Тікелей эфир

Зейнетақы төлемдерін 55 жастан бастап алуға болады. Ол үшін не істеу керек?

Фото: depositphotos.com/
Фото: depositphotos.com/
Бұл – зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда азаматтарға зейнетақыны мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін сақтандыру өнімі.

Ресми түрде құрметті демалысқа шықпай-ақ зейнетақы төлемдерін алуға болады. Мұндай мүмкіндікті зейнетақы аннуитеті беріп отыр. Зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлерін сату басталған уақыттан бері азаматтар 41 млрд теңге жалпы сомаға кейінге қалдырылған және бірлескен 4118 зейнетақы аннуитеті шарттарын жасады. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 354,5 млрд теңге болатын қолданыстағы жалпы 68 270 зейнетақы шарты бар.

Информбюро порталы Fingramota.kz сайтына сілтеме жасай отырып, сақтандыру құралының бір түрі – зейнетақы аннуитетін түсіндіреді.

№1. Зейнетақы аннуитеті деген не?

Бұл – зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда азаматтарға зейнетақыны мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін сақтандыру өнімі. Зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасу жөніндегі қызметтерді "өмірді сақтандыру" саласындағы қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары көрсетеді. Бүгінгі таңда нарықта осындай 8 ұйым жұмыс істейді.

Зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы азамат 55 жасқа толғаннан кейін өмір бойы кепілдік берілген кіріс алу құқығына ие болады. Өз кезегінде, сақтандыру ұйымы мұндай шартты жасай отырып, клиентінің өмір бойы сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру міндеттемелерін өзіне алады.

Бүгінгі күні азаматтарға кейінге қалдырылған және бірлескен зейнетақы аннуитеттерін қоса алғанда, зейнетақы аннуитеті шарттарының бірнеше түрін иелену мүмкіндігі беріледі.

№2. Зейнетақы аннуитеті шартының құны қандай? 

2021 жылы Заңмен сақтандыру ұйымынан төленетін ай сайынғы сақтандыру төлемінің мөлшері азайтылды. Бүгінгі күні ол зейнетақы аннуитеті шартын жасасу күні қолданыста болған ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 70%-ын құрайды. Соған байланысты зейнетақы аннуитеті шартының құны да 40%-ға азайтылды. Бүгінгі күні стандартты зейнетақы аннуитеті шартының құны 55 жастағы ерлер үшін 7 млн теңгені, ал осындай жастағы әйелдер үшін 8,5 млн теңгені құрайды.

Агенттік азаматтар үшін осы өнімнің тартымдылығын және кірістілігін арттыру үшін зейнетақы аннуитеті шартының өлшемдерін де қайта қарады. Сақтандыру төлемдерін индекстеу мөлшері 5%-дан 7%-ға дейін ұлғайтылды. Зейнетақы аннуитеті шарты бойынша кірістіліктің ең төмен мөлшерлемесі 7%-дан 9%-ға дейін ұлғайтылды. Мүгедектігі бар адамдар мен зиянды еңбекпен айналысатын қызметкерлер үшін зейнетақы аннуитеті шартының құнын есептеу үшін жеке қайтыс болу кестесін қолдану көзделген.

№3. Кейінге қалдырылған аннуитет деген не?

Бұл сақтандыру құралы сақтанушыларға шартты 55 жасынан бастап өмір бойы ай сайын төлем алу құқығымен 45 жасынан бастап шарт жасасу мүмкіндігін береді. Мұндай сақтандыру өнімі өз бюджетін алдын ала жоспарлап үйренген және зейнетақы жасына жеткеннен кейін қандай қаражат есебінен өмір сүрем деп ойлайтын адамдарға арналған.

Қаржы нарығындағы мөлшерлемелердің құбылмалылығына қарамастан кепілдік берілген кірістіліктің болуы кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетінің негізгі артықшылығы болып табылады. Сақтандыру ұйымы сақтанушы сақтандыру төлемдерін ала бастайтын жасқа жеткенге дейін жыл сайын заңнамалық тұрғыдан белгіленген кірістілікке кепілдік береді. Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан күннен бастап сақтандыру ұйымына берілген қаражат инвестицияланады, болашақта алатын сақтандыру төлемдерінің мөлшері ұлғаяды.

№4. Бірлескен зейнетақы аннуитеті деген не?

Бірлескен зейнетақы аннуитеті зейнетақы аннуитетін сатып алу және өмір бойы тұрақты кіріс алу үшін жақын туыстардың (ерлі-зайыптылардың) зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Мысалы, егер ерлі-зайыптылардың бірінің аннуитет сатып алу үшін жинақтаған қаражаты жеткілікті болса, ал екіншісінде ол артық болса, бірлескен аннуитет шартын жасасып, екеуі де өмір бойы төлемдер ала алады. 

Бұл ерлі-зайыптылардың біреуінің ғана жалақысы тұрақты, ал екіншісінде түрлі жағдайға байланысты лайықты зейнетақыға қаражаты жетпейтін (мысалы, бала күтіміне байланысты ұзақ уақыт демалыста болуы, үй шаруашылығын жүргізу) отбасылар үшін өте пайдалы сақтандыру өнімі болып отыр.

№5. Ажырасса, біреуі қайтыс болса төлемді қалай алады?

Ерлі-зайыптылар өмір бойы ай сайынғы сақтандыру төлемдерін, оның ішінде неке бұзылған жағдайда ортақ мөлшері зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданыста болатын ең төмен күнкөріс деңгейінің (ЕТК) 1,4-еселік мөлшерінен төмен болмайтын сақтандыру төлемдерінің кестесінде белгіленген мөлшерде алады.

Ерлі-зайыптылардың біреуі өмірден өткен жағдайда, екіншісі бірлескен зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес кесте бойынша өзінің жеке сақтандыру төлемдерін (ЕТК-ның кемінде 70%-ы) алуын жалғастыра береді.

№6. Бірлескен зейнетақы аннуитетін тек ерлі-зайыптылар ала ала ма?

Бірлескен зейнетақы аннуитетін тек жолдасыңмен не зайыбыңмен ғана емес, сондай-ақ жақын туыстарыңның бірімен алуға болады. Бұл бауырың, ата-анаң, немерелерің, аталарың немесе апаларың болуы мүмкін. Мұндай шарт туысыңды өмір бойғы төлемдермен қамтамасыз етеді.

№7. Төлемдерге кепілдік бар ма?

Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша төлемдерге Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры кепілдік береді. Сақтандыру ұйымы банкрот болған жағдайда оның клиенті зейнетақысыз қалмайды. Төлемдерді таратылып жатқан сақтандыру ұйымының сақтандыру портфелі берілген басқа сақтандыру ұйымы төлей береді. 

№8. Зейнетақы аннуитеті шартын жасамас бұрын нені білу керек?

Зейнетақы аннуитеті шартын жасамас бұрын "ойын ережелерін" түсінуі керек. Зейнетақы аннуитеті шарты жасалған сақтандыру ұйымын мұндай шарт жасалғаннан кейін екі жылдан соң ғана ауыстыруға болатынын білген жөн. 

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін де шарт жасалған күннен бастап екі жыл өткен соң ғана сақтандыру компаниясынан қайтадан Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорына қайтаруға болады. Бұл ретте сақтандыру ұйымында өмір бойы ең тқмен күнкөріс шамасының кемінде 70%-ын құрайтын айлық сақтандыру төлемін қамтамасыз ететін сома қалуға тиіс. Сақтанушы жүгінген күннен бастап күнтізбелік 20 күн ішінде сақтандыру ұйымдары қайтарылуға тиіс ақша сомасын БЖЗҚ-ға аударуға міндетті.

Осылайша, егер салымшы өзінің барлық зейнетақы жинағын БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына аударса, онда көрсетілген талаптың арқасында ол қайта есептеу жүргізіп, сақтандыру аннуитеті бойынша төлемді азайта алады және қалдықты зейнетақы қорына қайтара алады. 

Кепілдік берілген төлем кезеңінің болуы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу кезінде назар аудару қажет болатын маңызды талап болып табылады. Әрине, кепілдік берілген кезеңді есептегенде бірлескен зейнетақы аннуитетінің құны қымбатырақ болады. Егер клиент кепілдік берілген кезең аяқталғанға дейін өмір сүрмесе, кепілдік берілген кезең аяқталғанға дейін төлемді әрі қарай шартта пайда алушы ретінде көрсетілген адам ала береді. 

№9. Зейнетақы аннуитеті не үшін тиімді?

Зейнетақы аннуитеті ұзақ мерзімді жоспарлау үшін өте ыңғайлы. Зейнетке шыққанда қалай өмір сүретіні жайлы ойланатын және қосымша зейнетақы жинақтары бар кез келген азамат сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы өзіне кепілдік берілген кірістің қосымша көзін қамтамасыз ете алады. Зейнетақыны бір рет зейнетақы қорынан (зейнет жасына жеткеннен кейін) және сақтандыру ұйымынан алуға болады (55 жастан бастап). Бұл ретте егер БЖЗҚ зейнетақыны өзінде жиналған қаражат біткенге дейін ғана төлейтін болса, онда сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемдерін өмір бойы төлеуге міндетті болады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары