Тікелей эфир

Ақылы ҰБТ тапсырған оқушылардың жартысынан астамы ғана қажетті балл жинаған

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Биылғы алғашқы ақылы ҰБТ-ға республика бойынша 91 158 адам қатысты. Тест тапсырғандардың 62,5 пайызы шекті деңгейден жоғары балл жинаған.

Қазақстанда қаңтардағы ақылы ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Тестілеуге қатысуға өтініш берген 95 440 адамның 72 520-сы – қазақ тілінде тапсыруға ниет білдірсе, 22 744 оқушы орыс тілін, 176 оқушы ағылшын тілін таңдаған.

Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов ақылы ҰБТ-ға қатысатындар легі артып келе жатқанын айтады. 2019 жылы қаңтарда тестілеуге бар болғаны 35 838 адам өтініш берген екен.

Оқи отырыңыз: Ертең ақылы ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Тест тапсырушылар нені білуі керек?

778 оқушы тестілеуге жіберілмеді

Бұған дейін тестілеуге тыйым салынған зат алып кіру әрекетіне түсіністікпен қарап келсе, бұл жолы алғаш рет олар автоматты түрде сынақтан шеттетілді. Мұндай оқушылар саны – 778. Тестілеуге кірер алдында қатысушылар жеке заттарын, смартфондары мен басқа да тыйым салынған заттарды қалдырып кетті. Сонда да смартфонын шоколад сияқты безендіріп, рентген кескініне орап, шаш арасына жасырып кірмекші болғандар анықталған.

Оқушы ҰБТ тапсырып жатқан уақытта анасы қайтыс болған отбасыға тестілеу орталығы жәрдем береді

18 қаңтарда Атырау облысында ҰБТ тапсырып жатқан оқушының анасы қайтыс болды. 56 жастағы әйел Құлсары қаласындағы №18 мектепте ҰБТ тапсыратын қызын қолдауға келген екен. Жылыой аудандық жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Ғалия Қалиева бригаданың оқиға орнына дереу жеткенін, алайда әйелді аман алып қалу мүмкін болмағанын айтты. Әйелдің неден қайтыс болғаны анықталып жатыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалмаған.

"Әлеуметтік желілерде "қызына ұялы телефон кіргізе алмаған ана уайымнан қайтыс болды" деген қауесет тарады. Жалған ақпарат таратқандарды анықтап, жауапқа тартамыз", – деді Дидар Смағұлов.

Ұлттық тестілеу орталығы оқушыға дайындыққа арналған материалдардың барлығын тегін ұсынып, ҰБТ-дан сәтті өтуіне барынша көмектеспек.

Оқи отырыңыз: Шетел университеттерінде тегін білім алуға болады. Гранттар мен стипендиялар топтамасы

ҰБТ 2019 жылдан бері жылына төрт рет: қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіледі. Маусым айындағы тестілеуге қатысқан талапкерлер ғана білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады. Қалған айлардағы ҰБТ нәтижелерімен ақылы түрде жоғары оқу орындарына түсуге болады.

Тестілеу құны – 2242 теңге. Жыл сайын тест тапсырмаларының базасы 25-30 пайыз жаңартылады.

Серіктестер жаңалықтары