Тікелей эфир

Тәттімбетті тыңдайтын америкалық неге өз тегін қазақтармен байланыстырады?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Чероки тайпасынан шыққан америкалық Рахсаaн Улф "америкалық үндістер" деген ұғымның дұрыс еместігін айтады. Оның ойынша, олар – америкалық көшпенділер.

"Жергілікті" америкалықтар кімдер?

– Тарихты зерттей отырып, өзімді "америкалық үндістер" қатарына қоса алмаймын. Америкалық көшпенділердің қатарына жатқызамын. Азиядан Америка құрлығына келгендер көшпенді өмір салтын ұстанған. Колумб (Христофор Колумб – Америка құрлығын ашқан испан саяхатшысы – ред.) айтты екен деп, үндіс атанып кеткеніміз өкінішті, – дейді кейіпкеріміз Рахсаaн Улф (Rahsaan Wolf).

Расында, испан саяхатшысы Христофор Колумб Үндістанға баратын өзге теңіз жолын ашуды мақсат еткен. XV ғасырда Жердің домалақ екеніне де ешкім сенбейтін. Колумб жаңа құрлықты Үндістан, ал жергілікті халықты үндістер деп ойлайды. Ол өмірінің соңына дейін жаңа құрлық ашқанына сенбеген екен. Содан бері "үндістер" тіркесі жергілікті америкалықтарға қатысты қолданылып келеді.

Мұның тарихи қате екендігі және еуропалықтар мен жергілікті америкалықтардың жаңа құрлықтағы көпжылдық соғысы олардың атауының тағы да өзгеруіне негіз болды. Соңғы жылдары "америкалық үндістер" тіркесі "жергілікті америкалықтар" (Indigenous/Native Americans) атанып жүр. Ал біздің кейіпкеріміз өзін көшпенді өмір салтын ұстанған халықтың ұрпағы деп біледі.

Америкалық үндістер емес, "америкалық көшпенділер"

Егер тарихқа үңілсек, Америка құрлығының жергілікті тұрғындарының арғы тегінің шығуы Азиямен байланысып жатыр. Олардың өмір сүру салты мен түрлі дістүрі де Азиядағы көшпенділерге жақын. Рахсаан осы байланысты тілге тиек етіп, өз тегін қазақтармен байланыстырады.


Рахсаан Улф қазақ тілін үйреніп жүргенін айтады

Рахсаан Улф қазақ тілін үйреніп жүргенін айтады / Фото іnformburo.kz


– Менің ішкі жан дүнием азиялықтарға бір табан жақын. Ертеректен жергілікті америкалықтардың өз тегін аю, қасқыр, бүркітпен байланыстыруы да көшпенділердің тотем құрылымына келеді. Сосын Азиядағы шаманизм де бізде бар. Одан бөлек, тереңдей түссек, дәстүрлеріміздің де тоғысқан тұстары бар екеніне көзім жетті, – дейді Рахсаан.

"Біз жер үшін, дәстүр үшін құрбан болдық"

Рахсаан музыка саласында жоғары білімі болғанымен, бос уақытында тарихи деректерді қарайтынын айтады. Ол жергілікті америкалықтарды Азиядағы көшпенділермен байланыстыратын нақты дәйектерге де тоқталып өтті.

– Біз жер үшін, дәстүр үшін құрбан болған халықпыз. Қазіргі жергілікті америкалықтардың басым бөлігі бұрынғы резервацияларда өмір сүреді. Олар АҚШ үкіметін ұната бермейді. Себебі олар (АҚШ-қа қоныс аударған еуропалықтар – ред.) жергілікті америкалықтардың жерін тартып алды. Жерді меншіктеп, олардың көшпенді өмір салтына кедергі келтірді. Көшпенділер де өз жеріне үлкен құрметпен қараған. Жау шапқанда, өзін құрбан етуге де дайын болған, – дейді ол.

"Тарихты зерделей отырып, қазақпен байланысымның барын түсіндім"

– Қазақтар – көшпенділердің тікелей ұрпағы. Жалпы көшпенділерді зерттей отырып, қазақтарға тап болдым. Сіздерде ат ұстау, бүркіт салу сынды көшпенділер өркениетінен қалған өнер мен шаманизмнің қалдықтары бар. Бізге жылқы 1500-жылдары келген болса да, оларға біз тез үйрендік. Күнделікті өміріміздің айырылмас бөлігіне айналды. Мұның өзі жергілікті америкалықтардың көшпенділер ұрпағы екенін дәйектейді, – дейді Рахсаан.

Рахсаанның айтуынша, жергілікті америкалықтар рухқа сенген. Ата-бабалар рухына үнемі құрбандық шалып отырған.

"Азиядағы көшпенділер Көктәңірге сыйынған болса, жергілікті америкалықтар су, от, көк аспан және жерге табынған. Осы төрт күшті жаратушы деп білген. Ол сенім бүгінгі күнге дейін сақталған. Солтүстік Дакота немесе Аризонадағы резервацияларға барсаңыз, өз көзіңізбен куә бола аласыз" дейді Рахсаан

Көшпенділердің ұрпағы көп, неге қазақ?

Рахсаан Улф "Неге қазақ? Азиядағы өзге ұлт өкілдері де көшпенділердің ұрпағы емес пе?" деген сұрағымызға "қан тазалығын сақтаудағы прициптердің ұқсастығы" деп жауап қатты. Оның айтуынша, қазақтардың руға бөлінудегі себебі қанның тазылығы болғандығындай, жергілікті америкалықтар да сол мақсатта тайпаларға бөлінген. Ол жүйе әлі күнге дейін сақталған.


Рахсаан қазақ тіліндегі поэмаларды аударып жүр

Рахсаан қазақ тіліндегі поэмаларды аударып жүр / Фото іnformburo.kz


– Мен өзімді Апачи тайпасынан тараған Чероки ішіндегі Сопони тобына жатқыземін. Ол сіздердегі жүздердің руларға бөлінуіне ұқсайды, – дейді Рахсаан.

Шаманизм ұқсастықтары

– Көшпенділер Көк тәңірінен бірнәрсе сұрау үшін рухтармен байланысқа шығады. Ол үшін арнайы киімін киіп, қолына дағыра алады. Жергілікті америкалықтар да солай. Тек бізде бір шаман емес, бірнешеу болады. Олар әдетте жануарлар кейіпінде киініп, ата-бабалар рухынан өзіне қажетін сұрайды. Мысалы, жаңбыр, ас, тіпті, жол сұрайды. Мұны шаманизмнің америкалық нұсқасы деп білемін, – дейді Рахсаан.

Көшпенді ұрпағы, тегі – Қасқыр

Рахсаанның тегі – Браун (Brown). Ол өзінің жергілікті америкалық екенін шын сезіне бастаған кезден өз тегін Standing Bear (Тік тұрған аю) етіп өзгерткен. Ал қазір, ол өз тегін қазақтармен байланыстырып, Қасқыр (Wolf) атанып отыр.

– Сақтар мен түркілер кезеңдерін зерттей отырып, қазақтардың қасқырмен байланысы көп екенін білдім. Олар өздерінің шығу тегін қасқырға балайды. Мұндай тотем құрылымы жергілікті америкалықтарда да бар. Мысалы, Чероки тайпасы өз тегін аюмен байланыстырады. Сол себепті де менің бұрынғы тегім Тік тұрған аю (Standing Bear) болды. Қазақтарды зерттей келе, қасқыр тотеміне жақын екенімді түсіндім, – дейді ол.

Рахсаанның айтуынша, жергілікті америкалықтар бүркітті жоғары бағалаған. Себебі, ол – көктің патшасы әрі аспанға жақын құс. Елде жұт болып, халық ашыққанда, америкалық шамандар бүркіттің бейнесіне еніп, ата-бабаларының рухынан ас сұраған екен.

Тұсаукесер дәстүрінің америкалық баламасы бар

Осыған дейін, Рахсаан қазақ дәстүріне қатысты көптеген кітаптар мен видео ресурстарды ақтарғанын айтады. Ол қазақ салт-дәстүрі мен мәдениетін зерттей отырып, жергілікті америкалықтардың мәдениетімен салыстыра бастаған. Осылай, біздің кейіпкеріміз тұсаукесер дәстүрінің америкалық баламасы бар екенін анықтаған.

– Youtube арқылы қазақ тойларындағы ерекшеліктерді зерттеу барысында, тұсау кесер дәстүріне тап болдым. Баланың аяғы байланған жіпті кесіп, оның өз жолын өзі таңдауына мүмкіндік беру дәстүріне ұқсас салт біз де бар. Жергілікті америкалық тайпаларда бала дүниеге келгенде оның атын сол тайпаның көсемі қояды. Ол тек ат қойып қана қоймай, баланың қай жануардың әруағы қорғайтынын айтып, арнайы тұмар тағады, – дейді Рахсаан.

Жергілікті америкалықтың айтуынша, баланың тотемі әртүрлі принциптерге орай таңдалады. Көсем сәби туылған кездегі қоршаған ортадағы жануарлардың қимылына мән береді. Мысалы, бала туған сәтте көкте бүркіт самғап, аю аңға шығуы болуы мүмкін. Олардың сеніміне орай, тотем баланы жаулардан қорғайды.

Қазақтар тұсауы кесілмеген баланың жолы болмайтынына сенсе, жергілікті америкалықтар тотемі жоқ баланың болашағы жоқ деп біледі.

"Қазақ музыкасы мені сіздерге жақындатты"

Рахсаан бала кезінде резервацияда өмір сүрген. Кейіннен отбасымен бірге Пенсильванияға көшіп, стандартты америкалық орта мектепке барғанын айтады.


Рахсаан Тәттімбетті күніне бір рет міндетті түрде тыңдайтынын айтады

Рахсаан Тәттімбетті күніне бір рет міндетті түрде тыңдайтынын айтады / Фото іnformburo.kz


–Мен бала кезімнен музыкаға жақын болдым. Жергілікті америкалықтардың музыкасын тыңдағанымда денем тітіркеніп, ғажайып сезімге бөленетінмін. Осындай сезіммен қазақтың дәстүрлі әндерін тыңдай бастағанымда қайта қауыштым,– дейді ол.

Рахсаан қазақ музыкасына тәнті болғанын айтады. Тіпті оған тілді білмегені де, қазақ өнерінен алыс болғаны да кедергі болмапты.

– Музыка арқылы алыс ұлттар мен нәсілдердің ұқсастықтарын табуға болады. Қазақ музыкасы мені сіздерге жақындатты, – дейді ол.

Тәттімбет күйлері қазақ тілін білмейтін адамдарға несімен қызық?

– Маған домбырада орындалатын күйлер өте ұнайды. Оған әуенін бір тыңдағаннан кейін тәнті болдым. Нью-Йорктегі қазақтардың мерейтойларына қатысқанда домбыраны тыңдасам деп асығамын. Сондай кештердің бірінде бір қазақ қызымен сөйлесіп қалдым. Оған өзім тыңдайтын қазақша әндер мен күйлерді көрсеткенімде, ол мұндай күйлердіөз әжесінің де сүйіп тыңдайтынын айтып күлген болатын, – дейді ол.

Расында, Рахсаан қазақ домбырасының жергілікті америкалықтардың музыкалық аспаптарына ұқсас екенін айтады. Кейбіреулерінің, тіпті, шығаратын үні де бір-біріне келеді.

Рахсаан Улф жуырда Қазақстанға баруды жоспарлап жатқанын айтады. Егер мүмкіндік болып жатса, ол қазақ тілін үйреніп, халықтың дәстүрі мен мәдениетін тану үшін біршама уақыт Қазақстанда қалғысы келеді екен.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары