Тікелей эфир

"Ит етінен ас әзірлейтін дәмханаларды жабуды ұсынбақпыз". Тоқаевқа хат жазған Брижит Бардо қорының өкілімен сұхбат

Сурет rfi.fr сайтынан алынды
Сурет rfi.fr сайтынан алынды
Брижит Бардо қорының өкілі мамыр айында елордаға келіп, үкімет мүшелерімен кездеседі. Шарада жануарларды қорғау мәселесі талқыланбақшы.

Өткен жылдың соңында танымал француз киноактрисасы, жануарлар жанашыры Брижит Бардо президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдаған болатын. Хатта актриса Қазақстандағы үй жануарларының аянышты жағдайына алаңдаушылық танытып, Брижит Бардо қоры проблеманы шешуге көмектесуге дайын екенін айтқан еді. 12 ақпанда "Біргеміз" волонтерлер кеңсесінің ашылу салтанатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киноактрисаның хатын алғанын хабарлап, әріптестікке дайын екенін жеткізді.

Informburo.kz тілшісі мәселенің мән-жайын толығырақ білу үшін Брижит Бардо қорына хабарласып, қордың үй жануарларына арналған халықаралық жобаларының үйлестірушісі Брижит Олуадан сұхбат алды.


Брижит Олой

Брижит Бардо қорының үй жануарларына арналған халықаралық жобаларының үйлестірушісі Брижит Олуа / Cурет Брижиттің жеке мұрағатынан алынды


Брижит ханым, танымал француз киноактрисасы, жануарлар жанашыры Брижит Бардоның Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдауына не түрткі болды?

– Брижит Бардо бүкіл өмірін жануарларды қорғауға арнап келеді. Оның қоры сол мақсатта ашылған. Қор қызметкерлері жануарлардың құқығы аса қорғалмаған елдердегі жағдайды өзгертуге аз да болса үлес қосқысы келеді. Қазақстанда көше жануарлары асқан қатігездікпен ауланып, өлтіріліп жатқанын біраз уақыттан бері естіп келеміз. Өткен жылдың соңында "әріптестік орнату мүмкін болар ма екен?" деген оймен Қазақстан президентіне хат жазуды ұйғардық.

"Жақында мен танымал киноактриса Брижит Бардодан иттер мен өзге жануарларды қорғауды өтінген хатын алдым. Меніңше, бұл – дұрыс үндеу. Біз оған назар аударып, өзімізді мейірімді ұлт ретінде көрсетуіміз қажет. Әрине, өз азаматтарымызды, оның ішінде балаларды ғана емес, жануарларды да қорғауға мән беруге тиіспіз".

(Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Birgemiz" волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінен)

Оқи отырыңыз: Қар барысы қолға үйретіледі. Жоғалу қаупі бар жыртқышты сақтау үшін тағы қандай шаралар қолға алынды?

– Қазақстандағы жануарлардың жағдайы туралы сіздерге біреулер шағымданды ма?

– Біз мұның бәрін әлеуметтік желі арқылы көріп-біліп отырмыз. Қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан жағдайларды ғаламтор арқылы оңай бақылай алатын болдық. Оның үстіне, Кеңес одағының құрамында болған мемлекеттерде жануарларды қорғау саласында көптеген проблемалар бар екенінен хабардармыз. Кеңес одағының тұсында да жануарларға керемет жағдай жасалмағанын білеміз. Сондықтан, бұрын одақ құрамында болған елдердегі жағдай шамалас деңгейде екенін сезіп отырмыз.

Қазақстан тарапынан келген жауапты қалай қабылдадыңыздар?

– Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрінен хат келгенде, өте қатты қуандық. Мен Париж қаласындағы Қазақстан елшілігіне хатты алуға бардым. Сол жерде елшілік өкілімен ұзақ әңгімелестік. Бұл өзі идеяға толы мағыналы әңгіме болды. Елші Жан Ғалиев маған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың актриса Брижит Бардоның жануарларды қорғау саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесіне ризашылығын білдіргенін жеткізді.


Брижит Олуа және Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев

Брижит Олуа және Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев / Сурет Жан Ғалиевтің Facebook парақшасынан алынды


– Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брижит Бардоның хатына жауап беріп, әріптестік орнатуға дайын екенін айтты. Алғашқы қадамды неден бастамақсыздар?

– Мамыр айында мен Нұр-Cұлтан қаласына барып, үкімет мүшелерімен кездесемін. Ол жерде біз жануарларды қорғау туралы заңды талқылауымыз мүмкін. Одан соң, Семей қаласында 300-ден астам итті ұрықсыздандыру кампаниясын ұйымдастырып, ветеринарларға арнап тренинг өткізбекпіз. Бұл шараларды Семей қаласында Tiershutz Entwiklungshilfe неміс қауымдастығымен бірге жүзеге асырамыз.

Оқи отырыңыз: Мысықтарға арналған дәмхана мен қонақ үй Астанада ашылды (фоторепортаж)

– Қазақстанмен ұзақ мерзімді серіктестік құруға мүдделісіздер ме?

– Мұны мамыр айында үкімет мүшелерімен кездескенде шешеміз. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың да реакциясына көңіл аударамыз. Себебі, біз сырттан келіп алып, сіздерге "жануарларды қорғаңдар!" деп бұйыра алмаймыз. Жергілікті халықтың санасында қатігездікті жоюға деген талпыныс болуы керек.

– Брижит Бардоның қоры туралы қысқаша айтып беріңізші.

– Қор 1986 жылы құрылған. Яғни, отыз жылдан астам уақыт тарихы бар. Біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі жабайы және үй жануарларын қорғайтын ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Жалпы, жануарлардың барлық түрін қорғауға атсалысамыз. Мысалы, біздің қорымыз Болгарияда аюларға арнап орталық ашып берді.

Айтпақшы, Роза, сіздер ит етін жейді екенсіздер ғой?! Біз Қазақстанда ит етінен тамақ пісіретін кәріс дәмханасы бар екенін білеміз. Керек десеңіз, менде видеосы да бар. Біз Қазақстан үкіметіне мұндай дәмханаларды жабуды ұсынамыз. Бұл заңға қайшы. Ит пен мысық деген үйде өмір сүруге бейімделген, адамға серік болатын жануарлар ғой. Олардың етін қалай жеуге болады? Олар адамдарға жем болу үшін емес, отбасында өмір сүру үшін жаралған.

Сондай-ақ, "ит етін жеу адам денсаулығына пайдалы" деген сенімді жоққа шығарғым келеді. Бұл – өте жаңсақ пікір. Ит етін жеу адамның миына да, ағзасына да зиян. Қазір Қытайда тарап жатқан коронавирустың негізгі себептерінің бірі жабайы жануарлардың етін жегеннен деп болжанып жатыр. Адамдар бассыздықтың арты жақсылықпен бітпейтінін білуі қажет. Сіздер осы тақырыпты тереңірек зерттесеңіздер жақсы болар еді.

Оқи отырыңыз: Астанада көшеден ит-мысық асырап алуға болмайды. Әкімшілік жазаға тартылуыңыз мүмкін

"Өткен жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» атты заң жобасын әзірлеуге бастама жасалды. Құжат жануарларға ізгілікпен қарау және оларды ұстау қағидалары мен талаптарын, қатыгездікпен қараудан қорғауды, иесіз және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыру ережесін, сондай-ақ осы саладағы заңнаманың сақталуын қатаң бақылауды көздейді".

(Қазақстанның Франциядағы елшілігінің Facebook парақшасынан).

– Қазақстан секілді елдерге жануарларды қорғауға қатысты қандай кеңестер берер едіңіздер?

– Менің ойымша, үкімет мүшелері заңгерлер мен жануарларды қорғаушыларының пікіріне құлақ асқаны маңызды. Жалпы, бұл – бір адам емес, қоғам болып жұмылып шешетін ортақ проблема. Жануарлар құқығын қорғайтын заң Қазақстанның өмір сүру салтына бейімделген, жан-жақты, жақсы реттелген заң болуы тиіс. Мәселен, Францияның заңын апарып, Қазақстанда бекіте алмаймыз ғой. Әр елдің салты басқа. Жануарлар нақты қандай зардап шегіп жатыр? Бұл проблеманы қалай шешуге болады? Осы сұрақтарға жауап іздеген абзал. Заң қабылданған соң, оның іс жүзінде қалай жүзеге асатынын қадағалау қажет.

Жануарларға қатігездік көрсеткен жандар Қазақстанда дұрыс жазаланбайтын сияқты. Олай деп отырған себебім, жақында ғана Маңғыстау облысындағы Теңге деген ауылда тұрғындардың хаски тұқымдас итті атып өлтірген видеосы әлеуметтік желіде тарады. Мұндай қатігездікке жол жоқ.

Оқи отырыңыз: Ұшақтар мен пойыздарда жануарларды алып жүру тәртібі

– Актриса Брижит Бардо бұдан бұрын басқа елдердің басшыларына да жануарларды қорғау туралы хат жолдаған екен. Ол кісінің жанайқайына құлақ асқандар бар ма?

– Иә, нәтиже бар. Ресейде жануарларды қорғау туралы заң қабылданды.

– Демек, бұған Брижит Бардо қоры тікелей себепші болды ма?

– Оны білмеймін. Бірақ, біз Ресейге қайта-қайта хат жазғанымыз есімде.

– Қазіргі таңда Францияда жануарлар құқығы қалай қорғалып отыр?

– Францияда жануарларды қорғау туралы заң бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. Ол заң, мүмкін, осыдан жүз жыл бұрын қабылданған шығар, әйтеуір, біраз уақыт болды. Сондықтан, біздегі жағдайды сіздермен салыстыруға келмейді.

– Брижит Бардо қоры жолдаған хатты елемейтін елдер де кездесе ме?

– Иә, ондай жағдайлар болды. Кей басшылардың біздің хатымызға мән бермеуі сол елдің тұрғындары үшін жақсы белгі емес дер едім. Бұл қоғамның немқұрайлығын көрсетеді.

– Бардо қорын кім қаржыландырады?

– Біздің қорымыз үкіметтен бір тиын да алмайды. Бізге жануарларды жақсы көретін жандар көмектеседі. Кейбір адамдар өз қаржысын біздің қорымызға мұраға қалдырады. Солардың арқасында қордың жұмысы жалғасып келеді. Сондай-ақ, миссис Бардо осы қорға өзінің барын беріп отыр. Ол өз иелігіндегі барлық дүниені сатып, қаржысын қорға аударды. Қазір оның мол мүлкі жоқ. Бәрін жануарларды қорғауға арнады.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

– Бардо ханым күнделікті жұмысқа келе ме? Ол да Парижде жұмыс істей ме?

– Жоқ, ол кісі күні бойы бізбен бірге отырмайды. Ол Париждің оңтүстігіндегі Сан-Тропе қаласында тұрады. Бірақ, бізге күн сайын хабарласады. Барлық жағдайдан хабардар. Жасы 85-ке келсе де, әлі тың. Мен оны жануарларды қорғау арқылы қоғамның өзгеруіне үлес қосып жатқан жүрегі кең адам дер едім.

– Тағы не айтқыңыз келеді?

– Қазақстан журналистеріне айтарым, жануарлар сіздердің көмегіңізге зәру. Олар бәрін айтып берер еді, әттең, бірақ, тілі жоқ. Мүшкіл халын айтып, мұң шаға алмайды. Жануарлардың жеткізе алмаған мұңын сіздер жеткізіңіздер, қымбатты журналистер! Олардың қиын жағдайы туралы жиі жазып, қоғамда мәселе көтеру – журналистердің қолында. Бізге арнайы хабарласып, жануарлардың тағдырына бей-жай қарамағаныңыз үшін сізге алғыс айтамын.

Брижит Бардо – 1970 жылдардан бастап жануарлар құқығын қорғаумен белсенді түрде айналысып келе жатқан француз актрисасы. Өзінің өмірлік хоббиі туралы актриса "менің жастығым мен сұлулығым адамдарға арналса, қазір тәжірибем мен ақыл-парасатымды жануарларға арнап жүрмін" дейді. Брижит 1989-1992 жылдар аралығында Францияда "S.O.S. Animaux" телевизиялық сериалын жүргізді. Ол бағдарламаның басты мақсаты – қоғамда жануарларға жанашырлық туралы оң көзқарас қалыптастыру болатын.

Қазір Брижит Бардо қорында 100 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, қордың 75 мың белсенді доноры бар. Брижит Бардо қоры Оңтүстік Африкада пілдерге, Австралияда коалаларға, Болгарияда билейтін аюларға және Камерунда приматтарға арнайы баспана салып берген.

Серіктестер жаңалықтары