– Ал Қазақстанда – 8,7 есе, – дейді "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының сарапшысы Генриетта Строева. Бұл туралы ол "Кипр" талдаушылар тобының "Қазақстандықтардың нақты кірісінің тұрақты өсу факторлары" атты талқылауында айтты.

Салық жүктемесі неге 2 есе жоғары

Қазақстанда жұмысшы мен жұмыс беруші арасында салық жүктемесі де әділетсіз бөлінеді. Жұмысшыға – 15%, жұмыс берушіге – 9%. Яғни, екі есе жоғары.

– Бизнеске салық жүктемесін төмендетіп, жағдай жасау туралы лоббизм бар. Ал жұмысшының жағдайын жақсартпаймыз, қорғамаймыз. Кәсіподақ ұйымдары "қалпақ астында" қалған, – дейді Г.Строева.

Соның салдарынан еңбекақыны қысқарту есебінен кірісті еселеу трендке айналды. Қазақстан экономикасының құрылымы технологиялық даму деңгейі төмендеудің қақпанына түсіп қалды, – дейді ол. Мұндай модель Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болуға қанша талпынсақ та, нәтиже бермеуде.

Салықтың көбін кедейлер төлейді

Мекемелік статистиканы алатын болсақ, елімізде 5,9 млн адам салық төлейді. Басым бөлігі – орта таптан төменге жататындар.

– Қазақстанда орта тапты қолдау проблемасы тұр. Біз кедейлікті анықтай аламыз. Ал тұрлаулы орта тапты анықтау, оны қолдау және сақтап қалу үшін не істеу керек? Өйткені, орта тап ұғымы кедейлік ұғымынан біршама тереңірек ұғым, – дейді ол.

Бизнес мемлекет көмегіне неге мұқтаж?

– Қазақстанда бизнесті іс-қызмет ретінде дұрыс түсінбеу кәсіпорындардың мемлекеттен қолдау талап етуіне алып келді, – дейді экономист Айдархан Құсайынов.

– Бизнес – іс-қызмет ретінде де, кәсіпорын ретінде де әлеуметтік және моральдық тұрғыда бейтарап. Бизнесмендер жұмыс орындарын құрмайды. Басты мақсаттары – табыс табу. Олар бизнестің іс-қызмет екенін естен шығарып алды. Осылайша, экономикалық өсім мақсаты алға қойылғанда, мұндай көзқарас жұмыс істемей жатыр, – дейді ол.

Себеп, жеңілдетілген кредиттер нарықтық шарттармен несие алуға қабілеті барларға беріледі. Жеңілдіктер жалақының емес, кірістің өсуіне бағытталған. Экономика консервацияланды. Артықшылыққа ие болған ескі кәсіпорындар жаңасының дамуына жол бермей отыр. Тиісінше, ескі кәсіпорындар үшін бәсекелестік төмендеді.

Бұл өз кезегінде баға мен инфляцияны өсірді. Тұрғындардың табысы өспеді. Кәсіпорындарға жалақыны өсіру пайдасыз, жұмысшыларды алмастыратындар қаптап жүр.

– Жеңілдіктер әрдайым меншік иелеріне – бизнесмендерге, топ-менеджерлер мен кәсіпкерлерге бұйырып жатыр, яғни, елімізде бизнесмен болып саналатын 2% ғана өз іс-қызметінен пайда таба отырып, мемлекеттен жеңілдік алуда, – дейді А.Құсайынов.


Қазақстанның ересек тұрғындарының құрылымы

Қазақстанның ересек тұрғындарының құрылымы / ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегі

Табыс төмендігі – елдің осалдығы

– Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда Қазақстанның ең осал тұсы осы, – дейді мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Оның айтуынша, Credit Suisse Research Institute 2017 жылғы жаһандық әл-ауқат туралы есепте Қазақстанды кедей елдерге қосты. Онда әл-ауқатты жалпы көрсеткіштерге емес, үй шаруашылықтарының табысына, олардың ақшалай қоры мен берешектеріне сәйкес есептеген. Елімізде көп отбасылардың нақты табыстары азайып, берешектері ақшалай жинақтарынан жылдам өсуде.

Есепте ел байлығының қалай бөлінетіні айтылады. Онда орташа әл-ауқат емес, медиандық сан бағаланады. Орташада олигарх пен оның мыңдаған жұмысшысы "байлығының" қоспасы тең бөлінеді. Ал ең байлар мен тақыр кедейлердің әл-ауқатын ескермейтін медиандық индикатор нақты көрсеткішке жақын.

2017 жылы Қазақстанда бір ересек адамға шаққандағы орташа әл-ауқат көрсеткіші 4441 долларды құраса, медиандық сан 334 долларға тең, яғни, 13 есе аз. Барлық елдерде медиандық әл-ауқат орташадан төмен. Дегенмен, осыншама айырмашылық бізден басқа ешбір елде жоқ.


Орташа жалақы және медиандық жалақы

Бір ересек адамға шаққандағы орташа әл-ауқат көрсеткіші / ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегі

– Алдымен экономиканы көтеріп, ұлттық байлықты өсіру, сосын ғана бөлініс туралы ойлау керек деген пікір биледі. Бірақ жұмыс істемеді. Бөлу жүйесі тиімсіз болған жағдайда, ел байлығының өсуі халықтың әл-ауқатына ешбір үлес қоспайтынын ашып берді, – дейді депутат.

Қазақстан – "жұмыс істейтін кедейлердің елі"

Кедей тұрғындар дегеніміз – тар тұтынушылық нарық, төмен еңбек өнімділігі, әлсіз іскерлік белсенділік, кредит қамытына барынша бұғаулану, "улы" кредиттердің шексіз өсуі, наразылықтың өсуі және масылдық пиғылдың артуы.

Экономикалық саясатты статистикаға ғана емес, халықтың басым бөлігіне пайда әкелгенде ғана сәтті деуге болады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі айлық орташа номиналдық жалақы мөлшері 176 мың теңгенің, ал медиандық көрсеткіш 106 мың теңгенің төңірегінде. Бұл сан орташа деңгейде жалақы алатындардың кедейлігін білдірсе керек. Демек, Қазақстандағы кедейлік – азаматтардың жекелеген санатының табысына қатысты мәселе болмай қалды. Жекелеген шараның көмегімен шешілмейді.

"Бұл – экономикадағы қатерлі ауытқу, "жұмыс істейтін" кедейлерді көбейткен ауыр құбылыс", дейді А.Қоңыров.

Бұрынғы "орта таптағылар" біртіндеп кедейлердің қатарына қосылуда.

"Көпшілік тұрмыс деңгейі мен беделін түрлі кредиттің көмегімен сақтап қалуға тырысып жатыр. Ол – тұйыққа тірейтін жол".


Қазақстандағы айлық орташа және медиандық жалақы

Қазақстандағы орташа айлық және медиандық жалақы / ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегі

Жуырда үкімет ең төменгі жалақыны бір жарым есеге өсірді. Бұл жүйелік шараларға жатады. Бүкіл еңбек саласына тікелей әсер етеді. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне тура әсер етсе, жеке меншік ұйымдарға белгі болмақ.

– Бірақ мұндай жұмыс тоқтамауы керек. Салалар және өңірлер бойынша ең артта қалған бағыттарды қарау керек, – дейді депутат.

290 доллар жалақымен экспорттық өнім өндіру мүмкін бе?

2018 жылдың қорытындысы бойынша ең төмен номинал жалақы мынадай салаларда байқалды:


Қазақстандағы ең төмен номиналдық жалақы

Қазақстандағы ең төмен номиналдық жалақы / ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегі

– Агроөнеркәсіптік кешенде жалақы өте төмен. Ауылда бақшасы мен малы бар, ілдебайлап күн көреді дейміз. Ал агроөнеркәсіптік кешен алдына бүгін күнкөріс қана емес, экспортты ұлғайту, стандартты өнім шығару міндеттеліп отыр. 290$ жалақы зор мақсатпен мүлдем қабыспайды, – деді А.Қоңыров.

Салалар бойынша орташа жалақы мөлшері мынадай:


Қазақстандағы экономика салалары бойынша орташа жалақы

Қазақстандағы экономика салалары бойынша орташа жалақы / ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегі бойынша жасалды

– Өңдеу өнеркәсібіндегі орташа жалақы $390-ға әрең жетеді. Индустриялық-инновациялық даму және сапалы жұмыс орындарын құру мүмкін бе? Бүгіндері Қытайдан 2 есе артта қалдық, – дейді ол.

2018 жылы білікті жұмысшыларға сұраныс көп болды, бірақ олар "кеңселік ақ жағалылардан" 2 есе аз жалақы алды. Ең жоғарғы жалақы 1000$ төңірегінде, оны алатындар бірен-саран.

– Қарап отырсаңыз, тұйыққа тірелгендейміз. Табысты көтеру үшін экономиканың құрылымын өзгертіп, еңбек өнімділігін арттыру қажет. Оны жүзеге асыру үшін басты шарт – жоғары еңбекақы талап ететін кәсіби білікті еңбек ресурсы болуы қажет. Бір уақытта бәріне жалақыны көтере алмаймыз, – дейді ол.

Кедейлікпен күрес бағдарламасын отандық тауарларға сұранысты ынталандыру бағдарламасымен қоса қабылдау керек, сонда ғана мультипликативтік ықпалын тигізбек.

Өңдеу өнеркәсібіне көзқарасты түбегейлі өзгерту пікіріне экономист Асқар Елемесов те қосылады.

– Қазақстан экономикасының негізі – тау-кен өндірісі мен мұнай секторы. Капитал сыйымдылығы өте жоғары салалар. Оларға салынған 1$ млн 2-3 жұмыс орнын ғана құрды. Ал егер осы қаржы өңдеу өнеркәсібіне, ауылшаруашылығына, жеңіл өнеркәсіпке салынса, 20-30 жұмыс орны құрылар еді", – дейді.

"Ермек Тұрсынов жазғандай, бәріміздің жақсы меңгерген ісіміз – тірі қалудың қамы болды. Бүкіл тарихымыз бойына күнкөріс үшін тырбанып келеміз" деп налиды сарапшы.

Табысын теңестіретіндер әлі де көп

– Теңестіру бәріне қажет. Бюджеттік сала қызметкерлері, шағын және орта кәсіпкерлер, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар. Бір адам күн сайын қазы-қарта, ал үш адам күн сайын суға қайнатылған макаронмен күнелтетін болса, статистикалық орта есеппен олар ет тамақ жейтін болып шығады, – дейді КИПР тобының жетекшісі Ерлан Смайылов.

Экономист Қасымхан Қаппаров Бірыңғай әлеуметтік төлемді алып тастауды ұсынады.

– 3 млн адамның өз бетінше жұмысқа қамтылғандар мәртебесі бар. Басым бөлігі – жұмыссыздар. Егер бәрі төлем жасаса, бюджет жылына 70 млрд теңге табады екен. Ал мемлекет жуырда Ұлттық қордан жалғыз банкті құтқаруға бұдан 6 есе артық, әлеуметтік салаға 9 есе артық ақша бөлді, – дейді ол.

Ең төмен жалақының жыры

Медиана іс жүзінде 100 мыңнан да төмен.

– Шындығында, жалақыны емес, ставканы ғана көтерді. Мұғалімнің ставкасы небәрі 47 мың теңге. 106 мың теңге алатын оқытушы екі сыныпқа мұғалім болуы керек. Демек, еңбекақы төлеу жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет, – дейді рекрутинг компаниясының директоры Людмила Белова.

Елімізде жұмыс орындарының 4/1 бөлігі білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларына тиесілі.

– Дағдарыс күшейген сайын осы салаларда ғана жұмыспен қамтылғандар саны арта түсті. Бәрі ақшасы бар салаларға ағыла бастады, – дейді ҚР Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов.

КИМЭП профессоры Нұрсейіт Ниязбековтың айтуынша, "Еркін саудаға ұмтылған дамушы елдерді күтіп тұрған бір қақпан бар: кәсіби төмен білікті жұмысшылардың жалақысы күрт төмендейді, барлық пайда орташа деңгейдегі мамандардың қалтасына ауысады".

Мемлекет пен ірі бизнестің ым-жымы бір ме?

Мемлекеттің 100% қатысуымен құрылған акционерлік қоғамдар көп. Осыларды неге Республикалық мемлекеттік кәсіпорын (РМК) ретінде құрмасқа? Cаясаттанушы Марат Шибұтов осындай сұрақ қояды.

– Мемлекет бірақ оған бармайды, өйткені, директорлар кеңесі мен басқармалар үшін жалақы мүлдем басқаша болып шығады. Басшылықта 20 шақты адамнан бар, олар мыңдап саналады. Ал РМК болса, оған бір ғана басшы керек. Ақшаға қатысты көзқарастың қандай екеніне айқын мысал, – дейді ол.

Ол ірі бизнесті демеуді доғаруды, кәсіпорындардағы қатысу үлесінен салық төлеуге міндеттеуді ұсынады. Аз қадаммен-ақ әлеуметтік саясатқа жұмсайтын ақшаны табуға болады дейді.

– Бизнесті қолдауды доғарғанда ғана нақты бәсекелестік басталады. Жұмыс күшіне сұраныс туады, тиісінше, тұрғындардың табысы жүйелі және тұрлаулы өсе бастайды, – дейді А.Құсайынов.

Қазақстанда ең төмен жалақы 500 долларға тең болуға тиіс

Елімізде табыстың біркелкі болмауы сұранысты төмендетуде.

– 97% кедей ешқандай сұраныс тудырмайды, ал 3% байлар ел ішінде импортқа сұраныс түзеді. Сондықтан табысты теңестіру – ішкі сұранысты өсіруге тікелей байланысты мәселе, – дейді кәсіпкер Әсет Наурызбаев.

– Дамушы елдерде айлық ең төменгі жалақы сағатына 3$-дан кем болмауға тиіс деген БҰҰ нұсқауы бар. Егер осыны еліміздің жағдайына бейімдесек, ең аз айлық жалақы 500$-ға тең болуға тиіс. Ал статистикаға сүйенсек, бұл айлық орташа жалақыдан да жоғары, – деп түйіндейді Қазақ еңбек ҒЗИ директоры Серікжан Берешев.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter