"Күлме досқа, келер басқа"

Бүкіл ел тұрғындарының тағдыры бір дәуірден екінші дәуірге өтіп жатыр. Ауыр жағдайда. Қатал сынақ астында. Өте көп тағдыр келесі дәуірге өте алмады.

Жо, бұл – Назарбаев дәуірінен Тоқаев дәуіріне өту емес. Мемлекеттің саяси өмірінде ондай өзгеріс бола қоймас. Ресми бағыттың бұрынғыдан бұрылғаны шамалы.

Сонда қандай кезеңнен қандай кезеңге өтіп жатырмыз? Біздің жауабымыз: бүкіл қазақ қоғамы коронавирусқа дейінгі дәуірден коронавирустен кейінгі дәуірге өту үстінде. Бұл кезең бұрынғы өлшемдердің тас-талқанын шығарды. Күтпеген жерден халық санасының деңгейі, ұлт болуды байқататын ұйымшылдығы таразыға түсті де, оның тілі бұл өлшемдердің салмағы тым жеңіл екенін аңғартуда. Соған орай құрбандық тым ауыр болып жатыр.

2020 жылдан әлем тап болған жұқпалы жаңа дерттің қазақ даласын айналып өтуі мүмкін емес еді. Қытайдан шыққан нәубет жер жүзін тұмшалай бастағаны байқалғанда біздің ел сәл кештетіп барып қорғану шарасын қолға алды. Соның өзінде алғашқы екі айдағы төтенше жағдай – тәп-тәуір қорғаныш қалқан болды. Алыс-беріс, сауда-саттық, ұсақ-түйек өндіріс тоқтағанымен, коронавирустың таралу мүмкіндігі де шектелді.

Оқи отырыңыз: Қоғамның қос шелегі

Екі ай! Халық төтенше жағдай талаптарын сақтап оны өткізді. Бірақ сол екі айды жұқпалы дертті жолатпау шарасы деп емес, биліктің басқа салғаны деп ойлап, қалай оның мерзімі өтті, солай көшеге лап қойды. Ұшақ қайта ұшты, пойыз қайта қозғалды. Қалааралық автобус жолға шықты. Базарлар еркін есік ашты. Мейрамханалардың мәзірі пайда болды.

Міне, екі айдан кейінгі еркіндік – мылтықсыз майдандағы ең осал тұсымыз болды. Екі ай қатаң шеп құрып бекініп отырғанда жау жеңілмеген еді. Шегінбеген де. Тек күткен. Қашан біздің өз еркімізбен ашылып-шашылып қалатын кезімізді күткен.

Қозғалыс шектелген, мектеп пен балабақшаға құлып салынған екі ай бір үлкен жәйтті анық дәлелдеді. Ол – халықтың ештеңеге сенбейтіндігі. Бұрынғы өтірікке тойған халық Тоқаевтың тұсында сол өтірік жалғасып жатыр деп білді. Аттары жасанды әнмен, жылтырақ тоймен, кино, телевидениенің жілігі татымас арзан бағдарламасымен танымал болғандардың коронавирусты жоққа шығаруы отқа май құя түсті. Ел ішінде "бұл – Ұлттық қордан кезекті ақша шығару мен оны ұрлау науқаны" деген пікір желдей есті.

Шыны керек, осы ауыр сынақ барысында жаңа билік өзіне деген сенімді нығайтып, шындап халық үшін қызмет етерін дәлелдеуге мүмкіндік алған. Бірақ, бәрін бақылауда ұстап, шұғыл шешім қабылдау үшін құрылған жедел штабтың жұмысының қожырағанынан бастап, цифрлы үкімет қызметінің шілдің қиындай шашырап қалғанына дейінгі оқиғалар сенімсіздікті күшейте түсті. Мұны мойындаған Президент ақыры үкімет басшысының орынбасарынан бастап бірқатар облыс пен ірі қала әкімдеріне сөгіс берді. Бұл кезде ауруханадан орын, дәріханадан дәрі таппай сенделген, ақыры өзін өзі емдеуге көшкен бұқара халық үкіметтен көмек болар деген үмітті үзіп қойған. Ал дәрінің бағасы он есе, одан да көп қымбаттағанда Қазақстанда үкімет бар деудің өзі ұят еді.

Оқи отырыңыз: Табынған мен таптаған

Оқиғаның өте ауыр жолмен күрт өрістеуіне бұқараның да кінәсі бар деп білеміз. Мамыр айының ортасында, төтенше жағдай уақыты өткен соң тұрғындар баяғыдай еркін аралас-құраласқа шықты. Тұмылдырық тағуды, әлеуметтік арақашықтық сақтауды дереу ұмытты. Жарты ай өтті. Бұл әркімнің бойына жұққан вирустың өсіп-өніп, кемеліне келетін мерзімі еді.

Содан маусым айының басынан әркімдер коронавирус жұқтырғанын хабарлай бастады. Экс-Президент өзі ауырыпты. Одан Мәжіліс төрағасы. Аты таныс депутат. Қазіргі Президентттің баспасөз хатшысы. Денсаулық сақтау министрінің өзі. Әкімдердің орынбасарлары. Дәрігерлер. Көпшілік сол баяғы билікке сенімсіздік соқпағында тұрған. Мұның бәрі "кезекті концерт" ретінде бағаланды. Халық әлі қамсыз жүрді.

Осы кезде үкімет қорғаныстың кезекті әрекетін қамдауы керек еді. Жедел штаб жұртқа қалай емделу қажеттігін түсіндіргенде. Сауығуға қажет дәріні дәріханалар мен ауруханаларға үйіп-төгіп тастағанда. Дәрігер атаулыны қажетті қорғаныш киім және жабдықпен қамтамасыз еткенде. Не керек, үкіметтің жедел штабының қарқынды қимылдайтын кезі еді.

Әттең, тағы қымбат жарты ай босқа өтіп кетті. Жұртшылық "мен ауырып қалдым" дегендерді мазақтап жатты. Бастапқы "кет, коронавирус кет" деген әнді қалай күліп тыңдаса, енді "пәленшенің ауырып қалғаны" туралы ақпаратты солай күліп қабылдады.

Ақыры әркім өзі ауырғанда ғана "күлме досқа, келер басқа" деген қазақ мақалының қапысыз дәл айтылғанын ұғынды. Тек енді кеш еді.

Оқи отырыңыз: Жасыл жоқ, қара қалың

"Мысықтың түсіне қарама, тісіне қара!"

Төтенше жағдайдан кейін арқаны кеңге салған бір айда ұлтты, ұлысты жайлап алған коронавирус көп нәрсенің бұған дейін теріс істеліп келгенін ұғындырды. Бұған дейін бүкіл елде, барлық қалада әлдебір "данышпан" әйелдердің қалай бақытты болу, бай болу туралы семинар, тренингтері қаптағаны есте. Әлеуметтік желіде соларды тыңдаушылар жүз мыңдап саналса керек. Тегін емес, ақылы. Солар бастарына қауіпті ауру төнгенде ақылы кеңестердің бос нәрсе екенін бір-ақ білді. Ең керек кеңес – қазақтың "бірінші байлық – денсаулық" деген өзінің аталы сөзі екен.

Телевизор арқылы қыз-қырқындардың байға таласқанын көрсеткеннен, әлеуметтік желіде баю туралы қу сөзді сапырғаннан гөрі әрбір әйелге қалай шприц ұстап, екпе салуды үйреткен анағұрлым дұрыс екен. Кезінде оны ойлаған кім бар? Өкіметтен бастап.

Өкімет көп нәрсені бетімен жіберді. Оның ішінде баю туралы тренингтер де, сансыз мешіттегі күмәнді діни уағыздар да бар. Жоғарыдағылар қазіргі саясатқа қарсы сөз айтылмаған жердің бәріне кеңшілікпен қарады. Билікті, оның партиясын сынамасаң болды. Ұрандатып алаңға, көшеге шықпасаң жетеді. Басқасына "құда да тыныш, құдағи да тыныш" деген ұстаным сақталды.

Халық жаппай ауырғанда, ауруханаларда дәрігер тұрмақ, медбике жетпегенде, "жедел жәрдем" жан-жаққа шапқылауға үлгермей қалғанда көпшілік баю туралы семинарларға ақша төлеп қатысқанына өкінген шығар. Семинар мен тренинг керек болса, ол басты байлықты – денсаулықты қорғау мен сақтауға қатысты болуы тиіс еді. Індет екпіндеп енген кезде жанталаса жасалған әлеуметтік роликтер тасқынға қалқан болып тұра алмады. Үкімет денсаулық сақтау саласының мамандарын қапысыз даярлағанда, әркімге коронавирустың белгісі пайда болғанда нендей емді өзінше қабылдауға боларын күн сайын ертелі-кеш ақпарат құралдары арқылы үйреткенде ауруға шалдығу көрсеткіші мен нақты шығын қазіргіден аздау болар еді.

Оқи отырыңыз: Теңдік жолындағы текетірес

Коронавирус – майдан. Майданда кімдер соғысады? Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың мысалын қараңыз. Нақты даярланған армиямен бірге халық жасақшылары, қарсыласу қозғалыстары, партизан отрядтары болды емес пе. Сол сияқты бізге денсаулық сақтау саласының қапысыз даяр қызметкерлерімен қатар денеге, тамырға ине сұға алатын үй қызметіндегі әйелдер болуы керек еді. Төтенше жағдай соны талап еткен. Қағазда жарлықпен жарияланғаны емес, тура ел түгел тап болған төтенше жағдай!

Бұған дейін отандық медицина ең мықты, заманға сай сала ретінде насихатталып келді. Қолында небір қымбат құрал-жабдық тұрды. Алыстан кеңес беретін телемедицина күнде көрсетілетін. Ал ел шетіне жау тиіп, ол бүкіл шепті жапырып жібергенде абдыраған халыққа нақты кеңес беруге суырылып шыққан маман болмады. Денсаулық сақтау министрлігі барлық сұраққа ертелі-кеш жалықпай жауап беретін қызметті жолға қоя алмады. Қайта шындықты айтып шырылдаған дәрігерлердің өз басына бұлт үйірді. Тек, әлеуметтік желіде жекелеген мамандар білгендерін айтып жатты. Оларға рахмет!

Өз басымыз ұлты корей отбасылық дәрігер әйелдің әлеуметтік желідегі жеті-сегіз минутттық пікірін тыңдағанда барып, жағдайымыз қандай екенін нақты білдік. Аурухана мен емхана жағаламастан сол маманның сырттай кеңесімен баспа ма, басқа ма бір аурудан он күнде емделіп шықтық.

Сол корей ұлтынан жаңадан денсаулық сақтау министрі тағайындалғанында әлеуметтік желіде отырған қазақ қоғамы тағы өз деңгейін танытты. Өкінішке қарай, өте төмен деңгейін. Қазіргі баршаның қателігі – қиқуға әйтеуір, дауыс қосып қалу. Желіге неғұрлым өзгеше, "тапқыр" жазба қалдыруға тырысу. Қазақтың тағы бір мақалы айтатындай, қазір әлеуметтік желі нағыз "атың шықпаса – жер өрте" дейтін тұс болды.

Әйтпесе, министрдің ұлтының кім болғаны ешқандай маңызды емес еді. Маңыздысы – көпшілікті дендеген дерттің бетін қайтару. Мао айтпақшы, "мысықтың түсінің қандай болғаны бәрібір, тышқан ауласа болды" емес пе. Бұл белгілі пікірді қазақы ұйқасқа салсақ: "мысықтың түсіне қарама, тісіне қара!"

Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс

"Мың асқанға – бір тосқан"

Бұл нәубет қазақ қоғамындағы олқылықтың және бірін анық байқатты. Той елдің дәулеті мен мәдениетінің өлшемі еместігін, өлшем бола қалған жағдайда тек кері өлшем екенін коронавирус айнадағыдай көрсетіп берді.

Кейінгі он-жиырма жыл ішінде көше бойында жаппай тойхана салынып, онда таң атқанша думан дүрілдеп жатқан кезде билік, биліктегі партия ештеңе демеді. Қала мен ауыл арасындағы күре жолдың бойына бірінен соң бірі тойханаға жер бөлген әкімдіктерге "мұның не" дейтін ешкім болмады. Өйткені, заң бұзылған жоқ. Ал мемлекетте той туралы заң жоқ еді. Себебі біреу: тойда ешкім ешқашан билікке қарсы бір ауыз сөз айтпайды. Қуанышқа жиналған халық емес пе! Иә, Мұхтар Шаханов ағамыз ғана тойда сөйлеп тұрып билікті сынап кететін. Көпшілік соның өзін күліп қабылдай салатын.

Негізі, сәл ертерек той ресми тұрғыда реттелуі керек еді. Қала мен ауылда тойхана мен ондағы орын санын тұрғындар санына қарай ережемен межелеген қисынға сыятын. Былайша айтқанда, бес мың тұрғынға 200 орындық бір тойхана деген сияқты.

Өйткені, халық санына орай мектепке өлшем бар. Ауруханалар да сондай өлшеммен салынып келді. Ал, тойханаларға келгенде ешқандай шек болмады.

Мемлекетте тойхана – шағын бизнестің бір көзі деген пікір орнықты. Одан табыс табатын: асаба, әншілері мен бишілері бар, аспап қоятыны, "махаббат хикаясын" түсіретіні бар тұтас әлеуметтік қатпар қалыптасты. Бұған аспаз бен даяшыны, ыдыс пен еден жуатынды қоспау керек. Олардың еңбегі басқа. Цехтің еденін де солай жуып берер еді. Өндірістің құрастыру желісінде сегіз сағат тік тұрып солай жұмыс істеп берер еді. Бірақ ондай цех те, өндірістік желі де жоқ. Амал жоқ, нәсібін тойханадан тауып келді.

Оқи отырыңыз: Арнадағы ағын су

Той туралы заңның, соған орай бекітілген ереженің болмауы қазақ қоғамын бұрын кездеспеген келеңсіздіктерге ұрындырды. Мейрамханаға атпен кіргізілген баланың астындағы ат қалай үріккенін де, түйенің жылтыр еденде тайғанақтап жығылғанын да көрдік. Тойхананың төріне ұзын лимузинмен кірген жастарды айтпағанда.

Мұндай дарақы той үлгісі ежелгі ұлттық құндылықтың бәрін жуып-шайып кетті. Той – той емес, қойылымға айналды. Сыңсудың өзін жалға алынғандар жасанды айтып беретін жерде не мән, қандай сән қалды деп ойлайсыз?

Осының бәрін не заң, не қоғамдық пікір ауыздықтай алмады. Өзі тойға қатысып, алдымен сөз алатын ел ағалары қалай "қой" десін? Алаңда айқайлап тұрған көпшіліктен тойханада есі кеткенше думандатып жататын көпшілік дұрыс деп ойлайтын билік оған неге шектеу қойсын!

Міне, ешкім шектей алмай, жүгенсіз кеткен салаға тоқтам өзгеше жағдайда түсті. Коронавирус арқылы. Енді бұл дерттен кейінгі дәуірде тойды бір кездегі ұлттық сабасынан асырмайтын шығармыз. "Мың асқанға – бір тосқан" деген аталы сөзді тура осы қазақтың тойына қатысты еске алуға болар.

