Тікелей эфир

"Еден жуып, дүкенге баратын адам емес". Әлеуметтік қызметкерге қандай мәртебе беріледі?

Қазақстанда кез келген адам әлеуметтік қызметкер бола алады.

Алматыда алғаш рет "Жүректен жүрекке" атты әлеуметтік форум өтті. Шара Алматыда әлеуметтік қызметтің құрылғанына 85 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Форум қатысушылары өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу және қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік қызметкерлердің рөлін нығайту тақырыбын көтерді. 

Әлеуметтік қызметкерлер психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, психоневрологиялық ауруы бар 18 жастан асқандар мүгедектерге, жалғызбасты қарттарға және І, ІІ топтағы мүгедектерге көмектеседі. Алайда, қоғамда олардың еңбегі елене қоймайды. Сол себепті спикерлер әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеру керек деп есептейді. 

Ләззат Қалтаева, Парламент сенатының депутаты:

– Мүмкіндігі шектеулі жанды бұрындары мүгедек деп атаса, қазір мүгедектігі бар адам дейді. Мүгедектігі бар әйел, мүгедектігі бар еркек, мүгедектігі бар бала деген кезде бірінші кезекте адамды, жеке тұлғаны, оның мүддесін көреміз. Содан кейін мүгедектік тұрғысынан сұранысы мен қажетін анықтаймыз. Парламент қабырғасында әзірленіп жатқан заң жобаларында мүгедектігі бар балаларға қатысты нормалар көп. Мұны жақсы дер едім, өйткені бала білім алып қанай қоймайды. Ол болашақта жұмыс істейді, ел-жер көреді, шаңырақ көтереді. Сондықтан мүгедектігі бар балалар мен олардың отбасына назар аударуымыз керек.

Қазір мүгедектік санатына қарай әлеуметтік көмек беріледі. Парламентте Әлеуметтік кодекс әзірленіп жатыр. Онда жәрдемақылар, әлеуметтік көмек секілді маңызды дүниелер түсінікті тілде жазылады. Бұрын әлеуметтік қызметкерлерді мұқтаж адамға көмектесетін, еден жуып, дүкенге баратын адам деп қарайтын. Кодексте әлеуметтік жұмыс анықтамасы өзгереді. Әлеуметтік қызметкер өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға және отбасыларға әлеуметтік қызметтердің қажеттілігін бағалайды, айқындайды. Осыдан әлеуметтік қызметкердің мәртебесі өседі.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: Мүгедектікті алу мерзімі бір жылға дейін созылады


Қаланың мүгедектігі бар адамдарға қолайлы екенін бір Алматымен бағалау дұрыс емес. Иә, ірі қалаларда қолайлы жағдай жасалып жатқаны өтірік емес. Десе де, әр қаладан қолжетімсіз орындарды көруге болады. Ал шағын қалалар мен ауылдарда мәселе әлі де бар. Кейінгі бес-алты жылда ғимараттар құрылыс ережелерін сақтай отырып салынып жатыр. Бұрынғы ғимараттар, жаяу жүргіншілер жолы, өкінішке қарай, мүгедектігі бар адамдарға қолайсыз. Сондықтан әлі де болсын бұл бағытта жұмыс істеу керек. 

Мен де арбамен жүремін. Сіз маған көмектесуге міндетті емессіз. Бірақ, көмек қажет болса оны сұрай алатын мүмкіндігім болуы керек. Көмек қаласам – сұраймын. Ал көмектесуді өзіңіз шешесіз. Балаларға "сен көмектесуің керек" дегеннен гөрі адамдардың әртүрлі екенін түсіндіріп, көздерін үйрету керек. Мүгедектігі бар адаммен бірге оқу, жұмыс істеу қалыпты нәрсеге айналуға тиіс. Мүгедектігі бар бала мен сау бала бірге ойнаса, балабақшаға барса, мектепте оқыса адамдардың әртүрлі екеніне бой үйретеді. 

Қоғам инклюзивті болуы үшін мемлекет, адамдар, бизнес бірлесе жұмыс істеуі керек. Бизнес мүгедектігі бар бір адамды жұмысқа алу үшін жағдай жасаса, бұл да инклюзивті бизнес құруға деген үлкен қадам. Өкінішке қарай, бизнес әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға үлгермей жатыр. 


Оқи отырыңыз: Әйел, шахтер және мүгедектігі барлардың зейнет жасы төмендеуі мүмкін


Назира Тоғызбаева, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы:

– Биыл Алматы қаласының әлеуметтік қызметінің құрылғанына 85 жыл толды. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі көпшілікке беймәлім. Оларға өмірде кездескен қиындықтарды өз бетімен еңсере алмайтын адамдарға қамқор болу міндеті жүктелген. Үлкен жауапкершілік. Бірінші кезекте қарттарды, мүгедектігі бар адамдарды, балаларды, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдауы керек. Олар басқалардың қайғысына ортақтасып, қолынан келген көмегін аямайды. Адамдардың өмірін жақсартуға үлес қосады.

Алматыда 2 миллионнан астам тұрғын бар. Қалада 55 мыңдай мүгедектігі бар адамға қолайлы орта жасау керек. Оларға арнап әлеуметтік жұмыс орындары ашылып жатыр. Бүгінде 1 032 адамды жұмысқа орналастырдық. Жастар практикасы бойынша мүгедектігі бар 240 адам жұмысқа тұрды.  

Қаламызда әлеуметтік қызметтер үйі ашылды. Тұрғындар бұл жерден 750 қызметті ала алады. Тіпті, психолог кабинеті мен заң қызметтері де бар. 18-ден асқан психоневрологиялық ауруы бар адамдарды оңалту мақсатында биыл 200 орындық "Алатау" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл "Демеу" стационарындағы жүктемені азайтты, кезек те азайды.

Биыл мүгедектігі бар 32 092 мың адамды әлеуметтік қолдауға 7,8 миллиард теңге бөлінді. 2023 жылы қала әкімдігі қымбат арбалар сатып алуға қаржы бөліп отыр. 


Оқи отырыңыз: Мүгедектерге арналған жаңа жәрдемақы. Қайда және қандай құжат өткізу керек?


Майра Сүлеева, "Кеңес" кешенді оңалту орталығының директоры:

– Әлеуметтік қызметкер барлық әлеуметтік жобаның басында тұрады. Ол денсаулық сақтау, білім беру, еңбекпен қамту, әлеуметтік қорғау секілді әртүрлі салада туындаған мәселелерді шешуге жауапты. Сол үшін де әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеру керек. Әлеуметтік қызметкер біліктілігін де арттырып отыруы қажет. Мысалы, баламен жұмыс істесе балаға не қажет екенін, қарт адаммен жұмыс істесе, оның да қажетін біліп отыруы керек. 

Адамға психологиялық та, заңгерлік те көмек беретін – әлеуметтік қызметкер. Бір логопед баланы сөйлетіп жібермейді. Оның артында психолог, дефектолог, басқа да мамандардың үлкен еңбегі тұр. Баламен жұмыс істейтін маман олардың нейропсихологиясын да білуі қажет. Әлеуметтік қызметкер ретінде әр адаммен дұрыс сөйлесуді, коммуникация құруды үйренуіміз керек. Мұғалімдер дені сау баламен қатар Даун синдромы бар балаға сабақ беруді меңгеруі қажет.

Серіктестер жаңалықтары