Тікелей эфир

Климат дағдарысы, дәріге қолжетімділік, эпидемияға қарсы тұру. Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық 10 өзекті мәселе

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем халқының үштен біріне вакциналар мен дәрі-дәрмектер жетпейді.
Бүкіләлемдік экономикалық форумның ресми сайтында 2020 жылғы денсаулық сақтау саласындағы жаһандық 10 өзекті мәселе туралы ақпарат жарияланды. Мәліметтер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне негізделген.
Informburo.kz маңызды ақпаратты қазақ тіліне тәржіма жасап, ұсынып отыр.

№1. Климат дағдарысының денсаулыққа әсері

Климат дағдарысы Жер шары және оны мекендейтін адамдардың денсаулығына зор қатер төндіреді. Ауаға шығарылған зиянды заттар жыл сайын 7 млн адамның өмірін қияды және жүрек талмасы, инсульт, өкпе қатерлі ісігі секілді аурулардан көз жұму деректерінің төрттен біріне себепші. Құрғақшылық пен су тасқыны секілді ауа райының төтенше құбылыстары аштыққа әкеліп, безгек сияқты жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді.

№2. Қақтығыстар кезінде денсаулық сақтау

Әскери қақтығыс болып жатқан елдерде індеттердің таралуына тосқауыл қою қиын. 2019 жылы 11 елдің медицина ұйымдары мен қызметкерлеріне 1 000-ға жуық шабуыл жасалған. Нәтижесінде 193 медицина қызметкері көз жұмды. Қанша бақылау күшейтілсе де, медицина қызметкерлері қорғаусыз. Ал қақтығыс аймақтарындағы үйін тастап кетуге мәжбүр болған ондаған миллион адам медицина қызметін алудан шектелген.

Оқи отырыңыз: Климаттың өзгерісінен кімдер ең көп зардап шегеді? Қазақстанда қуаңшылық бола ма?

№3. Денсаулық сақтаудағы әділдік

Бай мен кедей арасында медициналық көмекке деген қолжетімділік деңгейі алшақтап келеді. Бай елдердің тұрғындары кедей көршілеріне қарағанда 18 жылға артық өмір сүреді. Қатерлі ісік, диабет және созылмалы респираторлы аурурлардың өршуі төмен және орташа табысты елдерге тән. Мұның себебі – кедей отбасылар медициналық қызметке төлем жасауға қауқарсыз.

№4. Дәрілік заттардың қолжетімді болуы

Көп адам мұндай мәселе жоқ деп ойлауы мүмкін, бірақ әлем халқының үштен біріне вакциналар мен дәрі-дәрмектер қолжетімсіз. Дәрілік заттарды кез келген адам пайдалана алуы үшін олардың санын арттырып қана қоймай, сапасыз және жалған өнімдермен күресу керек. Себебі мұндай өнімдер адам өміріне қауіп төндіріп, медицина қызметін тұтынушылар мен дәрілерге деген сенімге селкеу түсіреді.

Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі

№5. Жұқпалы ауруларға қарсы тұру

Әлемде жыл сайын жұқпалы аурулардан миллиондаған адам көз жұмады. Олардың көп бөлігі – кедей елдердің тұрғындары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл жағдай жақын уақытта жақсара қоймайды. ВИЧ, туберкулез, безгек секілді аурулардың таралуына жол бермеу сенімді денсаулық сақтау жүйесі мен оны қаржыландыру деңгейіне тәуелді. Алайда кейбір салада қажет ресурстардың тапшылығы байқалады. Иммундау бағдарламаларын дамыту, аурудың таралуы туралы деректермен алмасу әжептәуір қаржы ресурстары мен саяси ерік-жігерді талап етеді.

№6. Эпидемияларға дайындық

Қарапайым масаның шағуы ауа-тамшы вирустарын жұқтырып, осындай аурулардың тез таралуына әкеп соқтырады. Мұның салдары біз ойламағандай болуы мүмкін. Қазіргі таңда уақыт пен ресурстар болашақта пайда болуы мүмкін ауруларға қарсы тұруға емес, тұмаудың жаңа штаммдары мен сары безгектің таралуына тосқауыл жасауға жұмсалады. Сол себепті әлемді дендеген коронавирустың жаңа түрі секілді эпидемияларға алдын ала дайын болу керек.

Оқи отырыңыз: Екі ғасырдағы екі градус

№7. Адамдарды қауіпті өнімдерден қорғау

Әлемнің көптеген кедей аймақтары тамақтың жетіспеуі мен азық-түлік тауарлары қауіпсіздігінің сақталмауы мәселелеріне тап болуда. Тамақтануға байланысты семіздік көрсеткіші де артып келеді. Адамдар күнделікті не ішіп-жейтіні туралы ойланып, құрамында қант, тұз және зиянды майлары көп азық-түлік өнімдерін пайдалануды азайтуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зиянды тағам өнімдеріне деген тәуелділікті азайтуға бағытталған саясатты әзірлеуде өзге елдермен жұмыс істейді.

№8. Денсаулық сақтау қызметкерлерін инвестициялау

Бүкіл әлемде денсаулық сақтау қызметкерлері тапшы. Тұрақты денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік қамту дайындықтан өткен, жақсы ақы төленетін, сапалы медицина қызметін көрсетуге қабілетті кадрға тәуелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, 2030 жылға қарай әлемде 18 млн медицина қызметкеріне жетіспеушілік болады. Мұндай тапшылық төмен және орта табысты елдерге тән. Қызметкерлерді даярлау мен оларға лайықты жалақы төлеу үшін жаңа инвестициялар қажет.

Оқи отырыңыз: "Секс туралы айтсаң, күле бастайды". Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен?

№9. Жасөспірімдер қауіпсіздігі

Жыл сайын әлемде 10 мен 19 жас аралығындағы 1 миллионнан астам жасөспірім көз жұмады. Негізі себептер – жол-көлік апаттары, суицид, тұрмыстық зорлық-зомбылық, АИТБ немесе төменгі тыныс алу жолдары инфекциясы секілді аурулар. Дегенмен осындай мезгілсіз өлім жағдайларының алдын алуға болады.

Директивті органдар, педагогтер мен медицина қызметкерлері жасөпсірімдердің позитивті психологиялық денсаулығын көтермелеп, есірткі заттары мен алкоголь өнімдерін заңсыз қолдануы мен өзіне залал келтіруіне жол бермеуге тиіс. Контрацепция, жыныстық жолдармен таралатын инфекциялар, жүктілік кезінде күтіну жағдайлары туралы ақпараттандыруды арттыратын бағдарламалар жасөспірімдер арасындағы негізгі өлім себептерін жоюға мүмкіндік береді.

№10. Қоғам сеніміне ие болу

Пациенттерге қауіпсіз және сенімді медициналық көмек көрсетуде ең алдымен олардың сеніміне ие болу керек. Әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттардың жылдам тарауы дәрігерлерге деген сенімді кетіреді. Мысалы, вакциналауға қарсы қозғалыс алдын алуға болатын ауру салдарынан өлімнің артуына әкеп соқты. Бірақ әлеуметтік желілерді шынайы ақпаратты тарату мен денсаулық сақтауға деген қоғам сенімін нығайту мақсатында да қолдануға болады.

Серіктестер жаңалықтары