Тікелей эфир

Ертең ақылы ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Тест тапсырушылар нені білуі керек?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
2020 жылдың алғашқы Ұлттық бірыңғай тестілеуі 16-20 қаңтар аралығында өтеді. Оған қатысуға 95 мыңнан астам адам өтініш берген.

Informburo.kz Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығымен бірге биыл өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты басты сауалдарға жауап берді.

ҰБТ-ны қашан тапсыруға болады?

2019 жылдан бастап ҰБТ жылына төрт рет: қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі. Маусым айындағы тестілеуге қатысқан талапкерлер ғана білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады. Қалған айлардағы ҰБТ нәтижелерімен ақылы түрде жоғары оқу орындарына түсуге болады.

Ұлттық білім беру дерекқорының мәліметінше биыл 131 387 оқушы мектеп бітіреді. Қаңтардағы тестілеуге қатысуға 95 400 адам өтінім берген. Тестілеу 99 ҰБТ өткізу пункті базасында өткізіледі және 820 аудитория пайдаланылады.

Тестілеу құны – 2242 теңге. Жыл сайын тест тапсырмаларының базасы 25-30 пайыз жаңартылады.

ҰБТ-ға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

Орта білім беру ұйымдарының бітірушілері тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне келесі құжаттарды тапсырады:

  • жеке басын куәландыратын құжат бойынша толтырылған өтініш (өткізу пунктінде беріледі);
  • 3x4 см екі фотосурет;
  • жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі (16 жасқа толмаған және жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдар туу туралы куәлігінің көшірмесін тапсырады);
  • туу туралы куәлігімен тіркелетін тұлғалар үшін өзі білім алатын орта білім беру ұйымының анықтамасы (2 дана).

Құжаттар онлайн қабылдана ма?

ҰБТ-ға өтініш беру құжаттарының санын азайту және рәсімді оңтайландыру үшін орта білім беру ұйымдарының бітіруші 11 және 12-сынып оқушыларынан өзі білім алатын орта білім беру ұйымының анықтамасы (Туу туралы куәлігімен келетіндерді есепке алмағанда) мен тестілеу ақысы төленгені туралы түбіртек талап етілмейді. 2020 жылғы бітіруші сынып оқушыларының деректер базасы сайт арқылы тексерілді.

Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға қатысатындардан бірде-бір құжатты талап етпеудің жолдарын әзірледі. Соның бірі – Digital ID қосымшасы арқылы онлайн түрде цифрлық сәйкестендіруден өту. Пилоттық жоба сәтті аяқталып, жақсы нәтиже көрсетсе, наурыз айындағы ҰБТ құжаттары онлайн қабылдануы мүмкін.

ҰБТ-ны электронды түрде тапсыруға бола ма?

Қаңтардағы ҰБТ-ны онлайн тапсыруға болады деген ақпарат тараған болатын. Алайда Ұлттық тестілеу орталығы мұның жалған екенін, бұрынғыдай кітапшалар қала беретінін мәлімдеді. Дегенмен наурызда пилоттық жоба ретінде электронды тестілеу өткізу жоспарланып отыр. Ал маусымдағы ҰБТ қағаз түрінде қала береді. Орталық инфрақұрылымды тексерістен өткізу және өзге де тестілеу мәселелері барын айтып отыр.

Наурыз айындағы электронды тестілеу нақты қай қалаларда өтетіні белгісіз. Электронды сұрақтар базасы дайын. Ұлттық тестілеу орталығы пилоттық жоба белгілі бір пәндер бойынша өткізілуі мүмкін екенін де айтып отыр.

2019 жылы педагогтардың Ұлттық біліктілік тестілеуі онлайн форматқа толық ауыстырылды. Ал ҰБТ-ны электронды түрге кезең-кезеңімен 2021 жылы толық көшіру жоспарланып отыр.

Электронды тестілеудің артықшылықтары қандай?
  1. Электронды форматқа көшу қаржыны үнемдейді.
  2. Электронды тестілеу нәтижелері тапсырып отырған компьютердің экранына бірден шығады.
  3. Тестілеу аяқталған соң 60 минут ішінде апелляцияға сұрақтар беруге болады. Осыған дейін сұрақтарды есте сақтап, тестілеудің келесі күні ғана апелляцияға беруге болатын.
  4. Тестілеу кезінде сұрақтарға қайта келіп белгілеген жауаптарды өзгерту мүмкіндігі.
  5. Экран бетінде үлкен шрифтпен тек бір сұрақтың көрсетілуі ыңғайлы.

ҰБТ-ны қалай бақылауға болады?

Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов тест тапсырушылардың әлеуметтік тобына, отбасылық қатынастарына және қаржылық жағдайына қарамастан тең және объективті жағдай жасалатынын айтты. Сондай-ақ тәуелсіз бақылаушылар ретінде Арнайы мониторингтік топ өкілдері шақырылды.

Тест жүргізіліп жатқан барлық аудиторияға ZOOM функциясы бар бейнебақылау орнатылады. Соның арқасында экрандарды үлкейтуге және әр тест тапсырушыны жеке тексеру мүмкін болмақ.

Барлық аудиториядан онлайн көрсетілім ұйымдастырылады. Онлайн трансляцияға арналған сілтеме БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы таратылып, көпшілікке жария етіледі. Кез келген адам сілтеме арқылы өтіп, ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын көре алады. Көшіріп алу фактілері, басқа да ережелердің бұзылуы жөнінде Digital agent қосымшасы арқылы Ұлттық тестілеу орталығына хабарлауға болады. Орталық әрі қарай шара қолданады.

ҰБТ-да қандай заттар қолдануға тыйым салынады?

  • калькулятор;
  • фотоаппарат;
  • пейджер;
  • ұялы телефон;
  • планшет;
  • ноутбук;
  • плеер;
  • ақпарат беретін материалдар мен анықтамалар,
  • шпаргалка;
  • шимай дәптер алып кіруге және қолдануға болмайды.

Химияны таңдау пәні ретінде таңдаған оқушылар Менделеев пен тұздың еру кестесін алып кіре алады. Оқушы өзімен бірге су, көк не қара түсті қалам, сызғыш, қарындаш кіргізуіне рұқсат.

Бұрын тестілеуге кірер алдында қатысушылардан тыйым салынған заттар табылса оларды тек алып қоюмен шектелетін. Енді металл анықтағыштан өткен кезде шпаргалка, құлаққап, смартфон секілді кез келген тыйым салынған зат табылса тест тапсырушыға аудиторияға өтуге автоматты түрде рұқсат етілмейді. Осылайша тестілеуге жіберілмейді.

Тестілеу кезінде не істеуге болмайды?

  • сөйлесуге;
  • орнынан тұруға;
  • жүруге;
  • аудиториядан рұқсатсыз шығуға;
  • орын ауыстыруға;
  • кез келген материалмен алмасуға;
  • кітапшаны ауыстыруға;
  • көшіруге;
  • алдын ала берілген тест жауаптарын пайдалануға болмайды.

Тәртіп бұзғандар аудиториядан шығарылып, олардың жауап парақтары қабылданбайды.

Жауап парағын бояу кезінде:

  • түзетуге арналған сұйықтықты пайдалануға;
  • көк немесе қара түсті қаламнан өзгесін қолдануға;
  • қауырсынмен, гель қаламмен жазуға;
  • қарындашпен бояуға;
  • жауап парағын бүктеп, жыртуға тыйым салынады.

Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ туралы өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар болу үшін әлеуметтік желілердегі парақшаларында ұдайы ақпарат жаңартып отырады.

Серіктестер жаңалықтары