Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі 2025 жылдан бастап өзгереді

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар отбасыларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен трансформациялау көзделген.

2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжілісте жасаған баяндамасында айтты.

Тамара Дүйсенова баяндамасында депутаттарға Әлеуметтік кодексінің жобасын таныстырды. Айтуынша, кодекс жобасында отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдауды кеңейту көзделген.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызын қайта бөлу есебінен қалыптастырылатын бастапқы капитал 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға қосымша көмек ретінде енгізілуде. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтіледі. Сонымен қатар, "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" наградталған аналар деген жаңа статус енгізіледі. Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болды", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Тамара Дүйсенова: Диплом – біліктілік деңгейінің көрсеткіші емес


Сонымен қатар кодекс жобасында мүмкіндігі шектеулі балалары немесе адамдары бар отбасыларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен трансформациялау көзделген. Оған келесідей өзгертулер қарастырылған:

  1. мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін  тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады;
  2. әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлау және жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу. Қызметтер  үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде  жіктелетін болады;
  3. әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру, оларға: мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін портал арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау; өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні ӘҚП алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу.

"Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау аясында әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту көзделген. Әлеуметтік жұмысқа біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана тартылатын болады. Мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсететін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады. Ал әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа еңбекақы төлеу жүйесі енгізіледі, ол біліктілік деңгейін, көрсетілетін қызметтердің санаты мен ерекшелігін ескеретін болады", – деді Тамара Дүйсенова.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары