастықты да бірнеше министрлік ғаламдық қауымдастықпен бірлесе қаржыландырады. Соның арқасында бұл мемлекеттегі медициналық мекемелер 100 пайыз дерлік JCI аккредитациясына ие болған.

Joint Commission International (JCI) аккредитациясы – денсаулық сақтау саласындағы ең обьективті және беделді халықаралық сертификация және сапаның "алтын стандарты". Науқастардың қауіпсіздігі бойынша халықаралық міндеттерді қамтамасыз ету талаптарына, сондай-ақ медициналық ұйымның халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдейді. Қазір JCI стандартына дүниежүзінде 800-ден астам аурухана сай.

Жалпы, медициналық туризмді дамыту ел экономикасына, туризм индустриясына түгелдей мультипликативтік әсер етпек.


Дереккөз: Түркияның медициналық туризм қауымдастығы


Қазақстандық Welness Travel туристік компаниясының бас директоры Оксана Светенконың айтуынша, 2018 жылы бұл сала 439 млрд доллар пайда тапқан. Medical Tourism Index мәліметінше, 2025 жылы ғаламдық медициналық туризм 3 трлн доллар көлеміндегі үлесті иемденіп, алдағы онжылдықта жыл сайын 10 пайызға өсіп отырмақ. Қазақстан да "осы шелпектің бір шетінен тістеп қалуы керек" дейді ол.

Медициналық туризм бойынша ең үздік 10 бағытқа мына елдер жатады:


Дереккөз: Medical Tourism Index


– Қазақстан рейтингте көрсетілген жоқ. Меніңше, біздің ел медициналық туризм бағыты бойынша өзі туралы ашық жарияламаған соң, бағаланбаған деп білемін. Ал бар мәліметтер әзірге өте аз, – дейді Оксана Светенко.

Оның айтуынша, 2019 жылы әлемде дәстүрлі медицина және "Денсаулық қалалары" концепциялары трендке айналады. Мәселен, Сингапур және Абу-Даби қалалары осы бағытты таңдап алып дамыта бастаған.


Ғаламдық медициналық туризм – мамандану

Ғаламдық медициналық туризм – мамандану / Дереккөз: Қазақстанның туристік қауымдастығы


Әлемде сауықтыру туризмі қарқынды дамып келеді. Шетелдерде, мәселен, аналарға арналған велнес, ұйқыны жақсарту, тыныштық, орта жастағы ер азаматтарға арналған ретрит, жүктілік сапары, қанттан арылуға арналған детокс-тур, ажырасудан кейінгі ретрит секілді небір сапар түрлерін дамыта түсуде.


Әлемдік статистика

Әлемдік статистика / Дереккөз: Қазақстанның туристік қауымдастығы


– Қазақстанда медициналық туризмді дамыту елдегі медицинаны дамыту қарқынын арттыра түседі, – дейді Тимур Дүйсенғалиев. Өз кезегінде халықтың денсаулығы артып, басты құндылық ретінде адамның денсаулығына деген қамқорлық артады. Бұған қоса медициналық туристің елде қалдыратын қаржысының орташа чек мөлшері қарапайым туристің қалдыратын ақшасынан 1,3 есе артық. Шипажайлар мен дауажайлар дамиды, сол арқылы елдің емдік-табиғи факторларын пайдалану ауқымы артып, жұмыс орындары көбейеді.


Дереккөз: Түркияның медициналық туризм қауымдастығы


Еске сала кетейік, биылғы жылдың басында Қазақстанда 2025 жылға дейін туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Медициналық туризм бойынша, төменде аталған проблемалар мен тежеу факторларын жою мақсаты алға қойылып отыр:

  1. Қазақстанның медицинасының мүмкіндіктері туралы халық арасындағы ақпарат жетімсіздігін жою;
  2. Клиникалардағы менеджмент және сервистің төмен деңгейін еңсеру;
  3. ҚР медицинасы мен денсаулық сақтау жүйесіне қатысты халықтың кері көзқарасын өзгерту;
  4. Медициналық туристік өнімнің жасақталмауы;
  5. Медициналық туризмді дамытуға арналған құқықтық базаның жоқтығы;
  6. Туроператорлар мен клиникалар арасында жедел коммуникациялық байланыстардың болмауы;
  7. Шетелдік клиникалардың қызметін ұсынатын туроператолардың белсенділігі.
Серіктестер жаңалықтары