Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады.
"Төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады. Біз үшін азаматтардың денсаулығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды. Мен бұған дейін Дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде қосымша шешімдер қабылдадым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
1. Зейнетақы мен жәрдемақыны 10% индексациялау
Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Оқи отырыңыз: "Бұл – уақытша дүрбелең!" Президент төтенше жағдайға байланысты үндеу жолдады
2. Қосымша әлеуметтік төлемдерді кеңейту
Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілді. Мемлекет басшысы 42 500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырды. Бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы, 3 миллионға жуық адамға қолдау көрсетіледі.
3. Азық-түлік тегін алатын азаматтардың санын арттыру
Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді. Тегін азық-түлік 800 мыңнан астам адамға беріледі.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі
4. Шілдеге дейін тегін медициналық көмек
Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.
5. Фермерлерге көмек
Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 70 млрд теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы қосымша 100 млрд теңге бөлінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15%-ға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады. Көктемгі егіс жұмыстары Үкімет пен әкімдіктердің ерекше бақылауында болуы тиіс.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?
6. Карантин себебімен жұмысынан айырылғандарға жұмыс беру
Енгізілген карантиндік шаралардың салдарынан елорда, Алматы және Шымкент қалаларының айналасында еңбекке жарамды халықтың, ең алдымен жастардың артық бос болуы байқалады. Үкімет пен әкімдер аталған өңірлерде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясындағы нақты жобаларды дереу бастағаны жөн.
"Жұмыспен қамту жол картасы" аясында жұмысқа шығуға дайын азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден 2 ең төменгі жалақы есебінде немесе 85 000 теңге мөлшерінде тұрақты жалақыға қосымша "көтермеақы" беріледі.
Жұмыс берушілер "Бизнестің жол картасы" бойынша жұмысқа тұрғандарды қолайлы еңбек жағдайымен және қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге тиіс.
Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
7. Еңбекақы қорына төлейтін салықтан босату
Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктерге жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюды, шағын және орта бизнес өкілдерін 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған салықтық жеңілдіктер, қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру сияқты шараларды жариялады.
"Шағын және орта бизнес өкілдеріне деген ұсыныстардың көпшілігін мемлекеттік органдар қолдап, жүзеге асыруда. Қаржылық реттеу бойынша агенттік шағын және орта бизнес кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және қайта құрылымдау мәселесі бойынша банктермен және басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс істейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде банктерге несиелер пайыздарын есептемеуді тапсыруды сұрайтынын, алайда екінші деңгейдегі банктерді тағы да конструктивизм, азаматтық жауапкершілік пен ынтымақтастық танытуға шақырды.
Оқи отырыңыз: #Biz birgemiz! Төтенше жағдай кезінде кімге және қандай көмек беріледі?
"Мемлекет банктерге қиын сәттерде елеулі көмек көрсетті. Қазір сіздердің халыққа және отандық бизнеске деген қолдауыңыз қажет. Сонымен қатар, мемлекет қажет деп тапса қосымша директивті шаралар қабылдауы мүмкін. Жағдай одан әрі нашарлаған жағдайда үкімет пен қаржы реттеушілері осы мәселені шешуге қатысты шаралар қабылдайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнес субъектілері үшін 6 айға (2020 жылдың 1 сәуірінен 1 қазанына дейін) еңбекақы қорынан салық және басқа да төлемдерді есептеу мен төлеу алынып тасталады. Бұл қоғамдық тамақтану, сауданың жекелеген секторлары, көлік қызметтері, консультациялық қызметтер, IT-сектор, қонақ үй бизнесі, туризм және тағы басқа секторларды қамтиды. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия түпкілікті тізбені бекітіп, қажет болса оны өзектендіреді.
"Кәсіпкерлерге үндеуімде дағдарыс жағдайы кезінде кез келген салықты есептемеу туралы өтінішімді де атап өттім. Шұғыл шешім қабылдап, менің тапсырмаммен үкімет шағын және орта бизнес үшін салықтың барлық түрін төлеуді тоқтатты. Яғни, бұл кезеңде салық төлеу қажет емес, бірақ кейінірек төлеуге тура келеді", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер
Үкімет Еуразиялық экономикалық одақ серіктестерімен Қазақстанға аса маңызды импорт үшін әкелу баждарын азайту бойынша жұмыс жүргізуде. Жеке қорғану заттары, оларды өндіруге арналған шикізат, вакциналар, диагностика жиынтықтары бойынша шешім қабылданды. Бірқатар азық-түлік тауарлары бойынша импорттық баж салығын төмендету жұмысы жалғасуда. Қазақстан президенті үкіметтің отандық бизнестің сұраныстарын есепке алып, осы жұмысты тездетуі тиіс екенін атап өтті.
Жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін пайдалану керек. Әкімдіктер мен үкімет ("Мемлекеттік азық-түлік корпорациясы" арқылы) отандық ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындарынан өнімдерді форвардтық сатып алу" немесе "егінге сатып алу" секілді кепілді сатып алу тетігін кемінде 6 ай бұрын енгізу керек.
Бизнес өндіріс көлемін қамтамасыз ету, бағаны сақтау, жұмыспен қамтуды қолдау секілді міндеттерді өзіне алуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 30 наурыз
8. Ұлттық компаниялардан тікелей қаржыландыру
Осы шаралар пакетін іске асыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке және Ұлттық банкке Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын, Ұлттық банктің ресурстары мен құралдарын қоса алғанда, барлық қажетті қаражат көздерін тартуды тапсырды.
Ұлттық қор қаражатын ұтымды жұмсау керек. Қаржы ресурстарының көлемін, дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымын ескере отырып, бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, азаматтар мен бизнеске қолдау көрсету кезінде ашықтық пен ашықтық қағидаттарын сақтау мәселелерін қадағалау міндеті Есеп комитетіне жүктеледі. Сондай-ақ, осы жұмысқа өңірлік тексеру комиссияларын, қоғамдық кеңестерді қосу қажет.
"Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық. Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін. Басты тойларымыз әлі алда. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын!" – деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.