Той демекші, Тұманбай ақынның ертеректе жазған бір өлеңі бар еді:

"Ертең тойға барасың, бүгін қойға бар, балам"

Деді атам, мен кеттім қиялға еріп самғаған, – деп басталатын. Ал ертесінде әлгі атасы:

"Той сағынып қалыппын,

Көптен бері көрмеппін, жиналғанын халықтың" деп өзі кетіп қалады. Осы өлеңді оқығанда езу тартатынбыз. Еш боямасыз, шынайы тойды біз де сағынармыз. Бірақ, мына жасанды арнадан шығу үшін осындай бір үзіліс керек болған шығар.

Оқи отырыңыз: Түнгі аспандағы ақ тиін

"Үйректен де үйрен!"

Бұл майданда қазақ басқа халықтарға қарағанда құрбандықты көп бере бастады. 100 мың адамға шаққанда коронавирусқа шалдыққандар саны айналадан артып кетті. Еуропа тұрмақ, Азияның мемлекеттері арасында біздің еліміз бұл нәубетте өлім-жітімге көп ұшырауда. 2020 жылғы 4 шілде күні АҚШ-тың белгілі басылымы жариялаған картада жер жүзіндегі коронавирусты ауыздықтау жағдайы бес түрлі бояумен берілді. Сонда ең қатерлі ошақ ретінде сонау Африкадағы Намибия мен Қазақстанның қызыл түске боялып тұрғанын әлем көрді.

Еуропаның, тіпті туыстас Түркияның әуе компаниялары мұнда ұшып келуді доғара қойды. Себебі түсінікті. Қазақстан жаппай жұқпалы дерт құрсауында қалды.

Осы дертке шалдығуды айтпағанда қаза болғандардың арасында таныстар жиі ұшырасуда. Бірімен университетте үзеңгілес оқып, редакцияда қатар қызмет еттік. Бірін журналистикада жөн көрсеткен аға санадық. Енді бірін "Таңшолпан" бағдарламасына қонаққа шақырып, баянмен салған әнін көпке тыңдаттық. Тағы бірін жиындарда көріп, пікірлесіп жүрдік. Енді бірімен студент кезде бір университетте оқып, кейін басқа университетте оның студентінен Мемлекеттік емтихан алу кезінде қайта жолықтық. Әрбірі өлімге қимайтын азаматтар еді. Мұның сыртында бір достың ағасы, екіншісінің қарындасы, енді бір достың анасы осы аурудан көз жұмды.

Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті

Осының бәріне ежелгі салт бойынша топырақ салуымыз керек еді. Бірақ, барып көңіл айту мен жаназаға қатысудан шектелдік. Бұрын туыс тұрмақ, таныстың туысының жаназасына тұруды парыз санайтын едік. Енді өлімге қатысты да өлшемді өзгерттік. Торқалы тойға бармау оңай еді, топырақты өлімде төбе керсетпеу қиындау соқты. Бәрібір осы ережемен өмір сүруге көштік.

2019 жылы жазда Тарбағатай қойнауын аралап жүргенімізде өзеннен бірнеше үйрек пыр етіп ұшып кетті. Қарасақ әлі ұша алмайтын екі балапаны суда қалып қойыпты. Бірақ, орындарынан қозғалмайды. Ерінбей он минуттай бақыладық. Ағып жатқан өзенде екі балапан тастай қатып тұр. Тірі қалудың жалғыз жолы қимылсыз тұрып қалу екенін қалай түйсінгендері жұмбақ. Ал арбастық. Біз олардың шыдамын тексермек едік, ақыры өз шыдамымыз таусылып, әрі қалай жүріп кеткенбіз. Қазіргі "шықпа", "қозғалма" деп санамызды шегелеп жүрген уақытта сол екі балапан көзге елестейді. Керек пе, үйректен де үйрен!

Қиын кезеңнен аман өте алсақ, бірталай өлшемдеріміз өзгеретіні даусыз. Бірақ оған тым ауыр құрбандық арқылы жететін сияқтымыз. Отыз жыл ойланбай өмір сүргеннің соңы басқаша болуы мүмкін де емес.