Тікелей эфир

Қазақстанда кедейліктің деңгейі түспей тұр. Есесіне пәтер құны шетелдегі баспанадан да қымбат

Дүниежүзілік банк фотосы
Дүниежүзілік банк фотосы
Ең кедей адамдар Ордабасы, Аягөз, Сарыағаш аудандары мен Жамбыл облысының аудандарында тұрады.

Халықаралық кедейлікті жою күні қарсаңында Дүниежүзілік банк сарапшылары Орталық Азиядағы кедейлік мәселесі бойынша зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Мамандардың пікірінше Қазақстандағы кедейліктің деңгейін төмендету қарқыны өте бәсең. Бұған жалақының өспей, бірқалыпты тұруы басты себептің бірі.

Сондай-ақ халықтың толыққанды жұмыспен қамтылмауы да әсер еткен. Жұмыссыздық әйелдер мен жастардың арасында көп. Сарапшылар кедейлікті жою үшін, экономикалық өзгерістерге сай орташа жалақы да көтерілуі қажет еді дейді.

Талдау нәтижесінде келтірілгендей Қазақстанда кедейліктің деңгейі 8,6% шамасында тұр. Күніне әрбір тұрғын орташа алғанда 5,5 доллар жұмсайды. Дүниежүзілік банк болжамына сай, дамудың қазіргі қарқынымен 2021 жылға дейін көрсеткіш 6%-дан жоғары болады. Алайда сарапшылар Ордабасы, Аягөз, Сарыағаш пен Жамбыл облысының кейбір аудандарында кедейлік 30%-дан асады дейді.

"Көптеген қазақстандықтар экономикалық тұрақсыздық алдында әлсіз екен. Екі айтулы жағдай 2005 жыл мен 2013-2016 жылдар аралығында болды. Экономика құлдырап, төменгі өсім тіркелген осы кездерде көп адамдар кедейлікке жақын күйге түсті. Бірақ ол жоқшылық емес. Осылайша, кедейлік деңгейі күніне 5,5 АҚШ доллары бойынша 2013 жылғы 6 пайыздан 2016 жылы 11 пайызға көтерілді. Экономика қалпына келген шақта ғана кедейлік деңгейі қайта түсе бастады", – деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы экономисі Уильям Зейтц

Орталық Азияның басқа елдеріндегідей Қазақстанда 2002-2009 жылдары кедейлікті азайту жұмыстары қарқынды жүрді. Бұл аралықта жоқшылық деңгейі жылына 4 пайызға дейін түсіп, кірісі төмен елдер көрсеткішіне сай кедейшілік жойылды.


Орталық Азия елдері бойынша зерттеулердің ресми деректері

Орталық Азия елдері бойынша зерттеулердің ресми деректері / Дүниежүзілік банк инфографикасы


Қазір Орталық Азияда елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да кедейшілік деңгейін төмендету қарқыны бәсең. Бірақ пәтер бағасы қымбат. Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы баспана бағасы елдегі орташа бағадан 240 пайызға қымбат. Дүниежүзілік банктің есебінше бұл екі қаладағы тұрғын үйдің құны Сан-Франсиско, Сидней және Ванкувер сынды әлемдегі ең қымбат мегаполистерге қарағанда қолжетімсіз.

Елдегі орта топ өкілдері негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан сынды ірі қалалардың төңірегіне топтасқан. Бірақ адамдардың көбі ірі шаһарлардағы еңбек нарығына араласа алмай отыр. Бұл да кедейшілікпен күрестің баяу жүруіне себеп.

"Жалпы табыстың 30 пайызына дейін ғана баспана алуға жұмсалуы керек. Алайда қазақстандықтар мұндай қарқынмен пәтер ала алмайды. Сондықтан мұнда 60-70 пайыз тұрғын тапқан табысының едәуір бөлігін баспана мәселесін шешу үшін жұмсауға мәжбүр. Себебі тұрғын үй өте қымбат, қолжетімсіз. Қымбат қалаларда баспанасы бар адамдар ауқатты болып есептеледі. Өйткені ол үйлер құнды акция ретінде саналады.

Дүниежүзілік банк адамдарға тұрғын үй қолжетімді болатын дамыған қалаларда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін саясатты ұсынады. Сондықтан кез-келген мемлекетті еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін жалақының өсуіне ықпал етіп, әлеуметтік жағынан осал топтарға, оның ішінде жастар мен әйелдерге қолдау көрсетуге шақырамыз", – дейді Уильям Зейтц.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары