Алматы облысы бойынша 2024 жылдың ІІ тоқсанында кедейлік шегі 34 911 теңгені құрады. Осы орайда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ержан Байқоныс тұрғындардың қандай әлеуметтік көмек алуға құқығы барын түсіндірді. 

Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады?

Әлеуметтік кодекстің 120-бабы бойынша АӘК кісі басына шаққандағы кірісі кедейлік шегіне жетпейтін Қазақстан Республикасының азаматтарына, босқындарға, қандастарға, Қазақстан Республикасында тұрақты түрде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ жандарға көрсетіледі.

Осы айтылған көмектің мөлшерін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі уәкілетті орган кісі басына шаққандағы орташа кіріс пен республикалық маңызы бар қалаларда, облыстарда белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде отбасының әрбір мүшесіне бөле отырып есептейді. 

"Алматы облысы бойынша 2024 жылдың ІІ тоқсанында кедейлік шегі 34 911 теңгені құрады. Аталған Кодекске сәйкес балаларға қосымша төлем атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезеңіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 1,5 айлық есептік көрсеткіш (1,5 АЕК = 5 538 теңге) мөлшерінде, бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда беріледі", – деді Ержан Байқоныс.


Оқи отырыңыз: Алматы шипажайларына кімдер және қалай тегін бара алады? Түсіндіреміз


Тұрғын үй көмегі

Елдегі тұрғын үй заңнамасы бойынша тиісті деңгейде қамтылмаған жанұялар немесе азаматтар тұрғын үй көмегін алуға құқылы

"Аталған көмек кондоминиум объектісін басқаруға және оның ортақ мүлкіне қажетті күтім жасауға, сондай-ақ, оның ортақ мүлкін күрделі жөндеу үшін жұмсалатын шығындарды, коммуналдық төлемдерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін қолдануға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығындарды төлеу ақысы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығындарының жергілікті өкілді органдар 10%-дан асырмай белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады", – деп түсіндірді Ержан Байқоныс. 

Мүгедектігі бар деп саналатын кемтар балаларды үйде оқытқаны үшін жұмсалған шығынды өндіріп алу 

"Мүгедектігі бар баланы үйден оқытқан болса, онда қажет болған шығындарды өтеу үшін баланың үйде оқығанын растайтын анықтама қажет. Қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі осы анықтаманың негізінде шығынды өтеуге көмектеседі", – деп түсіндірді басқарма өкілі Ержан Байқоныс. 


Оқи отырыңыз: 138 мың теңге сыйлықақы кімдер алады? Маңызды 8 сұраққа жауап


Оқу шығындарын өтеу мөлшері мүгедектігі бар әрбір балаға 8 АЕК немесе 29 536 теңге көлемінде беріледі.

Ауылдық жерде тұратын әлеуметтік сала қызметкерлеріне отын сатып алуға арнайы көмек

Әлеуметтік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге жылына бір рет 5 АЕК немесе 18 460 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Жекелеген санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек

 Олар: 

  • туберкулез індетіне шалдыққан азаматтарға әлеуметтік көмек 7 АЕК (25 844 теңге) көлемінде беріледі;
  • АИТВ жұқтырған балаларға әлеуметтік көмек 2 КД (86 814 теңге) көлемінде беріледі;
  • ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бойынша жеңілдіктер 3 АЕК (11076 теңге) мөлшерінде беріледі;
  • мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын отбасыларға әлеуметтік көмек 5 АЕК (18460 теңге) көлемінде көрсетіледі;
  • жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша төленетін біржолғы әлеуметтік көмек (төтенше жағдай кезінде) 200-400 АЕК (73 8400-1 476 800 теңге) көлемінде беріледі, жыл басынан бері 6 отбасына 5,9 млн теңге төленді;
  • пробация қызметі бөлімінде, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек 15 АЕК (55 380 теңге) көлемінде көрсетіледі,
  • Жеңіс күніне біржолғы әлеуметтік көмек ҰО соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне 450 АЕК (1 661 400 теңге) мөлшерінде көрсетіледі;
  • Ауған соғысының қаза тапқан қатысушылары мен мүгедектерінің ауған жауынгерлерімен және олардың отбасыларына 50 АЕК (186 400 теңге) көлемінде беріледі, біржолғы әлеуметтік көмек жыл басынан 1077 адамға 198,8 млн теңге төленді;
  • Тәжік-Ауған учаскесінде міндеттерін орындаған ҚР әскери қызметшілеріне 50 АЕК (186 400 теңге) көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді;
  • Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан ҚР әскери қызметшілеріне біржолғы әлеуметтік көмек 50 АЕК (186 400 теңге) көлемінде беріледі;
  • Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына бітімгер ретінде қатысқан ҚР әскери қызметшілеріне біржолғы әлеуметтік көмек 50 АЕК (186 400 теңге) көлемінде беріледі;
  • Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға, қайтыс болған қатысушылардың отбасыларына біржолғы әлеуметтік көмек 50 АЕК (186 400 теңге) көлемінде беріледі;
  • ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқандарға біржолғы әлеуметтік көмек 50 АЕК (186 400 теңге) көлемінде беріледі;
  • бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жарақат алу, контузия алу, мертігу салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілерге 50 АЕК (186 400 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі;
  • Даманск қатысушыларына біржолғы әлеуметтік көмек 50 АЕК (186 400 теңге) көлемінде беріледі;
  • бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі не майданда болуына байланысты ауруы салдарынан мүгедек болған адамдарға біржолғы әлеуметтік көмек 50 АЕК (186 400 теңге) көлемінде беріледі;
  • Ленинград қаласында блокада кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "блокадалық Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде беріледі;
  • Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындарына біржолғы әлеуметтік көмек 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде беріледі;
  • Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға біржолғы әлеуметтік көмек Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбек пен мінсіз әскери қызмет жасағандарға 15 АЕК (55380 теңге) көлемінде беріледі;
  • Ұлы Отан соғысында қайтыс болған мүгедектің немесе жеңілдіктері бойынша екінші рет некеге тұрмаған Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамның жұбайына (зайыбына) біржолғы әлеуметтік көмек 5 АЕК (55 380 теңге) көлемінде беріледі. 

Оқи отырыңыз: Зейнетақы төлемдерін 55 жастан бастап алуға болады. Ол үшін не істеу керек?


Мүгедектігі бар азаматтарға денсаулық жағдайын жақсарту үшін қандай көмек көрсетіледі?

2024 жылдың басынан бері Алматы облысы бойынша 42 573 адамның мүгедектігі бары белгілі болды. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 6 639 адам.

Анықтама:

  • І топ – 4325 адам;
  • ІІ топ – 16 739 адам;
  • ІІІ топ – 14 870  адам. 

Алматы облысында мүгедектігі бар деп танылған азаматтарға денсаулығын жақсарту үшін келесі әлеуметтік оңалту көмектері көрсетіледі: 

Біріншіден, ары-бері қозғалуға көмектесетін құралдармен қамтамасыз ету және осы құралдарды қолдануды үйрету, сондай-ақ, техникалық көмек. 

Мүгедектігі бар деп танылған азаматтар арнайы бағдарлама бойынша компенсаторлық көмекші құралдардың, қажетті жүріп-тұруға арналған құралдардың және мүгедектігі бар кісілерге көрсетілетін қызметтердің сыныптаушысына сәйкес есту протезі көмегімен, техникалық компенсаторлық құралдармен және арнаулы жүріп-тұру жабдықтарымен, протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етіледі. 


Оқи отырыңыз: 74 мың теңгеге дейін: Астанада жаңа әлеуметтік көмек енгізілді


"Азаматтарымыз есту протезі, протездік-ортопедиялық көмек, ары-бері қозғалуға арналған құралдармен, техникалық сүйелгіштермен уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған ережеге сай әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы қамтамасыз етіледі", – деп түсіндірді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ержан Байқоныс. 

Екіншіден, күнделікті еркін қозғалысы шектелген бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арнайы жеке көмекші қызметі ұсынылады. 

"Бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматқа жеке көмекшінің қандай тәртіппен көмектесетінін уәкілетті мемлекеттік органдар белгілейді. Олар еркін қозғалуы қиын азаматтарға сегіз сағаттан аспайтын мерзімге қызмет көрсетеді. Еркін қозғалуы қиын, бірінші топқа кіретін мүгедектігі бар азамат үшін жеке көмекшінің қызметтері оған күтім жасайтын адамға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған және төленген кезде ұсынылмайды. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес, жеке көмекші қызметі тиісті шарт негізінде жүзеге асады", – деді Ержан Байқоныс.


Оқи отырыңыз: "Еден жуып, дүкенге баратын адам емес". Әлеуметтік қызметкерге қандай мәртебе беріледі?


Үшіншіден, есту қабілеті тым нашар азаматтарға ым-ишара тілін білетін мамандар көмектеседі

Уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар азаматтар үшін ым-ишара тілі маманының қызметтері бір жылда алпыс сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.

Есту қабілеті нашар немесе мүлдем естімейтін азаматтар арнайы бағдарлама бойынша жеке көмекшіні немесе ым-ишара тілінің маманын әлеуметтік қызметтер көрсету порталы арқылы таңдай алады. Мұнымен қатар есту қабілеті нашар азаматтар өзге де тиісті тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі. 

"Арнайы бағдарламадағы ұсынымдар бойынша мүгедектігі бар азаматтар қажет тауарлар мен қызметтерді сатып алуға тапсырыс жасай алады. Есту қабілеті нашар азамат тауарларды немесе өзіне көрсетілетін қызметтерді сатып алуға тапсырыс беруді оған әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына жеке бағдарлама іс-шараларының жіберілгені туралы хабарланған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырады. Мүгедектігі бар азаматтың тауарлардың, сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен белгіленетін кепілдік берілген сомадан аспайтын сомаға өтетіп алуға құқығы бар. Егер көрсетілетін қызмет, сатып алынған тауар мен сома арасында нақты құны бойынша айырмашылық болса, онда осы айырмашылықты азамат өз қаражаты есебінен төлейді", – деді маман.

Мұнымен қатар, мүгедектігі бар баланы шипажайлық-курорттық емдеуге апаратын заңды өкілдердің бірінің шипажайлық-курорттық ұйымда болу ақысын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын, шипажайлық-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын соманың жетпіс пайызын жергілікті биліктен өндіріп алуға құқығы бар.


Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі 2025 жылдан бастап өзгереді


Қажет тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сома уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен және мөлшерде төленеді.

Толық кеңес алу үшін облыстың ЛСИ Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына (Мекенжайы: Қонаев қ., №1 шағын аудан., 43-үй, телефон: +7 7053157451; +7 7771690834) немесе тұрғылықты жері бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне келесі мекенжайлар бойынша жүгіне алады:

  1. "Балхаш ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Бақанас ауылы, Қонаев көшесі № 66, Булыбаева Рая Ізбасарқызы, 8-(72-773) 91-425;
  2. "Еңбекшіқазақ ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Есік қаласы, Алматы көшесі №209, Айсина Қалдыгүл Оспанәліқызы, 8-(72-775) 42-436;
  3. "Жамбыл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Өтеген батыр кенті, Титов көшесі, № 3 "А", Базарбаев Жанғали Мұратбекұлы, 8 (727-52) 2-21-47;
  4. "Іле ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Ұзынағаш ауылы, Сәтбаев көш. 156, Айтенова Жұмагүл Смайлқызы, 8(72-770)-2-15-63;
  5. "Қарасай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Қаскелен қ., Абылайхан көш., № 215, Қыйлыбаева Әлия Жұмаділқызы, 8(72771) 29-413;
  6. "Кеген ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Кеген ауылы, Момышұлы көшесі №19, Оразова Бибігүл Айтжанқызы, 8(727-77) 2-11-34;
  7. "Райымбек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Нарынқол ауылы, Өмірзақов көш,№ 4, Нұрбек Жанат Нұрбекұлы, 8-(72-779)-22016;
  8. "Талғар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Талғар қ., Гагарин көшесі, № 76, Айткожақова Гүлжан Дәуренбекқызы, 8(72-774) 21717;
  9. "Ұйғыр ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Шонжы ауылы, Нысанбаев к-сі, 104, Амирдинов Вахидин Амирдинұлы, 8 (727-78) 2-12-70;
  10. "Қапшағай қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі", Қонаев қ., №1 шағын аудан, 41/1 үй, Абдалиев Ернұр Жеңісбекұлы, 8(72772) 22-988.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттен – 2,5 млн теңгеге дейін. Ана мен балаға берілетін әлеуметтік көмектер қандай?