Өгей қыздарына қорлық көрсетті деген келіншек үй қамаққа алынды

Жетісай аудандық сотының тергеу судьясы Мұқтар Жолдасбеков өгей шешені екі айға үй қамаққа алу туралы шешім шығарды. Оның екі жасқа толмаған сәбиінің барлығы, сондай-ақ жүктілігі ескеріліпті. Тұрақты мекен-жайының болуы да тағы бір себеп ретінде аталды.
Бұған дейін Түркістан облыстық полиция департаментінің бұл келіншектің үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 2 бабы (110 бап "Азаптау" және 140 бап "Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндетін орындамау") бойынша іс қозғағаны хабарланған болатын.

Қарағандыда ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бір тәулікте 26 жол-көлік оқиғасы болды

Қалың қар жауып, боран соғып, көктайғақ болуына байланысты бүгін таңертеңнен бастап барлық бағыттарға көлік қозғалысы шектеу қойылды. Коммуналдық қызметтер көшелерді тазартуға қысқы техникаларды шығарды.

Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне үміткерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын комиссия құрамын бекітті

Лингвистикалық комиссия құрамына Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғафифолла Есім, Серік Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек сынды ғылым докторлары кірді.
Конституциялық кеңес "Мемлекеттік тілді еркін меңгерген" кандидаттың қазақ тілінде мәтіндерді сауатты жазып, оқитын, сондай-ақ көпшілік алдында өз ойын оңай, анық жеткізе алатын болуы тиіс деп мәлімдеді. Лингвистикалық комиссияның отырысы ашық әрі жариялы түрде өтетін болады.

Алматыда жарылған жылу желісінен зардап шеккендерге 11,6 млн теңге төленеді

Пушкин көшесінде болған жарылыстан жапа шеккендерден "Алматы жылу желісі" кәсіпорнына 12 өтініш келіп түскен. Келтірілген шығындардың есептелген сомасының (11,6 млн) 9 млн-ы төленген. Тағы екі зардап шегуші өтемақы сомасымен келіспей отыр. Оның біреуі пәтеріне 20 млн теңгенің шығыны келді деген. Ал кәсіпорын 13 млн өтемақы төлеу туралы шешім шығарған. Тараптар келісімге келмесе, зардап шеккендер сотқа бере алады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) пациенттерге қымбат дәрі-дәрмек жазып бермеуге дәрігерлерді шақырды

Халықаралық ұйым осылайша фармацевтикалық компаниялардың қысымына төтеп беру керек деген пікір білдірді. Айтуларынша, бағасы қымбат антибиотиктердің орнын сапасы жақсы арзанырақ дәрілер алмастыра алады.
ДДСҰ сарапшылары бәсекелестік бағада сапасы бірдей дәрілерді өндіруге нарық ашық деп мәлімдеді. Бұл ретте препараттардың сапасын білуді қатаң ескертті.

Күн сайын әлемде 6500 адам кәсіби сырқаттардан өліп жатыр

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне (28 сәуірде атап өтіледі) арналған баяндамасында Халықаралық еңбек ұйымы осылай деп мәлімдеді. Бір күнде мыңнан астам адам жұмыс орнында алған жарақаттан көз жұмады. "Соңғы уақыттары өндірісте роботты техникалар, нанотехнология сынды жаңа технологиялардың қолданысқа енгізілгеніне қарамастан жағдай ушығып тұр. Бұл технологиялардың материалдары адамның денсаулығына да қауіпті" дейді ұйымның сарапшылары.
Келтірілген мәліметке сүйенсек, жыл сайын жұмыстағы қайғылы оқиғалардан немесе өндіріспен байланысты сырқаттардан 2,8 млн адам өліп кетіп жатыр. Бір жылда шамамен 374 млн адам жұмыста жарақат алады. Сарапшылар кәсіпорындар мен компания басшыларына мигранттар мен жастардың осал тұсын пайдаланып, оларды құл сияқты пайдаланудан бас тартуға шақырды. Қазіргі таңда әлемде еңбек ететін барлық азаматтардың 36 пайызы аптасына 48 сағаттан көп уақыт жұмыс істейтін көрінеді.

Өзбекстанда зейнетақыны толықтай алу үшін еңбек өтілін сатып алу мүмкіндігі берілмек

Өзбекстан билігі азаматтарға зейнетақы қорына қосымша төлем жасау есебінен 5 жылға дейін еңбек өтілін сатып алу құқығын беруді ұсынып отыр. Зейнетақы реформасының жаңа тұжырымдамасына сәйкес, үйде бала тәрбиесімен айналысып, жұмыс істемейтін әйелдер де еңбек өтілін сатып ала алады. Олардың күйеулері әйелі зейнетақы алуы үшін белгілі бір жарнаны төлеуі тиіс.
Өзбекстан зейнетақы жүйесін толықтай реформалауды 2020 жылға қарай жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мұнда азаматтардың зейнетке шығу жасы Орталық Азия мен ТМД елдері арасында ең төмен: ерлер 60 жастан, әйелдер 55 жастан зейнетке шығады.

Қазақстандықтар спорттың жаңа түрін ойлап тапты

Ол велошах деп аталады. Ойын шарты бойынша шахматшылар шаxмат ойнап отырып, аяғымен веложаттығу құрылғысының тепкісін айналдырады. Спорттың екі түрін біріктіруді Қазақстанның шахмат федерациясы ойлап тапқан.

Елімізде туристік полиция құрылды

Олар Қазақстанға келген шетелдік қонақтардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Туристік полицияның негізгі міндеті – келген туристер мен қонақтардың сұрақтары бойынша кеңес, ақпарат беру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Әзірге олардың бөлімшелері Елорда мен Алматы қаласында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында құрылды. Туристік полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен, планшет-рациялармен жабдықталады, қазақ, орыс, ағылшын тілімен қатар ел тарихын білуі тиіс. Оларға сондай-ақ тез тіл табыса білу, жедел әрекетке дайын болу талаптары да қойылған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Танымал айтыскерлер Қазақстан қалаларын аралап, айтысты жаңа форматта өткізеді. 25 сәуір күні Талдықорған қаласында "Ұлы дала ның ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры" республикалық туры басталады. Тур аясында Қазақстанның 22 қаласында Балғынбек Имаш, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов сынды танымал айтыскерлер өнер көрсетеді. Ән мен жырдан бөлек, көрермендерге ғаламат шоу көрсету де жоспарланған. Талдықорғаннан кейінгі сапар Семей, Павлодар, Ақтау, Қарағанды, Жаңаөзен, Петропавл, Орал, Тараз қалаларында жалғасын табады.

Baq.kz: 20-22 сәуір күндеріне арналған ауа райы болжамы. Қазақстанның оңтүстігінде көктем өз күшіне енді, ал республиканың солтүстігінде керісінше, күн суытып кетті. Мұнда алдағы демалыс күндері бұлтты ауа райы сақталады. Жылбысқы қар жауып, түнгі ауа температурасы минус 10°С сақталады, бұл - климаттық нормадан 3...5°С төмен. Оңтүстікте демалыс күндері жаңбыр, кей жерлерде нөсерлеткен жаңбыр жауады. Найзағай жарқылдап, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Бірақ мұнда күн жылы, күндіз ауа температурасы плюс 15...22°С дейін жылынады, ал бұл орташа көпжылдық мәнге жақын.

24.kz: KASE қорытындысы: $1 = 379,29 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 379,29 теңге болды.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter