Тікелей эфир

Өзбектердің туризмді дамытқаны сондай қазақтар да көршіге барып демалғанды тиімді санайтын болды

Informburo.kz
Informburo.kz
Қазақ көп шоғырланған Өзбекстанның "Швейцариясында" демалу сіз ойлағаннан да арзанға түседі. Еш кедергісіз қызметтің көп түрін қазақ тілінде ала аласыз.

Informburo.kz тілшісі Өзбекстанның "Швейцариясына" арнайы іс-сапармен барып, өңірдің туристік мүмкіндіктері мен аймақтағы қазақ тілінің қолдану аясы туралы біліп қайтты.

Өзбекстанда қазақ тіліне сұраныс артқан

Белдерсай ауылындағы "Белдерсай" қонақ үйінің әкімдігінің жетекшісі Марат есімді азаматтың айтуынша, соңғы екі жылда Қазақстаннан келетін туристер саны күрт өскен. Оның ойынша, қазақтарға қысқы спорт түрлерімен айналысудың қолжетімді бағасы мен қолайлы жағдай ұнайды.

– Бостандықтың бұл өңіріндегі жергілікті тұрғындардың басым бөлігі – қазақтар. Келуші туристер қатарында қазақтардың көбеюіне байланысты қызметке көбірек қазақ тілін білетін мамандарды тартып жатырмыз. Туристерге өз тілінде қызмет көрсетілсе, олардың келесі жылы тағы да келуінің мүмкіндігі артады, – дейді Марат.


Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтың жарлығымен Бостандық ауданындағы туризм инфрақұрылымын жаңарту басталып кетті

Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтың жарлығымен Бостандық ауданындағы туризм инфрақұрылымын жаңарту басталып кетті / Informburo.kz


Мараттың ұлты – татар, қазақ тілін үйренуді бастап жібергенін айтады. Қазақ пен татар тілдерінің генеологиялық шығу тегі бір болғандықтан, татар ұлтының өкілі үшін қазақ тілін меңгеруге көп уақыт кетпейтіні белгілі. Ал Мараттың өз жұмысының талабы солай болып тұрған соң, қазақ тілін алдағы маусымға дейін үйреніп алатынына сенеді.

Қазақтар "қонысы"

Ташкент облысының Бостандық ауданына қарасты Өгем-Шатқал ұлттық бағының территориясына қарасты туристік аймақ халық арасында Өзбекстан "Швейцариясы" атанып кеткен. Ол Қазақстанның Түркістан облысымен шектесіп, бергі жағы Ақсу-Жабағылы қорығына жалғасады.

Бостандық ауданы – Өзбекстандағы 12 облыстың бірі Әндіжаннан да үлкен. 1956 жылы Бостандық Өзбекстан территориясына өтіп кеткен кезде аудандағы қазақтардың саны жалпы халықтың 65 пайызын құрады. Қазір бұл көрсеткіш шамалы азайғанымен, қазақ диаспорасының басым бөлігі тарихи Отанына көшуді жөн санап отырған жоқ. Себебі оларға туған жер бәрінен ыстық.


Бостандықтағы қазақтар келуші туристерге ат серуенін ұйымдастырып, нәпақасын тауып жүр

Бостандықтағы қазақтар келуші туристерге ат серуенін ұйымдастырып, нәпақасын тауып жүр / Informburo.kz


1950-жылдары Бостандық ауданында 29 қазақ мектебі жұмыс істеді. Қазір олардың саны 24-ке азайған. Қазақ мектептерінің жабылуы қазақ сыныптарындағы балалардың саны азаюымен байланысты. Жергілікті қазақтардың айтуынша, сапалы білім алсын деп балаларын орыс тілінде білім беретін мектептерге ауыстырып жатыр екен.

Бостандық ауданындағы қазақ диаспорасы туралы арнайы мақаламыз кейінірек жарыққа шығады. Әзірге бұл өңірдің туристік мүмкіндіктері жайлы ақпарат ұсынуды жалғастырайық.

Транспорт мүмкіндіктері

Өзбекстанның "Швейцариясы" Қазақстан территориясына жақын орналасқандықтан, туристік өңірге жеке көлігіңізбен саяхаттау тиімдірек. Бұл уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдеуге негіз болады.

Қазақстанда тіркелген көлікпен Өзбекстан территориясында жылына 90 күнге дейін жүруге рұқсат етілген. Көлікті арнайы мекемеге тіркеу міндетті емес. Тек жылына 90 күннен асып кетпеуі тиіс.

Өзбекстандағы бензиннің коммерциялық бағасы үкімет бекіткен бағадан айтарлықтай жоғары. Мысалы, "мемлекеттік" бағада АИ-80 – 3800 сум (170 теңге) болса, АИ-91 – 4300 сумға (192 теңге) тең. Ал ішкі нарықтағы коммерциялық бағаға назар аударсақ, Лукойл орталықтарында АИ-92 – 6900 сум (308 теңге), ал АИ-95 – 7500 сумға (335 теңге) тең.

Ал Jizzakh Petroleum нарықтағы саудасы бойынша, АИ-95 – 8000 сум (358 теңге), АИ-98 – 9000 сумға (402 теңге) сатылады.

Қазақстан мұнай өндіруші елдер қатарында болғандықтан, ішкі нарықтағы бензин бағасы Өзбекстан нарығына қарағанда дерлік екі есе арзан болып отыр. Сондықтан көлікпен саяхаттауды жоспарласаңыз, көлік жанармайына артығымен қаржы есептеңіз.


Өзбекстан нарығына шетелде жасалған көліктерді кіргізу құны қымбат болғандықтан, ішкі нарықта тек отандық автолар қолданылады

Өзбекстан нарығына шетелде жасалған көліктерді кіргізу құны қымбат болғандықтан, ішкі нарықта тек отандық автомобильдер қолданылады / Informburo.kz


Десе де, Өзбекстанның "Швейцариясына" жеке көлікпен бару такси немесе арнайы көлік жалдауға қарағанда арзанға түседі. Одан бөлек, жеке көлікпен өзіңіз қалаған жерде тоқтап, Бостандық ауданының табиғатын тамашалай аласыз.

Өзбекстан астанасы Ташкентке Түркістан облысындағы шекара посттары арқылы өтсе жақынырақ. Мысалы, Жібек жолы мен МАИ посттары тоқтаусыз тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Көлікпен шекарадан өту орташа есеппен бір сағат уақытыңызды алады. Ал кезекте тұрған көліктер аз болса, одан да тез өтіп кетуге болады.

Шекарадан өтуге қажет құжаттар

Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел болмағандықтан, көрші ел территориясына өту үшін шетелге шығуға арналған паспорт жасатуыңыз қажет. Жеке куәлікпен өте алмайсыз.

Шекара қызметкерлері көлікті толығымен тексеріп, барлық заттарыңызды арнайы құрылғыдан өткізеді. Ал жұқпалы аурулардың Өзбекстанға өтіп кетпеуін қадағалау мақсатында дәрігерлер тобы сізді де, көлігіңізді де бөлек тексереді. Бұл қызмет үшін қосымша 7900 сум (353 теңге) төлейсіз.

Ал шекарадан өткен бойда алдыңызда көлік сақтандыру компанияларының кеңселері көресіз. Көлікті сақтандыру кез келген шетел азаматы үшін міндетті болғандықтан, сақтандырушы мамандарға кіруді кейінге қалдырмаңыз. Көлігіңізді 1 айға сақтандырудың құны – 26 000 сум (1164 теңге).


Өкінішке орай, қазақстандық шекарашылар азаматтардың уақытын көбірек ұстайды. Ал Өзбекстандағы офицерлер жылы лебізбен, жылдам қызмет көрсетеді

Өкінішке қарай, қазақстандық шекарашылар азаматтардың уақытын көбірек алады. Ал Өзбекстандағы офицерлер жылы ілтипат көрсетіп, жылдам қызмет көрсетеді / Informburo.kz


Шетел азаматтарын тіркеу

Өзбекстанның бүгінгі үкіметі сыртқы қарым-қатынасқа барынша көбірек көңіл бөліп, ашық экономика саясат жүргізе бастағаны белгілі. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев Сыртқы істер министрлігіне алдағы екі жыл төңірегінде әлемнің 100-ден астам елімен визасыз байланыс орнату мүмкіндіктерін жасауды міндеттеді.

ТМД елдерінің азаматтарына онсыз да виза жасату міндеттелмеген болатын. Десе де, уақытша тіркеуге тұру мәселесі, жергілікті мемлекеттік мекемелердегі қағазбастылық шетелден келетін туристердің жүріп–тұруын қиындататын. Қазір бұл мәселенің де оңтайлы шешімі табылды.

Енді кез келген турист Өзбекстан шекарасына өткеннен кейін уақытша тіркеуге онлайн тұра алады.

Өзбекстан мен Қазақстан арасында визасыз өту келісімі жасалған. Осыған орай, қазақстандықтар тіркеусіз 5 күнге дейін Өзьекстанда бола алады. Ал одан көбірек қалуды жоспарласаңыз, онлайн тіркеуге тұруға тиіссіз.


Emehmon.uz платформасында шетелдік турист ағылшын, орыс және өзбек тілдерінде мәлімет алып, тіркеуге тұра алады

Emehmon.uz платформасында шетелдік турист ағылшын, орыс және өзбек тілдерінде мәлімет алып, тіркеуге тұра алады / Сайт бетінен скриншот


Қазақстан азаматтары өзге шетелдіктер сынды emehmon.uz сайты арқылы небәрі 5 минутта тіркеу жасай алады. Ал тіркеудегі кейбір мәселелерді түсінбеген жағдайда өзіңіз тоқтаған қонақ үй әкімдігінен сұрасаңыз, олар да көмек қолын созады.

Өзбекстан "Швейцариясындағы" жазғы демалыс

Бостандық ауданының таулы бөлігінде Шымған (Чимган), Белдерсай, Ақтас, Аршазар, Шатқал, Жаңаабад (Янгиабад), Қожакент және Шарбақ атты туристерге арналған курортты зоналары бар. Бұл аймаққа Өзбекстанның алыс аймақтарынан, шетелден келіп демалатындар саны көп.

Бостандық ауданы Өзбекстан Республикасы астанасы Ташкент қаласына жақын болғандықтан, мұнда демалатын ташкенттіктер көп. Әсіресе шілденің ыстығында тау бөктеріне келіп, отбасылық демалысын ұйымдастыру туыстық қарым–қатынасты нығайтады әрі денсаулыққа пайдалы болары анық.

"Пирамидалар" сауықтыру орталығы

"Шарбақ" демалыс орны – жаздың ыстық күндерін таза ауада әрі жағажайда өткізуді қалайтын туристер ең көп келетін мекендердің бірі. Бұл жерді "Пирамидалар" немесе "Үш Пирамида" сауықтыру орталығы деп те атайды.


Шарбақ демалыс орталығындағы "Үш Пирамиданың" бірі

Шарбақ демалыс орталығындағы "Үш Пирамиданың" бірі / Informburo.kz


"Шарбақ" Ташкент қаласынан 80 шақырым қашықтықта Бостандық ауданы, Бөкешөл ауылында орналасқан. Туристік аймақтағы Шарбақ су қоймасына Шатқал, Көк су және Піскем өзендерінің суы құяды.

"Пирамидалар" қонақ үйінде 2 адамға арналған 115 Стандарт, 68 Семилюкс, 17 Люкс және 6 адамға арнайы дайындалған VIP орындар бар.

"Үш Пирамида" қонақүйіндегі екі орындық стандартты бөлмені жалдау – 370 000 сум (16 560 теңге). Ал жартылай люкс бағасы 470 000 сумға (21 035 теңге) тең болса, люкс бөлмелерде демалу құны 580 000 (25 960 теңге) сумнан басталады. Одан бөлек, VIP бөлмелер де бар. Оның тәуліктік бағасы 900 000 (40 285 теңге) сумды құрайды.


"Пирамидалар" демалыс орны Шарбақ су қоймасының жағажайының жанында салынған

"Пирамидалар" демалыс орны Шарбақ су қоймасының жағажайының жанында салынған / Informburo.kz


Қонақ үйдегі бөлме бағаларына таңертеңгі ас кіреді. 3 жасқа дейінгі балаларға тегін. Ал 12 жасқа дейінгілерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Туристер бұл жерге таудың мөлдір суына шомылып, жағажайда жатып, күнге күю үшін келеді. Ал одан бөлек, мұнда теннис корты, футбол стадионы, жазғы кафе, бірнеше бар, дискотека және сауна жұмыс істейді. Сонымен қатар, боулинг клубы да қонақтарға қызмет көрсетеді.

"Белдерсай" сауықтыру орталығы

Бостандық ауданына қарасты Белдерсай сауықтыру орталығы Ташкент қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан.

Белдерсайдың басты артықшылығы оның "Күмбел" тау шаңғысы алқабының жанында орналасуында болып отыр. Әбілғасқа тауының жоғары бөктеріне арнайы арқанжолмен шығуға болады. Оның бағасы – 15 000 сомды (671 теңге).


Өзбекстанның "Швейцариясындағы" ең үзын арқанжол "Белдерсай" курортты алқабында орналасқан

Өзбекстанның "Швейцариясындағы" ең ұзын арқанжолдардың бірі "Белдерсай" курортты алқабында орналасқан / Informburo.kz


Арқанжолдың ең жоғары нүктесінде жергілікті тұрғындар атты жалға береді. Таудың таза ауасында атқа мініп серуендеу сізді өзгеше сезімге бөлемей қоймайды. Атқа мініп, жарты сағат серуендеу құны – 30 000 сум (1340 теңге).

Белдерсайдағы қонақ үйде бөлмелері Шымған бағасынан біршама арзандау. Мысалы, екі орындық стандартты бөлменің тәуліктік бағасы – 800 000 сум (35 800 теңге). Ал екі адамға арналған екі бөлмелі люкс қызметінің бағасы 1 250 000 сумды (55 950 теңге) құраса, 4 орындық 3 бөлмелі VIP орын 2 050 000 сумға (91 760 теңге) жетеді. Бұл бағаға әдеттегідей таңертеңгі ас кіреді.

Одан бөлек, Белдерсай курортты алқабында коттедждер де жалға беріледі. Мысалы, 4 адамға арналған стандартты коттедж тәулігіне 600 000 сум (28 860 теңге) тұрса, 6 адамдық коттеджді 700 000 сумға (31 330 теңге) жалға алуға болады. Одан болек, 4 (700 000 сум) және 6 (700 000 сум) адамдық люкс коттедждер де бар.

SKY VILLAGE

SKY VILLAGE демалыс орталығы Бостандық ауданы Шымған ауылы, Өгем-Шатқал ұлттық бағында теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан.

Мұнда тек коттедждер жалға беріледі. Аталған демалыс орталығы Ташкент қаласынан 95 шақырып қашықтықта. Достармен немесе отбасымен бірге демалысты өткізуге арналған.

SKY VILLAGE демалыс орталығының артықшылығы оның орналасқан жерінде болып отыр. Осындағы коттедждердің бірін жалға алу арқылы сіз Өгем-Шатқал ұлттық бағын аралау мүмкіндігіне ие боласыз.


Sky Village демалыс орнындағы стандартты коттедждер

Sky Village демалыс орнындағы стандартты коттедждер / Сурет skyvillage.uz сайтынан алынды


Өгем-Шатқал ұлттық бағы – тау баурайына жаяу көтеріліп, жаңа жерлерді зерттеуге құмар адамдарға таптырмайтын жер.

SKY VILLAGE демалыс орталығындағы екі адамға арналған коттедж бағасы 400 000 сум (17 900 теңге), ал 4 адамдық 1 300 000 сумға (58 190 теңге) беріледі. Қосыша жатын орын қосу үшін тағы 150 000 сум (6 715 теңге) төлейге тиіссіз. Коттедж бағалары демалыс күндері 100-200 000 сумға қымбаттайды.

Қысқы демалыс

Ташкент облысы Бостандық ауданының солтүстік-шығыс бөлігі тау сілемдерімен қоршалғандықтан, бұл өңірдің қысы бірен-саран қар түсетін Ташкентке қарағанда әлдеқайда суық болады. Сәйкесінше, Шымған ауылының төңірегінде қысқы спорт түрлеріне бейімделген курортты аймақ салынған.

Мұнда қысқы спорт түрлерінен Өзбекстанның ұлттық құрамасы дайындықтарын шыңдайды. Себебі Өзбекстанда Шымғаннан өзге қысқы спорт аймағы жоқ.

Чимган Оромгохи

"Шымған" – (Чимган Оромгохи) қысқы спорт түрлерімен айналысатын туристерге арналған демалыс орны. Ресми ақпаратқа орай, бір маусымда Шымғанға арнайы шаңғы тебу үшін миллионға жуық турист келеді. Оның 75-80 пайызы Өзбекстан азаматтары болса, қалғанын шетелдіктер құрайды.


Көптеген туристер Бостандық ауданына Үлкен Шымған тауына шығу мақсатында келеді

Көптеген туристер Бостандық ауданына Үлкен Шымған тауына шығу мақсатында келеді / Сурет pagetour.org сайтынан алынды


"Шымған" таулы курорты Ташкенттен тұра келетін тасжолдың бойында 90 шақырым қашықтықта жатыр Таулы курорт аймағында 9 қабатты қонақ үйден бөлек, жалға берілетін жекелей салынған коттедждер мен бюджетті туристер үшін бағасы қалта көтеретін үйлер бар.

Қыс кезінде туристер Шымғанға шаңғы тебуге келеді. Жергілікті халық қысқы спорт жабдықтарын жалға берумен айналысады. Сонымен қатар, атқа мініп, серуендеу және квадроцикльмен тауға шығу мүмкіндіктері қарастырылған.

Белдерсай Оромгохи

Туристер Белдерсай демалыс орнына жазға қарағанда қыста көбірек келеді. Себебі Белдерсай курортты алқабында шаңғы тебушілердің дайындық жолы бар. Жол үстіне шығаратын арқанжол да Кеңес кезінен ұздіксіз қызмет көрсетіп келеді.

Курортты аймақ қызметкерлерінің көмегімен Белдерсайдан тау бөктеріне шығу жолдары арқылы Әбілғасқа тауының төменгі етегіне жете аласыз. Ол үшін арнайы тау спорты жабдықтарын жалға алуыңыз керек.

"Янгиабад" туристік базасы

"Янгиабад" туристік базасы жыл бойы жұмыс істейді. Өзбекстан "Швейцариясындағы" ең ұзын шаңғы тебу жолы осы туристік алқапта. Ұзындығы 500 метрден асады.


Алтынбек есімді Шымған ауылының тұрғыны қыста шаңғы жалға берумен айналысады

Алтынбек есімді Шымған ауылының тұрғыны қыста шаңғы жалға берумен айналысады / Сурет Алтынбектің жеке мұрағатынан алынды


Янгиабадта қонақ үй жоқ. Ал 2 адамдық коттедждерді 350 000 сумға (15 670 теңге) жалға алуға болады.

Орта есеппен, Бостандық ауданындағы қыста және жазда демалу бағасы салыстырмалы түрде бірдей. Ал Өзбекстанда демалу құны Қазақстанның кейбір туристік аймақтарынан арзан түсетінін жоғарыдағы қонақ үй бағаларынан-ақ байқауға болады.

Өзбекстанның "Швейцариясы" туралы өзге де мәліметтермен мына сілтеме арқылы өтіп, таныса аласыз.

Серіктестер жаңалықтары