Отандасымыз Алматы қаласында туған. Биологиялық ата-анасының оған берген есімі – Темірлан. Ал балалар үйінде оны Тимур деп атап кеткен екен. Қазір ол өзін Николас Милунович деп таныстырды.
"Мен қазақ отбасында бесінші бала болған екенмін. Мен туғанымда біздің отбасымыз өте кедей өмір сүріпті. Сол себепті де, биологиялық әке-шешем мені асырай алмай, балалар үйіне қалдырып кеткен екен", – дейді ол.
Темірланның айтуынша, оның биологиялық отбасы Алматы облысынан болған. Олар туралы бар білетіні осы мәлімет қана.
Оқи отырыңыз: "Елімізге қажет өндіріс". Қазақстандық инженер АҚШ-та "смарт" бетонды сынақтан өткізді
Темірланды кімдер асырап алған?
Темірланның америкалық әкесі Алекс Милуновичтің тегі – серб болғанымен, өзі Германияда туған. Сәби кезінде оның әке-шешесі нацистік режимнен қашып, Америкаға көшкен екен. Ал анасының есімі – Джорджия. Ол орыс және поляк текті америкалық.
"Олардың өз баласы болмаған. Сондықтан бала асырап алуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, Висконсин штатындағы бала асырап алу агенттігі арқылы Қазақстан жайлы естіп-біледі", – дейді отандасымыз.
Темірланның айтуынша, Милуновичтер отбасы Қазақстанға бала асырап алуға келгенде Алматыға дейін бірнеше қалаларды аралайды. Сосын олар Темірланнан бір жас үлкен қызды асырап алады. Оның есімі Жібек болыпты.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тағы қазақстандық жүк көлігі жүргізушілерінің табысы қандай?
"Олар бала асырап алуға біздің балалар үйіне келгенде мен екі қолымды көтеріп, "мені алып кетіңіз" деген екенмін. Олар да бірден мені таңдапты. Америкалық ата-анам мені 1999 жылы асырап алған. Ол кезде 2 жаста едім. Алғашында АҚШ-тың Юта штатында өмір сүрдік. Кейін Небраскаға көштік", – дейді ол.
Темірлан америкалық әке шешесіне айтар алғысы шексіз екенін айтады. Оның бүгінгі күнге жетуіне олардың қосқан үлесі мол болған.
"Қазақстан туралы 10 жасымда білдім"
"Бала кезімнен өзімді АҚШ-тың азаматы ретінде сезіне алмайтынмын. Қоршаған ортам да, әке-шешем де маған ұқсамайтын. Сосын бір күні анамнан менің кім екенімді сұрадым", – дейді Темірлан.
"Біз сені Қазақстаннан асырап алғанбыз. Сенің тегің сол елмен байланысты" – деп жауап береді анасы.
Оқи отырыңыз: Детройттағы қазақ: "Көліктер жүріп жатыр, демек тіршілік те бар"
Темірлан сол күннен бастап Қазақстан жайлы мәлімет іздей бастаған. Бұл ел туралы қайдан қандай мәлімет білуге мүмкіндік болса, міндетті түрде отырып зерттеген екен.
"Интернетте қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлері жайлы зерттей отырып, қазақ музыкасына тап болдым. Маған әсіресе дәстүрлі әндер ұнайтынын аңғардым. Сөзін түсіне қомасам да, әуені мені алысқа жетелейтін", – дейді Темірлан.
Ол қазақ тілін үйренуді де бастапты. АҚШ-тағы қазақтармен араласып, солардың көмегімен тіл үйреніп жатқанын айтты.
Ол анасына қатты жақын
2009 жылы Тимурдың америкалық анасының қатерлі ісікпен ауыратыны белгілі болған. Сосын олар Техас штатына көшіпті.
"Дәрігер менің анама бір ай өмір сүретінін айтқан. Бірақ ол бізбен бірге 4 жыл болды. Бұл менің ең бақытты күндерім еді", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік жас әнші АҚШ-та концерт берді. Ол қазақ әндерін жаңаша шырқайды
Милуновичтер отбасы Темірланды асырап алғаннан кейін оның есімін Николас деп өзгертіпті. Бірақ Жібектің аты сол күйінде қалған.
"Қазір Жібек Техас штатының Плано қаласында тұрады. Тұрмысқа шыққан және нейрология саласы бойынша докторантурада білім алады", – дейді Темірлан.
Темірлан 2012 жылы анасының қайтыс болғанын айтты. Содан кейін бірнеше жыл әкесімен бірге тұрған. Ал 18 жасынан бері өз жолымен кеткен екен.
"Анам қайтыс болғаннан кейін бірнеше жыл өтіп, әкем тағы үйленді. Содан кейін мен де өз жолымды табуыма тура келді", – дейді ол.
Темірлан өзін христиан деп біледі. Бала кезінен шіркеуге жиі барып тұратынын айтты.
"Менің әке-шешем христиандар болған. Әкем провослав болса, анам католик еді. Бала кезімде анаммен әр жексенбі сайын шіркеуге баратынмын", – дейді Темірлан.
Оқи отырыңыз: Қазақ жігіті 19 жасында АҚШ-қа кетіп, 40 адамды жұмыспен қамтитын өз ісін ашып үлгерген
Темірланның көшеде қалып қойған кездері де болыпты
"Мен кәмелетке толғанымда Небраска штаты Линкольн қаласында тұратын едік. Небраска-Линкольн университеті маңынан пәтер жалға алып, жеке өмірімді бастадым. Үлкен қоймада жұмыс істейтінмін. Табысым жақсы еді", – дейді ол.
Темірлан жұмыссыз қалғаннан кейін пәтер ақысын төлей алмай, көшуіне тура келген. Канзас штатына барып, досының отбасымен бірге біршама уақыт өмір сүріпті. Сосын ол жерден де кетуіне тура келген екен.
"Сол кезден бастап тұрақты үйім болмады. Үйсіз адамдарға берілетін бір күндік жатын орындарда ұйықтап жүрдім", – дейді ол.
Темірлан осылай бірнеше жыл достарының көмегімен түрлі штаттарда уақытша өмір сүрген. Арасында үйсіз далада қалып қойған кездері де болыпты.
Оқи отырыңыз: Диаз Мусалимов: "Қазақ әндері – менің негізгі репертуарымда"
"Шіркеу қызметкерлерінің де маған көмегі көп тиді. Жексенбі сайын шіркеуде тегін тамақ беретін", – дейді ол.
Темірлан facebook арқылы АҚШ-тағы қазақтармен тығыз араласатынын айтты. Чикагодағы қазақтардың бірі оған Техастан ұшып келуіне билет алып, бөлме жалдап берген. Сондай-ақ, Темірланды жергілікті пиццериялардың біріне жұмысқа да орналастырыпты.
"Қазақтарға дән ризамын. Олар кез келген жағдайда көмек қолын созуға дайын тұрады. Мен де бар көмегімді беруге тырысамын. Олар маған қазақша үйретсе, мен оларға ағылшын тілін үйренуге көмектесемін", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Тәттімбетті тыңдайтын америкалық неге өз тегін қазақтармен байланыстырады?
"Алматыға барып, тегімді анықтағым келеді"
"Алдағы бірнеше жылда Алматыға барып, тегімді анықтағым келеді. Отбасымды көріп, өзімнен үлкен төрт бауырымды танығым келеді", – дейді ол.
Темірлан Алматыдағы нөмірі бірінші балалар үйінде тәрбиеленген екен. Оны америкалық отбасы асырап алған кезде балалар үйі жетекшілерінің дайындап берген туу туралы куәлігінің көшірмесі бар екен. Ол сол құжаттың көмегімен биологиялық отбасын таппақ.
"Бұл маған үлкен челлендж болары анық. Өзімнің шыққан тегімді анықтау менің өмірлік миссиям болса да, оны жүзеге асырмай қоймаймын. Себебі соңғы жылдары тегіңді білмей өмір сүрудің мән-мағынасы жоқ екенін түсіндім. Сол үшін де өз-өзімді жоғалтып, көшеде үйсіз қалып қойған сияқтымын", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Америкалық миллионер қазақ: АҚШ-та бизнес жасау әлдеқайда жеңіл
Неге?
Темірлан өзінің биологиялық ата-анасы мен аға-әпкелері есінде жоқ екенін айтады. Оның ойынша, ол дүниеге келгенде балалар үйіне қалдырылған.
"Менің биологиялық ата-анама да алғысым шексіз. Олар маған жарқын өмірді сыйлағысы келіп, балалар үйіне қалдырған шығар. Бірақ, оларды тапсам, бірінші кезекте мені неге балалар үйіне қалдырғанын білгім келеді", – дейді ол.
Темірлан биологиялық ата-анасына қойғысы келетін сұрақтары көп екенін айтады. Ата-анасының қайсына көбірек ұқсайтынын да білгісі келеді.
Темірланның қолында бар туу туралы куәлігінде асырап алғанға дейін тәрбиеленген балалар үйі жайлы ақпарат бар. Ол Алматы қаласындағы нөмірі бірінші балалар үйі екен. Ал биологиялық ата-анасы жайлы еш дерек жазылмаған.