Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі
Қазақстандық дәрігер, PhD, медицина докторы Елтай Рахманов 2017 жылдан бері Италияның Роверето қаласындағы MAGI Генетикалық және сирек кездесетін аурулар диагностикалық-ғылыми институтында зерттеуші болып жұмыс істейді. Келісімшартқа сәйкес биылғы ақпанның 28-інде қызметін аяқтап, қорытынды есебін тапсыру керек болған. Алайда елде коронавирустың өршуіне байланысты университет жабылып қалып, ақпан айының соңында Польшаға келген. Қазір есеп тапсыру үшін Италиядағы жағдайдың тұрақтануын осы елде күтуге мәжбүр.
Елтай informburo.kz тілшісіне арнайы сұхбат беріп, коронавирустың неліктен Италияда өзге елдермен салыстырғанда жылдам таралып кеткені және Қытайдың бұл дертпен қаншалықты тиімді күресіп жатқаны туралы пікір білдірді. Айта кетейік, Елтай Рахманов 2013-2016 жылдары коронавирустың ошағы боп табылатын Қытайдың Ухань қаласында докторантурада білім алып, жергілікті ауруханаларда жұмыс істеген болатын.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы
Италияда вирустың тез таралуына халықтың тұрмыс салты себеп болды
Алғаш коронавирус жұқтырған адам Италияның солтүстігіндегі Венето, Ломбардия аймақтарында тіркелді. Вирусты Қытайға барып келген италиялық азамат жұқтырған. Елге оралған соң ол досымен кездесуге мейрамханаға барған. Содан кейін оның досы фитнес-орталыққа барып, сол жердегі 5-6 адамға вирус жұқтырады. Италияда коронавирустың таралуы осылай басталған.
Сол уақытта-ақ ел үкіметі Италияны қызыл аймақ, сары аймақ деп бөліп тастады. Қызыл аймаққа жататын Венето, Ломбардиядағы жергілікті әкімшілік, халыққа қызмет көрсету орталықтары, мектеп, университеттер жабылып қалды. Ал 5 наурыздан бастап Италияның барлық аймағында карантин жарияланды. Бұл уақытта мен Польшада болдым, дегенмен, жұмыс бабына орай, үнемі италиялық әріптестеріммен байланыстамын.
Оқи отырыңыз: Климат дағдарысы, дәріге қолжетімділік, эпидемияға қарсы тұру. Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық 10 өзекті мәселе
Шыны керек, алғашқыда елдің солтүстік бөлігін қызыл аймақ деп бөлгенімен, тұрғындар бұған аса мән бермеді. Сондықтан, аз уақыт ішінде вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті.
Бұған италиялықтардың тұрмыс салты да себеп болды. Мысалы, олар кешкілік қоғамдық орындарға барып ас ішкенді ұнатады. Аптасына 2-3 мәрте туыстарымен, достарымен мейрамханада бас қосады.
Қызығы, Италия мен АҚШ ең алғашқылардың бірі болып Қытаймен әуе қатынасын тоқтатқан болатын. Тіпті, Қытай үкіметінің тарапынан "досты қиын-қыстау кезде танисың" дегендей реніш те болды.
Дегенмен, Италия Қытайдан шошқа еті мен әртүрлі өнімдерді импорттайтындықтан, вирус тек туристер арқылы емес, тағам арқылы келуі мүмкін деген қауіп те болған. Бірақ, ол расталмады.
Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр
Мен Польшаға кетіп бара жатқанда тұрғындар дүкенге кезекке тұрып, сұмдық бір ажиотаж басталды деп айта алмаймын. Дегенмен, дүкен сөрелерінде ұзақ сақталатын, консервіленген тағамдардың азайғанын байқадым. Қазір Италияда көшеде тек дәрігер көмегін алуға жүгінетіндер мен жұмысқа баратындар, шұғыл жұмысы бар адамдар ғана еркін қозғала алады.
Италия билігі зейнеттегі дәрігерлерден көмек сұрап отыр
Өкінішке қарай, қазір Римнің өзінде 40-50 шақты дәрігер осы вирусты жұқтырып отыр. Бұл бір жағынан медицина қызметкерлерінің коронавирусқа дайын емес екенін көрсетеді. Жалпы, Италиядағы медицина туралы айтар болсам, соңғы он жылда мұнда медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі қатты байқалып отыр.
Оқи отырыңыз: Қытаймен шекарадан тек ресми делегация шенеуніктері мен жүктер өткізіледі
Статистиканы қарасақ, мемлекеттік ауруханаларда 70 мың орын қысқартылған, қазір елде 8 мың дәрігер, 35 мың медбике жетіспейді. Сол себепті, қазір бір дәрігер 2-3 адамның қызметін атқарып жатыр. Оның үстіне мынадай күрделі жағдайда Италия билігі зейнетке шыққан дәрігерлерден де көмек сұрады.
Дәрігер тапшылығының басты себебі – демографиялық жағдайдың өзгеруі. Тұрғындардың қартаюына байланысты, егде жастағы пациенттердің ауруханада болу уақытының артуы және ауруханадан шыққаннан кейін ұзақ мерзімді арнайы гериатриялық көмекті талап етуі.
Екіншіден, италиялық дәрігерлер ЕуроОдақ елдері арасында ешқандай кедергі болмағандықтан, жоғары жалақы төлейтін елдерге жиі көшеді. Жалпы, оңтүстік, шығыс және орталық Еуропада медицина қызметкерлерінің миграциясы жиі байқалады. Олар батыс немесе солтүстік Еуропаға барып жұмыс істегенді құп көреді.
Оқи отырыңыз: "Ит етінен ас әзірлейтін дәмханаларды жабуды ұсынбақпыз". Тоқаевқа хат жазған Брижит Бардо қорының өкілімен сұхбат
Мен Италияның солтүстік бөлігінде жұмыс істедім. Ол жерге туристер көп келеді. Сондағы әріптестерімнің айтуынша, карантин басталғанша туристер саны толастамапты.
Қытайдың коммунистік режимі үлкен роль ойнады
Мен Италияға келгенге дейін Қытайдың Ухань қаласында 3 жыл жұмыс істедім. Ухань – өнеркәсібі жақсы дамыған қала. Мұнда шамамен 11 миллион адам тұрады. Қытайдың басқа қалаларындағыдай, бұл қаланың да экологиялық ахуалы мәз емес.
Оған қоса, тек Ухань емес, бүкіл Қытайда барлық тұрғындар ақуыз тапшылығынан болар, бақа-шаянды да, жыланның етін де жей береді. Себебі, қытайлар біз сияқты күнде қой, сиыр етін жеп жүрген жоқ. Олардың жабайы жануарлар етін жеуін жергілік мұқтаждық дер едім.
Оқи отырыңыз: Марафоншы Мауро жарқанат қанын ішіп, тірі қалған. Сүтқоректі жәндік туралы не білеміз?
Коронавирус қаупі туындағанда коммунистік режимге ие Қытай үкіметі бірден жинақталып, шекараны жауып тастады. Бұл жағынан алғанда ел билігі өте шапшаң қимылдады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Италияның солтүстік аумағында көпшілік жиналуына шектеу қойылғанда, мейрамхана, қонақүйі бар шағын бизнес өкілдері қарсылық акциясын ұйымдастырды. "Бұл біздің демократиялық құндылықтарға қайшы" деп, шекараны ашуды талап етті. Өзіңіз білесіз, Қытайда халық олай істей алмайды.
Қытайда заманауи және дәстүрлі медицина қолданылады. Ондағы заманауи медицинаның хаттамалары Қазақстандағымен бірдей. Мен Ухань қаласында жұмыс істегенде маған Қазақстаннан көптеген адамдар ем алуға келді. Ал, бұл елдің дәстүрлі медицинасының емдеу әдістерін көпшілік біле бермейді. Әлемдік медицинаның ғылыми қоғамы Қытайдың дәстүрлі медицинасының қандай механизмдермен жұмыс істейтінінен әлі күнге дейін бейхабар.
Қытайдағы халықтың барлығы бірдей заманауи медицина қызметіне жүгінеді деп айта алмаймын. Сондай-ақ, вирус алғаш шыққанда қарапайым халық "жай ғана тұмау, салқын тиген" деп салғырттық танытып, кәсіби медицина көмегіне жүгінбеген болуы мүмкін. Бұл да вирустың жылдам таралуына әсер етті.
Оқи отырыңыз: ДДСҰ коронавирустың өршуін төтенше жағдай деп таныды. Бұл нені білдіреді?
Дегенмен, Қытайдың дәстүрлі медицинасын қанша мақтағанмен, ол коронавируспен күресуге қауқарсыз дер едім. Өйткені, бұл вируспен күресетін вакциналар заманауи зертханаларда жасалады. Вирустың салыстырмалы түрде көп таралмауына Қытай медицинасының мықтылығы емес, елдегі темірдей тәртіп ықпал еткен болуы керек.
Ресми дерек бойынша, әрбір тұрғынға күніне екі мәрте телефон соғылып, оған қандай көмек қажет екендігі анықталып отырды. Сонымен қатар, үкімет мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетті. Ауырғанда тек дәстүрлі медицина көмегіне жүгінетін, материалдық жағдайы төмен жандарға қамқорлық жасалды. Одан бөлек, қазір Қытай вирусқа қарсы қандай дәрілер қолдануға болатынын бүкіл әлемге көрсетіп отыр. Италия, Жапония дәрігерлері коронавирусқа қарсы күресте Қытайдың тәжірибесіне сүйеніп отыр.
Қазақстан Италияны коронавирусқа байланысты қолайсыз ахуал қалыптасқан елдердің бірінші санатына қосты. Қазір Италияда 2 316 қазақстандық азамат бар. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл елдегі отандастардың елшілікке хабарласуын сұрайды.
Бүгіннен бастап италиялықтар мен өзге шетел азаматтарының Италиядан Қазақстанға келуіне тыйым салынады.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеше Covid-19 вирусын ресми түрде пандемия деп жариялады.