Тікелей эфир

АҚШ-тағы қазақстандық жүк көлігі жүргізушілерінің табысы қандай?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Informburo.kz АҚШ-тағы отандастарымызбен сұхбат құруды жалғастырады. Чикагода жүк көлігін жүргізетін Рүстем өз тәжірибесі мен табысы жайлы әңгімеледі.

Отандасымыз өмірінің көп бөлігін Чикаго қаласында өткізгенін айтады. Ал оның отбасы қазіргі таңда Астанада тұрады екен.

Қарағандыда тудым. Бірақ балалық шағым Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында өтті. Степногорск қаласындағы спорт мектебінде оқысам да, сәулетші болуды армандадым. Студент кезімде өзіме көлік алғым келді. Ал Work and Travel бағдарламасы көлікке қажет соманы тез әрі аса қиындықсыз табудың ең тиімді жолы болып көрінді, – дейді ол.

Дегенмен, Рүстемнің АҚШ-қа келуін әкесі мақұлдамаған. Анасы болса, оған қажет қаражатты банктен несие алып береді. Рүстем несиені қайтарып, оның үстіне өзіне көлік алу үшін табыс табуды көздейді.

– 2010 жылы жазда достарыммен Нью-Йоркқа ұшып келдік. Сосын Оңтүстік Каролина штатындағы Чарлстон қаласына орнықтық. Бірақ дағдарыс кезінде жұмыс табу қиын болды, – дейді Рүстем.


Рустем Чикагоның cолтүстік-батыс бөлігінде ипотекаға алған үйінде тұрады

Рүстем Чикагоның cолтүстік-батыс бөлігінде ипотекаға алған үйінде тұрады / Фото informburo.kz


Оқи отырыңыз: "Математика емес, Логика басым": америкалық мектептердің артықшылығы не?

Рүстем де, достары да алғашқы айда жұмыс таба алмайды. Сөйтіп, жаз соңына дейін тапқан ақшасын үнемдегенімен қаражаты несиені жабуға жетпейді. Бұл оның АҚШ-та тағы бір жыл қалып қоюына себеп болады.

– Қонақүйде жұмыс істедім. Бізге сағатына $7 төлейтін. Кейде тоқтаусыз жұмыс істедік. Мысалы, бір тәулікте 23 сағатқа дейін істеген кезім болды, – дейді ол.

Көліктен – пәтерге

Рүстем өзі жоспарлағандай 1 жылда анасының несиесін қайтарып, өзі қалаған көлікке қажетті қаржыны да табады. Сөйтеді де, өзіне Қазақстаннан пәтер сатып алуға ақша жинауды мақсат етіп қояды. Осы мақсат жетегінде Рүстем екінші жылы Флорида штатына көшіп, азық-түлік дүкенінде менеджер болып жұмысқа кіріседі. Бұл жерде ол дүкенге келетін жүктерді қабылдап алумен айналысқан.

– Дүкенге жүк алып келетін тракистердің бірі қазақ екен, онымен жақсы араласып кеттім. Жүк көлігін жүргізушілердің табысы менікінен жоғарырақ екенін сол айтып берді. Сосын Чикагоға көшіп келдім, – дейді ол.

Рустемнің айтуынша, АҚШ-та бірнеше штатта ғана көлік жүргізуге рұқсат беретін куәлікті жасату оңай екен. Оның Чикагоға көшуінің тағы бір себебі осы. Өйткені, бұрын Иллинойс штатында АҚШ-қа уақытша келген азаматтар жүргізуші куәлігін оңай жасата алатын болса, кейін бұл процесті қиындатып жіберген. Дегенмен, Рүстем бірден жүк көлігін жүргізіп кете қоймайды. Оған дейін 3 жылдай такси жүргізіпті.

Чикагода қанша қазақ бар?

Рүстем соңғы 3 жарым жылдан бері жүк көлігін жүргізеді. Сонымен қатар, Чикагодағы қазақтардың басын қосып, түрлі кештерді ұйымдастырумен айналысады.

– Чикагода қазақтар Нью-Йорктағыдай көп емес. Мұнда шамамен 500-дей қазақ бармыз, – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Детройттағы қазақ: "Көліктер жүріп жатыр, демек тіршілік те бар"


Рустем Қазақстанды сағынғанын айтады. Сол үшін де қазақтың домбырасы мен өзге де ұлттық атрибуттарды үйіне алып қойыпты

Рүстем Қазақстанды сағынғанын айтады. Сол үшін де қазақтың домбырасы мен өзге де ұлттық атрибуттарды үйіне алып қойыпты / Фото informburo.kz


Чикагоға әртүрлі мақсатта әртүрлі визамен келген отандастырымыздың ресми санын білу мүмкін емес. Десе де, Рүстем осы қаладағы қазақстандықтардың арасындағы ең белсенділерінің бірі деуге болады. Ол Чикагода көбіне логистика саласында еңбек ететін азаматтар шоғырланғанын айтады. Мұндағы қазақтардың көбі жүк көлігін жүргізеді екен.

Тракистер қанша табады?

– Егер сен тек жүргізуші болсаң, онда әр жүріп өткен мильге (1 миль – 1,6 шақырым) 50 цент ақы төленеді. Бұл минимум көрсеткіш. Кейде баға шамалы жоғары болуы мүмкін. Егер тек жүргізуші қызметін жалданып істесең, аптасына орта есеппен $2 000 табасың. Бұл АҚШ-та салыстырмалы түрде аз табыс, – дейді отандасымыз.

Рүстемнің айтуынша, егер көлікті жалға алсаңыз немесе ол өзіңіздікі болса, түскен табыстың 10-15 пайызын жүк тауып берген компанияға төлеуге тура келеді. Одан басқа жанармайға қаржы жұмсайсыз және көлік пен жүкті сақтандырасыз. Сонымен қатар, толл ақысын да төлейсіз.

Айта кетейік, толл (ағылшынша "toll") дегеніміз белгілі бір жол немесе көпірден өтуге төленетін ақы. Бұл жүйе АҚШ тасжолдарында жиі қолданылады. Төленетін қаржы сол жол не көпірдің қызметі мен жөндеуіне жұмсалады екен.

Оқи отырыңыз: Шымкенттік жас әнші АҚШ-та концерт берді. Ол қазақ әндерін жаңаша шырқайды

Жаңа loadbook жүйесі

Отандасымыздың айтуынша, логистика саласында жүк көлігін жүргізушілерге қатысты жаңа өзгертулер енгізіліпті. Оған сәйкес, әрбір жүк көлігін жүргізуші өзіне арнайы loadbook алуы тиіс.

– Өткен жылдың 16 желтоқсанынан бастап тракистер тәулігіне 10 сағаттан артық көлік жүргізе алмайды. Оған дейін біз жүкті тезірек жеткізу және көбірек қаржы табу үшін тәулігіне 15-20 сағатқа дейін тоқтаусыз жұмыс істейтінбіз. Қазір қанша қашықтықты басып өткеніңізді арнайы құрылғымен есептеп отырады, – дейді ол.

Рүстемнің айтуынша, егер 10 сағаттан кейін көлікті тұраққа қойып, демалмасаңыз, айыппұл төлеуге тура келеді. Бұған жүк көліктері апатының жиілеуі себеп болған. Бірақ Рүстем логистика саласындағы алып компаниялар жүк табумен айналысатын жеке агенттерді қысымға алу мақсатында жаңа өзгертуді енгізіп отыр деп санайды.


Рустем өзінің жүк көлігін тексеріп жатыр

Рүстем өзінің жүк көлігін тексеріп жатыр / Фото informburo.kz


Қазақ қыздары да жүк көлігін жүргізеді

Рүстемнің айтуынша, Чикагодағы қазақстандық тракситер арасында 20-30 шақты қазақ қызы бар. Арасындағы ең жас жүргізуші 23 жаста.

– Жүк көлігін жүргізу асқан жауапкершілікті талап етеді. Жалпы бұл салада әйелдер жоқтың қасы. Дегенмен әріптестеріміздің арасында қазақ қыздары да бар екенін естігенімде, таң қалдым. Олардың арасында жүк көлігін жігіттерден де жақсы жүргізетіндері бар екен, – дейді ол.

Рүстемнің арманы – өзінің жеке кәсібін ашу.

Оқи отырыңыз: Қазақ жігіті 19 жасында АҚШ-қа кетіп, 40 адамды жұмыспен қамтитын өз ісін ашып үлгерген

– АҚШ-та көптеген IT-компаниялар жүргізушісіз автомобиль бағдарламаларын тестілеп жатыр. Илон Маск иелігіндегі Тесла компаниясының жүргізушісіз жүретін жүк көліктері 34 алғашқы прототипін таныстырды. Бұл ерте ме, кеш пе, трак бизнесіндегі жүргізушілерді ығыстыратыны анық. Әрине, оған кем дегенде 10 жыл қажет. Бірақ қазірден дайындала бергеніміз жөн, – дейді ол.

Рүстемнің ойынша, жаңа технологиялардың дамуы мен loadbook сынды өзгертулер көптеген жүргізушілердің логистика саласынан кетуіне негіз болмақ.

Alltrucking.com сайтының мәліметіне сүйенсек, АҚШ-та 3,5 миллион жүк көлігін жүргізушілер бар. Әрбір тоғызыншы жүргізуші жүк көлігін иемденген. Ал қалған бөлігі жалданып істейді екен.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары