Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 30 наурыз

Суретті Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Суретті Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
Іnformburo.kz он сегізінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы он жеті күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

30 наурыз, он сегізінші күн

Сағат: 00.20. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Ақтөбе облысында 1 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Ол – Ақтаудан ұшып келген ер адам.

Сағат: 01.15. Polisia.kz сайтының хабарламасы

Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін Ақмола облысында 2 қылмыстық іс қозғалған. Фейк таратушы екі адам да – әйелдер. Бірі Степногорскте, екіншісі Атбасарда тіркелген. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 274 бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі зерттеу жұмысы жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?

Сағат: 11.00. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 9 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Олардың ішінде:

  • 3 адам Алматыда;
  • 3 адам Ақмола облысында;
  • 3 адам Қызылорда облысында тіркелді.

Сағат: 12.00. Ақмола облысы әкімдігінің хабарламасы

Ақмола облысында 31 наурыз сағат 19.00-ден карантин енгізіледі. Соған сәйкес:

  • облыс аумағына кіру және одан шығуға тыйым салынады;
  • ірі сауда орталықтары, парктер, моншалар, санаторийлер, сұлулық салондары, базарлар және адам көп жиналатын өзге нысандар жұмысын тоқтатады;
  • тамақтандыру орындары үйге жеткізіп беру тәсілімен ғана жұмыс істейді;
  • тұрғындарға аса қажеттілік болмаса, үйден шықпау ұсынылды;
  • 65 жастан жоғары адамдардың көшеге шығуына тыйым салынады.

Оқи отырыңыз: Әлемде коронавирус жұқтырып, көз жұмғандардың жартысынан көбі Италия мен Испанияда. Әлем жаңалықтары

Сағат: 12.30. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Алматы облысында 1 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Ол – Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында тұратын 67 жастағы ер адам. 29 наурызда Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылған ол анализ тапсырып, коронавирус жұқтырғаны анықталған.

Сағат: 14.00. Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарламасы

1 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда үй карантиніне жатқызылған адамдарға қашықтықтан бақылау жасалатын болады. Бұл үшін Smart Astana мобильді қосымшасы пайдаланылады.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейін...

Сағат: 15.30. Алматы полиция департаментінің хабарламасы

Алматы аумағында 26 бекет орнатылатыны белгілі болды. Қала жолдарында шектеуші жол белгілері орнатылады. Автомобиль қозғалысы барынша шектеледі.

Сағат: 15.45. Алматы денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы

Коронавирустан көз жұмған адамдарды жерлейтін полигон орны белгіленді. Ол қала аумағынан сырт, елді мекендерден алыс жерде орналасқан. Сәйкесінше қажетті қауіпсіздік шараларымен оқшауланған.

Сағат: 16.00. Қызылорда облысы әкімдігінің хабарламасы

31 наурыз сағат 00.00-ден Қызылордаға кіруге және одан шығуға тыйым салынады. Темір жол қатынасы 1 сәуірден тоқтайды.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

Сағат: 16.30. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның хабарламасы

Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстемеақы белгілеу туралы шешімді бекітті.

Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі:

  1. "Қауіптілігі аса жоғары" — реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. 850 мың теңге.
  2. "Қауіптілігі жоғары" – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. 425 мың теңге.
  3. "Қауіптілігі орташа" – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. 212,5 мың теңге.

Толығырақ: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі

Сағат: 17.20. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің брифингі

Министр Дәурен Абаев 18 наурыздан бері елге қазақстандық 7 702 азамат оралғанын хабарлады. Таяу уақыт ішінде тағы 754 адам эвакуацияланбақ.

Сағат: 18.30. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда 8 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Олардың ішінде:

  • 6 адам Қарағанды облысында;
  • 1 адам Нұр-Сұлтанда;
  • 1 адам Алматы облысында тіркелді.

Осымен 30 наурыз қорытындысы бойынша республикада вирус жұқтырғандар саны 302-ге жетті:

  • Нұр-Сұлтан – 168;
  • Алматы – 73;
  • Ақмола облысы – 9;
  • Қарағанды облысы – 13;
  • Атырау облысы – 12;
  • Алматы облысы – 8;
  • Жамбыл облысы – 3;
  • Шымкент – 2;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 2;
  • Батыс Қазақстан облысы – 2;
  • Қызылорда облысы – 5;
  • Ақтөбе облысы – 2;
  • Маңғыстау облысы – 1;
  • Павлодар облысы – 1;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 1.

Жазылып шыққандар – 21.

Көз жұмғандар – 1.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика

Сағат: 19.00. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы

31 наурыз сағат 00.00-ден облыс аумағында қосымша шектеулер енгізіледі. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істесе, банк, пошта, жеке нотариустердің 10.00-ден 16.00-ге дейін қызмет етуіне рұқсат етіледі.

Сағат: 19.00. Денсаулық сақтау министрінің брифингі

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда эпидемияның шарықтау шегі сәуір айында болып, кейін жағдай бірте-бірте тұрақтала бастайтынына болжам жасады. Дәл осы болжам бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 3 500-ден аспауы тиіс.

Министр, сондай-ақ, Қазақстанда коронавирусты анықтайтын 10 жаңа зертхана ашылатынын хабарлады. Олардың:

  • үшеуі Нұр-Сұлтанда;
  • үшеуі Алматыда;
  • төртеуі өңірлерде болады.

Қазіргі таңда республикада мұндай 19 зертхана бар. Олар күніне 6 мың тест жасау мүмкіндігіне ие.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары